ЮНЕСКО мұрасы - Домбыраға арналған ескерткіш бой көтерді
Жамбыл облысының Тараз қаласында қазақтың ұлттық аспабы – Домбыраға арналған ескерткіш бой көтерді. Тараздағы университет жатақханасының алдындағы скверге орнатылған ескеркеткіштің биіктігі 7,5 метрді құрайды.
Ескерткіш өңірдегі демеушілердің қаражатына орнатылған екен. Ұлттық аспапқа арналған бұл ескерткіш Жамбыл облыстық сәулет бюросының эскизі бойынша дайындалған. Оның ашылуына Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып қатысқан.
Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өз сөзінде жаңадан ашылып жатқан бұл ескерткіштің жөн-жосығы туралы айта келе, қазақ халқының ежелгі һәм бүгінгі өміріндегі домбыраның рөлі мен маңызы туралы тоқталған.
«Домбыра қазақ халқының өмірінде ерекше маңызға ие аспап. Бұл ескерткіштің дәл осы студенттік жатақхананың алдында ашылуы, жалпы осы жерге домбыра ескерткішін орнату - сөзсіз тамаш идея! Неге? Домбыра ескерткіші қазақ халқының терең рухани мұрасын еске түсіреді. Әрдайым жастардың көз алдында тұрады. Мен біздің жастарымыздың бұл құндылықты жоғары бағалайтынына сенемін. Жастар ұлт мұрасына лайықты болады. Және университет ұстаздары да осы бағытта тәрбие жұмыстарын жалғастырады», - деді Бердібек Сапарбаев.
Домбыра қазақтың ұлттық музыкалық аспабы ғана емес, ол қазақтың жаны, көне тарихының куәсі. Ол көшпелі қазақтың тұрмыс-тіршілігінде, қуаныш-қайғысында күмбір күймен сырт шертіскен қасиетті аспап.
Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне кірген. Қазақстанда осымен үшінші жыл қатарынан «Ұлттық домбыра күні» аталып өтіліп келеді.
«Домбыраны ұлықтау – ұлттық құндылықты, ұлтты ұлықтау». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасиетті аспаптың маңыздылығы туралы айтқан екі ауыз пікірі.
«Домбыра мен қазақ, қазақ пен домбыра егіз ұғымдар. Домбыра үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көтеретін ұлттық қазынамыз. Домбюыра пернесінен шыққан күйлерде қазақтың кешегі тарихы бар. Ата-бабаларымыздан бізге жеткен осы бір асыл мұраты сақтап, келешекке жеткізу біз үшін міндет», - деген елі Президент.
Ал 2019 жылғы «Ұлттық домбыра күнінде» Мемлекет басшысы домбыра сабаған арнайы пән ретінде үйрету керектігін айтқан.
«Барша қазаққа ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттау маңызды. Осы тұрғыдан, мектепке домбыра үйрену сабағын енгізу қажет. Қазіргідей, жаһандану заманында халқымыздың асыл мұрасын жаңғырту маңызды қадам. Бұл әуелі төл мәдениетімізге деген қамқорлық», - деген еді.
Abai.kz