Істегі куәгерлердің бірі Құндыз Жолдубаеваның хабарлауынша, бұрынғы президент сотқа өтініш жасаған.
«Мені қамауда қалдырыңыздар, маған қарсы ешкім куәлік етпесе де, 11 жылға соттады. Уақыт бәрін дәлелдейді. Түптің түбінде шындық жеңетінін білемін. Қанат Сағымбаев пен Фарид Ниязов маған адал болғаны үшін отыр. Мен бәріне төземін. Үйқамақтағылар үйінде қалсын. Ал қамауда отырғандар босатылуы керек», - деді Атамбаев.
Жолдубаеваның хабарлауынша, судья прокуратураның айыпталушыларға қатысты бұлтартпас шарасын қолдану жөнінде арызын қарап жатыр.
2019 жылы 7-8 тамызда Қой-Таш ауылында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің күштері бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тергеуге жеткізу үшін арнайы операция өткізді. Сол кезде арнайы жасақтың бір өкілі қаза тауып, 200-ден астам адам жараланды.
Тергеу басқармасы бұл оқиға бойынша 19 адамға айып тақты, олардың арасында Алмазбек Атамбаев та бар. Тергеумен бірге жұмыс істеуге келіскен бес адамның ісі бөлек өндіріске алынып, 14 айыпталушының ісі сотқа жетті.
Abai.kz