Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3898 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 20:11

Қазақтың бір қызы бар Қапаш атты ...

 

 

Қасиетті қазақ даласының дарабоз ұлдары мен қыр гүліндей қыздарының арасында қазақ деген атауға есімін қосып айтуға болатындары бір төбе. Солардың бірі – Қапаш, әнші Қапаш. Қазақтың Қапашы!
Бір кезде Набат Айдәулетова екеуі қазақ өнерінің көгілдір аспанында қос жұлдыздай жарқ етіп шыққандары күні кеше ғана сияқты еді. Зымыраған уақыт-ай! Содан бері қырық жыл өтіпті. Сол бір жылдары «Гүлдер» ансамблінің құрылғаны жайында бүкіл газет-журналда жазылып, радио мен теледидардан хабарлар беріліп жатты. Қос аққудың үніне тамсанбаған, таңдай қақпаған, сүйсінбеген жан қалмады десе де болады.
Қазақтың киелі домбырасын ұстап, сахнаға шыққан аққұба өңді, дөңгелек жүзді ботагөз қыздың майда қоңыр мақпал даусы жұртты сол кезде-ақ бірден баурап алған еді. Ол – қазір есімі елге танымал болып отырған, домбырамен әнін тек өз даусымен айтатын, фонограмма дегеніңді мойындамайтын Қапаш-тұғын... Қапаш Қабыкенқызы Құлыш – әнші, қырық жылға жуық ән салып, қазақ өнеріне бір кісідей еселі еңбек сіңірген жан. Ал енді оның өнердегі өнегелі де өміршең еңбек жолына көз жіберер болсақ, ол былай өрілер еді:
Көкшенің қалың елі Жеңіс күнінің жыл сайынғы мерекесін кезекті рет тойлап жатқанда дүниеге келген Қапаш көп балалы отбасының үлкені екен.
Кіндік қаны тамған жері – көрікті Көкшенің Дөңгілағаш деген ауылы. Осындағы бастауыш мектепті, содан кейін Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебін бітіріп, республикалық эстрада студиясына оқуға түскен. Қазақ өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі Гүлжиһан Ғалиеваның кеңесімен Ғарифолла Құрманғалиевтің класы бойынша студияны 1969 жылы тәмамдаған Қапаш сол жылдың қазан айының бастап жаңа құрылған «Гүлдер» ансамблінің әншісі болып қабылданған. Міне, содан бері Қапаштың бір өзіне ғана тән, тек өзіне ғана жарасымды әдемі әлемі – ән көші жалғасып келеді.
Алғашқы үлкен табысының бірі – Бостандық аралы атанған Кубаның астанасы Гавана қаласында өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік 2-фестивалінің лауреаты атануы. Бұл – 1978 жыл болатын.
Келесі жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағына ие болды. Кеңестік дәуірде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қапаш қоғамдық жұмыстар атқаруға да уақыт таба біліп, еліміздің әсем табиғатын қорғау ісіне үлес қосып келеді. Қазақстан Республикасының Халықаралық қоғамдық «Экология» академиясының академигі (29 қараша 2001 жыл). Осы академияның экология және мәдениет мамандығы бойынша толық мүшесі болып сайланған. Ал ең басты табысы – елінің еркесіне, халқының сүйіктісіне айналғаны.
Қапаш концерттік сапармен Еуропа, Азия, Америка құрылықтарының 36 елінде болды. Алғашқы шетелдік сапары Үндістаннан басталған (1967). Содан кейін Германия, Сирия, Франция, Америка Құрама Штаттары, Жапония, Португалия, Грекия, Малайзия, Сингапур, Пәкстан, Шри-Ланка, Бирма, Югославия, Финляндия, Швеция, Норвегия және тағы басқа елдерде даламыздың дархандығын, халқымыздың құдыретін ән арқылы танытты.
Осынау сапарлардың ішіндегі ең бір есте қаларлығы – 1986 жылы Парижде, сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында атақты Әміре ән салған сахнаға қазақтың домбырасымен шығуы еді. Әміре тартқан домбыра үнін көне көз француздар ұмыта қоймаса керек. Орындарынан тұрып, көпке дейін отырмай қол соғып, қошаметтеп, Қапашқа қайта-қайта ән салдырған!
Қапаштың репертуары өте бай. Әсіресе Үкілі Ыбырайдың «Сұлу Көкшесі» мен «Қалдырғаны», Мұхиттың «Ақеркесі», Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта», «Тау ішінде» әндері Қапаштың орындауында ерекше бір екпінмен, сырлы да сұлу сазбен құлаққа жағымды естіледі. Бұл әндерді басқа әншінің орындауында көзге елестету қиын-ақ. Ал оның репертуарындағы халық әндерінің орны, әрине, ерекше. Олардың ішінен «Жиырма бес», «Замандас», «Бұлбұлым», «Жез киік» әндерін айрықша атауға болар еді.
Қапаштың орындаушылық өнерінің бір ерекшелігі Атырау, Арқа, Жетісу мақамдарын шебер меңгеруі дер едім. Мұның өзі әншінің Арқа жерінде өсіп, атақты Ғарекеңнен тәлім-тәрбие алып, Жетісу жерінде еңбек еткенінен де болар, сірә.
Қапаш кезінде Халық әртісі деген атаққа бірнеше рет ұсынылған. Қазір ондай атақ жоқ. Ал халықтың, әсіресе өнер сүйер қауымның жүрегінде ол әрқашан халықтың өнерпаз қызы болып ұялаған.

 

 

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, Алматы қаласы әкімдігінің «ТІЛ» оқу-әдістемелік орталығының бас маманы
«Айқын» газеті 1 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3232
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341