«Қытайдың жансызы болуға мәжбүрледі»
Бекқожа Жылқыбекұлы, ақын, әдебиеттанушы, Филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық унверситетінің прафессоры:
«Қытайдың «үш әрпі» мені мәжбүрлеп өзінің жансызы етіп, Қазақстанға жібермекші болды»
– Бекқожа Жылқыбекұлы, сіз қытайдағы ең жоғары оқу орындарының бірі – Шынжаң университетінің әдебиет факультетін бітіріп, Іле педагогикалық институтының (қазіргі Іле педагогикалық университетінің) тіл-әдебиет факультетіне келіп, оқытушы болдыңыз. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін, жылы орындарын, лауазымды қызметерін тастап, елге оралған алғашқы қарлығаштардың қатарында сіз де болдыңыз. Сол себепті әңгіменің тиегін өзіңіз туып-өскен арғы беттен ағытсаңыз жөн болар еді.
– Арғы бет демекші, кезінде орыс пен қытай қазақтың ешбір келісімінсіз бөлісіп алған жердің шығыс бөлегі «Шығыс түркістан» деп аталғанын былайғы жұрт жақсы біледі. Сол Шығыс түркістанның солтүстік өңірі, нақтылып айтқанда, Тәңір тауының солтүстігіндегі құнарлы, құйқалы, шұрайлы жерлер бүкілдей қазақтың ежелгі ата қонысы екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Әне сол ата-бабамның ақ найзасының ұшымен, ақ білегінің күшімен қорғалып, бізге аманаттап кеткен жерінің ең шұрайлы өлкесі – Іле аңғары. Бұл аңғар – «Байқасаң Іле жердің ортасындай, Егер де дене болса қолқасындай, Тауы – алтын, тасы – күміс, ағашы – жез, Сулары еркек қойдың сорпасындай», – деп, Таңжарық ақын жырласа, жырлағандай-ақ тамаша өлке. Аңғардың оңтүстігінде талай тарихтың куәсі болған Үйсін тауы, солтүстігінде Абыралы тауы шығыстан батысқа көсіліп жатыр. Іле өзеннің жайылып «тоғызтарау» болып ағатын аңғарының атымен аталған Тоғызтарау ауданында кіндік қаным тамғанын зор мақтанышпен айта аламын. Тікарық ауылының (кейін Тікарықтан бөлініп өз алдына шаңырақ көтерген Ақтүбек ауылында) Таңнұр қыстағында бастауыш мектепті тамамдап, ауыл орталығы Тікарықта жатақханада жатып, орта мектепті аяқтап, жоғары өрлеп оқу емтиханына қатысқаным әлі есімде.
Қытайдағы «мәдениет зор төңкерісінің» зардабын шеге жүріп, оқыған оқуымыз әсіре саясиланған жүйенің шылауында болды да, жаратылыстық ғылымдар болмаса, қоғамдық ғылымдар саласындағы сабағымыз дерлік қытай комунистік партиясының бюрократиялық пиғылын үгіттейтін, идиологиялық сипат алған әдебиеттер болды. Сөйтіп жүріп 1978 жылдан кейінгі Дың Шиаупіңнің (Дэн Сяопин) реформалық саясатының демеуінде ҚХР-сы оқу-ағарту саласында емтихан түзімін жолға қойылды. Мен сол емтихан түзімі жолға қойылған жылдардың үшінші кезегінде яғни 1980 жылы жоғары оқу орындарына түсуші талапкер ретінде қоғамдық сала бойынша емтихан тапсырдым. Сол жылғы емтиханнан мен Іле аймағы бойынша ең жоғары балл жинап, Шынжаң университетінің тіл-әдебиет факультетіне оқуға түстім. Шынжаң университеті кітапханасының есігі он жылыдық ойраннан кейін жаңадан ашылған кез екен. Орыс әдебиеті мен қазақ Кеңес әдебиетінің классиктерімен сол арада таныса бастадық. Онда Қытай мен Кеңес Одағының арасы алшақтай бастағаннан бұрын Қазақстанда баспадан шыққан кітаптардың бәрі дерлік бар болып шықты. Сөйтіп Ахметбек Кірішбай, Әуелхан Қали, Шара Таңжарыққызы қатарлы оқытушылардан сабақ ала жүріп, әдебиетке деген, шығармашылыққа болған құштарлығым ояна бастады. Кітаптан-кітаптың соңына түсіп, алғашқы өлеңдерімді сол білім ошағында жазып, газет-журнал беттерінде жариялай жүріп, Үрімжіде болған бес жылымыздың қалай өткенін де білмей қалдық.
Құлжа қаласында орналасқан Іле педагогикалық институтына оқытушы болып келген соң, небәрі жиырма екі жастағы жас оқытушы ортаға тез үйлесіп кеттім. Оның үстіне, бұл институт Шынжаңдағы қазақ оқытушылар мен студеттер шоғырланған бірден-бір жоғары оқу орны болғандықтан, онда әдеби орта да бар еді. Шынжаң қазақтарының көрнекті ақындары Жүнісхан Бақай, Жанатхан Тұтқабек, Дутан Сәкей, Жәкен Отар, Құдаш Сабаншы және ұйғырдың әйгілі ақыны Мәметжан Садық, жазушысы Әбдірақман Қақар қатарлылармен қызыметтес болуым маған ерекше шабыт сыйлады. Өзіммен жасы қарайлас студеттерге сабақ беру мені тіпті де шыңдай түсті. Олардың ішіндегі өзің секілді шығармашылықпен айналысатын тәлімгерлермен тез тіл табысып, достасып кеткенімді өзің жақсы білесің. Қазақ елі егемендік алғаннан бастап, аңсарымыз осы жаққа ауа бастады. Содан болар, Құлжа қаласындағы шығармашылықпен айналысатын ағайын, достар, әріптестер отырсақ та, тұрсақ та Қазақ елінің әңгімесін айтатынбыз. Сөйтіп жүріп, дәм-тұз тартып, 1995 жылы қаңтардың 16 жұлдызында Атамекеннің топырағына табаным тиді.
– Білдей бір институттың оқытушысы бола тұра Атамекенге қоныс аударуыңызға не түрткі болды? Елге келген соң қайда жұмыс істедіңіз?
– Ес жиып, етек-жеңімізді жиған сонау бала кезімізден радионы басымызға жастап жатып Қазақстанның «Шалқар бағдарламасын» тыңдап ер жеттік қой. Ал студент атанғаннан кейін Қазақстанда басылып шыққан газет-журналдарды қуалап жүріп, ізіне түсіп, оқитын болдық қой. Өйткені, біздің балалық шағымыз бен бозбала кезіміз Қытайдағы «Он жылдық ойранның» кесірінен рухани жұтаңдықпен өтті. Оқулықты ашып қалсақ саясат, радионы басып қалсақ, қытай компариясы мен күн көсемді мақтап, мадақтаған өлең-жырлар мен мақалалардан көзашпадық. Қазақтың ұлттық ән-жырларын айту қылмыс саналды. Сондықтан Қазақстан біздің көңіл көзімізге ертегі әлеміндей болып, ғажайып бейнеде елестейтін.
Оның үстіне 1986 жылғы «Ұлтазаттық көтерілісте» қазақ жастарының қынадай қырылуы не үшін? – деген салмақты да, толғамды сұраққа жүкті етті. Одан соң Кеңес Одағының тасталқан болуымен бірге Қазақ елінің ел-жұртты, әсіресе, шетелде қоныстанған қазақтарды зарықтырып барып, тәуелсіздігін республикалар арасында ең соңында жариялауы да бізді дербес елдікке деген ұмтылысқа жетеледі. Қазақстан мен Қытай арасында барыс-келіс күн сайын күшейе бастады. Зиялы қауым арасында Қазақ елінде басылып шыққан газет-журнал және кітаптарға деген сұраныс пен қызығушылық тіпті де арта түсті. Рухани шығармашылық талғамымыздың аңсары Оралхан Бөкей, Жұмекен Нәжимеденов, Мұқағали Мақатайев қатарлы қаламгерлерге ауа бастады.
Сонымен бірге 1990 жылдың басында Әлеке, өзіңнің әке-шешең, бауыр-туыстарың бастап, қат-қабат қағазбастылық қиыншылықтарды жеңе отырып, бес отбасы болып, атамекенге көштің басын түзеулеріңнің өзі де, бізге көп ой салды. Елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдардың басында «екі бура сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері келіп, екіге бөлініп-жарылып қалған ел-жұрт арасында барыс-келіс күн сайын жандана бастады. Сонымен бірге қоғамға араласып, оң-солымызды таныған соң, Қытайда өмір сүретін ұлттар арасындағы теңсіздікті сезінуіміз де тез болды. Ши Жинпің (Си Цзинпин) таққа отырып, аз ұлттарды конслагерге тоғытатынын алдынала болжадым десем өтірік болар, алайда, қытайдың зор қытайшылдық пиғылын ауылда болсын, қалада болсын көзімізбен көріп, басымыздан өткердік. Ол жақтағы туған жеріміз қазақтың жері болса да, рухани, саяси бостандықтың жоқ екенін, «Ұлттар ынтымағы жасасын!» деген ұранның астарына үңіле отырып, оның жалған ұран екенін байқағандай болдық. Сөйтіп, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан» бол деген аталы сөзге жүгініп, не болса да, Атамекенге біржолта кетуге бел байладым.
Атамекен табалдырығын 1995 жылы аттап, киелі топырағына аяғым тиген соң, менен бұрынырақ келген өзің секілді бір топ азаматтардың жолын қуып, «үштің» бірінің құйрығын ұстауға тура келді. Ол – қара базарды жағалап, сауда-саттықпен шұғылдану немесе ақпарат саласында жұмыс істеу және жоғары оқу орындарының біріне ізденуші болып қабылдану еді. Саудамен сан қайнаса сорпам қосылмайтын мен үшін ақпарт саласында жұмыс істеуден көрі, өзімнің тіл-әдебиеттану мамандығым бойынша жұмыс істеу әлдеқайда тиімді болатын. Сол себепті Әл-фараби атындағы ҚазҰУ- дің филология факултетіне ізденуші болып қабылдандым. Атын естіп, кітабын оқып жүрген аты Алатаудай ғалым ағаларымызды күнделікті кездестіріп, оларға ізденуші шәкірт болғаныма қатты қуандым. Жатақ және степендия мәселесі шешілген соң, ресіми оқу-ізденуге кірісіп кеттім.
Мені өз қамқорлығына алған Қазақ еліне аты мәлім тіл ғалымы болды. Ол кісінің кафедрасына барып, әңгімесін тыңдап, қосымша орыс тілі, философия қатарлы сабақтардан дәрістерге қатыстым. Сонымен бірге болашақ зерттеу тақырыбына бағыттап әңгімелер айтатынбыз. Алайда, әңгіме әуені соңғы кездері ақша жаққа көп ауып кететін болды. «Ақшаң бар ма? Маған ақша керек еді? Маған қашан ақша бересің?» – деген секілді сөздерді ести берген соң, степендиямен әрең күн көріп жүрген менің ол кісіден көңілім қалып, кейін іздеп бармайтын болып алдым. Ол ағаймен арамыз барған сайын суып, аспиронтораға түсу ниетімнен айныдым.
Сөйтіп жүргенде ақын, сазгер, марқұм Ермұрат Зейіпхан досым екеуміз Түркістанға барып, саяхаттап қайтуға келістік. Онда барған соң, Халықаралық қазақ-түрік унверситетінде оқып жатқан Әбілқайыр, Әбілбашар деген қытайдан келген студеттермен танысып, Қожа-Ақмет Ясауи кесенесі, Арыстанбап, Сауранның көне қала орны қатарлы жерлерде бола жүріп, Халықаралық Қазақ-Түрік унверситетінің ғылыми-зерттеу институтының меңгерушісі, профессор Мекемтас Мырзахмет ағаға сәлем бере бардық. Ол кісі бізді өте жылы қабылдап, ұзақ әңгімелестік. Қытай қазақтарында тұнып тұрған ауыз әдебиеті мен қазақтың салт-санасына қатысты материалдардың мол екендігіне қызығатынын айтып, екеумізді жұмысқа қабылдауға келісті. Ерекең Алматыдағы Әуезев атындағы драма тиятырда істеп жүрген кезі болатын, жылы орнын суытқысы келмеді. Ал мен бірден келісімімді беріп, сонда ғылыми жүмысымды жалғастыруға бел байладым.
– Кейін сіздің Халықаралық қазақ-түрік унверситетінен алған ғылыми жұмысыңыз аяқсыз қалды деген сөзді естідік, бұл рас па? Егер рас болса, не себепті аяқсыз қалдырғаныңызды өз аузыңыздан естісек...
– Мен Халықаралық қазақ-түрік унверситетінің ғылыми-зерттеу орталығына барып ғылыми жұмыспен айналысқаннан кейін, Мекемтас Мырзахмет ағамен келісе отырып, өзімнің бұрыннан зерттеп-зерделеп жүрген тақырыбым өлең тевориясы бойынша жұмысымды жалғастырдым. Бұл тақырыптың өте ауқымды әрі күрделі екендігін ескере отырып, бір жылдық ғылыми-зерттеу міндетін мойныма жүктедім. Сөйтіп, әне-міне дегенше 1997 жылдың көктемі де келді. Қазақстанның азаматтығын алғаныма жарты жылдай болған соң, әке-шешем мен туған-туыстарымды сағынған сағынышымды басып қайтайын деп, бір айға сұранып, Қытайға Қазақстанның азаматы болу салауатыммен 1997 жылы 2 сәуір күні шегарадан өтіп, Құлжа қаласындағы досым Жанболат Құрманұлының үйіне барып түстім. Ертесі досым Жанболат Құлжа қалалық сақшы мекемесінің шетелдіктерді тіркеу бөліміне ертіп барып, екі юань төлеп, бір айға өз үйіне мені тіркеді. Сол күні ауылыма кетпей, қалада қалып, Жанболаттың үйінде тағы бір түнедім. Сөйтіп заңды түрде ҚР-ның азаматы реттінде еркін жүріп-тұруға рұқсат алдым да, ертесі яғни 4 сәуір күні Тоғызтарау ауданы, Ақтүбек ауылы, Таңнұр қыстағындағы етжақындарыммен екі жылдан соң аман-есен қауыштым. Туған жерімде екі күн аунап-қунап сағыныш мауқымды басқан соң, үшінші қонақта Тоғызтарау ауданы Тікарық ауылы мал дәрігерлік мекемесінде жүмыс істейтін жездем Пәзілжан Мамытбекұлының үйіне бардым. Кешкі апақ-сапақта тамақты енді ғана жеп бола бергенде, сау етіп екі бейсауыт адам кіріп келді. Оның біреуін танымадым, екіншісі Іле қазақ автономиялы обылыстық ұлттық қауіпсіздік мекемесінде жұмыс істейтін Қапарәлі Мүсілұлы деген жігіт екен. Ойымда еш нәрсе жоқ, жәй жүрген шығар деп ойладым. Сөйтсем олар арнаулы мені үйге іздеп барып, одан осында келген келісі екен. Тамақтан соң мені далаға шақырып алып, Құлжа қаласына өздерімен бірге алып кететінін айтты. Апайымның үйіне бір қонайын, одан соң мен өзім ертең барайын немесе осында қоныңдар, ертең таңертең бірге барайық дегеніме көнбей, түнделетіп мені бейне бір іздеуде жүрген қылмыскерді тұтқындағандай көліктеріне отырғызып, Құлжа қаласына жарым түнде алып келіп, әскери қонақ үйге орнадастырды да, Қапарәлі мырза менің қасыма қалып, тап мен қашып кететіндей қарауыл болып жайғасты.
Таңертен Іле қазақ автономиялы обылыстық ұлттық қауіпсіздік мекемесінің орынбасар меңгерушісі Оразқожа деген кісі қасында бір қытай, бір ұйғыры бар мен жатқан қонақ үйге келіп, «Қазақ елінің жағдайы қандай? Қандай жұмыспен айналысып жүрсің? Қандай атақты адамдармен барыс-келісің бар? Түркияға бардың ба? Түркістан қаласында қандай шаруамен айналысып жүрсің? Қытайға не себеппен келдің? Қазақстанның азаматтығын қалай алдың?» – деген секілді сұрақтарды бастырмалатып, түске дейін әңгімелестік те, құжаттарыңды тексереміз деп, төлқұжатым мен жеке куәлігімді алып кетті. Түскі астан соң, Қапарәлі тағы бір нөкерімен бірге әлгі сұрауларды қайта-қайта қайталап сұраумен кешті батырдық. Ертесі тағы да басқа адамдар келіп, сол сұрақтар төңірегінде сұрақ қойып, мезі қылды. Қысқасы, сен Қытайдың азаматы болатынсың, оқыттық, жетілдірдік, бізге еңбегің сіңетін кезде неге басқа елдің азаматы боласың дегенге сайдыра келіп, «біз үшін яғни Қытай ұлттық қауіпсіз мекемесі үшін жүмыс істесең, жағдайың жақсы болады, құжаттарыңды дереу береміз, Қазақстанға бізден міндет арқалап, қайтып кетесің» дегенге келтірді. Алайда, мен Қазақстанның азаматығын өз еркіммен бір құшақ құжат жинап, құнажын азабын көріп жүріп әрең зорға алғанымды, ҚХР-ның азамттығынан сол кезде бастартқандығымды айтып, «сендер үшін қызымет істей алмаймын» деуден танбадым. Содан олар менен түк шықпайтынын сезді-ау деймін, «Сен енді Қазақстанға қайта алмайсың» деп, сол күні кеште өздері тартып алған ҚР-ның азамттығын дәлелдейтін төлқұжатым мен жеке куәлігімді қайтарып бермей, жолға салды. Содан соң, «оларға ойбай сендер үшін қызмет істеймін» деп, жалынып-жалбарынып алдыларына құжаттарымды сұрап бармадым. Үрімжі қаласында орналасқан ҚР-ның елшілігінің бөлімшесінде жұмыс істейтін Бағдат Сейтбатталов мырзаға хабарласып, барлық болған мән-жайды жеткіздім де, шығармашылық жұмысыммен айналысып, әке-шешемнің қасында болып, ауылда жата бердім. Сол жатқаннан мол жатып, төрт жыл бойы Қазақстанға қайта қайрылып келе алмадым. Ол жақта жатқан кездегі Қытайдың құзырлы мекемелерімен болған күрестің өтінде қаншалықты рухани азап шекенімді бір өзім білемін! Содан бастап, «байтал түгүл бас қайғы» болып, бұл жақтағы ғылыми-зерттеу жүмысым өз алдына аяқсыз қала берді.
– Сол кезде бір ұзынқұлақтың аузынан: «Ақын Бекқожа Жылқыбекұлы Құлжа қаласындағы бір әскери қонақ үйге Қазақстанның азаматтық куәлігін емес, Қытайтдың азаматтық куәлігін көрсетіп жатқан екен, олардың ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары оны «қос азаматтығы бар» деп ұстап алыпты...» деген сөзді есіп едік. Мына әңгімеңізді естігеннен кейін мұның өсек екеніне көз жеткізіп отырмын.
– Иә, сол кезде ондай өсектер ол жақта да, бұл жақта да желдей есіп, тарап кетіпті. Кейбіреулер соны қоңырсытып әлі айтып жүр екен. Мына заманда елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Бірақ уақыт келе шындық бәрін орнына қояды.
Мен олардың жоспары бойынша Қытайдың ұлттық қауіпсіздік мекемесі үшін жұмыс істеуім керек еді, бірақ мен олай істеген жоқпын. Олардың арам-мақсаты, жоспарлаған ойы, арамза пиғылы іске аспаған соң, төлқұжатымды тартып алғандарына бір себеп-сылтау көрсетуге мәжбүр болды. Сондағы олардың ойлап тапқан жаласы осы болатын. Мен шекарадан өтіп, Құлжа қаласында болған екі күнде де досым Жанболат Құрманұлының үйінде болсам, қайдағы қонақ үйге барып жатамын?! Екінші күні Құлжа қалалық сақшы мекемесінің шетелдіктерді тіркеу бөліміне барып, Жанболалтың үйіне тіркеліп, заңды түрде бір ай Қытайда болатындығымды хабарлап, тағы да сол үйде бір күн аялдап қонып қалдым. Ешбір қонақүйде болмағаныма Жанболат пен әйелі Гүлзира куә. Осы бір орынсыз жалаға осы күнге дейін сеніп жүргендер қазір Алматыда тұратын досым Жанболат Құрманұлынан сұрап анық-қанығын білсе болалы. Ал үшінші, төртінші күні Тоғызтарау ауданындағы ауылымда болғаныма ел-жүртым мен бауыр туыстарым куә. Бесінші күні Қытайдың ұлттық қауіпсіздік мекемесінің арнайы қызыметкері Қапарәлі мен тағы бір адам Құлжа қаласына жарым түнде алып келіп, сол өздері өсек-аяң етіп, елге таратып жүрген әскери қонақ үйде үш күн бойы сұрақтың астынан алды. Құжаттарымды тартып алғанына Қапарәлі ғой өліп қалды, олардың сол кездегі орынбасар бастығы Оразқожа Сыдықұлы деген адам қазір тірі болса, бұған куәлік ете алады. Ал енді «қытайдың азаматтық куәлігін көрсетіп қонақ үйге жатты» дегені, тіпті, ақылға симайды. 1996 жылы күзде Қазақстанның азаматтығын аларда Қытайдың төлқұжаты мен азаматтық куәлігін Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасына тапсырып берген болатынмын. Оның үстіне Құлжа қаласында ағайын, достарым және туған туыстарымның үйі тұрғанда, қонақ үйге жататындай басыма не күн туды сонша ма?! Мұның бәрі шылғи өтірік, маған жапқан жаласы. Қытай билігінің өзін ақтап, маған пәле шаптап, беті бүлк етпей елге таратқан өсегі.
– Істің барысы осылай деңіз. Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, басқа елде төрт жыл жатып қалу деген сұмдық қой. Сіз Қытайдағы Қазақстанның елшілігінің Үрімжідегі бөлімшесінің басшысы Бағдат Сейтбатталов мырзаға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп айтқан екенсіз, олар тарапынан сізге көмек болмады ма?
– Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшілігінің Үрімжідегі бөлімшесінің бастығы Бағдат Сейтбатталов мырзаға хабарласып, мән-жайды түгел түсіндіріп айттым. Одан дереу хабар-ошар болмаған соң, екі аптадан кейін тағыда қоңырау шалып, жанайқайымды жеткізіп едім, ол кісі: «Құзырлы мекемелерге жеткізіп айтық, күте тұрыңыз!» дегеннен ары аса алмады. Сөйтіп, жарты жыл ішінде осылай бірнеше рет ол кісімен хабарласып, мардымды жауап ала алмаған соң, «өзіміз хабарын береміз» деген уәделеріне сеніп, бір жылды өткіздім. 1997 жылдың соңына ала Қазақстан елшілігіне хабарласқанымда олар: «Қытай жағы «Бекқожа Жылқыбекұлы ҚХР-дағы, нақтылап айтқанда, Құлжа қаласындағы тіркеуінен шықпай, шетел азаматтығын қабылдаған, сол себепті біз ҚР-ның азаматтығын мойындамаймыз» деген сылтауды айтып жатыр», – деді. Мен Қытай елінің төлқұжатының соңғы бетіне бадырайған жазумен жазылған – «егер ҚХР-ның азаматы шетел азаматтығын алған жағдайда ҚХР-ның азаматтығынан еш кедергісіз өздігінен шығарылады» деген анықтама бар екендігін көлденең тартып, Құлжа қалалық сақшы мекемесінің төлқұжат басқармасының сол кездегі меңгерушісі Хай Лаң мырзамен жолыққанымда, ол: «Екеуміздің жеке басымызда ары да кегіміз, бері де өштігіміз жоқ. Бұл тікелей ұлттық қауыпсіздік мекемесінің тапсырмасы. Олардың мәлімдеуінше төлқұжатың мен жеке куәлігін өзіңе қайтарып берілмейді. Біз оны Бежиңдегі Қазақстан Республкасының Қытай Халық Респубикасындағы төтенше және өкілетті елшілігіне тапсырып бердік. Сен қазір ҚХР-ның азаматысың. Егер Қазақстанға қайтадан барамын десең, қайта бастан, шытжаңа Қытай елінің төлқұжатын жасатып, біздің азамат ретінде екінші рет Қазақстанға баруыңа болады» деген уәж айтты. Бұл сөзді естігенде төбемнен жай түскендей болып, Бежиңдегі ҚР-ның төтенше және өкілетті елшілігінің қызыметкерлеріне хабарласып едім, олар менің баяғы қытайлар тартып алған ҚР-сы азамттығымды дәлелдейтін төлқұжатымды Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жөнелтіп бергендігін айтты да, өздерінің бұл мәселе жөнінде ҚХР-сы жақтағы құзырлы мекемелерге ҚР-сы үкіметінің сөзі өтпегендігін, қысқасы, шамалары жетпегендігін астарлап жеткізді.
Содан соң барып, Қазақстан азаматтығын өз қолымен беріп алып, өз азаматының заңды құқығын Қытайдың алдында қорғай алмай отырған Егеменді елдігімізге іштей ренжісем де, қалайда Қазақ еліне екінші рет жетудің жолы болған жаңадан төлқұжат жасау барысына шындап кірісіп кеттім. Екі реткі шақыртуымды екі жыл бойы ары сүйреп, бері сүйреп, күшін жойып, төлқұжат жасамаған Қытайдың құзырлы мекемелері үшінші реткі шақыртуымды қолыма алып, есіктерін тоздырып, құлақ майын жегенімнен зерікті-ау деймін, әрең дегенде қабылдап алып, қолыма ҚХР-дың төлқұжатын жасап, қолыма берді. Сөйтіп, 2001 жылдың 2-ақпанында 1460 күн дегенде елге әрең зорға қайта оралған соң, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Консулдық басқарма бөлімінің сол кездегі бастығы Уалихан Қоңырбаевтің қолынан төрт жылдың алдында қытайлар тартып алған төлқұжатыммен жылап көрістім. Қытайдың құрсауынан екінші рет мені аман-есен құтқарып алып келген қолымдағы ҚХР-ның төлқұжатын енді бетіңді көрмейін деп, оларға тапсырып бердім.
– ҚР-ның Конституциямен сіздің азаматтық құқығыңыз қорғалуы керек еді ғой? ҚР-ның Сыртқы істер министрлігі бұл жігіт біздің елдің азаматы, сіздер неге, не себептен төлқұжатын тартып алып елге жібермей отырсыздар? – деген секілді ресіми сұрақтармен Қытайдың құзырлы орындарына хабарласып сізге араша түсуі керек еді ғой, неге үнсіз қалды деп ойлайсыз?
– ҚР-ның Конституция негізінде Қазақстанның азаматы болып табылатын әрқандай бір жеке тұлғаның бас амандығы мен саяси бостандық құқығы қатаң түрде қорғалуы керек екендігін бала да біледі. Ал менің Қазақстанның азаматы бола тұра, Қытайдың ойыншығына айналып, төрт жыл бойы олардың менің құқығымды қорлауы екі мемлекеттің ғана емес, халқаралық адам құқығы заңдарына да симайды. Бұл жерде өз отаным Қазақ елінің билік жағы әлсіздік, шарасыздық көрсетіп отырғандығы ақиқат. Сол кезде жалғыз мен ғана емес, мен секілді бірнеше ҚР-сының азаматтығын алған азаматтар «қосазаматтығы болған» деген сылтаумен зардап шеккенін естігенім бар. Қосазаматтық деген ұғым екі елдің азамттық заңында да жоқ. Сондықтан бұл негіз бойынша Қазақстан билігі Қытай билігіне қатаң талап қоюы керек еді. Оның үстіне Қытай мен Қазақстан екеуі де Шаңхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі әрі көрші және мәмілегерлік пен іскерлік жақтағы қарым-қатынастары өте қою ел. Сол себепті осы негізде де бұл мәселені шешуіне болатын еді. Менің осы азаматтық мәселем жөнінде Қазақстан Қытайға нота тапсырды деп естідім, егер ол шын болса, Қытай не үшін Қазақстанға бір жауабын бермеді?! Әрине, Қазақстан өз азамтының заңды құқығын қорғамақшы болған болуы мүмкін, алайда бұл арада, біздің биліктің қытай билігіне сөзі өтпегендігі белгілі. Оның себебі, Тәуелсіз еліміздің қытайдың айтқанына көніп, айдағанына жүретін босбелбеулігінде жатыр. Болмаса, мен қытайда жатқан төрт жыл ішінде екі ел арасында қаншама келісімшарттарға қол қойылғандығын білеміз. Сол келісімшартардың бір талабы ретінде өз азаматының азаматық құқығын қорғап, қытай жаққа қатаң талап қоюына болар еді ғой. Бірақ егеменді елміз дегенде кеңірдегі жыртылып-айрылатын біздің билік ондай батыл қадамдарға бара алмады. Бұл жалтақойлығы күні кешегі Ши Жинпіннің қытайдағы қазақ қандастарды «Қазақстанға көп рет барып-келдің, ықтиярхатың бар екен, қазақ елінің көрнекті тұлғаларымен суретке түсіпсің, Нұрсұлтан Назарбаевқа өлең-дастан аранап жаздың» деген секілді екі елдің достық қарым-қатынасына кесірін тигізетін себепсіз сылтаулармен қырып-жойып, қамуға алып, тіпті, Қазақстанның азаматтығын алған Аман Сейіт секілді қаншама азаматтарды концлагерге тоғытқанда да үнсіз қалуына әкеліп соққандығы белгілі. Осыған қарағанда, біз егеменді ел емес, қытайға бағынышты бір өлке болып қалған жоқпыз ба?! – деген жаман ой келе береді басыма. Оның бетін ары қылсын! Құдай қосқан көршіміз, досымыз деп отырған елдің арам пиғылының табанына тәуелсіз елдігіміз бен ұлттық рухымыз, байлығымыз бен пак аруларымыздың кеудесі тапталып жатқаны да ащы шындықты шырылдап, ашына айту, әрине, біздің азаматтық борышымыз.
– Әңгімеңіздің төркініне үңілсек, сізді Қытайдың «үш әрпі» өзінің жансыздарының қатарына қосуға әрекеттенген екен, бірақ сіз оған көнбей қарсылық білдіргеніңіз үшін «қытайдың тіркеуінен шықпаған» деген сылтаумен қасақана төлқұжатыңызды тартып алып, қытай жерінде оның күшін жойғаны көзге ұрып тұр. Бірақ сіз Қытайда төрт жыл жатып, елге оралғаннан кейін қытай күшін жойған төлқұжатыңызды қайтарып алып, бәз-баяғысынша Қазақстан азаматы болып шыға келгеніңіз біз емес, әлем таңғаларлықтай тарихи оқиға болған екен. Хош делік, енді сіз төрт жыл бекер босқа қытай жерінде, жұмыссыз жаттыңыз. Халықаралық адам құқығы заң нормаларына негізделіп халықаралық соттарға арызданып, қытайдан моральдық, материалдық шығындарды төлету жағын неге қарастырмағансыз?
– Мен 1997 жылы Қытайдың шекарасынан Қазақстанның азаматы ретінде өткеннен кейін Қытайдың заң-түзіміне қайшы келетін ешқандай бір қимыл-әрекет істеген емеспін. Тек қана, мен «қытайдың жеке куәлігін пайдаланып әскери қонақ үйге жатты» деген жала мен «Қазақстан азамттығын алған соң, Қытайдың Құлжа қаласындағы тіркеуінен шықпаған» деген қисынсыз пәленің құрбаны болдым. Жалпы қылмыс деген белгіленген заң-түзім, ержелерге қайшы келу немесе белгілі бір жеке тұлға немесе ұжымға заттық және рухани зардап, шығын әкелу екендігін бәріміз білеміз. Сол себепті, мен біреудің ала жібін аттап, басын жарып көзін шығармағандығым үшін қылмыстан аулақпын. Қытайдың құзырлы мекемелерінің мені Қазақстанның азаматы ретінде ол жақта төрт жыл бойы ұстап тұратындай ешқандай заңдық негізі жоқ. Сондықтан мен 2001 жылы Қазақстанға оралып, Қазақ еліне тән азаматтығымды қолыма алғаннан кейін, енді Қытайдан моральдық және заттық төлемақы талап етсем қайтеді деп, біздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін азаматтарға өтініш айтқанымда, «Ол үшін көп әуре-сарсаңға түсіп, жүмыс істеуің керек, өзіңе өте ауыр болады, аман-есен елге оралғаныңның өзіне де шүкіршілік ет» деген соң, халқаралық құқық қорғау ұйымдарына шағымдануға жазып, дайындап алған өтінішімді жамбасыма басып қойған болатынмын. Қазір ойлап қарасам, төрт жыл деген оңай уақыт емес екен, оның үстіне, егер мен сол төрт жылда қаншама жұмыстың басын қайыратын едім. Отбасылық ауыртпашылық, шығармашылық шарт-жағдайдың қолайсыздығы және ғылым кандидаттық жұмысымды қорғау жоспарымның аяқсыз қалуы мен күндестерімнің кекесін күлкісінің азаб-зардабын ойлағанда, ішім удай ашиды. Сондықтан, мен ештен кеш жақсы деп біліп, халқаралық құзырлы құқық қорғау мекемелерінен сол төрт жыл бойы Қытайда көрген қорлығым мен зорлығымның бодауы ретінде ҚХР-нан заттық және моралдық жақтағы шығынымның бодау ретінде төлемақы талап ететінімді жариялаймын.
– Екінші рет елге оралғаннан кейін Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жұмысқа орналастыңыз. Қазір қандай шаруалар атқарып жүрсіз? Жоғары оқу орындарының оқыту сапасына көңіліңіз тола ма?
– Мен 2001 жылы сәуірдің 12-жұлдызы Астана қаласына келе сала, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне келіп баяғы қытайлар тартып алған төлқұжатымды қолға алған соң, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіненің Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасына оқытушы болып, жұмысқа орналастым. Өйткені Қытайда Іле педагогикалық инистутотында он жылдай оқытушы болған тәжірибем бар ғой. Оның үстіне баяғы ғылыми жұмысымды жалғастыруыма, әрине, жоғары оқу орынында жұмыс істеу қолайлы еді. Жазылып, дайын тұрған «Қазақ өлеңі: көркемдік және дәстүр жалғастығы» атты ғылыми жұмысымды сол кездегі филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Рымғали Нұрғали мырзаға көрсетіп едім, ол кісі прафессор Құныпия Алпысбаев ағаны жетекші етіп, бекітіп берді. Құныпия ағаның өте жауапкершілікке толы ғылыми жетекшілігіннің арқасында 2007 жылы кандидаттық децертатциямды қорғадым. Алайда, ҚХР-сы Шинжаң унверситетінде оқу бітірген дипломың ҚР-сы жағынан нострофикатсиядан өтпепті деген жаңа белгілемеге сәйкес келмегендіктен, ол жолғы қорғауым күшін жойып, 2009 жылы қайтадан қорғап, 2010 жылы филология ғылымдарының кандидаты деген куәлікті қолыма алдым. БАК жабылған соң, дайын болып қалған докторлық десертатциямды қорғауға үлгере алмадым. Содан күні бүгінге дейін филология факультетінде жұмысымды жалғастырып, қазір Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің прафессоры салауатыммен жүктелген сабақтарды студеттерге барынша жеткізуге тырысып келемін. Алайда, жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың бас ауыруы толып жатыр. Оның ішіндегі қағазбастылық пен оқулықтардың жүйеленбеуі, ғылыми атағы бар мамандардың жеткіліксіздігі және белгілі бір маманның өзі зерттеп-зерделеп жүрген мамандық бойынша сабақ беруден тыс, мұрнына оның иісі де келмейтін мамандықтар бойынша сабақтарды күштеп немесе зорлап, өз мойнына жүктеп алуы қатарлы жақтарды баса айтуға болады.
Белгілі бір пәнді ғана өзінің мамандығы ету жоғары оқу орындарында оқытушы болатын маманның міндеті екендігі бешенеден белгілі. Өйткені әр ғалымның өзінің ғылыми-зерттеу бағыты болады. Олар сабақты өзінің зертеу бағыт-бағдары бойынша өтуі керек. Өкінішке орай, қазір ЖОО-ында бұлай болмай тұр. Филология мамандығын меңгерген оқытушы әдебиет теориясын да, ауыз әдебиетін де, әдебиет тарихынан да, әдеби сыннан да сабақ бере береді. Мысалы, қытайдың жоғары оқу орындарында олай емес. Әдебиеттің ішіндегі бір мамандықты ұстанған оқытушы екінші бір әдебиетке қатысты мамандықты оқытудан бас тартады немесе оған жоғары оқу орны жол бермейді. Өйткені, белгілі бір мамандықта сабақ беру үшін екі-үш жыл ізденуші оқытушы болу керек. Бізде бір жұмыс сағатын толықтыру үшін мүлде өзі оқымаған мамандықтан да дәріс оқып, сабақ өте береді. Экономика факультетінде оқытушылық жұмыс атқаратын бір оқытушымен әңгімелескенімде, ол да менің осы ойымды растап, бұл келеңсіздіктің құрбаны ретінде қолын төбесіне қойып, налығаны бар еді. Міне, бұл білім берудің нағыз сапасыздығының шегі. Бұл оқытушылар қосынының бір жылда бір келісімшартқа отыратын тұрақсыздығының және нағыз мамандардың кемшіл екендігінің нәтижесі. Екінші бір қырынан алып айтқанда, бұл – білім берудегі көзбояушылықтың көкесі. Сол себепті мен кей оқу маусымдарында әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, тіл маманы, саясаттанушы, ақпарат саласының білгірі, тіпті, депломат болып кетемін де, таңертен орнымнан тұрғанымда, өз талантыма өзім таңғалып тұрған кездерім көп болды.
– Сіздің ойыңызша, бұл олқылықтарды қалай толықтыруға немесе бір жүйеге түсіріп, іске асыруға болады?
– Мен жоғары оқу орындарында тәлімгерлік өтелімімді қосқанда 35 жылдан бері басқа ешқандай бір жұмыспен айналыспай, жұмыс істеп келемін. Соның 30 жылы таза оқытушылықпен айналысуға арналыпты. Осы барыста біраз тәжірибе сабақтарға ие болғанымды мақтаныш етемін. Оқу-оқыту үдерісінде ең алдымен оқулық мәселесі шешілуі керек. Өкінішке орай, Қазақсындағы жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі оқулықтардың жүйеге түскен легі әлі де толық қалыптасып үлгермеді. Бар деген күнде де, жекелеген ғалымдар мен әдіскерлердің өзі ғана жазған оқулықтар. Ал кешенді түрде білім министрлігі ұйымдастырып, жазылған оқулықтар жоқтың қасы. Оқулық мәселесі толыққанды шешілсе, тәлімгерлерге де, оқытушыларға да оқу-оқыту үдерісі жеңіл болатын еді. Қазір әлеуметтік желіден сабаққа қатысты кітаптар мен оқу құралдарын іздеп, сандалып жүрген ізденуші мен тәлімгерден аяқ алып жүре алмаймыз. Ізденушілер үшін ізденген жақсы ғой, алайда олардың іздеген материалы дер кезінде табыла қоймайтыны өкінішті. Одан қала берді оқытушылар қосынының әлсіздігін де баса айтуға болады. Жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін оқытушылардың айлығы өте төмен болғандықтан, көптеген мықты мамандар дәріс сөйлеуден қашқалақтап, басқа жұмысқа кетіп жатыр. Оның тағы бір себебі жүктеменің көптігі мен сабаққа қатыссыз кафедраның әлеуметтік жұмыстарын әрбір оқытушының мойнына іліп қойатындығы. Содан соң, сол мойнына жүкетеген әлеуметтік жұмыстардың әуресімен ары-бері шақпылап, оның жоспарын жасап, есебін беріп, қимылын ұйыстырып дегендей ұсақ-түйек жұмыстарға жүгіріп жүріп, дәріс кестесіне сай сабақ өту кезегі келген кезде оқытушының дайындықсыз сыныпқа кіріп, сабақ өтуі де сабақтың сапасыздығы мен ізденушілердің оқытушының дәрісіне көңілі толмайтын наразылығын тудырады. Оқытушы күндіз-түні тек өзіне ғана жүктелген сабақты ізденушіге қызықты әрі тартымды етіп жеткізіп беру ісімен ғана айналысуы керек еді. Ал кафедрадағы қалың ауқымшыл жұмыстарды қысқартып, оқу үдерісіне қатысты жоспар-жоба тағы басқа жұмыстарды арнаулы бір адамға айлығын беріп, оқытушылықтан босатып, сол адамның мойнына ғана жүктесе, жұмыстың жауапкершілігі артқан болар еді. Сонымен бірге оқытушылардың да әлеуметтік жүгі жеңілдеп, оқу-оқытудың сапасы мен өз бағыт-бағдарында ғылыми-зеттеу жұмысының өнімі де көрнекті болары сөзсіз.
ҚР-сының жалпы білім саласынан алып қарағанда, ұсақ-түйек кедергілер шашетектен. Ондай кедергілердің біразын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Университетінің прафессоры Айгүл Үсеннің физбоқ парақшасында жазған төмендегі жазбасынан да айқын аңғаруға болады. Ол: «Білім сапасының төмендеуіне қазіргі мұғалімдердің сабақ түсіндірмей, бала өзі ізденуі тиіс деген қағидасы да сеп болып отыр. Жаңа сабақты мұғалім емес, қазір ата-ана, болмаса репититор түсіндіреді. Білім министрлігі мұғалім жағдайын ойлағаны дұрыс, ал білім сапасын кім ойлайды? Университеттерде тұтастай бір курстың болмауы, оқытушының емтиханға келмеуі, өз орнына магистранттар мен докторанттарды сабаққа жіберуі, жалпы тәртіптің жоқтығы, КРІ бойынша ақша алу, үздік оқытушы конкурсында жалған құжаттар жасап мол қаржыға ие болуы үшін жасаған алаяқтығы, ғылымға нағыз ізденуші емес, ақшасы барлардың келуі, ғылыми жобаның да ғылым дамуына еш қатысы жоқ әрекеттері кедергі келтіруде. Осылай кете берсе білім мен ғылымнан айрылып, тәуелсіз мемлекет болу бағытынан жаңыламыз» дейді. Жалпы білім беру саласында балабақшадан тартып жоғары оқу орындарына дейін осы секілді олқылықтарды жіпке тізіп отырып, жінтіктеп талдау жүргізіп, кешенді түрде сауықтыру шараларын қолға алатын болсақ, онда білім беру саласы жандана түседі деген ойдамын.
- Жалпы Қазақстанның білім-ғылымына жүйелі реформа керек болып тұр. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың өзі білім мен ғылымда үлкен өзгерістің болатынын айтып қалды. Осы өзгерістен кейін сіз айтып отырған жоғары оқу орындарындарындағы мәселер өз шешімін таба жатар деп ойлаймын. Бұл туралы сіздің ойыңыз қалай?
Ғылым-білім саласы өзіне салған қаржыны төрт-бес жылда өтеп беретін сауда-саттық емес. Оған ұзақ болашақтық жоба-жоспар керек. Сондықтан бір елдің әлеуметтік-саяси, идеялогиялық жағдайы қалай құбылса солай құбыла берсін, алайда ғылым-білім саласы тұрақты түрде, жүйелі дамудың реформалық жолын рет-ретімен айқындауы керек. Өкініштісі, еліміздің отыз жылдық өтпелі кезеңі ұзақ жылдарға созылып кетті де, ғылым-білім саласы тоқыраудан көзаша алмай келеді. Оның нақтылы дәлелі ретінде осы саладағы жиырмаға жуық министрінің арт-артынан құйрығы жерге тиер-тиместен ауысыуы, олардың бір-бірінің реформасын жоққа шығаруы және білім саласы туралы арнаулы заңның болмауы қатарлы кемшіліктерді айтсақ та жеткілікті. Ал жаңадан жалындап келген жас әрі тәжірибелі ғылым-білім министрі Асхат Аймағамбетов бұл салаға келе сала, өзінің бұл саланың майталман маманы екендігін көрнектілендіре бастады. Әләулай әнін әндетіп, көзсіздік пиғылын сәндетіп өтіп кеткен министрлердің жыртығын жамаумен бірге сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын жабуды қолға алып, білім саласындағы қазақ тілі мәселесін жоғары деңгейде дәріптеу мен оқытушылардың сапасына және олардың әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөле бастауының өзі-ақ оның нағыз реформатар екендігін көрсетті. Сол себепті Асхат Аймағамбетов мырзадан халық көп үміт күтіп отыр. Мен өз басым басқа салаға қарағанда ғылым-білім саласында тұрақты басқару жүйесінің болғанын ерекше қалаймын. Өйткені ғылым-білім саласы жаратылыстық ғылым секілді тұрақты тұғыры бар, біртоға жүйе. Сондықтан Асхат Аймағамбетов сияқты бірді бір, екіні екі дейтін, елпек сөзге елігіп, жел сөзге желігіп кетпейтін, өз жоспар-жобасын екі өлшеп, бір кесетін салмақты тұлғаның ғылым-білім саласын ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде басқаруы оқу-ағарту саласының жұмысын реформалауда зор нәтижелерге жетеді деген ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген: Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz