8 қазанда Алматыдағы Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюро кеңсесінде мәселелерін айтқан қызметкерлер "коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істемесек те олармен байланыста болған адамдармен бірге істеп, басымызды қауіпке тіктік" дейді. Бұл жиынға 400-ден астам қызметкердің атынан келген бастама тобының өкілдері (3 адам) қатысты.
– Мысалы, біз сол станцияда тазалық жұмыстарымен айналысамыз. Көліктерді тазалау, дәрігерлерге қажетті киімдерді жуу - біздің мойнымызда. Басшылық күнде ертең деумен келеді. Жеті ай болды. Біз өз жалақымыздан тысқары "Нұр Отан" берген 50 мың теңгеден басқа артық ақша көрмедік. Арамызда жұмыс бабында жүріп вирус жұқтырғандар да бар, - дейді Тоғжан Жамырова есімді қызметкер.
Шағымданушы топ өкілдерінің сөзіне қарағанда бастапқыда оларды коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істеген үшінші категориядағы медициналық қызметкерлердің тізіміне енгізген. Кейінірек тізімнен алынып тасталған.
Жедел жәрдем қызметкерлері маусым айында да өздеріне тиісті өтемақының берілмей жатқанын айтып наразылық білдірген болатын.
Қазақстанда заң бойынша коронавируспен күрескен медицина қызметкерлеріне үш категория бойынша үстемақы төленеді. Соңғы категорияға енген медицина қызметкерлеріне 200 мың теңгеден астам үстемақы беріледі.
Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Біржан Оспанов Азаттық тілшісіне берген жауабында шағымданған қызметкерлердің үстемақы алуға құқығы бар екенін растап, жақында оларға төленетінін айтты.
"Құжаттар мәселесі шешілуге аз қалды. Жақында 415 қызметкердің барлығы үстемақы алады. Біз бұл жөнінде өздеріне де айтып түсіндіргенбіз. Бірақ қазір не үшін шағымданып жатқанын білмейміз" деді ол.
Көктем мен жаз айларында да ондаған медицина қызметкері "коронавирус жұққан науқастарды емдесек те үстемақы алмадық" деп шағымданған. Кейбірі үстемақының дұрыс есептелмегенін алға тартқан.
Ресми мәлімет бойынша, 12 830 мың медицина қызметкеріне коронавирус жұққан: 8 339 дәрігердің вирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған. 182 дәрігер коронавирустан қайтыс болған.
Коронавирус немесе коронавирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.
Abai.kz