Бұған дейін екі құқық қорғаушы "саяси реформа жүргізу және саяси себеппен қудалауды тоқтату" тақырыбында митинг өткізгісі келетінін мәлімдеп, жергілікті атқару органына бірнеше рет өтініш түсірген. Әкімдік олардың екі өтінішін қанағаттандырмай, үшінші өтінішін мақұлдап отыр. Митинг 500 адамға арналған.
Құқық қорғаушыларға жіберген жауапта жергілікті қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырушыларға жиын кезінде "тақырыптан ауытқымауды" және "санитарлық талаптарды орындау" қажеттігін ескерткен.
Соңғы рет әкімдік елде қызметіне тыйым салынған “Көше” мен “Қазақстанның демократиялық таңдауы” ұйым белсенділерінің митингіге қатысуы мүмкін екенін айтып, құқық қорғаушылардың өтініштерін қанағаттандырмаған болатын.
Қазақстанда маусым айында "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар бейбіт жиынға шыққан азаматтарды ұстау мен оларды қудалау тыйылмады деп отыр. Жергілікті билік бұрынғыша шараның "рұқсат етілмегенін" алға тартып, заңсыз деумен келеді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар жаңа заңда ескі шектеулер қалғанын айтады.
Abai.kz