Қонаевқа қисынсыз жала жұқпайды
Интернетте "Қонаев билікте болған кезде 700 мектеп жабылды" деген қисынсыз әңгіме тарап жүр. Ол әңгіменің төркіні мынандай: 1960 жылдарда шаруашылықтарды ірілендіру жүріп жатты. Ол кезде 15-20 түтін тұратын ауылдарда бастауыш қана мектеп болатын. Оның көбі құлайын деп тұрған ескі тамдарда орналасқан. Бір мұғалім 1-3 сыныптарды паралелль түске дейін, 2-4 сыныптарды паралель түстен кейін оқытатын жағдайлар жиі болатын. Балаларды ары қарай оқыту үлкен проблема туындатты.
Шаруашылықтарды ірілендіру кезінде ұсақ ауылдардың тұрғындары совхоздың немесе колхоздың орталық усадьбасына шоғырландырылды да онда типтік жобамен үлкен онжылдық мектептер, асфальт жолдар салуға, су құбырларын тартуға мүмкіндік туды. 10-20 түтін тұратын ұсақ ауылдарда мұндай типтік мектептер, жол салу мүмкін емес болатын. Шаруашылықтарды сөйтіп ірілендіру кезінде ұсақ ауылдардағы мектептер жабылды.
Халықтың жағдайын, тұрмысын көтеруге бағытталған жұмыстардан қазақ мектебіне қатысты саяси астар іздемей-ақ қоялық. Қонаев ол мектептерді қазақ мектебі болғандықтан әдейі жапқан жоқ. Ол қажеттіліктен туды!
Есесіне шаруашылық орталықтарында үш жүзге жуық жаңа типтік мектептер салынды!
Марат Байділдәұлының жазбасы
Abai.kz