Ақ үйден өрт шықты. Өрт сөндірушілер отты сөндіріп жатыр.
Осыған дейін 6 қазан күні таңертең 9.00-да Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков парламент сайлауына қатысқан партия лидерлерімен кездесетіні хабарланған.
Бішкектің орталық алаңында дүйсенбі күні парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген халық күні бойы наразылық білдірді. Олар 4 қазанда өткен сайлау нәтижесін жойып, қайта сайлау өткізуді талап етіп жатыр. Кешкі 9.00-дар шамасында митингке қатысушылар Ақ үйдің оңтүстік қақпасын бұзып кіргені хабарланды.
Бірнеше минөт өткенде атыстың дауысы естілді. Милиция арнайы құрылғылар қолданып, халықты қуа бастады. Бастапқыда арнайы жасақ наразыларды "Ала-Тоо" алаңынан және Ақ үй ғимаратынан ығыстырған.
Бірақ халық алаңды қайта басып алды.
4 қазанда Қырғызстанда Жогорку Кеңештің VII шақырылымына сайлау өтті. Оған 16 партия қатысты. Олардың тек төртеуі ғана 7 проценттік межеден өтті.
Жеңілген партиялар сайлауы кезінде әкімшілік ресурстардың көмегімен өрескел заң бұзушылықтардың орын алғанын мәлімдеді.
Ал жеңіске жеткен "Биримдик" партиясы қайта сайлауға дайын екенін жеткізді.
Abai.kz