Дүйсенбі, 2 Қараша 2026
Бұ не мазақ? 169 0 пікір 2 Қараша, 2026 сағат 14:22

Қостанайға Бородин көшесі керек пе?

Суреттер: ng.kz сайтынан алынды.

Менің қолыма Кеңес заманындағы қоғам қайраткері, партия-кеңес қызметтерінің ардагері, Социалистік еңбек ері Оразалы Қозыбаевтің 1995 жылы «Атамұра баспасынан жарық көрген «Тыңдағы күндер» атты шағын кітабы түсті.

Сол кітаптың 96-бетін оқығанда ойыма тәуелсіз елдің тәуелсіз Қостанай атты қаласында неге Андрей Бородин атындағы көше бар деген заңды сұрақ туындады.

Оразалы Қозыбаевпен әңгімесінде ол былай дейді: «Түбі солтүстік облыстар Ресейге қосылғанда, Торғай Қазақстанға қалады. Ол облыстың қазағы көбірек болады, бізден жұмыс таба алмаған қазақтар сонда барып орналасуы мүмкін. Ал мұнда Қостанайды таза орыстар, украиндар тұратын облыс жасаймыз. Мына сенің орныңа орыс пен қазақты айырмайтын, тізгінге таласпайтын адам алмасам, мен үшін сен қауыптірек болдың...», - деп ашық ойын білдіріпті. Ол кезде Оразалы Қозыбаев облыстық партия комитетінің екінші хатшысы екен.

Ал сол Бородин1959 жылдан бастап жиырма жылға жуық, 1981 жылға дейін облыстың саяси басшылығында отырды. Оның іс-әрекеттерін жанында жүрген әріптестері әртүрлі бағалады. Шаруашылық басқарудағы іскерлігімен қатар, жеке басының кемшіліктері де шаш-етектен болды.

Біріншіден, барлық мәселені тек Москва арқылы шешті.

Екіншіден ұлттық кадрлердің өсуіне кедергі жасады. Кейбір кеңшарларды орта білімді орыс ұлтының өкілдері басқарды. Жоғары білімді қазақ мамандары басқа облыстарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Тың аймағындағы МТС, кеңшар директоры сияқты басшылық жұмыстарға сырттан келген мамандар тағайындалды. Орталық комитеттен бастап аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметіне дейін орталықтан жіберілді.

Үшіншіден қазақ руханиятының дамуына үлкен кедергі жасады. Ыбырай Алтынсариннің мұрындық болуымен Арақарағай болысының қазақтары салдырған мектеп ғимаратын тас-талқан етуге себепші болды.

Курск облысының бір деревнясында 1912 жылы туған бала-жігіт өз елінен пана таппай, техникум бітіргеннен кейін Қостанай облысының бір шошқа өсіретін шарушылығында жұмыс істеген. Қазақ жерінде министр дәрежесіне дейін көтерілген. Соншама қазақтан не жаманшылық көрген!

Бұрынғы 19-тамыз көшесін 2001 жылы Бородин атына берген. Ол кездегі қала әкімі Ленивцев Виктор болған.

Еліміз тәуелсіздік алғанымен көшелеріміз бен елдімекендеріміздің атаулары әлі күнге дейін отаршылдықтың құрсауынан шыға алмай келеді. Қостанай басшылары соңғы бес жылда бір-екі ғана көшенің атын өзгертті. Ел арасында Қостанай қазақыланбай тұр деген сөз желдей есіп тұр. Рудный қаласындағы жанжал өрши түспесе, басылмай тұр. Әлеуметтік желіде қанша айтылса да облыс басшылығының осы мәселеге көңіл аударатын түрі жоқ. Өз туған халқының көңілін таппайтын басшының ел арасында қандай беделі бар деген сұрақ ел ақсақалдарын мазалайтыны жасырын емес.

Қостанай облысы тарихында біз тапқан 142 тұлғаның тізімі бар. Өлкемізді «алыптар мекені» деп айта аламыз. Елдес, Сейдәзім, Серәлі, Елубай, Қапан, Хакімжан, Сәбит, Ғабит.Мұқамбетжан Сералин, Мұқамбетжан Қарабаев, Ілияс Омаров.Кейкі аталарымыздың есімдері көше атауына сұранып тұр. Соны түсінетін әкім болса.

Аманжол Күзембайұлы

Abai.kz

0 пікір