Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Дабыл 12376 14 пікір 4 Ақпан, 2021 сағат 12:38

Ресей азаматы Шымкентте қалай шенеунік болды?

Қос азаматтығы бар азамат біраз уақыттан бері Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып келген. Бұл туралы ҚР Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.  

Оның айтуынша, аталған мекеменің басшысы Олег Почиваловтың Қазақстаннан бөлек Ресей Федерациясының да азаматы екенін анықталған.

Айгүл Орынбек ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы әрі Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Көмекбаевтың қала әкімі М.Әйтеновке жазған хатының көшірмесін жариялады.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өндірісіндегі құжаттарға сәйкес, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы О.Почиваловтың Ресей Федерациясы азаматтығына қатысты Шымкент қаласы Полиция департаменті сұраныс хат жолданған болатын.

03.02.2021 жылы №154 кіріспен Шымкент қаласы Полиция департаментінен жауап хат келіп түсті (қосымша тіркеледі).

Жауап хатқа сәйкес Олег Почиваловтың Ресей Федерация азаматы болып табылатыны және 20.01.2021 жылы Шымкент қаласы Полиция департаментіне Қазақстан Республикасы азаматтығынан айыру жәйіті тіркелгендігі туралы мәлімет келді.

ҚР «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі туралы” Заңы 61 бабының 10) тармағына сәйкес, Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан азаматтығының жоғалтуы мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болып табылатынын хабарлаймыз», – делінген қызметтік хатта.

Өткен жылдың желтоқсан айының ортасында бірқатар әлеуметтік желі парақшаларында шымкенттік шенеунік Олег Почиваловтың Ресей елінің азаматы екені туралы ақпарат тарап, тіпті кейбір құжатының көшірмесі жария етілді. Онда Олег  Почиваловтың тұрғылықты жері Мәскеу екені, ал «азаматтық» бағанында «Ресей Федерациясы» деп жазылғанын көруге болады. Алайда спорт басқармасының өкілі бұл ақпаратты теріске шығарды.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында «егер мемлекеттік қызметші немесе квазимемлекеттік мекеменің басшысы қос азаматтық алса, олар қызметінен босатылады», деп мәлімдеген.

Ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди бұқаралық ақпарат құралдарында тек 2020 жылдың 11 айында мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі азаматтықтың 431 фактісі анықталғанын айтқан.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963