Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4512 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 08:22

Ержан БАЙТІЛЕС. Чемпион

(эссе)

Тағдыр. Жазмыш. Пешене. Осы бір ауқымды үш ұғымның тұңғиығы мені үнемі тереңге тартады. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда жаныңа серік болатын, қиын сәтте демейтін дос тапсаң - тағдырдың жазуы. Сені бір көргеннен-ақ, араласпай, біліспей жатып-ақ жақтырмай, өзіне дұшпан санаса, ол да пешенеңе солай жазылған. Тағдыр адамдарды қосады екен. Кейде арасын алшақтатып жатады.

Өткенде радиодан репортерін көтеріп бір жас қыз келді. «Досыңыз көп пе?» деп сұрады. Шүкір, досым жоқ емес. Тай-құлындай тебісіп, бала күннен бірге өскен сыныптастарым жаныма жалау болып, басын бәйгеге тігуге бар. Сонымен қатар Алматыға келгелі маған аға болған, достық ниет танытқан азаматтар да жетерлік. Солардың бірі - арынды ақын, қарымды қаламгер Жанарбек Әшімжан.

Онымен қалай танысқаным есімде жоқ. Бірақ ол мені бірден бауырына тартты. Ағалық танытты. Курстасым Сәруар екеумізді үнемі бөлмесіне шақыратын. Ашқұрсақ студентпіз. Самал (Жанарбектің жұбайы) созған лағманды ашқарақтанып жеп жатқанымызда, Жанарбек біздің әрекетімізді үнсіз тамашалап отыратын. Күндер-ай десейші...

(эссе)

Тағдыр. Жазмыш. Пешене. Осы бір ауқымды үш ұғымның тұңғиығы мені үнемі тереңге тартады. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда жаныңа серік болатын, қиын сәтте демейтін дос тапсаң - тағдырдың жазуы. Сені бір көргеннен-ақ, араласпай, біліспей жатып-ақ жақтырмай, өзіне дұшпан санаса, ол да пешенеңе солай жазылған. Тағдыр адамдарды қосады екен. Кейде арасын алшақтатып жатады.

Өткенде радиодан репортерін көтеріп бір жас қыз келді. «Досыңыз көп пе?» деп сұрады. Шүкір, досым жоқ емес. Тай-құлындай тебісіп, бала күннен бірге өскен сыныптастарым жаныма жалау болып, басын бәйгеге тігуге бар. Сонымен қатар Алматыға келгелі маған аға болған, достық ниет танытқан азаматтар да жетерлік. Солардың бірі - арынды ақын, қарымды қаламгер Жанарбек Әшімжан.

Онымен қалай танысқаным есімде жоқ. Бірақ ол мені бірден бауырына тартты. Ағалық танытты. Курстасым Сәруар екеумізді үнемі бөлмесіне шақыратын. Ашқұрсақ студентпіз. Самал (Жанарбектің жұбайы) созған лағманды ашқарақтанып жеп жатқанымызда, Жанарбек біздің әрекетімізді үнсіз тамашалап отыратын. Күндер-ай десейші...

Бір күні Жәкең «мақала жаз» деп тапсырма берді. Қаламға қолымыз жаңадан үйреніп жүрген кез ғой. Тура бір апта шимайладым. Әйтеуір бір «шедевр» туғандай болды. Бөлмелестеріме оқып беріп едім, бас бармақтарын көрсетті. Алып-ұшып Жанарбектің бөлмесіне бардым. Тор көз дәптерге жазылған мақаламды ұсындым да, оқымай жатып тайып тұрдым. Арада тағы бір апта өткен. Жанарбекті көрсем, алыстан қашам. Неге екенін білмеймін. Жатақханада «гөләйттап» жүрген кезімде ұстап алды. Сосын әбден мақтады. Басым бақыттан айналып тұрған. Ең соңында:

- Сен мақалаңды газеттерге апарып жүрме. Бұл өзіміздің факультетте шығатын қабырға газетіне сұранып тұр екен. Соларға жарияларсың,- деді жылы жымиып.

«Шедеврімнің» шимай екенін сол кезде түсіндім.

***

Біз оқуға түскенде бұқа мойын, бура сан жігіттер шашын тақырлап алып тастап, келте тон киіп жүретін. «Рэкетизм» дегеннің тамырына толық балта шабылмаған уақыт еді ол. Аз-кем спортпен айналысқан, бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен жігіттер әлімжеттік жасап күн көретін. Тұрағымыз - ҚазҰУ қалашығындағы 5-жатақхана. Марқұм Амандосов пен Қожакеев қанша жерден «журналистика қыздардың қолы емес» десе де, сол тұста журфакты ЖенПИ-мен шатастырып алуға болатын еді. Жігіттер аз. Жатақханада тұратындары тіпті жоқ десе де болады. Әлгі бұқа мойындардың тұрағы - біздің жатақхана. Қас қарайса болды, жетіп келеді. Ұйымдасып, тізе қосып «азамат со­ғы­сын» жариялайық десек, қол жетпейді. «Ұлт азаттық көтерілісінде» ұпайсыз қалатынымызды іштей сеземіз. Біз 501-бөлмеде тұрдық. Үш жігіт. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бір аптада есіктің құлпын жеті рет ауыстырдық. Еріккен жігіттер есікті теуіп ашып, құлыпты сындырып бітті. Ақырында, жалықтық. Оның үстіне құлып сала беретін ақша да қалмады. Есікті құлыптамайтын болдық. Топсасы да айырылып кетті. Есік деген аты ғана. Әншейін тіреп қоямыз. Біздің жігіттер «501-дің есігі шалқасынан ашылады» деп күлетін сонда. Ал біздің күлуге мұршамыз жоқ.

Осылармен бірге кіндігі байланып қалған Арман деген жігіт болатын. Өзі бізде оқиды. Жанарбектің курстасы. Ұзын бойлы, бадырақ көз, тәмпіш танау. Алматыға қыс келген. ҚазҰУ қалашығының қалың ағашын қақ жарып, ақ қарды аямай басып, сабаққа бара жатыр ем. Қайдан пайда болғаны белгісіз, Арман шыға келді. Әзірейіл көргендей қалшиып қалыппын. Бас жоқ, көз жоқ, «ағамның үйіне барамыз, отын шабамыз» дейді. Ал менің сабаққа баруым керек. Әрі-бері қипақтап едім, көнбеді. Болмайды. Ара-арасында жанымыздан өткен адамдарға білдірмей төмпештеп алады. Көнбедім. Неден қорқам, тапа-тал түсте тарпа бас салып сабамайды ғой. Қасарысып тұрмын. Болмаған соң, бөлменің кілті мен қалпағымды тартып алды. Қаққан қазықтай безірейіп мен тұрмын. Он метрдей жерге ұзап кетіп, Арман тұр маған қарап. Осылай тұра беруге жүйкесі шыдамады білем, таса жерге шығарып алып, мені қылқындыра бастады. Қан көтеріліп кеткен. Оның үстіне бала кезден қырсық едім. Өлсем де, осы жолы Арманның айтқанын істемеуге бекіндім. Ал анау қояр болмады. Салалы саусақтары тамағыма батып барады. Бірте-бірте дем жетпей жатыр. Осы сәтте «әй, не істеп жатсың?» деген саңқ ете қалған дауыс естілді. «Құдай-ау, құтқарушым табылды ғой» деп қуанып кеттім. Екеуміз бірдей жалт қарадық. Жанарбек екен. Қолында қара сөмкесі, ұзын шашын артына қайырып, домалақ көзі онан сайын үлкейіп, ескерткіш сияқты бізге қарап тұр. Жанарбекті көрген Арман мені бірден жіберді.

- Не істеп тұрсыңдар, ей? - деді Жәкең сұрағын тағы қайталап.

Маған батырлық танытып тұрған Арманның тү­рін көрсеңіз сол кезде. Екі иығы салбырап, суға түс­кен тауықтай сүмірейіп қалды. «Жәй» дейді мұрны­ның астынан міңгірлеп.

- Сен неғып жүрсің, сабаққа бармай? - деп Жанарбек маған бұрылды.

Таяқ жеп тұрғанымды қалай айтам? «Арман екеуміз әңгіме айтып тұрмыз» дедім мен. Мына сөзімді естіген Арман қуанып кетті.

- Иә, иә. Біз әншейін әңгімелесіп тұрмыз. Сен бара бер, Жәке. Қазір артыңнан кіреміз, - деп судыратып жатыр.

Содан Арманның «тырнағынан» Жәкең аман алып шықты. Мән-жайға қаныққаннан кейін әлгі «батырға» да доқ көрсетіп кетті.

«Сен кімге қол көтергеніңді білесің бе? Енді оған тиіссең, ісім сенімен болады. Бұл - менің құда балам.  Аулақ жүр», - деп Жәкең арасына өтірікті де қосып жіберді.

Соғыстан жеңімпаз болып қайтқан солдаттай басымды тік ұстап, Жанарбекке ілесіп кетіп бара жаттым. Осы оқиғадан кейін құлағымыз тынышталды. Жанарбектің «құда баласы» болғаннан соң жатақханада жайбарақат өмір сүре бастадық. Ол да бір дәурен екен ғой.

***

Садыханның кенжесі студент ке­зінде «Алматы Ақшамында» жұмыс жасады. Біз секілді сарыауыздар жатақтың кереуетін­де шалқасынан жатып, арманның жетегіне еретін. Өзімізді бір сәт Жанарбектей жампоз сезінетінбіз сонда. Жанарбек Әшімжан, Қасым Аманжолұлы, Есей Жеңісұлы деген өзімізден бес-алты жас айырмашылығы бар жігіттер жатақханада жүрсе, солардың жүріс-тұрысын, іс-қимылын, сөз мәнерін бақылап, аузымыздан суымыз құритын еді. Ал аты дүрілдеп тұрған «Жас Алаштың» Сәкен Сыбанбай, Дәурен Қуат, Гүлнар Жұмабайқызы, Роза Қараева, Гүлзат Нұрмолдақызы, Айгүл Аханбай секілді оқтау­лы ақ берендерін көрсек, тіпті есімізден танатын едік. Ұстазымыз Ермахан Шайхыұлы Қанат Ескендіров пен пақырыңызды «Жас Алаштың» «Біртүрлі бетіне» шығарады. Атымыз жаңа айтқан мықтылармен қатар тұрғанын көріп, бір жасап қалатынбыз. Сосын журфактың дәлізіне сыймай, алшаң басып, «мені көрдіңдер ме?» дегендей шайқалып жүретін едік. Оған оқытушылардың мақтауын қосыңыз. Дүние тар сияқтанып, жер-әлемге сыймай кететін едік.

Бір күні біз Жанарбекті жоғалтып алдық. Із-түссіз жоқ. Басымыздан сипап ақыл айтатын, шабыттанып тұрса шашын сілкіп жіберіп өлең оқитын Жанарбекті таппай қалдық. Ол кезде Жәкең оқу бітіріп кеткен. Дегенмен байланысымыз үзілмеген еді. Қымбат затын жоғалтқан баладай аласұрдық. Жұмыста да, үйде де жоқ. Қазір әркім ұстайтын ұялы байланыс ол уақытта бай-манаптарда ғана бар. Кірпіштей телефонды беліне байлап алып жүргендерді көргенде, «не деген бақытты адам» дейтінбіз. Содан Әшімжан мырза табылмады.

Қалтамызда көк тиын болмаса да, «Жас Алашты» аламыз. Нөмірін жібермей, алты бетіндегі ма­қалалардың астын сызып, жата-жастана оқимыз. Бір күні Қазақстанды «ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында» ұстап тұрған «Жас Алаш» газетінің 2000 жылғы 9 ақпанындағы нөмірі қолымызға түсті. Бірақ сол күнгі «Жас Алаш» әдеттегі қалпынан кішірейіп, беті көбейіп, түрлі-түсті болып шығыпты. Бірінші бетіне дидарынан нұр шашқан, көзінен от көрінген сұлу қазақ басылыпты. Әсілі, аңызда айтылатын Жүсіп пайғамбар осындай болса керек. Тақырыбы айқайлап тұр. «Ла Скалада жайқалған жалғыз арша». Эссе - атақты опера әншісі, Италия төрінде өнер көрсеткен алғашқы қазақ Амангелді Сембин туралы екен. Ал авторы - Жанарбек Әшім­жан. Оқыдық. Бас шайқап, бас бармақпен бағалап жатырмыз. Бүкіл ҚазҰУ Жанарбектің эссесін әңгіме етеді. «Сұмдық» десіп жатыр жұрт. Жанарбектің жоғалу себебі табылды. Ол «бошалап» кетіпті. Аруаналар боталар кезде іргесін елден аулақ салып, адам аяғы баспайтын жерге барып боталайды ғой. Сол секілді Жанарбек те «Ла Скалада жайқалған жалғыз аршаны» жазар уақытында қаладан қашып, апта бойына таудың арасындағы жалғыз үйге барып, Сембин туралы толғаныпты.

Жәкеңді «Жас Алаштың» алдында жолықтырып қалдым. Газеттің сол кездегі бас редакторы Нұртөре Жүсіп шақыртыпты. Бас редакторды бірге күттік. Келе қоймаған соң мен кетіп қалдым. Бір күннен кейін сүйіншілеген ақпарат жетті: «Сембин туралы мақаладан кейін Нұртөре Жүсіп Жанарбек Әшімжанды «Жас Алашқа» алыпты». Ақпараттың ұзын-ырғасы осындай. Шын қуандық. Тастүлек жігіттің одан ары түлейтін уақыты туды ғой дестік. Сөйтіп, Жанарбектің «Жас Алаштағы» дәурені басталды. Газеттің «Руханият» қосымшасын шығарды. Арғы-бергі тарихтағы дарабоз тұлғалар туралы көлемді эсселерді ұсынды. Қысқасы, «кімсің - Жанарбек» болды.

Уақыт өте келе «Жас Алаштан» Жәкеңнің саяси сараптамаларын оқитын болдық. Қазақтың саясат сахнасында жүрген саясаткерлердің тұтастай портретін жасап шықты. Сенбі сайын жастар газетін саяси портреттері үшін оқитын едік. Ол кезде біз де журналистикаға етене араласып кеткенбіз. Бір күні Жанарбектің сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары, бүгіндері Сенат депутаты, атақты сазгер Төлеген Мұхамеджановқа арналған «Миллениум-пати» деген мақаласы басылды. Телефонды алдым да, «Жас Алашқа» құқық қорғау қызметкері болып телефон шалдым.

- Сіздің «Миллениум-пати» деген мақа­лаңызға орай телефон шалып тұрмыз. Сіз бүгін бізге келіңіз, - дедім бірден.

Жанарбек шатынап шыға келді. Айтуынша, телефон шалушы - мен еліміздің БАҚ туралы заңын өрескел бұзып тұр екем. Журналиске қысым көрсетіппін. Сөз бостандығына шекемнен қарайды екем. Ертең мен туралы газетке көлемді мақала жазатынын айтты. Не керек, Жанарбек ашуға мықтап мінді. Ал мені күлкі қысып, тұтқаның арғы бетінде тұншығып өліп барам. Сонда да күлкімді тыя тұрып, сөзімді одан әрі жалғадым.

- Егер бүгін келмесеңіз, өзіңізге қиын болады. Ол - еліміздегі беделді тұлға. Ондай адамның адресіне мынанша боқтықты үйіп-төгетіндей сізге ешкім право берген жоқ. Қысқасы, келесіз. Келмесеңіз, келтіреміз, - деймін дауысымды қатайтып.

Ол енді қатты кетті. Қорқатын түрі көрінбейді. Бүйте берсем, істі насырға шаптырып алам ба дедім де, өзімнің кім екенімді айттым. Жанарбек үнсіз. Шамасы, бірер минут үнсіздіктен кейін тоқтаусыз күлкі басталды. Жігіттер мұндай уақытта Жанарбектің не дейтінін біледі. Шымкентше боқтайды.

- Қатырдың. Түстім-түстім. Мә, ешкімнің алдауына түспей жүр едім. Ақыры осы пәлеге өзім үйреткен сенің түсіргенің қызық болды, - дейді де күле береді. Көзінен жас аққанша, демі жетпей қалғанша күлді.

Мәселе былай еді. Жанарбектің ең жақсы көретін «кәсібі» жігіттерге әлдекімнің дауысымен телефон соғып, ұрысу немесе мақтау болатын. Оның осы әдетінен талай жігіт опық жеді. Мұзағаң, Мұзафар аға Әлімбай ренжімесін, бірақ көбіне сол кісі болып телефон соғатын. Ал өзін ешқайсысымыз қақпанға түсіре алмай жүрген болатынбыз. Ақыры, мен құрған ауға ілінді. Және оған мені өзі үйреткен. Енді, міне, өзі үйретіп, өзі құрыққа ілініп отыр.

Журналистік ортада әңгіме жата ма? «Ел құлағы - елу» демекші, жаңалықты алдын ала естіп отыратын әдетіміз ғой. Бір күні «Талғат Ешен бастаған бір топ жігіт газет шығарады екен» деген әңгіме шарлап кетті. Сөз расқа айналды. Талғат Ешенұлы, Сәкен Сыбанбай, Жанарбек Әшімжан, Әмірхан Балқыбек, Есей Жеңісұлы, Ержан Әбдіраман, Еренғайып Қуатайұлы секілді мүйізі қарағайдай журналистер бірігіп «Жас қазақ» деген газетті дүниеге әкелді. Біз енді Жанарбекті басшылық қызметте тани бастадық. Газет алғашқы нөмірінен-ақ оқырманын тапты. Бүгінде «Жас қазақ» - қазақ баспасөз айдынында желкенін жайып, беделді газетке айналса, онда ол жаңа аттары аталған жігіттердің арқасы. Осы газетте де Жанарбектің «Аққан жұлдыз», «Жұмбақ өлім» атты жобалары арқылы талай дүниені оқырманға ұсынғанын көзіміз көрді. Ағайынды ұсталар Құлментегілер туралы толғанысы әлі күнге дейін жадымызда жаттаулы, көкіректе сақтаулы тұр. Осы арада мынаны айтпай кетуге болмайды. Қаланың күйкі тірлігі даланы аңсатады кейде. Даланың жұпарын жұтқың келеді. Бала кезде көрген суреттерді көз алдыңа елестетесің. Ал Жанарбек мұндай уақытта ағайынды ұсталардың ұстаханасына барады. Ұста­ханадан рухтанып қайтады.

Ал бүгінде Жанарбек Әшімжан - төрт бірдей басылымның басын біріктірген «Қаламгер-медиа» орталығының директоры.

 

***

Ол спорт десе жанын береді. Футболды ешкімнен кем ойнамайды. Қорғаныста мығым. Доп өткізбейді. Оңтайлы сәтте алаңның қай бұрышынан да гол соға алатын дәрежеде. Қайбір жылдары «Жас қазақ» журналистер арасында өтетін мини-футбол жарысының алдын бермеді. Бірнеше жыл қатарынан чемпион атанды. Бұған да Жәкеңнің қосқан үлесі зор. Дегенмен ол - бильярдшы. Тас таяқтың таза шебері. Дәл қазір біздің арамызда оған қарсылас бола алатын адам некен-саяқ. Қазақстан шеңберінде ақын-жазушылар мен журналистердің арасында өткен соңғы жылдардағы жарыстың барлығында Жанарбек бірінші орынды иеленеді. Өткенде «ылғи чемпион болудың сыры неде?» деп сұрадық.

- Мен бильярдқа ойын деп қарамаймын. Ол жерде бірінші орынға намыс атойлап шығады. Намыс болғанда, жеке намыс емес, ұлттық намыс. Кез келген ойынға ақырғы рет шығып бара жатқандай сезінем. Кейде шаршы үстелдің үстінде мемлекеттің тілі көкпарға түсіп жатқандай күйде қаласың. Сол ойында жеңіліп қалсам, қазақты кім көрінген басынатындай, я болмаса жеріме көлденең көк атты иелік етіп кететіндей жанталасам. Сосын барыңды саласың. Намысқа суарылған жігердің алмайтын қамалы бар ма! - деп қайырып қойды.

Біз бұдан Жанарбектің ұлтжанды екенін аңғар­дық. Жалпы, намыс деген құдірет қандай да болмасын қиындықтан алып шығады ғой. Жанарбектің үнемі жеңімпаз болуын намысшылдығынан деп түсінген жөн шығар. Шіркін-ай, қазақ футболшылары да осы Садыханның кенжесі секілді серттесіп ойнаса ғой. Сонда біз төрт доп айырмасымен масқара болып жеңілмес едік. Намысты бәрінен биік қойса, жеңіс пен жеңістің арасын жалғап, көкте самғап жүрер едік.

***

Осы күнге дейін таңмын. Бірінші курстан бастап Жанарбекпен бірге жүрміз ғой. Дос-бауыр ретінде. Құдай жарылқап, екеуміз бір күнде Иманғали Тасмағамбетовтің қолынан пәтердің кілтін алдық. Бүгінде ол екінші қабатта, мен үшінші қабатта тұрып жатырмыз. Жатақханадағыдай. Тағдырдың арамызды алшақтатпай, жақын­дата түскенін айтсаңызшы.

Бүгінгі әңгімемізде айтылмай қалған бір тақы­рып бар. Ол - Жанарбектің ақындығы туралы. Менің досым - тағдырлы ақын. Он бір баланың кенжесі - Жанарбек әкеден алты жаста көз жазып қалыпты. Шиеттей бала-шағаны анасы бауырына салып жүріп жетілдірді.

- Көктем едi, қапелiмде күз келдi,

Жан анамыз Жалаңаштан жүз келдi.

Тағамызды қағып бердi тал түсте,

«АНА» дейтiн үш-ақ әрiп бiздердiң... - деген жолдар осы ойымызға куәлікке жүреді-дүр.

Маған Жанарбек ылғи әкесін іздеп жүрген адам сияқты болып көрінеді. Оны мына төмендегі екі өлеңнің біз келтірген шумақтарынан байқауға болады. Біріншісі «Жол» деп аталады.

Әкемiздiң басқан жерi тақ, бiлем,

Басымыздан неше айналды бақ күрең.

Екеумiздi жолға салып жiбердi,

Қара шалды орап кеткен ақ кiлем.

Қарайлаймыз өткенге де, кеткенге,

Не жетедi әке иiсiн өпкенге?

Жетi жаста жiгiт болдық екеумiз,

Әкемiздi беткейге алып кеткенде, - дейді ақын. Біз бұл өлеңнен әкеге деген сағынышты, махаббатты аңғарамыз. Бір айта кетерлігі, Жанарбектің аталған өлеңі Есей Жеңісұлына арналған. Есей екеуінің тағ­дыры ұқсас. Екеуі де әкеден ерте айырылған. Адам мұңын түсінетін, сезінетін адамға айтады ғой. Сондықтан өлеңнің Есейге арналуы да - заңдылық. Ал тарам-тарам тағдырдан құралған толғаулы өлең былай аяқталады:

Туған өлке қалды сонау қыратта,

Сүрiндiк те, алдық неше құлап та.

«Әкесiз» деп мүсiркедi неше адам,

«Жетесiз» деп айтқызбадық бiрақ та.

Жүрегiмдi өртеп жатыр мұң-күйiк,

Сол күйiктен жүрем кейде сыр түйiп.

Әкесi жоқ адамдардың тағдыры,

Әкесi бар адамдардан тым биiк.

Екінші өлең - «Алғашқы қоңырау». Бұл - Жанарбектің тұңғышы Ақтамберді бірінші сыныпқа барған кезде туған өлең. Ақын өлеңіне Қасым Аманжоловтың «Өмірге ендім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден» деген сөзін эпиграф ретінде алады. Осыдан-ақ өлеңнің аса үлкен толғаныстарға құрылғанын байқаймыз. Енді сол өлеңнен қысқаша үзінді келтірейік.

Дәл осы есейткен талайды,

Алғашқы қоңырау сыңғыры.

Соғылған қоңырау, алайда -

Қағылған өмiрдiң күмбiрi.

Бұл өмiр талайды сынаған,

Қол созып жүргенде арманға.

Қарғам, мен соңғы рет жылағам,

Әкесiз мектепке барғанда...

Соғылды алғашқы қоңырау,

Құлыным, мектепке дайындал!

Құр аттай құйғисың өмiр-ау,

Бойымда бiртүрлi уайым бар.

Ақын жүрегі Ақтамберді мектепке дайындалып жатқанда әлдебір сұмдықты еске салғандай. Бала кездегі әкеге деген сартап сағынышты санасында тағы бір мәрте жаңғыртып өткендей көрінеді. Өлеңге терең бойласаң, тұла бойың шымырлайды. Дегенмен бәрі Құдайдың қолында ғой. Пенде пешенеге жазғанды көреді. Сол Ақтамберді бүгіндері екінші сыныпты бітірді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Дінмұхаммед Қонаевтың туған күнінде Самал маңдайы торсықтай тағы бір ұл тапты. Жанарбек оған ырымдап Дінмұхаммед деп ат қойды.

Күні кеше тағы бір газеттен біздің кейіпкеріміздің топтамасын оқыдық. Сосын мына шумақтың иірімінде аз-кем аялдауға тура келді.

Алдамшы дәурен алқымдағанда,

Бiлте-өмiр түбi жалпылдағанда,

Қоғамым кенет салқындағанда,

Бекзат жандарды ән қылып жүрем,

Әкелер мейрамы жақындағанда.

Бәлкім, алты жастағы тау баласының жанарына мәңгі тұрақтап қалған әке образы өлең түрінде осылай қашалып келе жатқан шығар...

 

 

 

«Ана тілі» газеті, 25.06.2009

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5272