Қалабаев Заманбек Нұрқаділұлы...
Ел шулап жатқаннан соң, Заманбек Нұрқаділовтың туыстарының шежіресін қарап шықтым. Содан ұққаным мынау!
Қалабайдан Кебекбай, Байқожа, Нұрқожа атты үш ұл туған.
Кебекбайдан - Нұрқаділ, Нұрқаділден - Заманбек тарайды.
Демек, Қалабай деген Зәкеңнің әкесінің емес, арғы бабасының аты. Құжат қате толтырылып, тегі мен әкесінің аты ауысып кеткен.
Дұрысы былай:
- ЗАМАНБЕК (бала)
- НҰРҚАДІЛ (әке)
- КЕБЕКБАЙ (ата)
- ҚАЛАБАЙ (баба)
Албандар шежіресінде де, Қоңырбөрік Тамалар шежіресінде де осылай тарқатылған (дұрысын бір Алла біледі).
Ал, сырқат Рая анамыз Қалабай бабаның тағы бір ұлы Байқожадан (Қалабайдың бел баласынан) туған қыз.
Рая апай - Қалабайға немере.
Заманбек аға - Қалабайға шөбере.
Қазақы жолмен қуаласаң, сырқат кісі Зәкеңнің емес, Нұрқаділдің қарындасы болып шығады.
Құдайбердінің баласы Шәкәрімнің жасы Абаймен қарайлас болды ғой. Дәл сол сияқты Зәкеңнің жасы кіші әкесінің кей балаларынан үлкен болып тұр.
Демек, Рая анамыздың көзімен қарасаң Зәкең екеуінің арасы екі ата аралап барып қосылады.
Ал, Заманбек ағаның ұрпағы үшін арада үш ата бар.
Нұрқаділ соғыста қаза тапқан соң, анасы Панаргүл мен Заманбекті алып, нағашыларына көшіп кеткен.
Енді әмеңгерлік мәселесіне келсек... Қазақ салтында бауыр бауырының әйеліне әмеңгер бола алады. Ал, кіші әкесі (Байқожа) баласы Нұрқаділдің (ағасы Кебекбайдың ұлы) жесірін әмеңгерлікке алуға хақысы жоқ.
Сондықтан анығына көз жеткізбей жатып, «туған бауыры» деп шулаудың қажеті жоқ-ау! «Туған бауыры» болған күннің өзінде оны араға ондаған жылдар салып, үй алу мақсатында жария етудің не керегі бар?
Зәкең нағашыларының қолында өскендіктен, өз туыстарын кейіннен тапса керек.
Рас, елді дүбірлеткен сұхбатты көріп шықтым. Дереу көпке қосылып, аз-маз ақша аудардым. Ұлтым деп шейіт кеткен арда азаматтың туысының жағдайы жүректі ауыртты. Зәкең қазіргі шенділердей парақор болса, жақындарын үлде мен бүлдеге орап тастар еді ғой деп те ойладым. Бұл бір.
Екіншіден, Зәкеңнің жамағайын қарындасының үйсіз-күйсіз жүруі Заманбек Нұрқаділұлының арының қандай таза екеніне тағы да жария дәлел болды.
Сұхбатта Зәкең жамағайын Рая қарындасына кішкене қызмет ұсынғаны (төменнен баста десе керек), оны қарындасы қабыл алмағаны, кейіннен аудан басшыларына хабарласып, жұмысқа тұрғызғаны айтылып қалды. Бұл да Зәкеңнің қандай әділ һәм жанашыр адам болғанын айғақтай түсті деп ойлаймын!
Демек, әл-әзір бүлінген ештеме жоқ. Тек туыстары тарапы «біз оларға жәрдемдесіп тұрамыз, бізді неге қаралайды?» деп өкпелеп жатқанын байқап қалдым. Ер-тоқымды бауырыңа алып тулағанмен енді ештеңе өзгермейді. «Өзін-өзі үш рет атты» деген жалаға да шыдаған халықпыз ғой! Бұл да, өтеді, кетеді, ұмтылады...
Бастысы, ел болып, жәрдем беріп жатыр. Менің білуімше, үй алатын қаржы да жиналып қалса керек. Сырқат анасын бір өзі қарап жатқан келіншектің де жағдайын түсінейік. Оның басты мақсаты үй алу болғаны көрініп тұр. Алсын! Құтты қоныс болсын!
Бірақ деймін де, елдің санасына көп күдік ұялатпай сол үйді әруақтың атын саудаламай да алуға болмас па еді?
Мені осы сұрақ мазалайды?
Сіз қалай ойлайсыз?
P/S... Зәкеңнің жеті атасы мынандай:
- ЗАМАНБЕК
- НҰРҚАДІЛ
- КЕБЕКБАЙ
- ҚАЛАБАЙ
- ДОҢБАЙ
- БАЙҚҰЛАҚ
- САСЫҚ
- ҚАНГЕЛДІ
- БҰҚАР
- ТАМА
- ЖАРМАН
- ҚОҢЫРБӨРІК
Қанат Әбілқайырдың Facebook желісіндегі жазбасы
Abai.kz