Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әлеумет 10441 17 пікір 29 Қазан, 2020 сағат 12:55

Аралас неке азаймай тұр...

Қазақ ежелден тәубәшіл халық. Тәртіпке, билердің, отағасының  айтқан сөздеріне иіліп мойынсұнатын жұрт болдық. Ерте заманнан әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз, тіліміз, діліміз  мызғымас ел едік. Қазақ қоғамының шырқы кеңес заманынан бері бұзылды. «Ура, ура, қызыл, кеңес, партия» деп ұрандап өскен ұрпақ өткен тарихымызды мансұқтады.

Соның  бір парасы – аралас немесе ұлтаралық неке деген салт шықты. Әрине, өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарымен алғашында Алаш серкелері (Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы) басқа ұлт өкіліне үйленуге мәжбүр болды. Мұны тағы бір себебі сол тұстағы қара таяқтарға (интеллигенция) еуропаша оқыған, өздерімен пікірлесе алатын қыздар керек еді. Ұлы Мұхтар Әуезовтың да Валентина Николаевнаға үйленгені осы себептен. Одан бетер осы дәстүр жалғасын тауып, екінші жаһандық соғыс, соғыстан кейінгі  жылдары тіпті өршіп кетті. 

Қазіргі кезде тіптен сорақы. Кейінгі 10 жылғы санақ бойынша қазақтың 41000 ер азаматы, 30000 әйел заты өзге ұлт өкілдеріне үйленген. Солардың ішінде 70-і қытаймен (бұл цифрды пысықтау керек, өйткені шын мәнінде одан көп), 1100-і ресейлікпен тұрмыс құрған. Былтыр ғана Қазақстанда 144 мың жас жұбай шаңырақ көтерген, олардың 8300-і аралас. 

Кейінгі санақтарға жүгінсек, елімізде 20 пайыз ұлтаралық некелесу белең алып отыр. Бұл көрсеткіш арта беретіні сөзсіз, өйткені мемлекетіміз басынан бастап дұрыс идеология, патриоттық сезімді ұстанған жоқ. Шынын айтса, 30 жыл бойы қарын қамымен жүрдік. Бай-бағланымыз болса елді емес, мақтана байып-шіруді көксеп ойлады. Шенеуніктердің басым көпшілігі орысша ойлап, орысша сөйлейді. Одан бетер феминизм деген бәле шығып, әйел қауымы еркектің төбесіне шығып кетті...

Сөйтіп, аралас некеден ұлтымызға пайда шамалы. Бірен-сарандары ғана қазаққа жаны ашып бала тәрбиелейді. Мәселен, Ахаңның жары атын мұсылманшаға Бадрисафа деп өзгертіп, намазға жығылған, балалары қазақ тілінде тәлім алған. Ал, қазір бөтен елдік келіндер мен күйеу балалардың көбісі қазақты менсініп тұрған жоқ. Біраз ұлтаралық отбасылар шет елдерге көшіп кеткен. 

Сонымен не істеу керек?

Алдымен отбасылық институт дәрежесін көтерген жөн. Көпбалалы отбасыларды құрметтеп марапаттауымыз керек. Бала санына қарай жәрдемақы мөлшерін мейлінше арттырса жөн болар еді. Келін институтын жандандыру қажет, әйтпесе қалаларда тікбақай келіндер қаптап кетті. Бәрі анаға байланысты. Мен былтыр Алматы шаһарында бір отбасының салтанатына қатысқамын. Сонда деймін-ау, үлкендерінен бастап отбасының түгелге жуығы орысша шүлдірлеп жүрді (енді кеңестік кезеңдегі жағдай, сол тұстағы астанамыз Алматыда жалғыз-ақ мектеп болды ғой, соның өзі малшылардың балаларына арналған еді). Содан бір мезет құлақ салып едім, бір 2 жастағы қыз бала қазақша сайрап кеткені. Сондай қуанғаным-ай десеңізші! Сөйтсем, әлгі сәбидің анасы қазақы тәрбие көрген шығысқазақстандық келін екен. Сондықтан баланың тәрбиесі анасынан. Мың жерден қазақ бала бақшасына берсек те, үйде тәрбиені ең алдымен анасынан алады. Орысша мияулағаннан барып бала дүбара күйге түседі де есейе келе бөтен елдің азаматының құшағына енеді...

Содан кейін Қытайдан, Моңғолиядан, Қарақалпақстаннан келетін қазақ санын көбейткен дұрыс. Олар өз тарихи отанына көшіп келіп, біздің дүбара боп кеткен жеткіншектерді қазақшылыққа бет бұрғызып түзейді. Мына нәубет болған ковид деген көк иттен құтылсақ, келер жылы шетелден көшіп келетін квотаны артырсақ құба-құп.

Лайым, қазағымның саны көбейіп, аспанымыз жарқырай түссін! Әумин!

Бақытжан Тобаяқов,

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ә.Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053