Қадиша, Шафиха, Гүлсім...
Мұсылман қыз-келіншектер қозғалысынан
Қазақтың жоғары білімді тұңғыш дәрігер қызы Гүлсім Жағыпарқызы (Гульсум Джафаровна) Асфендиарова 1880 жылы 12 қарашада Ташкентте дүниеге келген (биыл туғанына 140 жыл толады). Түркістан генерал-губернаторлығында әскери тәржімеші, өлкенің жекелеген аймағында генерал-губернатордың өкілі (наместник) болып істеген, патша армиясының генерал-майоры шенінде 1916 жылы доғарысқа шыққан, Бұхаралық 1-ші дәрежелі Алтын жұлдыз орденінің иегері, Әбілқайырханұлы Айшуақ ханның шөбересі Сейітжағыпар (Сейітжафар) Асфендиаровтың қызы. Анасы Гүләндәм Қасымова – Кенесары ханның немересі. Басқа бауырлары секілді, Гүлсім де бастауыш білімді үйінде алған. Одан он жасында Ташкент қыздар гимназиясына оқуға түсіп, оны 1899 жылы бітірген. Петербургтегі қыз-келіншектер үшін ашылған медицина институтын 1908 жылы тамамдаған.
Институтты бітірісімен Гүлсім Асфендиарова император ІІ Николайдың атына өтініш жазып, Түркістан әскери округында қызмет істеуге сұранады. Өтініші қанағаттандырылып, Түркістан генерал-губернаторлығына келгеннен соң, Сырдария облысы Шымкент үйезінде учаскелік емші, Наманган үйезі Пап селолық дәрігерлік учаскесінің дәрігері, сосын 1913 жылы Хиуа қалалық ауруханасы бас дәрігерінің акушер-ассисенті болып істеген. Осында ол Түркістан өлкесінде тұңғыш рет ана құрсағынан перзентті тілмемен алу (алғаш 11-ші ғасырда шығыс ғалымы Әл-Бируни тиісті суреттерімен жазып қалдырған, 16-шы ғасырда француз королінің сарай дәрігері өлім аузында жатқан әйел құрсағындағы сәбиді құтқару үшін қолданған, 19-шы ғасырдан бастап сәтті жасала бастаған, латынның «корольдік» және «тілім» сөздерінен «кесарево сечение» атауын алған) отасын жасады. 1914 жылы Ташкентке оралып, әкесінің көмегімен отыз төсегі бар әйелдер босанатын үй (перзентхана) ашқан. Осы қызметінде жүргенінде Гүлсім Жафарқызының дәрігер ретіндегі беделі арта түсті, ұзамай Ташкент қалалық ауруханаларының біріне бас дәрігер болып тағайындалды. Білікті емшілігімен де, әлеуметтік азаттық идеясын жақтайтын қоғамдық белсенділігімен қазақтың алғашқы дәрігер қызы Гүлсім өлкеде құрметке бөленіп, көпке танылды. Ақпан революциясынан кейін, Қазан қаласында өтпек мұсылман қыз-келіншектер съезін ұйымдастыру бюросына мүше болды, көпшіліктің қалауымен съезге делегат болып сайланды...
Ресейдегі 1905–1907 жылдарғы Бірінші, 1917 жылғы Екінші (Ақпан) орыс революциялары мұсылман қыз-келіншектеріне де оқуға, білім алуға ұмтылтқан сілкініс әкелгені мәлім. Олар империяның еуропалық бөлігінде ғана емес, Қазақ даласында да, Түркістан өлкесінде де оянып, көбі ағарту саласында еңбек етті. Білім дәрежелері артып, дүниетанымдары кеңейген сайын саяси қызметке де бет бұрды. Бірінші революциядан бері жер-жерде әйелдер комитеттері құрылып жатқан. Әйелдер мәселесін, олардың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдағы жағдайын шешуді, әйелдің ар-намысы мен абыройын қорлайтын әдеттерге қарсы күресуді Қырымдағы әйгілі ағартушы Ысмайыл Гаспралының 1886 жылы туған қызы Шафиха (Шафика, Шефика Гаспринская) өмірінің мәніне айналдырған болатын. Ол әкесімен бірге жастай «Тәржіман» газетінде істеді. 1905 жылы әкесі «Тәржіманның» қосымшасы ретінде ашқан «Әлем-и-нисван» («Әйел әлемі») журналының редакторы болды. Бұл қыз-келіншектердің білім алуы мен рухани дамуына атсалысуды мақсат еткен апталық ғылыми-әдеби басылым еді. Газет те, журнал да Ресейдің түрлі аймағындағы қыз-келіншектердің көзін ашуда, олардың жер-жерде өз қоғамдарын құруларына түрткі болып, көп еңбек сіңірді. Қызбалалар үшін ауруханалар, мектепке дейінгі мекемелер, мектептер ашу мәселелерін Шафиха Гаспралы ұдайы айтып та, жазып та жүруден жалыққан емес. Қыз-келіншектердің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмірдегі жағдайын жақсартуды, оларды мәдени-ағартушылық қызметпен қамтуды көздейтін арнайы бағдарлама да ұсынды. Ол әйелдерді кемсітетін ескі әдет-ғұрыптың баршасын өткенге қалдыру, он алты жасқа толмаған қызбалаларды күйеуге беруге тыйым салу қажеттігін қызу көтерді. Ақпан революциясынан кейін Шафиха Қазандағы қыз-келіншектер съезіне, Қырым делегациясы құрамында Мәскеудегі Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысқан. Ал Қазан революциясынан соң ол Бақшасарайдағы Қырым-татар халқының бірінші құрылтайына делегат болды. Қырым-татар ұлттық үкіметі оны Симферопольдегі қыздар педагогикалық училищесінің директоры етіп тағайындады. Алайда ұлттық үкімет құлатылды да, Шафиха Қырымнан кетіп, Бакуге барды, сонда педагогика училищесін ұйымдастырды. Сол жақта ол Әзірбайжан Республикасының премьер-министрі Нәсіпбек Үсүпбековке тұрмысқа шығады. Ұзамай совет өкіметі Әзірбайжан халқының ұлттық үкіметін құлатып, премьер-министрін атып тастайды. Сонда Шафиха Түркия асып кетеді. Стамбулда жетім балалар үйінің меңгерушісі болады. 30-шы жылдары «Қырым-татар әйелдерінің одағын» құрады, кейінірек қырым-татар эмигранттары мәселелерімен және қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен шұғылданады. 1975 жылы, жасы 89-ға қараған шағында дүниеден озған...
Самодержавиелік құрылыс құлатылғаннан кейін барлық мұсылман жұртының, соның ішінде қыз-келіншектердің де саяси белсенділігі артқан кезде Мәскеуде тұратын мұсылман әйелдер қауымы қыз-келіншектердің бүкілресейлік құрылтайын өткізуді ұсынған-ды. Нақты ұйымдастыру жұмыстарын тіс дәрігері Қадиша Танашева (Хадича Таначева) бастаған Қазан қаласының әйелдер қауымы қолға алды. Жиналыс өткізіп, ұйымдық шараларды қарастырды. Жетекшілері Қадишаны қаладағы мұсылман комитеті құрамына сайлады. Уақытша басқарушы бюро құрып, жер-жерден өкілдер келуге тиіс съезді дұрыстап өткізуге қажет қаржы жинауға кірісті. Осылай ұйымдастыру жұмыстары жүргізілгеннен соң, бұрынғы империя аумағында тұратын мұсылман қыз-келіншектер құрылтайы шақырылып, Қазан қаласында 1917 жылғы 24–27 сәуірде өтті. Делегаттар Ресейдің әр өңірінен – Дала және Түркістан өлкелерінен, Кавказдан, Польшадан келді. Олардың жалпы саны 150 еді. Съезге осы ресми сайланып келген өкілдерден басқа тағы үш жүздей әйел қатысты. Солардың бәрі құрылтайды ашқан басқарушы бюро төрайымы Қадиша Танашеваның кіріспе сөзін тебірене тыңдады. Ол осы уақытқа дейін күлліресей әйелдер қауымына тап осылай бас қосып, бастарындағы мұқтаждықтары жайында сөйлесудің мүмкіндігі болмағанын естеріне салды. «Бүгінде ескі үкімет жоқ, революция бізге бостандық әкелді. Осы мүмкіндікті пайдаланып әртүрлі орындарда жиналып жүрген біздер өзіміздің бастарымыздағы проблемаларды талқылай бастадық... Біз бұл съезде жалпымұсылман съезінің қарауына жататын маңызды мәселелерді сөз ететін боламыз. Олар – әйелдердің шариғат бойынша құқтары, отбасындағы және қоғамдық өмірдегі орыны, саяси құқтары және олардың болашақ Құрылтайшы жиналысқа қатысуы» – деп, әлеуметтік өмірдегі және саясаттағы өзекті мәселелерге назар аударды, баршасын кемсітілген әйел құқтары мен оларды азаттық туы астында шешу жолдары жайындағы ойларын ортаға салуға шақырды. Жарыссөзде сөйлеушілер қызу да қызық, мазмұнды сөздер айтты. Бірнеше күннен кейін Мәскеуде өтпек, кезекті (1905 жылдан бергі реті бойынша бесінші, жаңа саяси ахуалға байланысты бірінші) бүкілресейлік мұсылман съезінде әйелдер мәселесі лайықты түрде қараларына сенім білдірді. Тиісті қаулылар алынғаннан кейін құрылтай «Мұсылман қыз-келіншектерінің қоғамын» құрып, Танашеваны оның төрайымы етіп сайлады. Қоғамның басшы құрамына Гүлсім де, Шафиха да енді...
Монархия тарих сахнасынан тайдырылғаннан кейін шақырылған бүкілресейлік мұсылман съезі 1917 жылғы 1 мамырда Мәскеуде ашылар қарсаңда Қазанда өткен осы бүкілресей мұсылман қыз-келіншектерінің алғашқы да жалғыз құрылтайына қазақтардан Гүлсім Асфендиаровадан басқа кімдердің қатысқанын дөп басып тізіп айта алмаймыз. Бұл жәйт және, жалпы, қазақ еліндегі қыз-келіншектер қозғалысы қандай болғаны әлі көп зерттеуді қажет етеді. Бірақ жаңа өмір үшін, әйелдердің құқтары мен азаттығы үшін белсенді түрде күресушілер қатарында қазақ қыздарының да едәуір болғанына шәк келтірмейміз. Бұған «Мұсылман қыз-келіншектер қоғамының» белгілі дәрежеде ықпалы тиюі ғажап емес. Қоғам төрайымы Қадиша Танашева, мәселен, татар еліндегі саяси қызметтің бел ортасында жүрді. Ақпан революциясы серпін берген 1917 жылғы мұсылман съездерінің, саясат өмірге әкелген түрлі іс-шаралардың бәріне қатысты, сол жылғы тамызда Қазан қалалық думасының депутаты болып сайланды. Оның қоғамдық жұмысқа осынша беріле қатысуына және бұған қазақ еліндегі қыз-келіншектер қауымының да бейтарап қарамауына Қадишаның күйеуі, қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің бірі Уәлитхан Танашевтың оң әсері және қолдауы болғаны, сөз жоқ, күмән туғызбайды.
Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев Каспий теңізі жағалауында балықшы кәсіпкер отбасында 1882 жылы туған. 1908 жылы Астрахан гимназиясын, 1912 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. Сол жылдан Қазанда адвокатура саласында істей бастады. 1913 жылы Қадишамен бас қосты. Қадиша Чистопольде жұртқа белгілі дәулетті зиялылар (ағайынды Бадамшиндер) отбасында дүниеге келген (Мемдуманың алғашқы екі шақырылымының мүшесі Ғарифтің інісі Зарифтің қызы). Бірінші орыс революциясы жылдары ері, революционер Құсайын Ямашев ұйымдастырып, Орал қаласында шығарып тұрған алғашқы татар социал-демократиялық «Орал» газетінің редакторы болды (осы басылымда Бақытжан Қаратаев ІІ Мемдумаға депутат болып сайланған бетте, 1907 жылғы ақпанда, орыс халқына үндеуін жариялаған). 1907 жылы жазғытұрым патша билігі газетті солшыл қызметі үшін жапқаннан кейін, Ямашевтер Қазанға оралды. Мұнда Құсайын әуелі мектепте сабақ берді, одан Қазан университетінің заң факультетіне түсіп, татар жастарының үйірмесіне жетекшілік етті. Уәлитханның студент шағынан екеуі жақын дос болды. Құсайын оқыс қазаға ұшырағаннан соң, араға жыл салып, Уәлитхан досының жесіріне үйленген-тін... Ерлі-зайыпты Танашевтар Ақпан революциясынан кейін қоғам тыныс-тіршілігіне мейлінше белсене араласты. Уәлитхан Танашев 1915 жылы белгілі қайраткер Сейіткерей Алкинмен бірге (Алкин кезінде І Мемдума мүшесі болған, Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты жауынгерлер мен олардың отбастарына көмек көрсету үшін құрылған Уақытша мұсылмандар комитетінің мүшелігіне кандидат еді) соғыс салдарынан үй-жайынан айрылып, босқындыққа ұшырағандарға, атап айтқанда польшалық-литвалық татарларға жәрдем беру комитетін ұйымдастырып, елеулі жұмыстар тындырған. Одан 1917 жылғы наурызда Қазандағы мұсылман ұйымын ұйымдастырушылардың бірі болып, Мұсылман комитеті төрағасының орынбасары лауазымына сайланды. Сол шақта жерлестерінің революциялық өзгерістерге байланысты жолдаған шақыртуымен қазақ еліне барды, алғашқы съездерге қатысты. Мәскеуде өтпек Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне Ішкі ордадан (Бөкей ордасынан) делегат болды. 1–11 мамырда болған құрылтайға Қадиша екеуі бірге қатысты. Уәлитхан съезде құрылған мұсылмандар одағы атқару комитетінің құрамына Жанша Досмұхамедовпен бірге сайланды. Петроградта тұрақты жұмыс істеген Мұсатком (Икомус) қызметіне атсалысып тұрды. 1917 жылғы Екінші жалпықазақ съезінде құрылған Алашорданың белсенді қайраткері болды. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) 1919 жылы қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысушыларға амнистия (кешірім) жариялаған соң, совет жағына шықты. Қазревкомның баспа секциясы мүшесі, заңнамалық ұсыныстар әзірлейтін бөлімшесінің меңгерушісі, 1920 жылғы наурыздан әділет бөлімі алқасының мүшесі, шілдеден әділет комиссариаты алқасының мүшесі, қыркүйектен комиссардың орынбасары болды. 1920 жылғы қазан айында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезіне Бөкей облысынан делегат ретінде қатысып, Қазатком мүшелігіне сайланды, республика әділет халкомының орынбасары болды, уақытша халком міндетін атқарды. Жыл аяғында РСФСР Жер халкоматы жанындағы Қазақ АССР өкілдігінің, Мәскеудегі Қазақ өкілдігінің алқа мүшесі, алқа төрағасының орынбасары, РСФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматта ҚАССР өкілі болды. Осы қызметтерінде істеп жүргенінде ол Мәскеуде зайыбы Қадишамен бірге тұрды. Осында 1923 жылы Қадиша тұңғыш рет тұтқындалады. Соған байланысты Уәлитхан барлық қызметінен босайды да, келіншегімен 1924 жылы Қазанға оралады. Татар республикасының жоғары соты аппаратына қызметке кіреді. Жазалаушы органдар 1932 жылы Қадишаны тағы да тұтқындап, тергеуге алады. Ал Үлкен террор басталған 1937 жылы ОГПУ елу бес жасар ерлі-зайыпты Танашевтардың екеуін де қамап, Коми республикасындағы концлагерьге сегіз жылға айдайды. 1945 жылы босатқанмен, 1949 жылы алпыс жетіге келген Танашевтарды қайта тұтқындайды, Краснояр өлкесіне жер аударады. Қадиша денсаулығы нашарлап, 1952 жылы сол жақта қайтыс болған...
Гүлсім Асфендиарова совет өкіметі орнағаннан кейін «Қыз-келіншектердің акушерлік курсын» ұйымдастырды, өзі курс тыңдаушыларына «Аяғы ауыр әйелдер физиологиясы» пәнінен дәріс оқыды. Кейінірек бұл курс Ташкент медицина техникумы қарамағына берілді (Гүлсім сонда өмірінің соңына дейін еңбек етті). Оқытушылық жұмысын Қалалық балалар ауруханасындағы қызметімен ұштастырып, қоғамдық жұмыспен де шұғылданды. Әлденеше мәрте қалалық советтің депутаты болды. Баспасөзде әлеуметтік сала мәселелері жөнінен және ана мен бала құқтарын қорғау тақырыбында мақалалар жазып тұрды. Ауруханада Ташкент университетін қазақ қыздары ішінен дәрігер мамандығымен бітірген алғашқы түлек Аққағаз Досжанова оның көмекшісі болып істеді. Аққағаз медицина саласындағы оқуын Мәскеуде бастаған, сол жақта қоғамдық жұмысқа араласып, Қазанда өткен Қыз-келіншектер құрылтайында Гүлсіммен танысқан, олар Мәскеудегі Мұсылман съезінде де бірге болған. Қысқасы, шығыс әйелдері кәсіби салада тең құқықты болуы үшін екеуі Түркістан Республикасында бірлесіп күрес жүргізді... Үлкен террор жылдары Гүлсімнің інісі, Түркістан және Қазақ Республикаларында, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінде ірі қызметтер атқарған мемлекет қайраткері, Қазақстан ғылымы мен жоғары білім беру саласын ұйымдастырушы Санжар Жафарұлы Аспандиаров атылып кетті, келіні Рәбия Серәліқызы Лапина-Асфендиарова ҚарЛАГ-тағы 26 нүкте делінген «АЛЖИР» әйелдер лагеріне айдалды. Міне осы тұстағы Гүлсім тағдыры күңгірт – әлде репрессияға ұшырады, әлде басқа жағдай болды. Мұның бәрі, жоғарыда айтқанымыздай, жалпы мұсылман қыз-келіншектер қозғалысы мен оған қазақ қыздарының қатысуы ауқымында әлі де тиянақты зерттеуді қажет етеді...
Суреттерде:
Гүлсім Асфендиарова
Қадиша Танашева
Шафиха Гаспринская
Мұсылман қыз-келіншектердің бүкілресейлік 1-ші съезіне қатысушылыр. Солдан оңға қарай: 3-қатарда 8-ші – Қадиша Танашева, 4-қатарда 3-ші – Аққағаз Досжанова, 5-қатарда 2-ші – Гүлсім Асфендиарова. Қазан, 29.04.1917 ж.
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz