Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2024
Аймақ 8892 35 пікір 10 Қараша, 2020 сағат 11:33

Соғыс бітті. Кім жеңді, кім жеңілді?..

27 қыркүйектен басталған Таулы Қарабақтағы соғыс бүгін аяқталды. Армения билігі жеңілісті мойындаған және осы күнге дейін Әзербайжан әскері қайтарып алған территориялар Әзербайжанның бақылауына өтетініне келіскен. Әзербайжан, Армения және Ресей президенттері үшжақты келісімге келіп, әрі қарай дауды бейбіт жолмен шешу туралы мәмілеге қол қойған.

Фото: © Reuters

Әлиев

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы әскери соғыстың тоқтатылуына қатысты Әзербайжан халқына жедел үндеу жасаған. Онда Армения билігі жеңілгенін мойындап, соғысты тоқтату туралы құжатқа қол қойғаны айтылған.

"Мәселені әлі де әскери жолмен шешуге болар еді. Бірақ, мен мәселені саяси жолмен шешкім келді. Осыған дейін айтқанымдай, әскери кезең аяқталды. Саяси мәселеге көштік. Біз үшін мейлінше тиімді құжатқа қол қойдық. Пашинянда басқа амал қалмаған соң, осы құжатқа қол қоюға мәжбүр болды. Пашинян үшін шын мәнінде бұл - жеңілісті мойындау, соғыста берілуді білдіреді", - депті Әлиев.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабаққа Ресейдің бітімгерлік әскерімен бірге Түркияның да бітімгер әскері бақылау жүргізетінін айтқан. Баку мен Ереван қарсы болмаған жағдайда бітімгерлік миссия Таулы Қарабақта 5 жыл болады. Кейін автоматты түрде тағы 5 жылға ұзартылады.

Сондай-ақ, тараптар осы соғыста қаза тапқандардың денелерін бір-біріне қайтарады. Аймақтағы барлық экономикалық және көлік байланыстары ашылады.

"Бұл келісім Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыстарды реттеуде, аймақта келісімге келуде, қан-төгісті тоқтатуда нүкте қояды деп сенемін. 

Қарабақтағы қақтығыс - біздің аймағымыздағы, Еуразия кеңістігіндегі ұзаққа созылған қақтығыстардың бірі және оның бүгін аяқталып жатқаны ең алдымен көпжылдық отарлаудан босатылған Әзербайжан халқы үшін тарихи оқиға", - депті Әлиев.

Фото: © Reuters

Пашинян

Армения премьері Никол Пашинян да өз азаматтарына қайырыла сөйлеп, кешірім сұраған хабар таратқан. Ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында Таулы Қарабақтағы соғысты 10 қарашаға қараған түні, сағат 01:00-де тоқтату туралы келісімге келгенін жазған.

"Қымбатты отандастар, әпкелер, бауырлар. Мен өзім және Армения халқы үшін өте ауыр шешім қабылдадым. Әзербайжан және Ресей президенттерімен келісіп, соғысты 01:00-де аяқтау туралы келісімге келдік. Бұл келісімнің шарттары мен және халқымыз үшін ауыр. 

Мұндай шешімді әскери жағдайды бақылап, мамандармен ақылдасып барып қабылдадым. Бұл шешім дәл осы жағдайдағы ең жақсы шешім деп сенеміз. 

Біз ешқашан өзімізді жеңілдік деп мойындамаймыз. Өздеріңіз жеңілдік деп мойындамайынша ешқандай жеңіліс болмайды. 

Бізге болашағымызды жоспарлау керек. Өткендегі қателіктерді қайталамау үшін жұмыс жасау керек. Тәуелсіздік жылдарымызды саралауымыз керек. 

Мен азап шеккен барша жанның алдында тізе бүгемін. Отанымызды қорғаған және жанын қиған әскер, офицер, генерал, еріктілер алдында бас иемін. Олар Арцахтағы армяндарды жанкештілікпен қорғады. Біз соңына дейін күрестік", - депті Пашинян.

Әскери қызметшілер Карвачар қаласы маңындағы жолда. © РИА Новости

Армения Әзербайжанға қай территорияларды қайтарып береді?

Ильхам Әлиев, Никол Пашинян және Владимир Путиннің үшжақты келісіміне сәйкес Әзербайжан Таулы Қарабақтың бірқатар аумағын өзіне қайтарып алды.

20 қарашаға дейін - Агдам ауданы мен Газах ауданының аумақтары және оған тиесілі аймақтар,

15 қарашаға дейін - Келбаджар ауданы,

1 желтоқсанға дейін - Лачин ауданы Әзербайжанға қайтарылады.

Бұл жерде Қарабақ пен Арменияны байланыстырып тұрған, Шуша қаласына әсер етпейтін Лачин дәлізінің 5 шақырымы Арменияның бақылауында қалады. Лачин дәлізі бойында Ресейдің бітімгерлік әскери контингенті  (1960 сарбаз, 90 бронетранспортер және 380 көлік пен арнайы техникалармен) орналасады.

10 қарашадан бастап: Әзербайжан мен Армения өз позицияларында тұрақтайды.

Алдағы үш жылда екі жақтың келісімімен Ханкендінің байланыстырып тұрған Лачин дәлізінің құрылыс жоспары бекітіледі.

Лачин дәлізі бойындағы қатынастардың қауіпсіздігі Әзербайжанға жүктеледі.

Ішкі босқындар БҰҰ Жоғарғы комиссарлық басшылығының бақылауымен Таулы Қарабақ аймағына орналастырылады.

Тараптардың арасында экономикалық және көлік қатынастары қайта іске қосылады. Оған Ресей бақылау жасайды.

Фото: РИА Новости

Пашинян отставкаға кете ме?

Үшжақты бейбіт келісім, Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы бірқатар территорияны Әзербайжанға қайтару туралы келісімнен кейін Ереван халқы наразылыққа шықты. Олар Парламент ғимаратына басып кіріп, Пашинян үкіметінің отставкасын талап еткен.

Наразылыққа шыққандардың арасында жүрген "Гүлденген Армения" оппозициялық партиясының депутаты Ивета Тоноян:

"Бүгін біздің еліміздің тарихының ең масқара парағы жазылды. Біздің партия премьер-министрдің отставкасын талап етеміз. 

Осы жасағандарынан кейін Пашинян үшін жалғыз отставка аз болып тұр. Біз бұл митингке адамдардың ашуын басу үшін келдік. Бұл азаматтардың ашуын да түсінуге болады. Бірінің әкесі, бірінің бауыры, енді бірінің ұлы майданда мерт болған. Жер үшін жандарын қиған. Пашинян қоғамның пікірімен келіспей, қаламмен қол қоя салып, жерді, Шушаны беру туралы шешім шығарды", - депті.

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1874