Қазақстан–АҚШ экономикалық серіктестігі: жаңа инвестициялық мүмкіндіктер мен көпвекторлы саясаттың рөлі
Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және саяси қатынастар соңғы жылдары жаңа мазмұнмен толықты. Екіжақты ынтымақтастық энергетика, логистика және инвестициялар саласында дамып келеді. Сарапшылардың пікірінше, еліміздің басты міндеті – инвестициялық климатты жақсартып, американдық капитал мен технологияларды тарту. Экономист Бекнұр Кисиков екі ел арасындағы серіктестіктің өзекті бағыттары, АҚШ инвестицияларын тарту жолдары және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп келе жатқан көпвекторлы саясаттың нәтижелері туралы ойымен бөлісті.

(Сурет:Ұйымдасрушылардан алынды )
Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын қалай сипаттар едіңіз? Қай бағыттар серіктестікте басым деп ойлайсыз?
Менің ойымша, басты басымдық – инвестициялар мен экономикалық серіктестікті кеңейту. Бізге премиум деңгейдегі инвестицияларды көбейту, бизнес жүргізу климатын жақсарту және қолданыстағы екіжақты жобаларды дамыту қажет.
Энергетика мен тау-кен өндірісі саласында нақты жұмыс жүріп жатыр. Ал агробизнес бағыты 90-жылдардан кейін бәсеңдеп қалды. АҚШ-пен осы салада үлкен мүмкіндіктер болған, бірақ кейін қарқыны төмендеді. Дегенімен осы бағыт та қолға алынады деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда логистика саласы өте маңызды. Қазақстан – Еуропа мен Қытай арасындағы транзиттік көпір, ал біз бұл бағытты логистикалық саясат деңгейіне көтеруіміз қажет. Осы салада АҚШ-пен әріптестік орнату еліміз үшін тиімді болар еді.
Қазақстанға америкалық инвестицияларды көбірек тарту үшін не істеу қажет? Қай секторлар ең перспективалы деп санайсыз?
Біріншіден, негізгі логистикалық жобалар бойынша нақты «жол карталарын» жасау қажет. Қазақстан үшін сауда тізбегін әртараптандыру өте маңызды, себебі біз әлі де бір елге тәуелдіміз. Бұл тәуелділікті азайту үшін АҚШ өз тәжірибесімен және қуатты логистикалық инфрақұрылымымен көмектесе алады.
Сондай-ақ тау-кен өндірісін жаңғырту қажет, себебі бұл салада тиімді жобалар аз. Президент Тоқаевтың Вашингтондағы саммитке тікелей қатысуы – өз кезегінде саяси деңгейдегі маңызды сигнал, яғни Қазақстанның ашық және адал серіктестікке дайын екенін көрсетеді.
Меніңше, осы саммит аясында үкіметаралық келісімдер жасалып, америкалық инвесторлардың назарын Қазақстанға аударуға мүмкіндік туады. Өкінішке қарай, соңғы уақытта екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың белсенділігі аздап төмендегендей.
Қазіргі әлемдік геосаяси өзгерістер АҚШ пен Қазақстан серіктестігіне қалай әсер етуде? АҚШ үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызы қандай?
АҚШ-пен әріптестікті тереңдету үшін, ең алдымен, институционалдық реформалар қажет. Инвесторларға арналған «one-stop service» принципін енгізу керек, яғни барлық қызметті бір терезе арқылы алу жүйесін толық жолға қойған жөн. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр, бірақ әлі де жетілдіру қажет. Біз нақты басым бағыттарды анықтауымыз керек: сирек жер металдары мен минералдар, жаңартылатын энергия көздері, цифрлық экономика, агроөнеркәсіптік қайта өңдеу т.б.
Қазақстан өзін сенімді транзиттік және ресурстық серіктес ретінде көрсетуі тиіс. Бұл үшін жаңартылатын энергия көздері бойынша пилоттық жобалар мен минерал өңдеу зауыттарын іске қосу қажет. Бізде сирек кездесетін металдар қоры бар, және соларды өңдеу арқылы еліміз қуатты өндірістік базаға айнала алады.
Қ. Тоқаев жүргізіп келе жатқан көпвекторлы саясаттың маңызы қандай және ол ел дамуына қалай әсер етуде?
Көпвекторлы саясат – Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі қағидаты. Бұл бағыт елге бір уақытта Ресеймен, Қытаймен, Түркиямен және АҚШ-пен тең дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Мұндай саясаттың практикалық мәні зор, себебі ол Қазақстанға әрбір серіктестен өз мүддесіне сай пайда алуға жағдай жасайды, ешқандай әскери немесе саяси блоктарға тәуелді болмай. Позитивті әсерлерін айтсақ: әртүрлі елдерден инвестициялардың келуі, экономиканың әртараптануы, бір серіктеске тәуелділіктің төмендеуі, сыртқы саясаттағы икемділік пен маневр жасау мүмкіндігі.
Сонымен қатар, бұл саясат Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтып, елді сенімді өңірлік серіктес әрі бейбіт диалог алаңы ретінде танытты. Әрине, кей кездері ірі көршілердің саяси және экономикалық қысымы сезіледі, бірақ бұл – кез келген тәуелсіз мемлекеттің табиғи жағдайы.
Бір сөзбен айтқанда, Тоқаевтың көпвекторлы саясаты — икемділік пен прагматизмнің үйлесімі, ол Қазақстанды геосаяси тұрақтылықтың және экономикалық мүмкіндіктің орталығына айналдырып отыр.
Abai.kz