«Сайлау туралы» заңға өзгеріс енгізілуін талап етеміз!
ҚР президенті Қ.К. Тоқаевқа
ҚР Конституциясының 33-бабына сәйкес Қазақстан азаматтары мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға құқылы. Алайда соңғы жылдарда «Сайлау туралы» заңға өзгертулер жасалуынан Парламент Мәжілісіне және жергілікті Мәслихаттарға кандидаттарды тек саяси партиялар ғана ұсына алатын болып отыр. Қазақстанда халықтың басым-көпшілігі кедейлік халден шыға алмай отырғандықтан елге шын жанашыр тұлғалардың бәлен облыстарды аралап партия құратындай қаржысы болмайтынына, ал бар саяси париялардың тек биліктің қолдауымен құрылатынына жұрттың көзі жеткен. Қазіргі қалыптасқан сайлау системасы біздің азаматтардың сайлануға қатысты Конституциямен берілген құқығын өрескел түрде бұзып отыр деп есептейміз. Ол сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқық туралы Халықаралық Пактке де қарама-қайшы.
Қазіргі эпидемиядан ел ахуалы одан әрі күйзеліске ұшырайтындықтан, билікпен сыбайлас емес азаматтар партия құра алады деу орындалмас қиял. Конституциялық құқығы жойылып, заңмен сайлануға жолы мүлде жабылғандықтан, бүгінде билікке талаптарын жеткізбекке тырысқан азаматтар, айтқанын естімейтін керең биліктің кесірінен, алаңға шығып, «көше партиясы» атанып полициямен қақтығыстар үдеуде.
Біздер, Сайлау заңынан антиконституциялық, антихалықтық баптардың күшінің жойылуын, Сайлау заңына депутаттардың 50 пайызы саяси партиялардан, 50 пайызы мажоритарлық жүйемен бір мандатты округтерден өзін өзі ұсыну негізінде сайлануын, сол үшін «Сайлау заңына» тиісті өзгертулер енгізілуін талап етеміз!
Егер осы талап орындалмаған жағдайда, біздер, қоғамдық ұйымдар, көпшілік халықтың конституциялық құқығын өрескел бұзып, таптаған мұндай «сайлауға» халықтық бойкот жариялайтындығымызды және сайлаудың нәтижесін мойындамайтынымызды мәлімдейміз!
Сондай-ақ, Парламентті таратып жіберген Н.Назарбаевтың жеке-дара өзі «қабылдаған», биліктің халықпен санаспай жүгенсіз кетуіне, жемқорлыққа батуына жол ашқан «1995 жыл Конституциясына» балама Жаңа Конституция жобасын жасайтын «Халықтық Парламент» құруға халыққа ұсыныспен шығатын боламыз!
Хасен Қожа-Ахмет,
«Азат» қозғалысының, Қоғамдық ұйымдардың «ҚАЗАҚ ЕЛІ» бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Abai.kz