Жұма, 22 Қараша 2024
Қайраткер 5491 14 пікір 29 Қазан, 2020 сағат 12:43

Салық өлді дегенше...

Көзі тірісінде-ақ, «қазақ заң ғылымының патриархы» атанған әйгілі академик, ғұлама заңгер, ұлағатты ұстаз Салық Зимановтың туғанына келесі жылы 100 жыл толады. Дегенмен, бұл айтулы дата Үкіметтің алдағы жылы атап өтетін мерейтойлар тізіміне енбей қалған. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған бір топ сенатор Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

Салық Зиманов 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, Комитет төрағасы әрі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясының жобасын даярлаған депутаттық комиссияның басшысы болды. Кейін 1991 жылы 14-16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңын қабылдау кезінде тағы да келісім комиссиясының құрамына кіріп, Қазақстан атты жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келгенін күллі әлемге танытқан тарихи құжаттың қабылдануына заңгер депутат ретінде зор үлес қосты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед ұлттық қауіпсіздігімізге төніп тұрған қауіп жайлы айтты | SN.kz - жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары

Депутаттық сауалда Мұхтар Құл-Мұхаммед осының бәрін қадап тұрып айтты. Сондай-ақ, сенатор Салық Зимановтың Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ғана емес, нағыз қаһарман екенін ерекше атап өтті.

Академиктің ғалымдығы мен ұстаздық қызметіне де баса мән берілген.

«Салық Зиманов 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі бар ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Ұлттық Ғылым академиясының Философия және право институттарын басқарып, мыңдаған шәкір тәрбиелеп, 30-дан астам ғылым докторы мен кандидаттарын даярлады. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде көптеп саналады. Мемлекет теориясы мен тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, конституциялық құқық, қазақтың ата заңдары және заң ғылымының өзекті мәселелеріне арналған көптеген монографиялар мен ғылыми еңбектер жазып, соңына 10 томдық мол ғылыми-шығармашылық мұра қалдырды», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Шындығында, қазақтың ата заңдарын жіктеп-жіліктеп, үлкен еңбек жазған, соңына өшпес мұра қалдырған ғалымның мерейтойын атаусыз қалдыру елдігімізге сын. Қайта егемендіктің 30 жылдық мерекесі тәуелсіздігімізді өз қолымен нығайтқан, білім-білігімен молайтқан, қазақстандық патриотизмді қалыптастырған, ғылыми мұрасымен ғана емес, барша іс-әрекеті, болмыс-бітімімен үлгі-өнеге болған Салық Зиманов сияқты біртуар азаматтарды ардақтаудан басталғаны дұрыс.

«Осыған орай, академик Салық Зимановтың ғасырлық мерейтойын лайықты атап өту үшін: қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, таным-тағылымдық шаралар өткізу, оның есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде оның еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұраймыз», – делінген сауалда.

Осы ретте ұлтымыздың біртуар ұлы, этнограф-ғалым, Шоқанның құрдасы, ХІХ ғасырдағы қазақтан шыққан ірі қайраткер Мұхаммед-Салық Бабажановтың есімі еске түсіп отыр. Мұхаммед-Салықтың Шоқанмен замандас болып қана қоймай, кездесіп, пікір алмасып, сұхбаттасқаны туралы деректер бар. Екеуінің өмірі де, тағдыры да, ой-арманы да ұқсас, үндес.

Еліміздің батыс өңірінен шыққан ғалым қазақ халқының тұрмысы мен шаруашылығы, діни намымы мен сенімі, бақташылық, саятшылық, қымыздың шипасы және тағы басқа тақырыптарда еңбектер жазған. Ағарту ісіне үлкен үлес қосқан. Оның есімі А.Жұбанов, С.Зиманов, Е.Масанов, Х.Маданов, Р.Отарбаев және тағы басқа ғалым, жазушылардың естеліктері мен ғылыми еңбектерінде үнемі аталып отырады.

Мұхаммед-Салық Бабажанов 39 жасында дүниеден өткен. Ол қайтыс болғанда де әйгілі күйші Дәулеткерей «Салық өлген» деген күй шығарыпты. Тіпті халық арасында «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деген де сөз тараған.

Бұл сөздің бүгінгі депутаттық сауалға да қатысы бар десек, артық бола қоймас. Салық Зимановтың өз өмірден өтсе де, есімі, мұрасы, өлмесін. Сондықтан академиктің мерейтойына қатысты сауал орынды ғана емес салмақты да салиқалы болды деуге толық негіз бар.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5291