Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3895 23 пікір 20 Қараша, 2020 сағат 16:23

Тоқаев: Ішкі толқулар елдің тұтастығына сөзсіз әсер етеді

Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Жиында Жоғарғы Бас қолбасшы келер жылы Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толатынын атап өтіп, осы жылдар ішінде ұлттық әскеріміз толық қалыптасқанын, еліміздің армиясы егемендігіміз бен тұтастығымыздың тірегіне айналғанын айтты. Біз Қазақстан Президентінің аталған жиында айтқан сөздерін назарларыңызға ұсынамыз...

Президент Тоқаев ішкі толқулар, төңкерістер елдің тұтастығына сөзсіз әсер етеді деп санайтынын айтқан. Алыс-жақын көрші елдердегі оқиғаларды тілге тиек еткен.

«Мұндай жағдайда мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның басым бағыты ретінде санаймын», - деген Тоқаев.

Президенттің пікірінше, осыған дейін қол жеткен жетістіктерді сақтау үшін Қарулы Күштердің қызметіндегі бірқатар басымдыққа көңіл бөлу қажет. Атап айтқанда, әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды және сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру аса маңызды.

«Қорғаныс министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп, 2021  жылғы 1 қарашаға дейін Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардағы идеологиялық жұмыстардың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Президент.

Сонымен қатар ол әскерилерді әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғау мәселесіне тоқталған. Соның ішінде:

- келесі жылдан бастап күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемін арттыру,

- 3 жыл ішінде әскери қызметшілерге берілетін қаржылай төлемді орташа есеппен 30 пайызға көбейту туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен әскери жаттығуларда қазақстандық әскерилердің жоғарғы дайынтық көрсеткенін,  Қазақстан армиясы бітімгерлік миссияларға қатысуға әзір екенін айтқан. Сөйтіп, 2021 жылдың 1 тамызына дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді міндеттеген.

Президент қазақстандық армияны ең озық цифрлық технологиялармен және құралдармен жабдықтаудың маңызды екенін ескертті. Бұл мәселені шешу үшін Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметін енгізу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әскери бағыттағы біртұтас ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын құруды тапсырды.

Мемлекет басшысы әскери құрылымдарды қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етудің бірқатар басымдығын атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев армия мемлекетіміздің тірегі, егемендіктің кепілі екенін және әрбір қазақстандық сарбаз бен сардар қастерлі Тәуелсіздігімізді күзетіп тұрғанын ұдайы есінде ұстауға тиіс екенін айтты.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377