Динара БІТІКОВА. Дағдарысты дабыралатып қазақтарды «қаңғыртуға» болмас
Қара базарда «қаңғырып», жүдеп-жадап «жетімбұрышта» жүретін апталдай-апталдай қазақ жігіттерін көрген сайын қарадай қысыласың. Бұл жалпы Астана базарларына ғана тән емес, еліміздің қай қаласына барсаң да жиі кездесетін құбылыс.
Кейде солардың әбден күн қақтаған қап-қара жүздерін көргенде Африкадан адасып келіп жүргендер ме деп, шатасатының да бар! Кім білген, қазіргідей қаржылық дағдарыс кезінде «адасушылар» мен «алдаушылар» аз емес қой. Бірақ бұлар ешқандайда Африка емес, ауылдан келген кәдімгі қара домалақ қазақтар! Бұрын қазаққа айтылатын теңеу – «қара домалақ» деуші едік… бірақ, әлгіндей жүдеу жүздер домалақ дегеннен гөрі «қара тырықтар» дегенге дөп келетін сияқты. Екі қолға бір күрек таппай, базар маңында әйтеуір бір тірлік табылар деп тұратын топ жігіттің және өзі бәрі қазақ.
Дағдарыстың салдарынан тоқтап қалған құрылыстың қаншама жұмыскері қазіргі күні тентіреп жұмыссыз қалғаны рас. Міне, «жетімбұрышты» жағалап жүргендердің де көбісі – сол алғашында Астананың қызу құрылысына қатысамыз деп ауылдан ағылып келгендер. 98-дің сұрапыл тоқырауынан тұралап қалған ауылдарға Астана шынымен де әжептәуір азық болған еді. Сол жылдары ауылдағы ағайын баласының жолына деп қорадағы соңғы сиырын сатып Астанаға аттандырып жатты. Қала құрылысына қолы тиіп, ауылдағы ата-анасын асырағандар да аз болмады. Бірақ сол кездердің өзінде «қала құрылысы қашанға созылар дейсің», «құрылыс өндіріс емес, бұл да бітер, баламыз сосын қайтпек?» деп алаңдайтындар да болған. Алайда, олар қаржылық дағдарыстың бұрқ ете қаларын болжады дейсің бе?! Күнделікті тапқан-таянғанына мәз болып, тым болмаса сырттай болса да жоғары білім алып қалуды қапыларына да алмаған жастар үнемі құрылысшы боламыз деп ойлады ма екен?! Бірақ, бүгінгідей екі бүйірден қысқан дағдарыс табақтай дипломың тұрмақ, 20-30 жылғы тәжірибеңе де қарамастан жұмыссыздықпен жолдас қыла салады. Қазір «Ақысыз демалыс», «штаттың қысқаруы» деген үрейлі тіркестерден тітіркенетін болдық.
Жасыратыны жоқ, еліміздің экспорт жағы мәз емес. Отандық кәсіпорындар легі де оңбай тұр. Ал мұның бәрі қымбатшылыққа ұрындырды. Сондықтан да, бүгінде елдің әлеуметтік жағдайы жақсы деу шындыққа жанаспас. Оның үстіне, республика халқының 39,7 пайызы орташа жалақы алады екен. Ал агроөнеркәсіпті жетілдіріп отырған ауылдар саусақпен санарлық. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы деректер бойынша, өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің төмендеуі 4,6 пайызды құраған. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 0,2 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 11,8 пайыз, электр энергиясын, газ бен суды өндіруде және бөлуде 6,7 пайыз болды. Металлургия өнеркәсібі мен дайын металл бұйымдары өндірісіндегі өндіріс көлемінің қысқаруы 15,3 пайызды құрады, оның ішінде қара металлургияда – 22,4 пайызды, түсті металлургияда – 9 пайызды, тамақ өнімдерін өндіруде 2,3 пайызды құраған.
Статистика агенттігінің деректері бойынша үстіміздегі жылдың мамыры айында Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 7,4%-ды құрап отыр. Бірақ, бұл көрсеткішпен келіспейтіндер де бар. Өйткені, дағдарыс деп дабырлаған мекемелер бүгінде қысқартудың соңғы шегіне дейін жетті. Көп жерде үш адамның жұмысын бір адам атқарып отыр. Ал оған көнгісі келмейтін жұмыскерге таңдау жоқ. Өйткені, қазір басқа жұмыс табудан гөрі, жұмыстан шығып қалмау мәселе басты орында. Ал, әлгі агенттіктің мәліметтері «табысты жұмысы болмаған, оны үздіксіз іздеген және оған кірісуге әзір болған 15 жастағы және одан асқан адамдар» деген тіркеудегі тізім санымен ғана анықталатынын ескерсек, шынымен-ақ, жұмыссыздар саны одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ, жұмыссыздардың санын дағдарысқа байланысты жұмысын мүлде тоқтатқан немесе жағдайы нашарлаған қаншама көсіпорындардың жұмыскерлері көбейтті. Мысалы, министрлік жүргізген мониторингке сәйкес, 2009 жылдың 1 қаңтарына шаққанда 25 кәсіпорын қызметін толық тоқтатқан, ондағы жұмысшылар саны 7229 құрайды екен. Ал жартылай жұмыс жағдайындағы кәсіпорындар саны – 234. Онда жұмыс істейтін 72196 адамның 28818-і мәжбүрлі еңбек демалысында немесе жартылай жұмыс уақыты режимінде еңбек етуге ауысқан. Ал бұл қаңтардағы мәліметтер екенін ескеріңіз.
Егер ресми деректерге жүгінсек, бүгінде республика бойынша еңбекке жарамды адам саны 6,9 миллионды құраса, олардың 2,7 миллионы ауыл тұрғындары көрінеді. Сол жұмысқа жарамды 6,9 миллион адамның 4,2 миллионы жалдамалы жұмыстарға жегілсе, қалған азын-аулағы лауазымды қызметтегілер. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, жұмыссыздықтың белең алуы әлі алда деп отыр мамандар. Оған ағымдағы жылдың 1 сәуірінде енгізілген мемлекеттік қызметтегі бос орындарға орналасу бойынша жарияланған мораторий де өз үлесін қосуы мүмкін. Себебі, жарияланған мораторий жас мамандарды жұмыспен қамтуда аса ауыр жағдайға соқтырары сөзсіз. Өйткені, жұмыс тәжірибесі жоқ жоғарғы оқу орнының студентіне онсыз да жұмысқа орналасу оңайға соқпасы анық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жас жұмыссыздардың басым көпшілігі дәл осы алғаш рет жұмыс іздеп жүргендер екен. Жалпы елімізде жастар жұмыссыздығы келелі мәселеге айналғаны шындық. Мысалы, 2008 жылы Қазақстандағы 15-тен 24 жасқа дейінгі азаматтар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 7,4% пайызды құраса, ол жалпы жұмыссыздық деңгейінен 2,4% пайызға жоғары. Ресми деректер көзі биыл мемлекетіміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерді 323 мыңнан аса, оның ішінде 46,5 мыңы грантпен оқытылған мамандар бітіреді деп отыр. Ал, осы жазда «Болашақ» стипендиясының тарихында алғаш рет әлемнің ең беделді жоғарғы оқу орындарында білім алған 800-ден астам студент оралмақшы. Олардың басым бөлігі техникалық немесе мемлекеттік басқаруды игерген мамандар.
Жұыссыздық – жалпы біздің елімізде ғана емес, қаржылық дағдарысы кезіндегі барлық елді де есеңгіретіп отырған қауіпті дерт. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2009 жыл үшін экономикалық тарылудың салдарынан жұмыссыздықтың да арта түсетінін айтқан болатын. Ал бүгінде жаһандық экономика 2,6 пайыз тарылып отыр. Бұл көрсеткіш жылдың басынан бергі болжамдардың барлығынан жоғары. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, әлемдегі он миллиондаған адамды кедейшілік қинауы мүмкін. Тек бұл көрсеткіштің біраз бөлігін біздің еліміз еншілеп кетпесін деп тілейміз.
Көршіміз Ресейде де жұмыссыздық деңгейі биыл соңғы 9 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті. «Ресей статистика» агенттігінің мәліметтері бойынша сәуір айының соңында елдегі нақты жұмыссыздық көрсеткіші 7,7 миллион адамды құраған, бұл экономикалық белсенді халықтың 10,2 пайызы. Ал Еуропада жұмыссыздық 10 пайыздан асып кетті. Англияда жұмыссыздар екі миллионға жетіпті.
Дамыған мемлекеттерде жұмыссыздық қаржы саласының қызметкерлерін қамтыса, дамушы мемлекеттерде шикізатқа әлемдік сұраныстың төмендеуіне байланысты осы саланың жұмыскерлерін қамтыған. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) болжамы бойынша әлемде 2009 жылы жұмыссыздар саны 50 миллионға жетсе, оның 23 миллионы Азия мемлекеттерінің тұрғындарына тиесілі делінген. Испанияда да 2000 жылдың шарықтау шегін аттап, былтырғы жылдың соңында мемлекеттің жұмысқа қабілетті тұрғындарының арасында жұмыссыздық көрсеткіші 13,91% өскен. Испаниядан кейін Словакия мемлекеті тұр – 10 пайыз. Соған ұқсас жағдай Чехияда да 5,3 пайызды көрсетті. Қытай мемлеке-тінде де жаппай жұмыссыздық, ресми тіркелген жұмыссыздар саны АҚШ-тан бес есе көп.
Азуы алты қарыс елдердің өзі жұмыссыздықпен жағаласып жатқанда біздің елдің мәселесі орынды екен деуіңіз де мүмкін. Ол да дұрыс. Бұл тұрғыдан біздің құзырлы орындар қол қусырып отырған жоқ. Мәселен, Үкімет осыдан екі жыл бұрын республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік нысандар салу арқылы халықты жұмыспен қамту, несиелендіру тәжірибесін кеңейту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту тәрізді толып жатқан жұмыссыздыққа жүген салатын бағдарламаларды қабылдады. Тіпті, ағымдағы жылдың аяғына таман Қазақстанда жұмыссыздық азая бастайды деп мәлімдеген еді ҚР үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев Президенттің қатысуымен өткен дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуы жөніндегі кеңесте. «Республика экономикасында 2009 жылғы I тоқсанда 7,8 млн. адам жұмыспен қамтылды. Жыл аяғына дейін әлі 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасуы тиіс» дейді мәліметтер. Бірақ мұның бәрі, Елбасының алдында ақталуды көздеген жалаң деректер болмаса игі. Елімізде дағдарыспен күрес шараларына Елбасының қолдауымен қыруар қаржы бөлініп, елдің әлеуетін көтеруге барынша күш салынып жатыр. Бірақ, бұл қаржы жергілікті басшылардың «берекесіздігінен» тиісті жерлеріне жете алмай жататыны да жасырын емес. Басшылыққа істен гөрі, есеп көрсетіп үйреніп қалғандардың «қылығын» кейде халықтың қазіргі көз алдымыздағы жағдайы жайып салып жататыны да шындық. Дегенмен, дағдарыс кезінде жұмыссыздықтың ушығуы заңды да. Бірақ, бізде дағдарысты дабырлатып, одан өз мүддесін түгендеп алып жүргендер де аз емес. Жалақыны азайтып, жұмыс талабын көбейтіп жатқандар жұмыскерлердің құқығын қорғауға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, ең бастысы – шетінеп, шетте қалатындар да алдымен баяғы қазақтар. Қара жұмысқа салынып, маңдайы терлеп жүргендер де өзіміздің қандастар! «Жетімбұрышта» жетімсіреп тұрғандар да қазақтар! Қалай болғанда дағдарыс деп қанша дабырласақ та, айналдырған 15 миллион халқы бар байтақ дала Қазақстанда қазақтардың ғана қара базарда «қаңғырып» жүргені қынжылтады.
Динара БІТІКОВА
«Ел» ұлттық қоғамдық-саяси, экономикалық апталығы