Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Мәдениет 5001 0 пікір 30 Қыркүйек, 2020 сағат 17:57

Сыр сахнасының саңлақтары

 

 

 

Қызылорда қаласындағы «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясының «Таусылмасын ертегім» қойылымы жуықта «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасының грантын ұтып алды. Құрылғанына небәрі 4 жыл болған бұл ұжым мыңдаған көрерменнің көзайымына айналды. Бүгін осыған байланысты театрдың режиссері Ерғазы Әбжалиевті әңгімеге тартқан едік.

- Әуелі «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясының тарихына тоқтала кетсеңіз.

- Жалпы театр мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер үшін 2016 жылдың наурыз айында Қызылорда облыстық филармониясында ашылды. Көркемдік жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Құрманбек Боранбаев, режиссері мен - Ерғазы Әбжалиев. Алғаш қуыршақ театрының шымылдығы Григорий Остердің «Мазасыз тиін» атты қойылымымен ашылды. Спектакль желісінде жан-жануарлар образы арқылы достық пен қамқорлық дәріптеледі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет және әлсізге көмек көрсету сынды адами құнды қасиеттер бейнеленді. Өнер ұжымының қойылымы тегін көрсетілді. Қызықты ертегі кейіпкерлерімен қауышқан балаларға бұл тамаша тарту болды. Әртістердің барлығы арнайы көркемдік іріктеу байқауынан өткен жергілікті жас өнерпаздар.

- Театрдың қалыптасу кезеңінде қиындықтар болды ма? Қазір қандай қойылымдарыңыз бар?

- Шынын айту керек, театрды нөлден құру оңайға соққан жоқ. Қызылорда облыстық филармония басшылығы бізге жан-жақты қолдау көрсетті, сенім білдірді. Кастингтен өткен жастармен бар күш-жігерімізді салып жұмыс істедік. Олар студент болды. Сондықтан, барлығын басынан бастадық. Біз жастарды таңдағанда, ең бірінші, мимикасына аса мән бердік. Әртістер сахнада қойылым қойғанда балалар олармен бірге ертегілер еліне саяхат жасап, керемет әсер алуы керек. Сонымен бірге сахна мәдениетін, тілі мен көркемділігін барынша ұғындыруға тырыстық. Қазір жаман емес. Жастар біраз тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда ұжымның қоржынында 7 музыкалық қойылым бар. Атап айтқанда, орыс ақыны Н.Гернеттің «Балапан қаз», Г.Остердің «Мазасыз тиін», Наурыз мейрамына арналған «Наурыз-Ару», «Керғұла атты Кендебай» атты қазақ ертегісінің желісімен қойылған «Кендебай» қойылымы, «Ғаламшар шыршасы» жаңа жылдық балалар ертеңгілігі, цирк-трюктерімен қойылған «Клоунада» ойын-сауық қойылымы бар.

- Театрдың жуықта «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасының грантын ұтып алғанын естідік. Жалпы мұндай көмектердің сіздер үшін маңыздылығы қандай?

- Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі әлеуметтік жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантының шеңберінде «Логос-Қарағанды» мүгедектерді оңалту орталығы жүзеге асырды. Жалпы «Әдемі» сияқты жас өнер ұжымдары үшін мұндай қолдаудың маңызы зор. Ол шығармашылық тұрғыда дамуға, алға ұмтылуға ынталандырады. Біз қазір бұған қоса, Мәскеуде өтетін театр ұжымдарына арналған ТТТ фестиваліне де қатысқалы жатырмыз. Өтініш беріп қойдық, дайындық жүріп жатыр.

- Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036