Дүйсенбі, 8 Маусым 2026
Анық-қанығы 124 0 пікір 8 Маусым, 2026 сағат 14:42

Бейнеттің зейнетін көреміз десек...

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды

Зейнетақы ақшасы ертеңгі жайлы қарттықтың кепілі. Осыны ұмытпайық

Бүгіннен бастап зейнетақы бойынша жеткіліктік шегі айтарлықтай көтерілді. Осы арқылы, мемлекет пандемия кезінде адамдар қысылмас үшін ашып берген уақытша шарасын тоқтатты деуге болады. Тіпті дер кезінде дей алмаймын. Мұны 2 жыл ертерек істеу керек еді.

Зейнетақы жинағы бұл қазіргі керек-жараққа төлейтін банктегі шотымыз емес. Бірақ біз 5 жылда жаман үйреніп алдық та, болашақ қарттығымызға жинағанымызды бүгін құрта бастадық. Сол кезде ертең зейнет жасында жеткілікті табыссыз қалуы қаупі бірден пайда болды. Олай бәрін жаратып тастасақ, жалпы бұл реформаның не қажеті бар еді деген сұрақ туады.

Сондықтан жеткіліктілік шегі адамның ақшасына қойылған бөгет емес. Бұл болашақтағы зейнетақысының тым төмендеп кетпеуі үшін жасалған қорғаныс механизмі. Яғни мемлекет «бұл ақшаны бермеймін» деп отырған жоқ. Мемлекет «бұл ақша сенің өзіңе керек болады, оны толық жұмсап қойма» деп отыр.

Жаңа әдістеменің мәні де осында. Ол зейнетақы жинағының жеткіліктілігін бұрынғыдан нақтырақ есептеуге бағытталған. Мұнда адамның болашақтағы өмір сүру ұзақтығы, зейнетақы активтерінің ықтимал табыстылығы, еңбек өтілі, жарналардың тұрақтылығы және зейнет жасындағы қажетті табыс деңгейі ескеріледі.

Әсіресе бұл жас қазақстандықтар үшін маңызды. Себебі болашақта олардың зейнетақысының негізгі бөлігі өздерінің жинақтарына көбірек тәуелді болады. Қазіргі буын әлі еңбек жолында. Алдағы 20-30 жылда олардың табысы да, жұмыс орны да, еңбек жағдайы да өзгеруі мүмкін. Біреу үздіксіз жұмыс істейді, біреу уақытша үзіліс жасайды, біреу жеке кәсіпке кетеді, біреу табысы төмен кезеңдерді бастан кешіреді. Мұндай өмірлік сценарийлердің бәрі зейнетақы жинағына әсер етеді.

Зейнетақы жинағы мемлекеттің ақшасы емес. Ол азаматтың өзінің жеке жинағы. Мемлекет оны өз бюджетіне алмайды, басқа мақсатқа жұмсамайды. Жеткіліктілік шегінен төмен жатқан қаражат та адамның өз шотында қала береді. Ол әрі қарай инвестициялық табыс әкеледі, көбейеді, сақталады және зейнет жасына жеткенде сол адамның өзіне төленеді.

Демек порогтың көтерілуі «ақшаны тартып алу» дегенді білдірмейді. Бұл ақшаны адамның өз болашағына қалдыру. Бүгінгі шешім ертеңгі қарттықтың сапасына тікелей әсер етеді. Егер бүгін бәрін жұмсап қойсақ, ертең мемлекеттен немесе балалардан көбірек тәуелді болу қаупі артады. Ал жеткілікті жинақ сақталса, адам зейнет жасында да қаржылық тәуелсіздігін жоғалтпайды.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір