Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңғырық 5597 20 пікір 4 Желтоқсан, 2020 сағат 11:59

Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан...

Энциклопедиялық анықтама

Қазақстанның астанасы мен облыс орталықтарында, жекелеген қалаларында 1986 жылғы 17–18 желтоқсанда орын алған, ресми «Желтоқсан оқиғасы» ретінде белгіленгенмен, бейресми түрде әлдеқашан «Желтоқсан көтерілісі» деп аталып кеткен дүрбелең жыл өткен сайын ұмытылудың орнына жаңғырып, сол кезеңге әрдайым қайта қайрылып тұруға, оның табиғатын, мән-маңызын  терең түсінуге шақырып келеді. Өйткені ол советтік империяны күйреткен өртті тұтандырушы, мемлекеттік тәуелсіздіктің жаршысы секілді және әлемдік қауымдастықтың түрленіп, жаңаша сипатпен дамуында өзіндік рөл атқарған елеулі белес болды, мұны зерттеушілер әр кезде атап айтып келеді. Төмендегі энциклопедиялық анықтама іспетті мақала оқушылар назарына осы тақырыпты аша түсу мақсатында ұсынылып отыр.

1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғасы дегеніміз – Алматыдағы қазақ жастарының СОКП ОК-нің өктем озбырлығына наразылық білдірген бейбіт шеруін  қарулы күшпен дөрекі түрде басып-жаншу салдарынан саяси көтеріліс дәрежесінде өрістеген ереуіл еді. 1986 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы Д.А. Қонаевты І-хатшы лауазымынан босатып, орнына Ресей Федерациясындағы Ульяновск облыстық партия комитетінің І-хатшысы Г.В. Колбинді сайлауынан советтік биліктің ойына кіріп-шықпаған жаңа тарих бастау алды.  Мәскеулік орталықтың облыстық деңгейдегі қазақстандықтарға беймәлім орыс қайраткерін Қазақ Республикасын басқаруға жіберуіне халық іштей ғана ренжіп тынғанда, қазақ қыз-жігіттері (студенттер мен жас жұмысшылар) мұндай шешіммен келіспейтіндіктерін республиканың астанасындағы басты алаңға барып, ашық көрсетті.  Түптеп келгенде – республика басшылығының ауыстырылуы өкімет көзіне оғаш көрінген демонстрацияның сылтауы ғана, іс жүзінде ол ұлт мәселесіндегі бұрмалауларға лық толып тұрған қазанды кемерінен асырып жіберген зәрлі тамшы болған еді. Қарсылық көрсетудің негізгі себебі – «тәуелсіз республикалар одағы» деп аталатын жасанды тәж киген, іс жүзінде байырғы империя іспетті советтік мемлекетте отаршылдық және орыстандыру саясатының шектен шыққанында болатын. Бұл жымысқы саясаттың тамыры әріге кетеді. Қазақ мемлекеті XV ғасырдың ортасынан өте өз этносы атымен тарих сахнасына шығып, белгілі бір дәуірде басқа мемлекеттер санасып тұрған, аумағы ұлғайып, беделі күшейген ел болған-тын. Бірақ жер-суына жан-жағынан көз алартқан дұшпан көбейгендіктен және ішкі алауыздықтар салдарынан әлеуеті әлсіреп бара жатқан шақта қазақ мемлекетін күш-қуаты арта түскен орыс империясы әуелі XVIII ғасырда протекторат мәртебесінде қамқорлығына алған, содан соң қилы әрекеттерімен қазақтың мемлекеттілігін ХІХ ғасырда жойған да, жұртын жер-суымен патшалықтың құрылымына біржолата біріктірген.  Одан, жаңа  отарын өзге империялар секілді сауда айналымына енгізуімен шектелмей, отарлаудың ең зұлымдық тәсілдерін жүзеге асырған. Тәуелсіздіктің ұлы күрескері М. Шоқай кезінде дәл атап айтқандай, патша үкіметі бағындырған жерлеріне мылтық кезенген солдатының соңынан міндетті түрде соқа сүйреткен мұжығын жіберіп, алған өңірінің бәрін орыс жеріне айналдырып жіберуді қош көрген. Сосын одан да зорға көшкен. Шұрайлы жер-суын иемдене отырып, құнарсыз далаға ығыстырылған қазақты шоқындыруға тырысқан. Ондай әрекеті күткендегідей нәтиже бермегендіктен, тіпті, діні бөлек күйі қалса да, тілін, ділін, өмір сүру салтын өзгерту арқылы кәдімгі мұжыққа айналдыруды көксеген болатын.  Мұндай жоспарын отаршыл үкімет империяның барлық аймағында іске асырып жатқан. Сол себепті барша бодан ел-жұрттың түрлі қарсылығына душар болған да, нәтижесінде, алып империяда азаттық аңсаған түрлі ұлттық қозғалыстар бой көрсеткен. 1905–1907 жылдарғы І орыс революциясының дүмпуімен империядағы мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық қозғалыстары өмірге келді. ІІ Николайдың бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарының қара жұмысына өзге тектілерді шақыру жайында шығарған 1916 ж. 25 маусымдағы пәрмені ұлттық езгіден қалжыраған халықтардың ашу-ызасын тудырды. Патшаның осы жарлығы тұтатқан  қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі империя тағын шайқалтуға белгілі дәрежеде елеулі үлес қосты.

1917 жылғы Ақпан революциясы монархияны құлатқаннан кейінгі саяси мүмкіндіктер ауқымында жүргізілген ізденістер нәтижесінде әуелі, 1917 жылғы желтоқсанда, ұлттық Алаш автономиясы құрылды. Сосын, бұрынғы империядағы мемлекеттік билікті басып алып, барша ұлттық құрылымдарды құлатқан да, жаңа советтік империя жасауға көшкен большевиктердің ұйғарымымен 1920 жылғы тамызда – биік мәртебелі Декрет, қазанда – таптық негіздегі Автономиялы Қазақ Республикасы өмірге келді.  Сонда қазақ халқы елдігіміз жаңғыртылды деп қуанған. Бірақ бұл іс жүзінде қанды өзгерістермен астасқан алдамшы жаңғыру болып шықты. (Кеңес өкіметі тұсында қазақ халқы үш дүркін алапат ашаршылыққа ұшырап, үлкен ұлттық апатты бастан кешті. Биліктің солақай реформалары салдарынан халық ретінде мүлдем жойыла жаздады. Ұжымдастыру, тәркілеу шараларына  қарсы шыққан халық көтерілістері әскери күшпен басып-жаншылып, жұрт жаппай қуғын-сүргінге түсірілді. Сосын елдің тоз-тозын шығарған билік өзінің мемлекеттік қылмысын бүркемелейтін әдіс ретінде мәдени революция жасап, қазақты «үлкен жетістіктерге» жеткізген «социализмнің артықшылықтарын» дабырайта насихаттады.  Сөйтіп, халқының жартысына жуығы қырылған, дәстүрлі экономикасы тұралап, әбден титықтаған, бірақ ұлттық апаттан аман қалғандардың (екпіндете жүргізілген мәдени революция нәтижесінде) жаппай сауаты ашылып, өнері көтерілген елді – Ресей Федерациясы құрамындағы Қазақ автономиялық республикасын – 1936 жылғы сталиндік Конституция бойынша «тәуелсіз социалистік мемлекет» дәрежесіндегі одақтас республика мәртебесіне көтерді. Алайда коммунистік режим оны да біртұтас алып мемлекеттің басқа одақтас республикалар секілді ешқандай дербестігі жоқ құрамдас бөлігіне айналдырды).

Жалпақ елді бекем шырмаған тоталитарлық жүйе бір кездері ақгвардияшылар аңсаған «біртұтас және бөлінбейтін Ресейді» жаңа түр мен мазмұнда жасап шықты. Идеология арқылы тұтастандырылған жаңа империяны бастапқы кезеңде уағыздалған совет (кеңес) өкіметі емес, қатаң бір орталықтандырылған коммунистік партия биледі. Ұлттық мүдде шегінді, бар мәселе тек таптық мүдде тұрғысынан бағаланды, сондай-ақ орыс халқының «аға» ретіндегі мәртебесі мойындалды. 1954–1960 жж. Қазақ Республикасының жері тың көтеру желеуімен жаңаша отарланды. Қазақ халқы өз елінде барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін (29%) деңгейге түсірілді. Көптеген қазақ мектептері жабылды, «коммунизмге орыс тілімен барамыз!», «орыс тілі – екінші ана тіліміз!» ұрандарымен орыстандыру саясатының баршаны қамтыған шаралары жан-жақты да пәрменді жүргізілді. Совет Одағының сол кездегі басшысы: «Патшалықтың жүздеген жылдар бойы жасай алмағаны аз ғана жылда жүзеге асырылды» (Н.С. Хрущев) деп мақтанды, коммунистік идеологияның көрігі «түрі ұлттық, мазмұны (пролетарлық) социалистік» негізде «жаңа адам қалыптастыру» бағытымен жалпақ елдегі өмірдің бүткіл қырын шарпыды. Орысша оқу салтқа, мақтанышқа айналдырылды. Орыс тілін білмей  қалада өмір сүру, жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Аралас некелер барынша мақұлданды. Өз тамырынан ажырап, орыстанған адамдар «интернационалист» ретінде мадақталып, басқа көтере дәріптелді. Қазақтарға өз елінің астанасы Алматыға келіп, қала тұрғыны ретінде тіркелу де мұң болды.

Мұндай келеңсіздіктер мен жалғандықтар республиканы басқару жергілікті ұлт өкіліне берілген, «ұлт мәселесі шешілген» деп дәріптелетін кезеңнің өзінде орын алғандықтан,  олардың енді, республиканы басқаруға мәскеулік орталықтың қазақ елі үшін мүлдем бөгде эмиссары келгенде, тіпті де түзелмейтіні аныққа шыққан еді.  1986 ж. 16 желтоқсанда ҚКП ОК V Пленумы болып, пленум мүшелері, яғни  аталмыш саясат өтінде жасақталған республиканың бетке ұстар  саяси элитасы, бар болғаны 18 минут ішінде республика партия ұйымын, тиісінде елімізді ширек ғасырға жуық басқарған саяси басшыны лауазымынан босатып, оның орнына ешқашан Қазақстанда болмаған, республика партия ұйымында есепке тұрып жұмыс істемеп көрмеген, яғни жергілікті жағдайды білмейтін, жұртшылыққа беймәлім, өзге республиканың орта буынында қызмет істейтін қайраткерді сайлап үлгерді.

Орталық Комитетке мүше осы ең таңдаулы 400-дей азаматтың бірде-бірі не босап бара жатқан басшыға ұзақ жылдарғы қызметі үшін алғыс айту ілтипатын білдірмеді, не жаңа басшыға осында жүзеге асырмақ бағдарламасы бар-жоғы, жалпы мұнда не бітірмек ойы бары жайында жалқы сұрақ та беруге жарамады. Яғни республикамыздың саяси элитасы ел болашағы жайында өзіндік ой түйіп көрмеген, Мәскеу нұсқаған бағыттан ауытқудан өлердей қорқатын, қазақ халқының емес, жеке басының тағдырын ғана ойлауға машықтанған тоғышар тобыр кейпін танытты. Олардың орталық эмиссарын үн-түнсіз бірауыздан  сайлай салуы ұлттық сана-сезімі сергек жастар тарапынан Мәскеудің қазақ халқын масқаралап, кемсітуін жалғастырғаны тәрізді қабылданды.  Сондықтан да қыздар мен жігіттер жаңа басшы «таққа отырған» күннің ертеңіне, 1986 жылғы 17 желтоқсанда, Қазақ Республикасының астанасы Алматы қаласының көшелерімен лек-легімен толассыз ағылып, ОК ғимараты алдындағы Брежнев атындағы орталық алаңға жиналды. Содан, мәскеулік биліктің шешімін республика саяси элитасының құлақкесті құлша қолдауымен келіспей, стихиялы түрде қарсылық білдіріп шыққан жастардың бейбіт демонстрациясынан – еш баламасы жоқ саяси көтеріліске ұласқан теңдессіз оқиға  басталды. Қыз-жігіттер Г. Колбинді қазақ елінің басына қою арқылы республика мүддесін осынша елемеудің  себебін түсіндіруді талап етті, алайда шерушілер әрекеті жалаңаштаған саяси-әлеуметтік жанжалды республика басшылығы келіссөз яки басқа да бейбіт тәсілмен шешуді ойына да алмай, бұл саяси қарсылықты өкіметке төнген қауіп ретінде бағалады. Оларға қоқанлоққы жасап, күш көрсету, этносаралық қатынастарды шиеленіске апарардай дәрежеде сына қағып бұзу әрекеттерін жасады.

Сөйтіп демонстранттар толы алаңды әскери күшпен қоршауға алуды дұрыс көрді. Советтік Социалистік Республикалар Одағының Ішкі істер министрлігі 1985 ж. «Қоғамдық тәртіпті топтасып бұзудың алдын алу және түбірімен жою тактикасы және оны ұйымдастыру жөнінде нұсқаулар» жасап, сол жылғы 19 желтоқсанда оны қолданысқа енгізу жайында арнайы бұйрық шығарған болатын. Осы бұйрық бойынша Қазақ Республикасы Ішкі істер министрлігінің органдары мен оған қосып берілген қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғайтын күштердің республикада және Алматы қаласында төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда атқаратын іс-әрекеттерінің  жоспары жасалған-тын.

Міне, осы «Метель («Боран»)-1986» атты демонстранттарды қуып-тарқатуды көздейтін арнайы жедел жоспар басшылыққа алынып, Совет Одағының әртүрлі сегіз аймағынан Ішкі істер министрлігінің арнаулы бөлімдері әуе жолдарымен Алматыға жеткізілді. Аязды күні бейбіт шеруге қатысушыларға өрт сөндіргіш машиналар оқпандарынан шапшыған ағыны қатты суық су шашты. Қолшоқпарлар, сапер күрекшелері қолданылды, әскери қызметтегі иттер жұмсалды, алаңға көлікпен арақ әкеп таратылды,  демонстранттар арасында қилы арандатушылық әрекеттер жасалды, өнеркәсіп кәсіпорындарының орыстілді жұмысшыларынан жасақтар ұйымдастырылып, олар темір біліктермен, кабельдер кесінділерімен қаруландырылды. Солардың бәрі биліктің нұсқауымен шерушілерді жаппай ұрып-соғып, жүздеген ұсталғандарды қала түрмелеріне тоғытты. Жастарды ұлттық белгілеріне қарап көше-көшеден, студенттер мен жұмысшылар тұратын жатақханалар алдынан  ұстап әкетіп жатты. Көбін жүк машиналарына тиеп, қала сыртына апарып тастады. Алаң қанға боялды, жүздеген қыздар мен жігіттер түрлі дәрежеде тәни жарақаттар алды, ондағаны қаза тапты.

Алматы жастарының шеруіне қосылуға Қапшағай, Қаскелең қалаларынан, тіпті көрші Қырғыз республикасынан да жұмысшы және студент жастар шыққан, алайда олардың бәріне милиция мен әскерилер тоқтау салып, таратып жіберді, бірқатарын ұстап әкетті. Осындай қарсылық көрсетулер республиканың көптеген қалалары мен елді мекендерінде болды. Демонстранттарға қарсы 50 мың шамасында әскерилер, 20 мыңдай милиция қызметкерлері, 10–15 мыңдай темір таяқтармен қаруланған жасақшылар шығып, 15 бронетранспортер мен 20 су атқылағыш және өрт сөндіргіш машина қолданылды.

Алматыдағы Брежнев атындағы алаңда  шоқпарды оңды-солды сілтеген жазалаушылар демонстранттарды бір жайпап өтіп, 70-80 қыз-жігітті «жеңіл жәрдем» әкеткеннен кейін, түн қараңғылығы қымтаған алаңның төрт шетінде лаулап өртеніп жатқан жылжымалы милиция бекеттері (ППМ) мен үкіметтік мінбер және ОК ғимараты алдында құрсанған қалқандары тұтасып ұзыннан-ұзақ тізілген әскери жасақ ортасында дөңгелене шоғырланған жастардың «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деп ұрандатуы, бәрі қосылып Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әйгілі патриоттық әнін шырқауы (ереуіл күндері жауынгерлік шыңдалудан өткен осынау атақты әннің кейін тәуелсіз мемлекетіміздің гимніне айналғаны мәлім) құдды халық атынан бар дауыспен теңдік сұрағандай, мемлекеттік тәуелсіздік алуды талап еткендей әсер еткен. Жас ұрпақ  аузынан жалын ата шыққан осы қарапайым қос тіркесте қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі жатқан болатын:

1) қазақ елін басқаруға жіберілген Мәскеу эмиссары біздің халқымыздың ұлттылық тұрғыдан өркендеуіне шек қойып келе жатқан отаршыл биліктің тап өзіндей көрінген. Сондықтан да максималист қыз-жігіттер оны қабылдағысы келмей, «көзін жоғалтуын» талап ету арқылы республиканы қуыршақ еткен отарлық қамытты қаусататын уақыттың жеткенін жастық түйсігімен сезініп, аталмыш қысқа ұран арқылы мәлімдеген еді;

2) республиканың атын алып жүрген, бірақ құқтары тым шектелген халқымыздың мәртебесін «Жасасын қазақ!» деп ашық көтерудің астарында шынайы теңдікке жету, азаттық алу арманы, тәуелсіздікке қол жеткізу идеялары жатқан. Саяси тәжірибесі жоқ жас азаматтар тап сол кезде мұндай мағынадағы тұжырымға, әрине, саналы түрде келмеген, олардың ішіне терең ой бүккен жасампаз ұрандары күн тәртібіне мүлдем табиғи түрде қысқа сөздер боп атқылап шыққан еді.

Заңдылықты белінен басқан советтік империя «одақтас республиканың» отар құлдары дәрежесіне түсірілген жастарын зымияндықпен ұрып-соғып, қарулы күшпен қилы физикалық қиянат жасап, қорлап қана қоймай, шартарапқа: «Алматыда нашақорлар мен маскүнемдер бүлік шығарып, жаппай тәртіп бұзушылық туғызды» деген жалған ақпарат таратты. Байланыс құралдары шапшаң өшірілгеніне қарамастан, шынайы қайғылы хабар жер-жерге тез жетіп, күллі Қазақстанды дүр сілкіндірді. Республиканың көптеген қалалары мен елді мекендерінде көшелерге шыққандар билік күшімен басып-жаншылды. Барлық еңбек ұжымдары мен оқу орындарында жастардың саяси қарсылықтарын айыптайтын жиналыстар ұйымдастырылды.

Алайда өткізілген жиындарға қатысушылардың бәрі бірдей билік пиғылын қолдай қоймады, өкіметтің іс-әрекетіне сын көзбен қараған сөздер де айтылды. Мәселен, үдей түскен репрессиялық шаралар көпшіліктің ұнжырғасын түсірген ахуалда өтіп жатқан талқылаулардың бірінде – 1986 ж. 24 желтоқсанда Қазақ КСР Ғылым Академиясында республиканың жаңа басшылығы мен мәскеулік орталықтың жоғары лауазымды өкілі қатысқан жиналыста – академик С.З. Зиманов: «17–18 желтоқсанда болған жағдайға көп ретте біз – ересек қазақтар мен орыстар, бәріміз бірге кінәліміз», – деді.

Идеологиялық және тәрбие беру мекемелерінде, оқу орындарында, совет органдарында  жастардың азамат ретінде қалыптасып, идеялық тұрғыда кемелденуіне аға ұрпақтың дұрыс үлес қоспағанын, болған жәйттің басты себебі идеологиялық жұмыстың әлсіздігінде жатқанын айтты. Ұлт тілінің тәрбие берудегі әлеуетіне тоқталып, қоғамтанушылардың, тіпті барлық деңгейдегі қызметкерлердің, соның ішінде ҚКП ОК бюросы мүшелерінің де  жастар алдында қазақ тілінде сөйлемейтінін сынады. «Ұлт тілінің күш-қуаты тым мардымсыз кәдеге асырылады, оның ықпалы жыл өткен сайын құлдырап барады», – деді. Аға ұрпақтың ерліктерін, революциялық дәстүрлерін жастар тәрбиесіне пайдалану орайында ОК-тің насихат және үгіт бөлімін сынға алды. Жиналысқа СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі  М.С. Соломенцевтің қатысып отырғанына байланысты, ұлт мәселесі жөніндегі жалпыодақтық еңбектерде елеулі кемшіліктер барын атап, талдап айтты. Сосын: «17–18 желтоқсан оқиғаларына айыптылар жазаларын алады, – деді ол. – Мұнымен құқыққорғау органдары айналысуда. Мен заңгер ретінде мынаны айтқым келеді: бұл органдарды оларға тән айыптағыштық ыңғайдан сақтандыру керек. Олар жаппай репрессияны бастап кетті. Бұған партиялық бақылау қою қажет, бақылау қойылар деп ойлаймын».  Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумы аппаратының 25 желтоқсанда өткен партия жиналысында жазушы Бейбіт Қойшыбаев  «қаумалап аулау кезеңдерінде органдардың қолына түскен коммунистер мен комсомолецтердің бәрі сөзсіз партиядан және комсомолдан шығарылуда, тергеулер, жолдастық соттар болып жатыр, ал әлі бостандыққа жіберілмегендерді, шамасы, нағыз соттар тосып тұр» деп, олардың істерін қараған кезде күні бұрын кесіп-пішілген теріс түсініктің баршасын кері қағу керек екенін айтты. «Болашақ үшін солай ету керек, – деді, – алданғандар мен арандатушыларды айыра білу қажет. Дұрысы да, жақсысы да – оларды жазалау емес, оқыту-ағарту және тәрбиелеу».  Осы ретте ол: «Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі формальді, негізінен тек қазақ балалары үшін, факультативті түрде жүргізіледі», – деп, оқу министрлігінің кемшілігін әшкереледі. Басқалардың ата-аналары, сондай-ақ мұғалімдер де «керексіз тілмен оқушылардың басын қатырып не керек» деп санайды, «осындай қылығымызбен біз балаларды жергілікті халықтың тілін, мәдениетін құрметтеу рухында тәрбиелеуден бастартамыз, яғни іс жүзінде партия саясатындағы интернационалистік ережелерге қайшы келеміз». Мұндай көзқарас барда «халықтың оп-оңай жараланатын ұлттық сезімдеріне нұқсан келтіретін» әрекеттерге қарсы күресте оң нәтиже болмайтынына назар аударды. Қазақстандық орыс жазушысының ауылдарда қатар өмір сүріп жатқандар ішінде қазақ – екі тіл, неміс – үш тіл, ал орыс тек өз тілін ғана білетінін атап, «өзімізді өзіміз басқалардан жоғары қойып дәріптеушілік, әлдеқандай бір ерекшелікке иеміз деп санағандық кезінде Сүлейменовтың әйгілі кітабын қабыл алуға мүмкіндік бермеді» деп ағынан жарылғанын мысалға келтіріп, «осы ойшыл өзіне өзі сын көзбен қарау жолымен әшкерелеген нашар қасиеттер тоғышарлардың, жан-дүниесі тайыз жандардың бойынан табылғанда, ұлттық өзара қарым-қатынастардың қандай күйге түсетінін елестетудің қиын еместігін» айтты. Ұлт мәселесіне ешқашан формальді түрде қарауға болмайтыны жайындағы лениндік талапты әрдайым есте ұстау керектігін, өткен тарихында езгіде болған халықтардың ұлттық абырой мен ар-намысқа қатысты мәселелерді айрықша түйсікпен өткір сезінетіні, тиісінше бұл мәселеде жұмсақтық көрсету жағын «тұзын жеткізбегеннен гөрі, артығырақ тұздаған жақсы» болатыны жайындағы Лениннің сөзін келтірді. (Жалғасы бар. «Дат», № 3.12.20).

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354