Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 4958 12 пікір 12 Ақпан, 2021 сағат 14:27

C, X, W таңбалары туралы

«C, X, W таңбалары цитаталық принциппен жазылатын шеттілдік сөздерде қолданылады». Неліктен осы C, X, W таңбалары жаңа әліпби нұсқасында айрықшаланып берілді?

Оның негізгі себептерінің бірін шеттен енетін түрлі марка, бренд атауларының әліпби ауыстыру туралы әңгіме қозғалмастан бұрын шеттілдік нұсқасымен өзгеріссіз жазыла бастағанынан іздестіру керек. Осындай шыққан тілінің түрі мен қалпы сақталатын, өзгенріссіз алынатын шеттілдік сөздер БАҚ-та, визуалды ақпарат құралы саналатын теледидарда, әдеби-көркем журналдарда, тіпті аударма әдебиет пен оқулықтарда, көшедегі жарнамаларда, маңдайшаларда да кездеседі. Әсіресе қалаларда осындай атаулардың аяқ аттап басқан сайын кездесіп отыратыны рас.

Мысалы, қазақ тілінің көркемдігін, байлығын паш етуге қызмет ететін әдеби-әлеуметтік «Жұлдыз» журналының өзінде де осылай жазылу үрдісі бар: «Алматылық музыканттарды қолдау үшін арнайы платформалар құрылып, өнімдері iTunes, Yandeх, Spotify  тағы да басқа заманауи цифрлы құралдар арқылы таратылатын болады» (Жұлдыз, 2019, №11, 176-б.).

«Оның дамуы әлеуметтік желілер мен блог-платформалар танымалдығының артуына да тікелей серпін берді. Youtube, Instagram, TWitter секілді тиімді контент құрып, жақсы табыс табуға мүмкіндік береді» (Жұлдыз, 2019, №11, 177-б.).

Бұл мысалдар жетілдірілген әліпби талқылауға ұсынылмастан бұрынғы журналдың нөмірлерінен алынып отыр. Мұнда көпке танымал Twitter, Yandeх сияқты атаулардың сол күйінде алынғаны көрініп тұр. Осылай жазуға көз үйренген, ал атаулардың танымалдығы артқан үстіне арта түскен. Бұл арада сөз-образ ғана емес, көз-образ да үлкен рөл атқарып тұр. Аталған фирмалар үшін бұл қолайлы және тауарының танымалдығы мен тауарының өтімділігін арттыру үшін керек.

Екінші себеп алғашқы себептен келіп туындайды: әр түрлі тілдердің иелері (тұтынушылары, елдер, мемлекеттер) арасындағы экономикалық, саяси және мәдени байланыстардың нығаюы, жаппай компьютерлендіру, ғылым мен техниканың дамуы мен техникалық құралдардың қолжетімді бола бастауы, жалпыға таралуы тілдегі шеттен енетін сөздерді көбейтеді. Ал кірме сөздің мән-мағынасын, сыртқы тұрпатын толық жеткізумен байланысты бренд, марка атауларының өзгеріссіз жазылуы дағдыға айналады. Сондықтан жобада C, X, W таңбаларымен жазылатын белгілі маркалар, бренд атауларын сол күйі көшіріп алу, яғни мәтінде де, жеке тұрғанда да цитаталық принциппен жазу ұсынылған.

Әлемге белгілі бренд атауларын цитата сияқты өзгертпей жазу үрдісі көп тілдерде бар құбылыс. Бұл атауларды гибридтер деуге болады, себебі оларға қазақ тілінің қосымшалары жалғанады, мысалы: Yandeх-тен,  Word-пен, Соса-Соla-ның  т.б.   

Бағдан Момынова, 

филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437