Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2634 0 пікір 17 Ақпан, 2012 сағат 05:54

Әбдірашит Бәкірұлы. Бізге «революция» керек пе?

Арғы ғасырда Ф.Энгельс «Еуропаны елес кезіп жүр, ол - революция елесі», - деп жазған еді... Бір данышпанның сөзі бар: «Тарих қайталанып отырады: алғашында - трагедия, кейін - фарс түрінде», - деген. Сол айтқандай, бірнеше революцияларға куә болып, бар зардабын бастан өткерген біздің елге «ондай тарихты» қайталау, әрине, фарс. Алайда уақыт өткен сайын елдегі жағдай трагикомедиялық жанрға қарай ауып барады. Жұртшылық алаңдай бастады....

Қоғамда революциялық жағдайдың туындауының алғашқы белгілері қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланысты. Ондағы ең басты сұрақ - ел арасындағы туатын наразылық. Көптеген адамдардың тұрмыс жағдайының қиындауы, шиеленісуі - оларды елдегі түрлі саяси-әлеуметтік қозғалыстарға белсене араласуға итермелей бастайды. Олар осыған көптеген үміттер артып, қандай да бір жақсы өзгерістер болуын қалайды. Мұндай радикалды ойдың пайда болу себептері, шынында да, қоғамның фундаментальды мәселелерде қиыншылыққа тап болғанын білдіреді. Даму стратегиясы қоғамның мақсат-мүддесіне сай болмай жатуы да осыдан көрінеді.

Арғы ғасырда Ф.Энгельс «Еуропаны елес кезіп жүр, ол - революция елесі», - деп жазған еді... Бір данышпанның сөзі бар: «Тарих қайталанып отырады: алғашында - трагедия, кейін - фарс түрінде», - деген. Сол айтқандай, бірнеше революцияларға куә болып, бар зардабын бастан өткерген біздің елге «ондай тарихты» қайталау, әрине, фарс. Алайда уақыт өткен сайын елдегі жағдай трагикомедиялық жанрға қарай ауып барады. Жұртшылық алаңдай бастады....

Қоғамда революциялық жағдайдың туындауының алғашқы белгілері қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланысты. Ондағы ең басты сұрақ - ел арасындағы туатын наразылық. Көптеген адамдардың тұрмыс жағдайының қиындауы, шиеленісуі - оларды елдегі түрлі саяси-әлеуметтік қозғалыстарға белсене араласуға итермелей бастайды. Олар осыған көптеген үміттер артып, қандай да бір жақсы өзгерістер болуын қалайды. Мұндай радикалды ойдың пайда болу себептері, шынында да, қоғамның фундаментальды мәселелерде қиыншылыққа тап болғанын білдіреді. Даму стратегиясы қоғамның мақсат-мүддесіне сай болмай жатуы да осыдан көрінеді.
Кейбір философтар «қоғам дамуында қозғалыс болмаса, ойлауда да қозғалыс болмайды. Қоғамдағы тоқырау - ойдың да тоқырауы» дегенді айтады. Жалпы, қоғам мәдениеті тұрғысынан алғанда бұл - солай. Алайда «революциялық санаға» қатысты бұл - қате пікір. Өйткені егер біз қоғамның ішкі және сыртқы дамуын «жеке конструкциялар» деп алып қарайтын болсақ, онда қазіргі біздің қоғамымызда адамдарды алаңдаушылыққа ұшыратып отырған мәселелердің көбі дерлік «ішкі дамуға» қатысты екені байқалады. Сондықтан даму туралы айтқанда біздің санамызда әлемдік мәселелер емес, ел ішіндегі әлеуметтік, экономикалық және саяси, мәдени мәселелер елес береді. Оған көңіл толмағанда, қоғамда сыни көзқарас қалыптасады.
Өмір деңгейі құлдыраған сайын, әрі билік тарапы қарапайым адамға еш қайырымы жоқ, шын мәнісінде азғана топтың мүддесін көздейтін бұл жағдайды және оны орнатқан билік түрін сақтау үшін қысымды арттырған сайын - әр адамның ішкі жан-дүниесі, наразылық көңіл-күйі, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» әділетті заманды аңсау қиялы арта береді. Ондай «революциялық» дара сана күшейген сайын, бұрындары бытырап жүрген адамдар топ-топтарға бірігіп, күреске шығуға әзір бола бастайды.
Яғни, бір сөзбен айтқанда, олардың басын өзгеру мен жаңаруға қабілетсіз билік біріктіреді. Болмаса «бір серке шығып, халықты кенеттен соңынан ілестіріп әкетіпті» дегеннің бәрі бос сөз. Себебі ондай наразылықтың пайда болуының басты мотиві қайдағы бір абстракциялық «жерұйық» туралы жалаң қиял емес. Оны әркімнің де - өзінің және ұрпағының жақын болашағы үшін алаңдаушылығы (қорқынышы) туындатады. Яғни, «болашақта төнер қауіп-қатерді» әркім өз санасының елегінен өткізе бастағанда ғана осындай қоғамдық ахуал орнай бастайды.
Бір есептен қоғамның мәдени дамуының бұған еш қатысы жоқ десе де болады. Мұнда революциялық көңіл-күйдің артуы - ондай «көңіл-күйді» біреулердің арнайы ойлап тауып, адамдарды еліктіруінде емес, жоғарыда аталған объективті жағдайдың біздің санамызда біздің еркімізден тыс қалыптасуынан орын алады. Кейде - инстинкті түрде! Әрине, қоғамның мәдениеті неғұрлым жоғары болған сайын, күрес те соғұрлым қарқынды, ұйымшыл бола алатынын жоққа шығармаймыз. Керісінше, мәдениеті төмен қоғам ғана қарулы көтеріліске әлдеқайда бейім келеді.
...Алайда бізге революция қажет пе? Сол туралы ойланып көрейік. Ол үшін дәл қазіргі таңда бұқараны «революциялық» жағдайға итермелеп отырған жағдайларды талдап өту қажет.

1. Элитаның негативті факторға айнала бастауы
Біздің сөз қорымызға билік жүйесіндегілерді «элита» деп атайтын халықаралық термин әбден сіңді. Бұрынғы «ел қорғаны» қалпындағы «элита» қазір келмеске кетті. Сөйтіп, қазақ ұлты да әлемдік көшпен ілесе келе, өзінің «рыцарлық» (батырлық) дәуірімен қоштасты. Алайда бұл - «қазіргі элита ұлт мүддесін қорғауға міндетті емес» деген сөз емес. Қазір «ұлт мүддесі» ұғымы «мемлекет», «азамат», «әлеумет» ұғымдарымен алмасты. Осындай бағытта трансформацияланған элиталық қызметкерлер, бір сөзбен айтқанда, «билік» деп аталатын болды.
Егер ел қуаты «күшті мемлекет құру» принципі бойынша жүзеге асар болса, билік сатысындағы жұмылу «күшті мемлекет құруға аянбай қызмет ету» принципі негізінде жүзеге асады. Бұл принцип бұқара мен оның мемлекеттік билігінің мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, биліктің өзін де ортақ мақсатқа жұмылдыра алуға қабілетті. Сонда ғана қоғамда «ұлттық өрлеуге» жол ашылады. Ал халық «өз күнін өзі көрумен» шектеліп, билік өз күйін күйттеумен кетсе - қиыншылықтар көп ұзамай-ақ көріне бастайды. Жасыратыны жоқ, қазір бізде дәл осындай ахуал белең алып тұр. Ол аз болғандай, бұл алшақтық халық пен билік арасында ғана емес, биліктің өз ішінде де орын алып, онда бөле тартушы кландық және олигархтық топтар өсіп-өніп шықты.
Қазіргі билік қоғамда маңызды реформалар қажет екендіктерін түсініп отырса да, оны өз үстемдігін сақтай отырып жүзеге асыруға ұмтылады. Бұндай жағдай басқару жүйесін тоқырауға ұшырататын, мемлекеттілігімізге қауіп төндіретін факторлардың біріне айналуы мүмкін. Себебі, реформалар жасауға бара отырып, оған кереғар жағдайды сақтауға ұмтылу, шын мәнісінде өзгерістерді емес, оның алдамшы көрінісін ғана жасауға итермелейді. Сондықтан біздегі әртарапты билік тек жоғарыға «есеп берумен» тынады. Арасына жалған деректерді жалғап жіберіп, отырған орнын сақтауға жанталасады. (Жаңаөзеннің бұрынғы әкімдерінің қазіргі жағдайлары осыған куә). Ал ешбір жауапкершілік жоқ жерде бұл көзбояушылық түрі «құрғақ шөпке тиген оттай» қаулайды. Себебі қазір билікке араласу (элитаға ену) әркім үшін нағыз дивидент: «билік болса, байлық болады»...
Біздегі басқару жүйесін қалыптастыру - оған барған адамдардың біліктілігі мен отаншылдығына қарап бағаланбайды. Көп жағдайда кадрлар туыстық, сыбайластыққа негізделген командалық тәсілдермен жасақталады. Ал кейде мемлекеттік қызметті сатып алу арқылы жүзеге асады.
Ондайда кадр өз ақшасын өтеу үшін жұмыс істейді де, мемлекетшілдік рухы тұрмақ, басыбайлы еместігінің өзі күмәнді болып шығады. Ондай кадр өз бетінше шешім қабылдауға, немесе мемлекет пен ұлттық мүддеге кереғар қадамдарға, мемлекеттілікті іштен ірітіп жатқан жемқорлыққа қарсы тұруға еш қауқарсыз. Ол жәй ғана робот, дегенмен күндіз-түні қуатын қалпында ұстайтын қалтаны толтырып отыруға маманданған ерекше робот!
Міне, осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін бізге міндетті түрде революция жасау қажет пе? Жоқ. Себебі бұл жағдайды ешбір төңкеріссіз-ақ, қазіргі биліктің әлеуетімен жүзеге асыруға болады. Яғни, бұл мәселені біз қарудың емес, адами факторлардың күшімен шеше аламыз. Бұл - бір.

2. Коррупциялық жүйедегі қоғамның билікке деген сенімсіздігі
Қоғам дамуының маңызды факторларының бірі - тұрақтылық. Оның үстемділік етуінің жалғыз ғана шарты бар, ол - қоғам қабылдаған заңдардың (қоғамдық келісімнің) салтанат құруы. Біз осы уақытқа дейін тұрақтылықтың экономикалық негіздеріне ғана назар аударумен келеміз. Билік өз жоспарында неғұрлым көп жұмыс орнын ашсақ - жағдай тұрақталады деп ойлайды. Алайда «жұмыс орны» өздігінен тұрақтылыққа қол жеткізе алмайды.
Мәселен, басқа өңірлерге қарағанда, жалақысы жоғары мұнайлы өңірдегі тұрақсыздық не себептен пайда болды? Ол сондағы кәсіпорындарда жұмысшылар құқығы бұзылуының, еліміздің заңдары аяқасты етілуі салдарынан туындады. Сондықтан заңдарды өз ыңғайына қарай жасап, тіптен сол заңды орындауға құлықсыздық танытқан жерде өзара сенімсіздік пайда болады. Егер қоғам санасын осындай сенімсіздік жаулап алса, онда ол жерде «революция елесі» кезіп жүр деп сеніммен айтуға болады. Себебі коррупциялық жүйе кез келген жоспарды алдын-ала быт-шыт ете алады. Мәселен, коррупция мемлекеттік бюджеттен бөлінген, немесе, мемлекет меншігіндегі қазба байлықтан түсетін қаржыны ұлттық мақсатқа қызмет етуден ала қашып, әлемнің түкпір-түкпіріне тығуға жол ашады. Осылайша алдын ала жария етілген, қоғам болып үміттенген жобалар аяқсыз қала береді...
Сондай жобалардың бірқатары индустриялық-инновациялық серпінді даму, «Жол картасы» атты бағдарламаларға да еніп алған. Оларды «мақсатсыз жобалар» деп атаса болар еді.
Өйткені елімізде аталған жобалардың көбі дерлік «ұлттық мүдде» принципіне кіріге алмауда. Жұрт «жаңа өндіріс» дегенді мемлекетшілдік идеясымен байланыстыра алмайды. Олар оны әрі кетсе жеке бір олигархтың жобасы ретінде қабылдайды. Пайдасын сол ғана көреді деп санайды. Коррупция өршіген ортада басқаша ойлау мүмкін де емес. Алайда ол жобалардың 50 пайызы мемлекеттікі екені, пайданың соған сай үлесі де халық игілігіне жұмсалатыны туралы насихат жүргізілмейді. Оның да себебі бар. Өйткені бізде мемлекет мүддесі, шынында да, байлықтан кейінгі екінші орында тұр. Яғни, бұл - өндіріс іске қосылған жағдайдың өзінде, ол алдымен жеке капитал үшін жұмыс жасайды деген сөз.
Осы факторлардың әсерінен қоғамдық санада стратегиялық байлық көздерін «ұлттық меншікке қайтару» мәселесі көтеріле бастайды. Бұл талаптардың дұрыс екендігіне қазіргі биліктің де көзі жете бастады. Алайда жоғарыда айтылған кланаралық тартыс пен «жеке мүдде» тұрғанда, оның іске асуы екіталай. Мұндай экономикалық ахуал да «революция тамызығы» саналады. Тамызық болғанда - қандай тамызық дерсің!..
Дегенмен, осы мәселені де шешу үшін бізге революция міндетті түрде қажет пе? Жоқ. Өйткені егер билік өз халқына сүйеніп, ашық түрде жұмыс жасайтын болса, байлық иелерінің иемдену құқын мемлекет заңдарына «сәйкестендіруді» қолға алса, кадрларын осы - ұлт мүддесі мақсатына жұмылдыра алса, байлықты жасаушы еңбеккерлерді дәріптей алса, онда бұл мәселені де өркениетті жолдармен шешуге әбден болады. Қаншама коррупцияланып кетті десек те, қазіргі билік үшін де бұл «есік» тарс жабылған жоқ. Әлі де оны реттейтін тетіктер бар.
Мысалы, кезінде мемлекеттік билікті орталықтандыру үшін аянбай тер төккен, қаталдық танытар жерде танытқан Путин қазір қалай өзгерді? Неге? Мен оны асыра мақтамай-ақ қояйын, әйтсе де оның алғашқы президенттік кезінде жүргізген «орталықтандыру» саясаты Ресей мемлекетінің «ұлыдержавалық» мүддесімен үндес болды. Ол сол мүддеге қызмет етті, сондай саясатты ұстанды. Ал қазір жағдай мүлдем өзгеріп, қоғам тарапынан биліктен «жұмсақтық» талап ету күшейді.
Осыны көре білген Путин еш қиналмастан 180 градусқа өзгере салды. Оны өз принципінен ауытқу деп бағалауға бола ма? Олай дей алмайтын шығармыз. Себебі қазіргі жағдайдағы «жұмсару» да сол баяғы - «ұлыдержавалық» мақсатқа сай келіп тұрса - неге өзгермеске?! Оның жеке принциптерінен мемлекетті ұлы державаға қалайда айналдыру принципі жоғары тұрса, ұлтжанды «болашақ президент» Путин мұндай «жаңарудан» ешқайда қаша қоймас...
Сол сияқты, қазіргі біздің билікте де «халық талабына» қарай түбегейлі бет бұруға мүмкіндік бар. Оған кедергі болатындай оны ешкім қолынан ұстап тұрған жоқ. Ол үшін тек биліктің өзінің жігері қажет. Алайда күн өткен сайын ол сенім сұйылып барады. Турасын айтсақ: қазіргі кез коррупция мен ұлттық мүдденің нағыз ұстасар тұсы. Қайсысы жеңетіні, халықтың өзіне деген сенімін қалай қайтаратыны, іс жүзіндегі тұрақтылықты қалай орнататыны - енді биліктің өзіне ғана байланысты...

3. «Өз күнін өзі көруден» шағын және орта кәсіпкерлікке қарай бұрылу
Қазіргі таңда қоғам дамуының бар мағынасы адамзаттың ақыл-ойы мен оның мыңдаған жылдар бойы жинаған «қауымдасып өмір сүру» тәжірибесін ізгілікті жолға қарай қалай бұра алуына келіп тіреліп тұр: біз әр басқан қадамымызды ойланып жасауымыз керек. Сол себептен қандай мәселе болмасын, ол саналы түрге қарай көшуге бейім болуы тиіс. Болмаса, басқа күштік немесе астыртын әрекеттердің барлығы бассыздыққа жетелеп, ушыққан жағдайда қантөгіске апарады.
Егер тереңінен ойлар болсақ, онда әрбір кезеңнің дамуын адамның ішкі жан-дүниесін, рухын болашаққа дайындау деп ұғу қажет. Әрине, сапырылысқан тіршілік жағдайында қарапайым халық бұл процесске қандай қатысы бар екенін анықтай алмауы да мүмкін. Сондықтан ондай сұрақ туғанда, оған әркім әрқилы баға береді. Сонымен қатар процесті де әрқалай қабылдайды. Алайда қазір бізді бұл мәселе қызықтырмайды. Бізді қызықтыратыны - «революцияны аңсау» ахуалын қалай тудырмаудың амалы.
Соның бірі - қоғамдағы «өз күнін өзі көрушілерді» «жою»! Алдын ала кешірім өтінемін, өйткені бұл мағынадағы «жою» сөзі «оларды құрту» дегенді білдірмейді. Себебі алыс-жақын маңайдағы өркениетті елдердің ешқайсысында өз азаматтарының басым бөлігіне қарата ешқашан «өз күнін өзі көріп жатыр» деп айтпайды. Олай деп айту мемлекетке, оны басқарып отырған тұлғаға, жетекші партияға ауыр сын. Керісінше, өркениетті мемлекеттер мұны «мемлекет пен халықтың екі тарапқа бөлініп кетуінің көрінісі» деп санап, «өз күнін өзі көрушіні» тез арада «мемлекет қуатын еселеуші күшке» айналдыруға әрекет етеді. Ал ол әрекет алдымен шағын және орта бизнестің өркендеуіне мейлінше ықпал етуден басталады.
Жуырда баспасөзде ғылым мәселесі талқыланды. Сондағы деректер бойынша, елімізде өнертапқыштар ойлап тапқан жаңалықтардың тек 1 пайызға жуығы ғана өндіріске жолдама алады екен. Осы дерек мені ойға қалдырды, яғни шикізат өндірісіне сүйенген қоғамда ғылымға сұраныс құлдырайтыны расталды. Иә, қазір қазба байлықты игерушілер - шетелдіктер. Олар біздің жерімізде өздерінің небір «ғылыми жетістіктерін» сынақтан өткізіп, жетілдіріп жатыр. Табиғатымыз қазба байлықты өндіру экологиясы олар үшін аса маңызды да емес. Ал қазақстандықтар болса өз жаңалықтарын қайда өткізерін де білмейді. Оған тіптен сұраныс та жоқ. Біздің жаңалықтарды шет елдік корпорациялар неғылсын? Өйткені ол олардың мүддесіне сай емес.
Мәселен, аса ірі әлемдік компаниялар еліміздің шикізат саласына ене отырып, бізге өзге саланы дамытушы бірде-бір технология ұсынған емес. Ал олардың шарт талабы мен белгіленген квотаны бұза-мұза, өз жұмысшыларын өздерімен бірге ала келуі - олардың дәл осы «технологиялық қорғаныс шарасы» болса керек. Ендеше біз қаншама талап қойғанымызбен, ондағы жағдай өзгермейді. Сондықтан қазір біз халқымыздың іскерлік қабілеті қалай өшіп бара жатқанын үнсіз ғана бақылап отырмыз. Егер осылай жалғаса берсе, онда болашақта нағыз мешелдер еліне айналарымыз анық...
Сондықтан мемлекетке, ең алдымен өзінің ұлттық бизнесіне арқа сүйеп, шетел капиталына тәуелділіктен арылмаса болмайды. Ол үшін шағын және орта бизнесті дамытуға мейлінше жағдай жасау қажет: оны 4-5 жыл салықтан босату, банкі қызметін оған бұру, шенеунік атаулыны кәсіпкер маңына жолатпау, кәсіпкердің еркімен есеп беру дәстүрін қалыптастыру және т.с.с. шараларды шұғыл бастау қажет. Ондай еркіндік алған кәсіпкерлік институты интеллектуалды тұрғыдан шыңдалады, мемлекет әкеле алмаған небір технологияны арқасына салып, сүйреп әкеледі. Және кәсіпкерлікті өз жағдайына бейімдеп, жетілдіреді де! Шағын және орта кәсіпкерліктің берік іргетасы қаланса ғана, ғылымға, жаңалыққа деген сұраныс артады, интеллектуалды еңбек лайықты бағасын алады. Ең бастысы - елімізде орта тап қалыптасар еді. Ондай жағдайда «басы алтын» не «қолы алтын» адамға баға болмайды, өйткені оның өзі алтынға айналады! Біз осылай бұрыннан келе жатқан «ұрпақтар арасындағы кәсіби сабақтастықты» да қалпына келтіре алар едік. Ол өз кезегінде адам капиталы сапасының артуына, сөйтіп үздіксіз өсу үстіндегі алыс-жақын нарықтың толыққанды субъектісіне айналар едік. Мұнда басты мақсат - адам екендігі маңызды.
Сонда қазіргі «өз күнін көрушілер», ал шын мәнісінде - көгеріп-көктей алмай жатқан «революционерлер», көп ұзамай-ақ «антиреволюционерлерге» айналып шыға келер еді... Себебі тіркелген тұрақты кәсіп пен табыс көзін жанын сала қорғау адам табиғатына жатады, өйткені оның бәрі ол үшін тұрақтылықтың бірден-бір кепілі саналады... Ал қазіргі «өз бетімен» жүргендер «өз бетімен» деп таңылған аты болмаса - кім көрінгеннің қолжаулығы. Тауар өндірсе - жұтқыншағы жыбырлаған «келушілер» көп: бермесе - жауып тастайды, берсе - бәсекеге шыдамай өзі-ақ жабылады... Амалсыз саудаға барады, алайда ол жақта да оңып тұрған ештеңе жоқ... Ендеше осындай жағдайдан арылу үшін де бізге «революция» қажет пе? Тағы да жоқ. Өйткені мұны да қазіргі билік жүзеге асыра алады, мұны да жасауға қолдарын ешкім байлап отырған жоқ...

4. Өнер төресі - мемлекет басқару, немесе билік мәдениеті туралы
Революциялық идеяға қатысы бар мәселенің бірі - мемлекет басқару өнері, яғни мемлекет қызметкерлерінің мәдениеті. Мысалы, спортшының бар шеберлігі төрт жылда бір рет өтетін олимпиада ойындарында жарқырайтыны сияқты, мемлекет басқару ісінде де билік мәдениеті бес жылда бір өтетін сайлауда «жарқырайды». Жуырда ғана өткен сайлауда 500-ден аса заң бұзушылық орын алғанын қайталап бас қатырмайық, дегенмен бұл сайлау биліктің барлық «қасиетін» тағы да бір рет жарқырата көрсеткені анық.
Мәселе халықтың өзіне ғана берілетін таңдау құқын биліктің аяқасты етуінде емес, мәселе оның сайлау процесіне араласуға еш құқы болмаса да, сайлауды өздерінің «іскетатырлық» қабілетін бір көрсетіп қалу құралына айналдырып жібергендерінде болып отыр. Сайлауалды шараларға зер салсаңыздар, биліктің мәдениеті туралы өте көп мағлұмат алауға болады. Ал шындығында, «мәдениетті» билікке халықты «бетімен жіберу» қалай қажет болмаса, халықтың талабы мен заңды құқын аяқасты ету де соншалықты қажет емес еді дегің келеді... Алайда олай айту билікке еш жағып отырған жоқ.
Бізде қазіргі «билік мәдениетінің» жарқырап көрінер тағы бір тұсы - оппозиция дейтін «мазасыз шыбындардың» ызыңдаған митінгілері болып тұр. Міне, бұл митингілер биліктің өзін көрсететін, халқы ұмытыңқырап қалса, дереу еске түсіретін нағыз колондайк, тың жер! Әсіресе ол «рұқсат етілмеген» болса, шіркін... Өйткені өз ойларын айтуға шыққандарға сес көрсете тұру - билік «мәдениетінің» жалғасы іспетіне айналды... Бұл дұрыс па? Жөн дейін десек, «Жаратушының бір аты халық» деген асыл сөзді ақылды, мәдениетті билік те жадында ұстар еді, митингілерде талай шындықтың беті ашылып, өздерін нағыз аяқтан шалушыларды табар еді. Яғни, ондай митингілер биліктің «таптырмайтын олжасына» айналар еді...
Егер бәріміздің мақсатымыз «мемлекетті нығайту, ондағы өмір сүріп жатқан азаматтардың барлығының лауазым-шеніне қарамай, түгеліне «мәртебелі өмірді қамтамасыз ету» болса, онда дәл сол митингіде айтылып жатқандарды жіпке тізіп, қағазға қаттап, сондай бақытты өмірді құруға мейлінше кесірін тигізуші талай құбылыстар мен қорқауларды тізгіндеуге қиналмай қол жеткізуге болар еді ғой! Ендеше ондай «рұқсатсыз» митингілер небір жобаларды жөнге салып, елдің қуаты артуына, талай қаржының босқа ысырап болуына, немесе біреулердің құлқынына құйылып кетпеуіне тосқауыл болып, қызмет етер еді. Қазіргі қымбатшылықтың бетімен кетуін де алдын ала ноқталау мүмкін еді... Ал әлеуметтік жағдайды түзеу қазіргідей соншалықты ауыр «майданға» айналып кетпес еді...
Ондай митингілерге жиналатын «оппозиция» деп аталатын халайық, немесе заңды құқықтарын талап етіп билік ғимараттарының алдында заңсыздықтың қай тесіктен шығып жатқанына «белгі беруші» наразышыл топтар жау емес, нағыз көмекші емес пе? Біле-білсек, тіптен кеңестік заманның өзінде талай марқасқа «Ара-Шмель» деген журналдың назарына ілігіп қалып, соңынан «Аяз биім, әліңді білгенің жөн екен» деп, ел-жұртының ортасына оралып жатушы еді ғой, сол ғұрлы бола алмай қалғанымыз қалай бүгінде?
Құдайға шүкір, Отанға қызмет етем дегенге кәсіпкер болуға, ел байлығын еселеуге, баюға жол ашық! Ондай мүмкіншілік бар, құдайға шүкір (3-ші тарауды қараңыз)! Халық биліктің жазалаушы әскерін қалайша «менің полициям» деп құрмет тұтса, биліктің де өз тарапынан «менің оппозициям» деп құшақ жаяр кезі әлдеқашан келді емес пе? Мұндай өзара түсіністік ешбір ақшаға сатылмауы тиіс, ол мүмкін емес! Өйткені билік пен халық арақатынасы - халықпен бірге мәңгі жасайтын мәңгілік құндылықтар. Халық жойылса - ол да жойылады. Оны қастерлей білу - әрбір биліктің сый-құрметке ие болуының, тарихта лайықты бағасын алуының, болашаққа үлгі болатындай мәңгілік із қалдыруының бірден-бір шарты! Міне, бұл енді мәдениетті биліктің таусылмас капиталы!
Сөз соңында: «Осыны түсінген биліктен мәдениетті билік жоқ әлемде!» - дер едім. Сонымен «революция бізге қажет пе, әлде қажет емес пе?» деген сұраққа халықтан бұрын билік жауап беретіні анық болды. Оған көпшіліктің көзі жетті деп ойлаймын.
Жауап - биліктен болсын!

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ

(Осы мақаланың идеясын ұсынған әріптесім, философ Жарасбек Қорғамбаевқа алғысымды білдіремін. Автор)
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 08 (136) 15 ақпан 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583