Жұма, 29 Наурыз 2024
Тарих 12050 11 пікір 18 Қаңтар, 2021 сағат 14:55

316-атқыштар дивизиясының 70%-ы қазақтар болатын

316-атқыштар дивизиясы 1941 жылдың жазында (маусым айы) Алматы қаласында жасақталды. Генерал И.В.Панфиловты сол кездегі Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Фрунзе қаласынан (қазіргі Бішкек) шақыртып алып, (Қырғызстанда гарнизон командирі болатын) Алматыда арнайы дивизия жасақтауға кеңес берді.

Сонымен қатар, соғыс кезінде Қазақстанда басқа да біраз дивизиялар құрылған болатын. Алматы түбіндегі Талғар ауданы аумағында  дивизия құрамындағы әскерлер бірнеше ай бойы жаттығудан өтіп, осы жылдың 17 қыркүйегінде эшелонға тиеліп майданға аттанып кетті. Дивизия құрамының 70 пайызы қазақтардан тұрды, қалғандары – орыс, қырғыз, ұйғыр, дүнген, татар, тағы басқа ұлт өкілдерінен тұрды.

316-атқыштар дивизиясы алдымен қоршаудағы Ленинград түбіне түсірілген еді. Бірақ, Иосиф Сталин жағдайдың қиындап, жаудың Мәскеу түбіне таяп келгендігіне орай, Қазақстанда жасақталған дивизияны жеделдетіп бері  алдырып, маршал К.Рокоссовскийдің қарамағындағы 16-армияға қосты. Мұндағы әскер жауды сай-саламен, сондай-ақ орманмен келетін болар деген оймен, 16-армияның құрамына кіретін барлық дивизиялар, бөлімдер және соғыс техникалары осы орман мен сайларға орналастырылған болатын .

Шынында да, немістер Мәскеуге соғысты осы бағыттан бастаған еді. Жаудың ойы Мәскеуге тура апаратын жазықта орналасқан Волоколамск ауданы және ондағы Дубосеково трассасына көп көңіл аудармаған еді. Олар, орыстар әскерінің көбін сол жазық далаға орналастырған болар деген пікірде болатын. Волоколамск ауданына жаңадан келген алматылық 316-атқыштар дивизиясын маршал Рокоссовский 44 шақырымдық (километр) ашық далаға орналастырды. Мәскеуге баруға ұмтылған жау орман, өзен, сай-саласы мол бағыттан қатты қарсылық көріп өте алмаған соң (бұл араларда  Рокоссовскийдің дивизиялары мен соғыс техникалары орналасқан еді) фашистер Волоколамск бағытына барлаушылар жіберіп, Мәскеуге таяу орналасқан ауданның және Дубосеково жолының ашық жатқанын білді, сондай-ақ жақында ғана келіп орналасып жатқан бір дивизия ғана барын анықтады.

Ерте қимылдамай, өздерінің алданып қалғанын біліп қатты өкінді. «Әскерді баяғыдан осы бағытпен жібергенде, Мәскеудің табалдырығынан өтіп кетіп, орыс көшелерінде ойран салып жатар едік-ау» деп олар өкінді. Сөйтті де, Мәскеуді алуға арналған барлық күшті және техниканы Волоколамск бағытына дереу аударды. Сөйтіп, жалғыз дивизия орналасқан аумақты бірнеше сағатта тас-талқанын шығарып, тас жолмен танкілерді Мәскеуге кіргізіп жіберуге ұмтылды.

Бірақ көресіні осы жалғыз Қазақстандық дивизиядан көрді. Орыстардың Сібірде жасақталып жатқан дивизияларынан әлі хабары жоқ болатын. Немістер бірден үш жаяу әскер дивизиясын, сонымен қатар, бір моторлы техникалары бар дивизия мен 700-ге тарта танкісі бар дивизияны тез арада осы  Волоколамск ауданына аударды. Басқа дивизияларын да осы бағытқа тездетіп жинақтай бастады. Қазан айының ортасына таман Мәскеуді алуға арналған барлық күш осы азиялық жалғыз дивизияны неғұрлым тез таптап өте шығуға жабыла кетті. 

Кейіннен қолға түскен жаудың бір офицерінің қалтасынан табылған хатта,  үйіне былай деп жазған екен (аты- жөні Кромер): «2 қазан күні Мәскеуге кіреміз деп ойлап едік, соған дайындалып жүргенбіз, алдымыздағы өңкей азиялық елдің адамдарынан құралған дивизияны құртып жібере алмай тоқтап қалдық. Өздері қырылып жатса да шегінбейтін біреулер екен. Әскеріміздің жүрегі қайтып қалған секілді. Бірақ фюрердің бұйрығын алдық. Осы маңайдағы  Мәскеуді алуға жинақталған 28 дивизияның барлығын осы бағытқа жіберуге бұйырған екен. Мүмкін, осы күшпен жарты күннің ішінде бұларды таптап өтерміз. Келесі хатты Мәскеуде жазармын» депті (Ф.Селиванов «Панфиловцы»). 

Панфилов дивизиясындағы әрбір рота мен взводта танктерге гранат лақтырушылар тобы ұйымдастырылды. Бұған жүректі, күшті азаматтар іріктеліп алынды. Гранаттар мен жанғыш заттар соларға берілді. Қиян-кескі соғыстар жүріп жатты. Мысалы, аға лейтенант Райкиннің окоптарына бірден 40 танк лап қойды. Оларға ілесе немістердің жаяу әскерлері келеді. Танкілердің бірі солдат Төлеқабылов (Алматы облысының тумасы) жатқан окопқа таяп келді. Ол ұшып тұрып, граната лақтырды. Жарылған граната танкінің ішіне түсіп, гүрс еткен дауыс естілді. Міне, оған екінші танк таяп келіп қалды. Төлеқабылов жандырғыш сұйық зат құйылған бөтелкені лақтырды, танк өртеніп кетті. Ержүрек жауынгерге қарай үшінші танк келе жатты, ол тағы да граната лақтырды. Өзі де ауыр жараланды. Тағы бір танк қасына келіп қалды. Төлеқабылов лақтыруға шамасы келмей гранатаны бауырына қысып ұстап, танкінің шынжыр табанының астына барып құлады.

Дивизиядағы гранат лақтырушылардың тобы негізінен қазақ жігіттерінен құралған болатын. Олар өздеріне берілген тапсырманы ерлікпен орындап шықты. Бірақ бірде-біреуі тірі қалмады. Қайран азаматтарға Кеңес Одағының Батыры атағын ешкім ұсынған да, берген де жоқ. 

Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбінде Сібірден келетін дивизиялар осы араға жеткенше, бір айдан аса уақыт жаудың сұрапыл күшін бір өзі ұстап тұрды. Кейіннен бұл дивизияға Гвардия атағы беріліп, Сібірден келген әскермен толықтырылса да, бұрынғы дивизиядағы қазақ жауынгерлерінің көпшілік бөлігі қаза тапқан еді. Бұл кезде орыстың қаhарлы қысы да келіп жеткен болатын. Герман техникалары және әскерлері қатты аяздан шабуылға шыға алмай, техникасы қатып, әскерінің біраз бөлігі үсіп кеткен болатын. Сонда Мәскеу кімнің арқасында аман қалды және оны  қанын төгіп, кімдер қорғап қалды?! 

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618