Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5306 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:30

Азамат ТЕМІРБЕКОВ. «Өссе тілім мен де бірге өсемін»

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұлттық тіліміздің ұмытылуына жол бермей, дамуына жағдай жасап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру - басты міндетіміз. Қасиетті тілді сақтап, жас ұрпақтың ана тіліне деген патриоттық сезімін ояту қазіргі жаһандану заманында өзекті мәселеге айналып отыр. Мемлекеттер мен халықтардың тығыз қарым-қатынасы әсерінен экономикалық, саяси және мәдени байланыс артуда. Бұл кезең жалпы қоғам ішіндегі өзгерістермен қатар, мәдени және тілдік ерекшеліктердің де өзгеруін талап етеді. Осы жерде қандай болмасын мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі адамдарының білім деңгейіне негізделеді. Яғни, адамның тұлға болып қалыптасудағы алғышарттары мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерден басталады. Демек, ұлттық нышанымыздың басты белгілерінің бірі – ана тіліміз де осы фактормен тығыз байланысты.

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұлттық тіліміздің ұмытылуына жол бермей, дамуына жағдай жасап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру - басты міндетіміз. Қасиетті тілді сақтап, жас ұрпақтың ана тіліне деген патриоттық сезімін ояту қазіргі жаһандану заманында өзекті мәселеге айналып отыр. Мемлекеттер мен халықтардың тығыз қарым-қатынасы әсерінен экономикалық, саяси және мәдени байланыс артуда. Бұл кезең жалпы қоғам ішіндегі өзгерістермен қатар, мәдени және тілдік ерекшеліктердің де өзгеруін талап етеді. Осы жерде қандай болмасын мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі адамдарының білім деңгейіне негізделеді. Яғни, адамның тұлға болып қалыптасудағы алғышарттары мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерден басталады. Демек, ұлттық нышанымыздың басты белгілерінің бірі – ана тіліміз де осы фактормен тығыз байланысты.
Соңғы жылдары облысымызда мектептер мен балабақшалардың сандық өсімі байқалады. Орыс тілді халқы басым Өскемен, Курчатов, Риддер қалалары мен Глубокое ауданында қазақ тілінде тәрбиелеп, білім беретін балабақшалар мен топтар ашылды. Бүгінде облыстағы 108 балабақшаның 32-сі қазақ тілінде тәрбиелеп, 767 орта мектептің 384-і қазақ тілінде білім береді. Бұл, білім ошақтарының сандық өсімі, ал, олардың сапалық деңгейі қандай? Бұл мәселе облыстық тілдерді дамыту басқармасының назарынан тыс қалған емес. Облыстағы білім беретін мекемелерге жүргізілген талдау олардың барлығында жағдайдың біркелкі еместігін көрсетіп отыр. Қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін балабақшалар мен мектептердің басым көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқандықтан олардың бәрінің де дерлік ахуалы жақсы деп айтуға келмес. Жіті зерделеп, үңіле қарасақ басы ашылмаған проблемалары жетіп жатыр. Қазақ тілінде оқытатын оқулықтар мен танымдық әдебиеттердің аздығы, педагог-мамандардың біліктілігінің төмендігі, олардың жетіспеушілігі тілдік ортаны қалыптастыруда бірқатар кереғарлықтар туғызуда.
Мемлекеттік тілде оқытып, тәрбие беретін мекемелердің сапасы жоғары болса өз баласына қазақ тілінде білім бергісі келетін басқа ұлт өкілдерінің де саны көбейер ме еді? Бүгінде облыстағы орта мектептер мен гимназияларда қазақ тілінде 270 орыс және 354 басқа ұлт өкілдерінің балалары білім алуда.
Сондай-ақ, тілдік ортаның қалыптасуында отбасының да маңызы жоғары. Педагог-маманның қолынан қазақ тілінде сөйлеп шыққан қазақтың баласы үйіне келгендегі ата-анасының шүлдірлеген орысшасынан соң бұрынғы қалпына қайта түседі. Балаларын қазақ балабақшасына берген жас жанұялардың тұрмыстық қолданысында орыс тілі басымырақ. Әрине бұл жерде тілді білесің, тілді білмейсің деп қазақ жастарын кемсіту, не бөлу туралы ой жоқ. Біздің басты міндетіміз - қазақтың басын біріктіру, ана тілімізді дамытып, мәртебесін көтеру.
Қазақ тілін білмейтін ата-ана өз баласымен неге қазақша сөйлеспеске? Сөйлесу арқылы ана тілін үйренбеске! Бүгінде ана тілінде мәдениетті сөйлейтін қазақ жастары баршылық. Бұл бірінші кезекте қазақ тілді білім ордаларының көбейгендігінің нәтижесі болар.
Қазақ тілінде білім алып, қазақша тәрбиеленген ұрпақ саны жыл санап өсіп келеді. Қазіргі уақытта облыс мектептеріндегі оқушылардың 54 пайызы мемлекеттік тілде білім алып жатыр. Облыстың қалалық жерлерінде 30 мың бала мемлекеттік тілде білім алуда. Бұдан жақын болашақта қала халқының санын қазақ тілді 30 мың жас ұрпақтың толтыратынын болжауға болады.
Статистикалық мәлімет-терге сүйенсек, соңғы жылдары облыстағы халықтың негізгі өсімін қазақ ұлты беріп отыр. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастау алған көші-қон үрдісі бүгін де жалғасын табуда. Жұмыс, оқу іздеген ауыл жастары өндірісті орталықтарға келуде. Алдағы бірер жылдағы халықтың механикалық қозғалысын зерделесек, 20 мен 35 жастағы көшуге дайын халықтың 60 пайызын қазақ ұлты құрайды. Бұл үрдіс жақын болашақта облыстың өндірісті аймақтарындағы мемлекеттік тілде оқытып, тәрбиелейтін білім ошақтарына деген сұраныстың артуына әкеп тірейді. Аталған мәселе қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін мекемелері аз Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Глубокое, Зырян, Шемонаиха аудандарында бірқатар проблемаларға айналуы мүмкін.
Жас буын өкілдері келер жылдары мемлекеттік қызметшілердің қатарын толтырады. Олардың қазақ не ресми тілде сөйлеуі болашақ мемлекетіміздің сөйлеу тілі болмақ. Елбасының Жарлығына сәйкес, өткен жылдың қаңтарынан бастап облыстың мемлекеттік органдары іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшірген болатын. Бүгінде облыстың 9 аудан, қаласы құжаттарды мемлекеттік тілде жөнелтуде. Жалпы мемлекеттік органдардан мемлекеттік тілде шыққан құжаттардың көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсті. Құжат айналымының қазақ тілінде жүргізілуіне қол соғып, қуанғанмен, оның ар жағына үңілсек кемшіліктердің көп екенін көреміз.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың жүргізген талдау, зерттеу жұмыстарының нәтижесі бірқатар мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы тек аударманың арқасында артып отырғанын көрсетті. Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілердің 76 пайызын қазақ ұлтының өкілдері құрағанымен, олардың 40 пайызы мемлекеттік тілде құжат дайындай алмайды.
Мемлекеттік басқаруға қазақ тілін енгізу үшін ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеруі қажет. Осы мақсатта бүгінгі күні облыста 7 аудандық, қалалық және бір облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар облыс тұрғындарының түгелдей мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау мақсатында тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ауылдық жерлерде жергілікті әкімдіктер мен мектептердің жанынан мемлекеттік тілді оқыту үйірмелерін ұйымдастыруда.
Жалпы облыстағы мемлекеттік тіл саясатының жүргізілуі аймақтағы демографиялық жағдайды ескере отырып, жүзеге асырылуда. Халықтың көбеюі мен азаюы, көшіп-қонуы қоғамдағы саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайға, оның шиеленісті не орнықты болуына әсер етуші басты құбылыстардың бірі болғандықтан, оның бағыт-бағдарын анықтап, ахуалын талдап, жақын болашақтағы жағдайын болжау ауадай қажет. Әсіресе, күрделі геосаяси тұрғысымен ерекшеленетін Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл мәселенің маңызы зор. Ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, тұғырына қондыру, ұлттық саясатты жүргізу ұлт санының артуымен және оның құрамындағы өзгерістермен тығыз байланысты. Қазақ демографиясының ахуалы жақсарса, тіліміздің де мәртебесі көтерілері анық. Келешек ұрпақтың тілін ана тілінде шығарып, өз Отанының патриоты болатын тұлға қалыптастыру - мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы, игілігі мен гүлденіп-көркеюі!

 


Азамат ТЕМІРБЕКОВ,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы
«Дидар» облыстық газеті (ШҚО)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5264