Мультфильмдеріміздің саны аз, сапасы мәз емес
Осы проблеманы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалыма арқау еттім.
Оған түрткі болған – журналист Зүбәйра Әкімнің «Фейсбук» әлеуметтік желісінде отандық мультфильмдер жайлы жариялап, маған жіберген сыни жазбасы.
Бүгінде сәбилер үшін таным мен тәрбие қайнары – мультфильмдер екендігі даусыз. Кешегі балалар орыстың «Қап, бәлем, тұра тұрын» қызықтаған болса, бүгінгі балалар – «Маша мен аюды» көріп мәз. Олармен отандық аниматорларымыздың қай туындысы бәсекелесе алады?
Осыған орай, жуырда сыншы Әмина Құрманғалиқызы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде: «Көркем өнердің қай саласы болсын – мейлі кино түсір, мейлі кітап жаз, мүсін жаса, музыка жаз, сурет сал – мақсат біреу болу керек. Осы туындым арқылы ұлтыма не бере аламын. Жас ұрпақ санасына ұлтының ұлық бейнесін сіңіріп, өз ұлтын сүйетін, мақтан ететін дəрежеге жеткізе аламын ба? Жоқ, керісінше, қазіргі көркем өнер қазақтың сайқымазақ сорлы бейнесін жасағаны сондай – қазіргі жас ұрпақ қазақ болуға ұялатын, арланатын, намыстанатын дəрежеге жетті», - деп қатты сынай жазды («Қазаққа – мадақ па, мазақ па?» мақаласы, 2020 жылғы 5 қазан).
Расында да, теледидар мен интернетте көрсетіліп жүрген отандық мультфильмдердің көркемдік деңгейі көңіл көншітпейді. «Алдаркөсе», «Ертөстік» сияқты мультфильмдерде халқымыздың ауыз әдебиетіндегі сүйікті кейіпкерлерінің образдары бұрмаланып, ұлттық құндылықтарымыз аяққа басылған болып шықты. Бірер мысал: «Алдаркөсе» мултьфильмінде бір кемпір үйіне көңілдесін кіргізіп алып, шалын ұрып-соғып қуып жібереді. Бұл ойдан шығарылған, ұлтымыздың дәстүріне жат қылық емес пе? Оны көрген бала қандай тәлім алады? Ал «Ертөстік» мультфильмінде қазақ кісі етін жейтін каннибал ретінде сипатталғандығы жағаңды ұстатарлық жағдай емес пе?
Ұлы ойшыл, ақын Абай туралы орыс тіліндегі 9 сериялы мультфильмнің атауы «Жауынгер жолы» («Путь воина») екен. Сол атауына сәйкес Абай бабамыз көшеде кетіп бара жатқан жалғыз қызға жабылған бұзақылармен төбелеседі. Тіпті аюмен де алысып, жеңіп шығады. Бұл мультфильмнің идеялық-көркемдік деңгейі, міне, осындай.
Еліміздің телеарналарынан көрсетілетін, басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған көптеген мультфильмнің сапасы да сын көтермейді. Олардың аудармалары мен дыбысталуы бала санасы мен талғамына сай келе бермейді.
Саннан сапа туындайтыны белгілі. Бізде шығарылатын мултьфильмдер саны да мардымсыз. Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, анимациялық фильмдердің негізгі өндірушісі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігі кейінгі 3 жыл ішінде жалпы сомасы 610 миллион теңгені құраған мемлекеттік тапсырыс бойынша небәрі 6 мультфильм шығарған. Бұл ретте көршілес Ресей Федерациясында жыл сайын 100 шақты мультфильм мемлекеттік тапсырыс арқылы шығарылатындығын айтқан жөн.
Бұл өзекті мәселе «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелерінің өткен жылғы желтоқсан айындағы депутаттық сауалында да көтерілген болатын. Алайда, «Баяғы жартас – бір жартас» деп ұлы Абай айтқандай, анимациялық фильмдердің санын көбейту, сапасын арттыру мәселесі әлі түпкілікті шешімін таппай, өзекті күйінде қалып отыр.
Мәдениет және спорт министрлігіне алдағы жылы ұлттық фильмдер шығару үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 159 миллион теңге бөлініп отыр. Осы қаржының елеулі бөлігін анимациялық фильмдерді шығаруға жұмсаған жөн болар еді.
Елімізде әйгілі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің авторы, режиссер Әмен Хайдаровтың ізін басқан анимация мамандары баршылық. Мәселе – оларға берілетін мемлекеттік тапсырыстың аздығында.
Осыған орай Вице-Премьердің қарауына келесі ұсыныстарды енгіздік:
Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан аниматорлар одағымен бірлесіп, анимациялық фильмдерде ұлттық құндылықтарды насихаттау және оларды бұрмалаудың алдын алу мәселесін қарағаны жөн;
отандық анимациялық фильмдер санын көбейту мақсатында оларды шығаруға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру мәселесін қарау қажет;
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі анимациялық фильмдер шығаратын және оларды көрсететін телеарналарда шығарылған және басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің көркемдік деңгейін және бала тәрбиесіне әсерін анықтайтын көркемдік кеңестер құру және олардың құрамында сарапшылар ретінде тәжірибелі педагог, психолог, қазақ тілі мамандары міндетті түрде болуы мәселесін қарағаны жөн;
отандық анимация мамандарының біліктілігін жетілдіру үшін оларды шетелдердегі жетекші анимациялық студияларда тағылымдамадан өткізу қажет;
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамын анимациялық фильмдер өндірісіне қажетті осызаманғы техникалық жабдықтармен жабдықтау мәселесін қарау керек.
Осы депутаттық сауалымды партиялас әріптестерім Дархан Мыңбай мен Абай Тасболатов және «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов қолдап, қолдарын қойды.
Кәрібай Мұсырманның жазбасы
Abai.kz