Сейсенбі, 1 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 131659. Жазылғандар — 116461. Қайтыс болғандар — 1990
Тұлға 1329 4 пікір 20 Қараша, 2020 сағат 11:22

«Уақыт біздің басымыз қашан қосылады деп күтіп тұрмайды»

Моңғол елі мен қазақ елінің ортақ мақтанышына айналған  аса көрнекті мемлекет-қоғам қайраткері, танымал тарихшы, білікті мәмілегер Зардыхан Қинаятұлының арамыздан кеткеніне де төрт жылдың жүзі болып қалыпты-ау! 1996-2016 жылдары бір мекеменің бір бөлімінде қатар отырған сырлас, мұңдас, тағдырлас ағам аз сөзбен-ақ көп ой, алуан сырға толы тағылымдық әңгімелердің түйінін тарқатып беруші еді, әсіресе Тәуелсіз қазақ елінің бүгіні мен болашағы туралы сөз болғанда жайшылықта аса сыпайы, момын торы болып көрінетін Зәкеңді танымай қалушы едік. Зәкең ондай аса шетін тақырыптар  жөніндегі ойларын оңаша бөлме мен асхана төңірегінде емес, радио, газет, жорналдарда, кітаптарында ашық-әшкере айтудан тартынбағанын «Тарихқа көзқарас» атты жинағын оқыған адамның көзі жетеді. Өткен ХХ ғасырдың 90 жылдарының басында, тоталитарлық режим сіресіп тұрған Кеңес Одағы мен Моңғолияда «Социализм бе, әлде өркениеттің адасуы ма?» деп социализм деген дүлейге қасқая қарсы сұрақ қойып, оны баспасөзде ашық жариялауға кімнің дәті бара алып еді? Әрине, ешкімнің де. Тек менің Зардыхан ағам ғана! Ол кезде кемелденген социализм жырын жырлап елірген отандастарымыздың «Мақтансаң мақтан ,қазақ, төбең көкке жетпей тұр аз-ақ, - деп әндетіп жүргенін ұмыта қойғамыз жоқ.

Мына бір көріпкелдікке қайран қаламын, данышпан Ф.Достоевский Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүрген сонау ХІХ ғасырда: «Егер де социализм рас болса, онда құдай жоқ, ал, құдай бар болса, онда социализм өтірік», -  депті. Міне, ғажап, құдай бар екен, социализм өтірік екен, елес күйінде ғайып болыпты. Ал, ХХ ғасырдың соңында Зардыхан «болып, толып тұрған социализмді» тек «өркениеттің адасуы» ғана екенін айдай әлемге жар салып қана қоймай, моңғол жастарын батыл әрекетке бастай біліпті.

Зәкең Қазақстанға келісімен Алматыдағы жұмысын негізінен бірыңғай ғылыми зерттеуге арнады. Егер пендешілігімізді қайырып қоя тұрып, киелі тарих пен ұлт-мемлекет мүддесін алға тарта ақ сөйлер болсақ, профессор Зардыхан Қинаятұлы өтпелі кезең өткелінде әрі-сәрі болып тұрған Қазақстан тарих ғылымын кәтепті қара нардай алға – Тәуелсіздік алаңына алып шығысқан санаулы тарихшының бірі, әрі бірегейі болғанын айтып, марқұмның рухын шат еткен болар едік.

31- желтоқсан  Зардыхан марқұмның туған күні еді. 20 жылда (1996-2016) 200-дей зерттеу мақалалары мен  ІІ монография эссесін баспасөзде жарияласа да, мына «өтпелі кезең» деп аталған аласапраң заманда біреу білсе, біреу біліп үлгірмеген ұлтымыздың мақтанышы, мемлекет қайраткері жөнінде газет оқырмандарына арнайы таныстыра кетуді жөн санадым.

Зекең тарихи тақырыпқа кештеу келді. Бірақ әбден кемеліне келген ердің жасы 56-да келді. Кемеңгер В.Скотт тауып айтқандай «Қарттық ақымақ үшін – ауыр, надан үшін – қыс, ал, ғалым үшін – алтын күз» екенін Зәкеңнің жемісті жылдарынан анық көрдік. 

Зардыхан Қинаятұлы – 1940 жылы 31 желтоқсанда Моңғолияның Қобда аймағының Қобда Сомонына қарасты Нарын дарасының Өлет қыстағында дүниеге келген. Анадан 3 жасында, әкеден 16 жасында айрылған жетім Зардыхан апайларымен туған-туысқандарының қамқорлығында өсіп ержетеді. 1949 жылы мектеп есігін ашқан талантты жас оқуын Қобдада, астана Ұланбатырда жалғастырып, 1961-1965 жж. Моңғол мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тарих бөлімін «тарих пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдайды. 1965-1972 жж. әр түрлі жауапты қызметтер атқарады. 1972-1975 жж. Москвадағы партия Орталық комитетіне қарасты қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып «Қоғамдық ой-сананың қалыптасу мәселелері» тақырыбында философия ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шығады. 1975-1987 жж. Моңғолия Кәсіподақтары Орталық Кеңесі басшысының орынбасары болып істейді. 1987 ж. МХРП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар институтының теория бөлімі бастығына тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп 1987 ж. Москвадағы Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясында Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғайды. Дәл сол жылы Моңғол қоғамын дүр сілкіндірген әйгілі  «Моңғол Халық Республикасының келешек дамуының келелі мәселелері» атты мақаласы «Партия тұрмысы» жорналының №12 санында жарияланысымен КСРО, Жапония, АҚШ, КХР елдерінде жарық көрді. Сол жылы З.Қ. бастаған топ ұысынған МХРП-ның жаңа программасы мен Уставы МХРП-ның төтенше сьезінде қабылданады. 1990 ж. 23 наурызда МХР министрлер кабинеті бастығының орынбасарлығына тағайындалады. 1990 ж. қыркүйегінде Моңғолия тұрақты парламенті  - Боға Хуралының орынбасары болып сайланады. Осы қызметте жүргенде 1991 ж. қабылданған Моңғолияның демократиялық жаңа Конституцмясын дайындау комиссиясының  орынбасары бола жүріп атқарған жұмысы Моңғолияның әр саладағы мықты мамандарынан құралған 15 ғалымның жанқиярлық еңбектері жөнінде З.Қ. «Көшпенділік ғұмыр» атты кітабында былай деп толғайды: «Егер қоғам тапсырыс берсе оны өзгертуге 15 адамның да ақыл-ойы жетеді екен».

Моңғолдың жаңа Конституциясын Қабылдату үшін 72 сағатқа созылған талқы барысында З.Қ 22 мәрте жарыссөзге шығып жақтастарымен бірге жаңа демократиялық Конституцияны қабылдатып, Моңғолияны Парламенттік демократиялық мемлекетке  айналдыра алды.

Жарты ғасырлық ғұмырын, күш-жігері мен ақыл-парасатын аямай еңбек еткен «Қинаяттың жалғызы» барша моңғол елінің  Зардықанына айналып жоғары биліктің екінші тұлғасына айналып еді. З.Қ. ұлына түптеп келгенде мансап та, байлық та емес, ең қымбаттысы – туған халқына, оның бостандығы мен тәуелсіздігіне қызмет ету екенін, оның соңғы ширек ғасырлық жанкешті өмір жолына, шығармашылық жасампаздығына назар аударғанда көзіміз жете түседі.

1991 ж. желтоқсан оқиғасы З.Қ. ұлының өмірін жаңа арнаға - ұлттық арнаға салып жібергендей болды. Қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып қазақ жастарының іс-әрекеттерін қолдаудан басталған бұл бет бұрылыс Моңғолдағы қазақтарды атамекен – Қазақстанға көшірудей машақатты, рахметінен гөрі өкпе-реніші көп істерге ашық және астыртын басшылық жасауға ұласты. Іштей уақыты, сәті түскенде тарихи Отанына оралудың қам-қарекетін де ұмытқан жоқ еді. Ондай сәтті күндер де келіп жеткен сияқты. 1992 ж. «Бага Хуралдың мерзімі аяқталуына байланысты З.Қ –та қызметін тоқтатты. Моңғолияның Ташкентте ашылған Бас Консульдығына Бас Консулы болып тағайындалды. 1993-96 жж. Моңғолияның Қазақстандағы Елшілігінде Кеңесші болып елшіліктегі өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін өз өтініші бойынша дип. Жұмыстан босап. Алматыда тұрақтап қалды.

1996 ж. ҚР.Ғ.м-ң Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазақстанның Ежелгі және Орта ғасырлар тарихы бөліміне аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер ( 2000 ж) 2001 жылдан осы  бөлімнің меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін қызмет етті.

Осы барыста З.Қ. қазақстандықтарға тарихшы ретінде танылды. Жай танып қана қойған жоқ, қазақ тарих ғылымына түбірлі өзгерістер жасаған бірнеше жаңалықтар әкелу арқылы мәртебелі орынға көтерілді.

Атап айтар болсақ қазақ тарихын дәуірлеу мәселесіндегі түйткілдерді тарқата келе Қазақ мемлекттілігінің тарихын қашаннан,  кімнен бастау керек деген аса  күрделі, даулы мәселеге алғаш рет «Қазақ мемлекеті тарихы Жошы хан шаңырағын көтерген Ақ Ордадан басталады» деген концепцияға негізделген «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты монографиясы арқылы жауап берді. Араға 10 жыл салып 2014 ж. ол монографияға жаңа тараулар, қосымшалармен толықтырылған жаңа нұсқасын жариялады.  Осы еңбегінде Тарихшы З.Қ. қазақ тарих ғылымына алғаш рет «Моңғол ұлыстары билігі дәуірі» деген жаңа ғылыми анықтама әкелді. Бұл дәуір шамамен 240 жылға (1224-1465/66) созылды. Ақ Орданы әуелі Жошы хан, одан кейін оның үлкен ұлы Орда Ежен хан мен мұрагер ұлдары биледі. Алғашқы астанасы Ертіс бойында, одан кейін Сығанақ қаласы болды дегенді тарата келе тарихшы: «Қазақ мемлекетінің үлгісі (прообразы), жер аумағы, этникалық қауымы, әскери-саяси құрылымы, билік династиясы Ақ Орданың аясында қалыптасты», - деген байламға тоқтайды.

Тарихшының бұл байламының  дұрыс болғанына куә болып отырмыз. Алда Ақ Орданың  2024 ж. 800 жылдық мерейлі тойы күтіп тұр.

Тарихшы З.Қ. тиянақтап берген тарихи оқиғаның бірі – 2015 ж жарияланған 715 беттік «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты зерттеу еңбегі арқылы жан-жақтылы сөз болды. Осынау аса көлемді зерттеу еңбегінде тарихшы басқалардың қолына түсе бермейтін моңғол, тұңғыс, қытай, араб, парсы, орыс, жапон, ұйғыр тілдерінде жазылған2080 дерек көздеріне сілтеме жасайды. Ал, біздің әуесқой тарихшыларымыз бен тарихшы, жорналистеріміз қайдағы бір жер-су, ру-тайпа аттарымен моңғол-қазаққа ортақ кейбір сөздерді теріп алып бүкіл әлем 800 жылдан бері моңғол Шыңғыс ханды қазақтың бір руларына тели салғысы келеді.

Тарихшы З.Қ ұлының  ХІХ  ғ-дан бері әр ел тарихшылары мен түрколог ғалымдары әрқалай болжалдар айтып келген таласына нүкте қойған айтулы әерттеу еңбегін «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: 9-12 ғ.» 2001 жылы жариялады. Азамат З.Қ. не істесе де, не жазса да аса жауапкершілік пен терең ғылыми пайымға арқа сүйеуші еді. Аталған монографиялық еңбегін одан әрі толықтырып, кемелдендіре түсуге он жылдан артық уақытын сарп етіп, қайтыс боларынан сәл бұрын (2016 ж) «Найман хандығы: Тарихы және мәдениеті»  (ХІІ-ХІХғғ.) деген  атпен тәмамдап, аманат етіп қалдыруы, сөйтіп ғылымды, тарих ғылымын құрметтей алатын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қазақ халқының этникалық құрамымен этностық тегін-нәсілін танып, тарихи санасын жаңғыртуға бағдар бергендей болды.

З.Қ. тек саяси-қоғам қайраткері, тарихшы ғана емес, талантты әдебиетші, этнограф, әрі ақын болатын. Оның қолынан шыққан үш томдық «Моңғолиядағы қазақтар» мен «Жылаған жылдар шежіресі» 1995 ж. және «Көшпенділік ғұмыр» (2010 ж) атты эссесі қазақ оқырмандары үшін тарих оқулығы қызметін атқарды деуге болады.

Ал, қайраткер З.Қ-тың Қазақстанға келгеннен бергі жазған саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерген пулицистикалық-танымдық мақалалар жинағы «Тарихққа  көзқарас» (1 том, 2017) деп аталады. Мұнда ұлт, тарих және адамдар тағдыры жан-жақтылы сөз болады.

Кезінде «Қинаяттың жалғызы» атанған жетім бала тағдырлас моңғол халқының, ұлы Шыңғыс хан елінің қамқорлығында жан-жақтылы білім алып, мемлекет-қоғам қайраткері, мәмлегер тұлға болып әлемнің 27 еліне Моңғол өкіметі делегациясын бастап барған екен. Азамат З.Қ.-ұлы да Моңғол еліне адал қызметімен жауап беріпті.

Тарихи Отанына оралғаннан бергі ширек ғасырда ауыз толтырып айтарлық он бір  томдық ғылыми зерттеу еңбектерін, 200-ден аса алуан тақырыптағы мақалаларын жариялап Тәуелсіз қазақ елінің ғылымы мен мәдениетін, ой-санасын  кемелдендіруге  айтарлықтай  қызмет етіп,  76 жасында өмірден өтті.

                                                       ***

Марқұмның әр кезде жазған еңбектеріндегі аса мәнді ұшқыр ойларынан бірнеше үзінді бере кеткенді жөн көрдік. «Көшпенділік ғұмыр» және «Тарихқа көзқарас» кітаптарынан үзінді:

«...Ел боламыз, ұлт боламыз деп талпынған бүгінгі қазақтың серпіліс күші неде деген сұраққа қайсы біреулер: ұлттық идеология қажет» дейді, меніңше қолдан жаңа идеология жасау мүмкін емес. Қазақта ұлттық идеология біреу, ол ұлттың азаттығы. Бұл идеология әлі де тірі.

... Меніңше ұлтты бір құтқарса, өзіндік қолтаңбасы бар нағыз ұлттық құндылықтар ғана құтқара алады. Ондай құндылықтардың қатарына: Атамекен жер, ана тілі, ұлттық тарих, ұлттық төл өнер мен әдебиеті, ұлттың өзіне тән мінез-құлқы жатады. Нағыз деп пысықтап отырғаным, қазақтікі дегеннің бәрі алтын емес.   

                                                        ***

Қазақ көші қоны жөнінде былай деп ескертеді:

...Уақыт біздің басымыз қашан қосылады деп күтіп тұрмайды. Келер ғасырдан өз несібемізді алу үшін, қазақ серпілуі керек. 1991 жылы келген Тәуелсіздікті қазақы құр мақтаныш, билік басындағылардың атақ-абыройын арттырудың құралына айналдырып алмасақ болғаны.  (113-114 бб)

                                                        ***

Табиғат пен адам қарым-қатынасы жөнінде:

...Табиғат ана арам ниеті үшін адамзатты бір күні бір-ақ сілкіп, төңкеріп тастай ма деп қорқам. Осының барлығы адамзат табиғатқа табынуын қойып, (адамға табын жер енді  деп есірген) адамға немесе адам ойлап тапқан түрлі ғажайыптар мен идеологияға табынып кетуден болды ма деп те ойлаймын. Жер анаға табын адамзат! Жер анаға мейірімді бол, сонда ғана жер ана райынан қайтып, адамзаттың жасаған күнәсін кешіруі мүмкін . (98 б)

                                                       ***

...Нарықтың заңы талпыныспен ағарып алға шығу болса, қазақ біреудің ағарып алға шыққанын еш мойындамайды. Нарықтың заңы уақытты ұту болса, қазақ уақытқа соншалықты мән бермей үнемі ұтылып жүреді. Сөйтіп өмірде қазақтың әттегенайы таусылмайды. ХХІ ғасырдың шаңын жұтып қалмау үшін уақыт туралы қазақ ментаитетіне белгілі өзгерістер қажет сияқты.  (107 б)

                                                       ***

...Бізде ұлтын сүюдің, отанын сүюдің екі жақты, үш жақты (двойной, тройной) принциптері қалыптасқан. Сөйте тұра қайсы  біреулер қазақты әлі де ұлтсыздыққа шақырады. Бұл қазір «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрған» біздің ұлт үшін үлкен қатер. Өйткені ұлт мүддесіне байланысты сан алуан мәселелер «Ғаламшарлық сана» («Планетарное сознание» О.Сулейменов) «Қазақстандық ұлт»  қатарлы ұлтсыздық идеологиясының тасасында қалып қоюы мүмкін.  (108 б)

                                                           ***

Айт, айтпа бәрібір қазақ бүгін дербес ел болғаны Дефакт. Бұрын тағдыры басқаның қолында болған қазақ ұлты енді басқаның тағдыр-тауқыметін өз мойнына алады. Қазақ Республикасының әлеуметтік болмысын, интеллектуалдық ақыл-ойы, менталдық бет-бейнесінің жеткен жері бұдан былай ең әуелі қазақ ұлтының жетістігімен есептелетін болады. Бұл қазақ ұлтынан бұрынғысынан екі есе. Үш есе күш –қуат, білім парасат, асқан жауапкершілік талап етеді. (109 б)

Бұл марқұм Зардыхан Қинаятұлының Сіздер мен біздерге айтқан өсиеті, әрі аманаты еді.

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

4 пікір