Ашаршылықтың себебі аз емес...
Дүние жүзіндегі бірінші социалистік ел - жас КСРО тірлігінде небір қияметтер болды десек, соның бірі - 1921-жылдан басталып, 1933-жылмен аяқталған ашаршылық. Ол нәубет негізінен табиғаттың тарынуынан болады. Зерттеушілер, мысалы, Ресейде қуаңшылықтан астық шықпай қалған: 1891-жылы – 2 миллионға жуық, 1900-1903 жылдары – 3 миллион, 1911-жылы – 2 миллион адам өлгенін анықтады.
1921-жылы Ресейде сұрапыл аштық басталғанда В.Лениннің барша жұртшылықтан көмек сұрап ашық хат жазғаны мәлім. Сол жанайқайға құлақ қойған біздің ел де шамасынша көмектесті. Арал балықшылары Волга бойындағы жұтаған жұртқа тонналап балық жөнелтті. Ол ашаршылық Ресейдің 34 провинциясын қамтып, 5 миллионға жуық адам көз жұмған. Сол жылғы және бергі жылдардағы аштық туралы жазғандар оның себебі: ұжымдастыру оң жүргізілмеді; астық дайындау бақыланбады; мал есебі қадағаланбады; ауыл-село халқы қуғындалды, ол үшін Совет үкіметі, Коммунистік партия, И.Сталин кінәлі дейді. Иә, ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың көп жерде қысастықпен бейбастақ жүргізілгені рас. Ол жағдаят туралы ең алғашқы да құнды құжат - жазушы Михаил Шолоховтың 1933-жылы көкек айының 4-і күні И.Сталинге: «...Если все описанное мною заслуживает внимания ЦК, пошлите в Вешенский район доподлинных коммунистов, у которых хватило бы смелости, невзирая на лица, разоблачить всех, по чьей вине смертельно подорвано колхозное хозяйство района, которые по-настоящему бы расследовали и открыли не только всех тех, кто применял к колхозникам омерзительные «методы» пыток, избиений и надругательств, но и тех, кто вдохновлял на это. Обойти молчанием то, что в течение трех месяцев творилось в Вешенском и Верхне-Донском районах, нельзя. Только на Вас надежда», деп тұжырған батыл хаты.
Аталған аудандарды жұртшылықтың дабыл-тілегі бойынша үш ай аралаған М.Шолоховтың ол хатын оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Колхозға қарсы жергілікті қаскүнем белсенділер жасаған айуандықта шек болмаған.
Жазушыға жауабында И.Сталин өңірде соншама сорақылықтың болып жатқанын дәлелдеп жазғаны үшін оған алғыс айтып, хат ізімен Шкирятов бастаған комиссия барып тексеру жүргізетінін ескерткен.
Хатынан кейін өміріне қауіп төнген Шолохов жасырынып, Мәскеуге қашып барып, И.Сталиннің қабылдауында болған. Сөйтіп, аштық буған Дон бойының қасіретін көзбе-көз баяндап, жалпы ел жағдайын оңдауға тиіс үкіметтік шаралардың белгіленуіне үлкен үлес қосқан.
«Донның солтүстігіндегі аудандарда «колхозшылар талан-тараж жасап жатыр» деген жаламен колхозшыларды астықсыз қалдырған алаяқ басшы-қосшылардың айла-шарғыларын түбегейлі тексерген комиссияның деректері бойынша Кремль қатаң шара қолданды. Халықты аштыққа душар еткендер атылды» (М.Шолоховтың «Об истинном слове» мақаласынан).
Сол жолғы әңгіме соңында И.Сталин: - Михаил Александрович, үйіңізге қайтып баруға қорықпайсыз ба? - деп әзілдегенде М.Шолохов: - Иосиф Виссарионович, сіз қорғамайсыз ба? - депті.
...КСРО-да 1919-1922 және 1931-1933 жылдарғы аштықтан қырылған халық саны әлі де анықталған жоқ. Зерттеушілер аштыққа кінәлілердің бірі – Бүкілодақтық атқару комитетінің (БОАК) төрағасы Я.Свердлов (шын аты-жөні – Ешуа-Соломон Мовшович) дейді.
Ресейдің белгілі тарихшы-жазушыларының бірі В.Шамбаровтың «Я.Свердлов. Оккультные корни Октябрьской революции» кітабынан үзінді:
«...1918-жылы мамыр айының 20-күні Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің жоспарлы мәжілісі күнтәртібіне «Советтердің деревнядағы міндеттері» мәселесі қойылып, комитеттің төрағасы Свердлов (ол іс жүзінде Ленин мен Троцкийден кейінгі 3-әмірші болыпты, - автор) баяндама жасап, шаруаларға қатысты жаңа бағытты жария етті. Ол былай деді: «Біздің деревнядағы міндеттеріміз туралы мәселені қарауымыздың маңызы зор, біз онда не істеу керектің негізгі мақсатын көрсетуге тиіспіз... Біз қалалардағы ірі буржуазияны «өлтіре» алсақ та, деревняларда әлі де өйте алмай жүрміз... Сондықтан деревняда бір-біріне қарсы өшпенді екі топ жасау жайындағы аса маңызды міндетті шешіп, кедей көпшілікті кулактар әулетіне қарсы қоюымыз керек. Егер біз деревняны бітіспес жаулық пиғылдағы екі лагерьге бөле алсақ, егер араларына от салып, жақында ғана қалаларда болғандай азамат соғысын аша алсақ, егер деревня кедейлерін деревня кулактарына қарсы көтере алсақ, қалаларда істегенімізді деревняларда сонда ғана жүзеге асырамыз... Мен деревнядағы жұмысымызды жоғары деңгейде атқара алатынымызға күмәнданбаймын!».
Свердловтың «Жер туралы декрет» қабылданған сол мәжілістегі сөзі деревняға, шаруаларға қарсы құтырық жорықтың басталғанын айғақтады.
Л.Троцкиймен (Л.Бронштеймен) ымы-жымы бір Свердлов Жер мәселесі жөніндегі Халық комиссары Середа екеуі БОАК нұсқауымен құрылған «Селошаруашылық коммуналары» мен «Кедейлер комитеттерінің» 1918-жылы желтоқсанның 11-күні өткен құрылтайында деревняға еселеп соққы берді. Коммунаның бағдарламасы толықтырылып: «Коммуна мүшелерінің барлық мүлкі ортаға салынып, өздері казармаларда тұруға тиіс. Жалақы болмайды. Тамақты коммунаның асханасында ішеді. Балалары ұжымдық тәрбие орындарына беріліп, сонда өз күндерін өздері көретін болады», делінді («Қазақстанда кіші Октябрь революциясын жасамай болмайды!» деп аттандаған Филипп Исаевич (Шая Ицикович) Голощёкин Свердловтың досы, қолшоқпары болыпты).
Ал сталиндік ұжымдастырудың талабында («Большая энциклопедия»): «...Колхозшылардың үй-жайлары, қора-қопсылары, құрал-саймандары, ұсақ малдары, үй іргесіндегі кәсіби жер телімі өзіндерінде қалдырылсын» делінген. Яғни: ешбір отбасы «свердловтық сұрыптауға» ұшыратылмаған. Ол түзету Свердлов қайтыс болысымен (1919 ж.) жасалған.
Халықты Совет өкіметіне қарсы қою үшін жер-жердегі троцкийшілдерге бай-кулактарды қолдағы байлықтарын қорғауға, билікке бағынбауға астыртын үгіттеу туралы нұсқау берілгені сөзсіз. Бұлай деу себебім: журналшы жолым басталған жылдары «ашаршылық», «халық жауы» туралы жазуды ойладым. Ол сұмдықтар жайында санқилы сөздерді мен де естіп өстім ғой. Жазуды ауылымыздың көнекөз, кәріқұлақ ақсақалдарымен әңгімелесуден бастадым. Бес қарт бар еді, солардан естігендерім: ауданда «колхоздастыру» жүргізіле бастаған 1931-жылдың жазында біздің ауылға «ұжымдастыруды қолдау насихатын жүргізу үшін» келген қаратаяқ қазақ жігіт жұртты жинатып, «Совет өкіметінің коллективизация саясаты халыққа жақсы болатыны» жайында құлшына сөйлейді де, жиналыстан кейін, іңірде, Жамабек байды және алты орташаруаны оңашалап алып, оларға: «Совет өкіметінің беті жаман! Мен мұны сіздерге ғана айтып отырмын, көпшілікке айтуға болмайды, сотталып кетемін. Бұл өкімет «колхоз болу дұрыс» деген алдаумен малдарыңды түгелдей тартып алып, ортаға салады. Өйткеніне көнбегендеріңді жер шетіндегі итжеккен деген, мұз басып жатқан айдалаға айдап сорлатады! Ол ол ма, дүние-мүліктеріңе қоса қатындарың мен қыздарыңды ортақ етіп алады! Сол қиянатты көре бастаған ауылдардағы есті адамдар мынау іргедегі Қытай деген жайлы елге жасырын көшіп кетіп жатыр. Сендер де сөйтіңдер, кеш қалып жүрмеңдер!» деп шошытқан.
Жамабек байдың 300 шамалы жылқысы, 400-ге жуық қойы, 20 шақты сиыры бар екен, сол бірнеше күннен кейін жоқ болып кетіпті. Сөйтсе, малын алдына салып, керек жалшыларын алып, Қытайға түнделете жасырын өтіп кеткен екен... 31 үйлі ауылдың кедей-кепшік 19 үйі қалған да, басқалары Қытайға, Монголияға, Ресейге ауып кеткен, біраз малы барлардың кете алмағандары: «Қазақты құртатын Сәбетке бұйырғанша, ит-құсқа бұйырсын!» деп, малдарын сай-салаға апарып қырып салған, өзенге тастап, ағызып жіберген.
Бертінде жұмыс ретімен облыстарға іссапармен барып жүріп, уақытыма қарай қарттармен әңгімелескен кездерімде сонау ұжымдастыру сөз бола қалса: «Е, ол ұжымдастыру қазақтың малына қасқырша шапты ғой. «Сәбет өкіметі малыңа қоса қатының мен қызыңды да ортаға салады» деген сөз малы барлардың да, малы жоқтардың да жанын түршіктірген. Ойға келмейтін сұмдық қой?! Содан шошыған байлардың бәрі, кейбір орташалар да Қытайға жасырын көшіп кеткен де, ауыл тақырланып қала берген», десті ақсақалдар.
Советке іштей қарсылар солайша арандатып, табиғат жарықтықтың тарынуынан басталған ашаршылықты асқындырған.
Сол бір зобалаң, алапат заманның бас шындығы «халық жауы» деп тұтқындалған Тұрар Рысқұловтың 1937-жылы шілде айының 3-і күні тергеуші Нейманның: «Директивы, которые Вы получили от Рыкова, Вы начали осуществлять?» деген сұрағына қайтарған жауабынан да көрінді. Ол жауап: «Да. Во-первых, в целях срыва коллективизации крестьянского хозяйства и сеяния недовольства среди масс населения против Советской власти, я от имени Рыкова предлагал организовать через кулацко-байские элементы ряд перегибов, особенно в отношении бедных и середняцких хозяйств. Я также предлагал организовать массовый убой скота, порчу семян, сельского хозяйства инвентаря. Я должен признать, что эти предложенные Рыковым мероприятия этой части проводились нами уже с конца 1919 года. Наша подрывная работа с сельским хозяйством продолжала развиваться по тем же линиям, которые были указаны Рыковым» («Спецсообщение Н.И.Ежова И.В.Сталину с приложением протокола допроса Т. Р. Рыскулова» деген құжаттан).
А.Рыков Қазан революциясына қатысып, В.Ленинмен, И.Сталинмен бірге партиялық, үкіметтік жоғары басшылықта болса да, кейінде Л.Троцкийді жақтаған. Т.Рысқұлов онымен Мәскеуде, КСРО Ұлттар істері халық комиссариатында бірге қызмет істеген.
Свердлов та, Рыков та, олармен әмпей басқалар да «нағыз революцияшыл» Троцкимен ашық та, астыртын да кеңесіп жүрген. Совет өкіметіне, халыққа қарсы зұлымдықтары үшін елден қуылған Троцкий, мысалы, Мексикадан мұндағы сыбайластарына хат жазып, Совет өкіметіне қастандық нұсқаулар беріп тұрған. Досы Свердловқа қай мәселеде, қандай «ақыл-кеңес» бергенін де білу қиын емес. Бұл екеуі туралы жазылған деректі кітаптар жеткілікті.
...1947-жылы, 6-сыныпта оқып жүргенімде, біздің үйге бір ағай келді. Әкем екеуі құшақтасып амандасты. Ол сол күні бізде қонды. Іңірде екеуі әңгімелесіп отырғандарында оның: «...Қаба-ау, айтар бар ма, қиын болды... Совет өкіметіне жасалған қастандық қой... Бұл ауылда жетпіс алты жанның отыз екісі тірі қалғанына шүкіршілік дедік. Қайыңдыда қырық бір жанның оны ғана қалды ғой...» дегенін естідім. Әкемнің жанында отырғанмын. Әкем: «Е, Жәке, ол ашаршылық қаншама түтінді өшіргенін кім білсін» деді. Екеуі сәл үнсіз отырды. Жәкесі сөзді жалғап: «Қаба, сол жолғы комиссияның мүшесі, өзіңізбен әңгімелескен бұйра шаш Тоқай ауданға қайтуға бет алғанымызда: - Ай, жолдастар, мен бір нәрсені түсіне алмадым. Біз болған үш ауылдың да орманы аң-құсқа толы, өзені балыққа толы, солай бола тұра аштан өлгендердің тым көп болғаны қалай? - деді. Құданың құдіреті, мен де солай ойлап, өзіме өзім іштей сол сұрақты қойып, жауабын тапқан сияқтанып отыр едім, Тоқайға: - Ей, Тоқа-ай, бала күнінен-ақ бай мен байшыкештің жалшы-малшысы болып, олар жасырын қашып кеткенде тотиып қала берген, аң-құс, балық аулауды кәсіп етпеген кедей қазақтар қайтсін, - дедім. Солай ғой, Қаба?» деді. Әкем: «Иә, обал болды. Көктен түскендей болған нәубетке не дауа, қайтейік?!» - деді налыс үнмен. Әкем Жәкесінің кім екенін маған ертеңінде айтты. 1934-жылдың жазында ауданнан екі қазақ, бір орыс - үш кісі комиссия келіп, біздің Ауылдық кеңеске қарасты үш ұжымшарда болған аштықтың себеп-салдарын тексеріпті. Жәмпейіс Құмаров солардың басшысы екен.
Соңғы жылдары «КСРО-да қолдан жасалған аштық («голодомор») болды» делініп жүр. Ол терминді Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде сөз еткен кісі – тәуелсіздік алған Украинаның президенті В. Ющенко. Ол әзірлетіп, қол қойған құжат қаралып, «Украинада қолдан жасалған аштық болғаны» БҰҰ-ның бөлімі деңгейінде қуатталады. Оны әуелде Ресей де, Қазақстан да құптаған, бірақ, көп ұзамай, Ресей Федерациясының басшылары қойған қолдарынан бастартты. Өйткені «ол аштықтың жасалуына Советтік Ресей айыпты делінгенін мойындауы қате болыпты». Жалпы ашаршылық жайында: БҰҰ, Еуроодақ, ЮНЕСКО, басқа да халықаралық ұйымдардың негізгі құжаттарында «Украинадағы аштық қолдан жасалды» деген ресми ұйғарым жоқ көрінеді.
В.Шамбаровқа тағыда жүгінелік:
«...Советке және орысқа қарсы зұлымдық саясат Украинада туған жоқ. «Қолдан ашаршылық жасау» Үшінші рейхта, Геббельстің кеңсесінде ойдан шығарылды. Украина ұлтшылдарының шетауған екінші толқынындағылар Екінші дүниежүзілік соғыста гитлерлік Германия жағында болды да, неміс нәсілшілдерінің информациялық соғыс тәжірибесін үйренді. Оларды британдық және американдық арнаулы қызмет орындары қолдады. Герман ұлтшылдарының бай тәжірибесі батыс «демократиясының» өкілдеріне өмірлік қажеттілік еді, өйткені олар да Жаңа Дүние жасауды көздеді. Сонымен, британдық белгілі барлаушы Роберт Конквест «советтік айуандық жүйені әшкерелеумен» айналысты. Ол 1947–1956 жылдары Информация-зерттеу орталығының «Ми-6» бөлімінде (жалған ақпар тарату бөлімі) істеді де, одан кейін ресми жұмысты доғарып, Советке қарсы кәсіби «маман тарихшы» болуға кірісті. Американың Орталық барлау басқармасы оның «саяси-әдеби» қызметін бірден қолдап, соның нәтижесінде ол: «Власть и политика в СССР», «Советские депортации народов», «Советская национальная политика на практике» және басқа кітаптарды жазды. Оның атағын дабырайтқан негізгі кітабы 1968-жылы шыққан «Большой террор: Сталинские чистки 30-х» болды. Оның ойынша, Сталин билігі жасаған ашаршылықта 20 миллион адам өлген. Ол 1986-жылы «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» деген, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық туралы кітапсымағын шығарды.
Совет Одағына жауыққан Конквест те, Мейс және басқалар да дәлел еткен «ғылыми тәсіл» Совет Одағының ішкі-сыртқы өшпенділері таратқан сан түрлі өсекті және орысқа қарсы А.Солженицын мен В.Гроссманның кітаптарын пайдалану болды. Х.Костюк, Д.Соловей сияқты украиндық ұлтшылдардың шимайларын да ескерді. Солайша «қаруланған» Мейс американ Конгресінде «Украинадағы қолдан жасалған аштықты зерттеу комиссисын» құра алды, бірақ жолы болмады, зерттеуді әділ жүргізгендер өздеріне табыс етілген құжаттардың барлығы нақты дерексіз, құр ғана сөз, аты-жөнсіз жалақорлық екеніне көз жеткізді. Канадалық зерттеуші Дуглас Тоттл «Фальшивки, голод и фашизм: миф об украинском геноциде от Гитлера до Гарварда» деп атаған ғылыми кітабында Конквестің көпе-көрінеу жалақорлығын бастан-аяқ әшкерелеген.
Конквестер «Украинада қолдан жасалған аштықта» қырылғандар санын бірі 5 миллион десе, әрқайсысының «қиялы» әржаққа тартып, 25 миллионға дейін жеткізісті. Ал Украина мұрағаттарының сол жылдары жинақталған ресми деректерінде: 1932-жылы 668 мың, 1933-жылы 1 миллион 309 мың адамның өлгені жазылған. Демек, жиыны 5 немесе 25 миллион емес, 2 миллион шамасы...
Украинада ашаршылық неліктен болды?
Аңызқұмарлар «астықтың болмағанынан» дегенді бетке ұстайды. Ресми дерек Украинада: 1930-жылы 1431,3 миллион пұт; 1931-жылы 1100 миллион пұт; 1932-жылы 918,8 мың пұт; 1933-жылы 1412,5 миллион пұт астық өндірілгенін, одан мемлекетке жоспарлы тапсырылғанды шығарып тастағанда, Украинаның 30 миллионға жуық халқының отбасына 1932-1933 жылдары орта есеппен 320-400 килограмнан айналған.
Ал 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа «адамның қатысы» болғанын тиісті зерттеушілер жоққа шығарған емес. Бірақ Троцкий мен Свердлов құрған қылмысты топтың қолымен жасалғанын атап көрсетуді ескермеді. «Қолдан жасалдыға» жүгінсек, ол зобалаңға Совет үкіметін кінәлі ету шындыққа жанаспайтынын аңғарған боларсыздар.
Совет үкіметі ашаршылықтың бетін қайтаруға мүмкін болған шараның бәрін қолданған. Бірақ жергілікті басшылық кереғарлық жасап отырған. Кейінде мұрағаттық құжаттар бойынша анықталғандай, өлке, аймақ, республика партия, совет ұйымдарының 1-басшыларының көбі троцкий-свердловшылдар болған да, олар биліктің маңына өздерінің жақтастарын топтастырған.
Совет үкіметі 1932-жылы мамыр айының 6-сы күні елде астық дайындау жоспарын төмендету жөнінде декрет жариялаған-ды. Конквест оны «білмепті» де, оның есесіне Ресейде 1918-1921 жылдардағы аштықта көшелерде, далада өліп жатқан адамдардың суреттерін кітабына: «1932-1933 жылдардағы суреттер» деп беруді ұмытпапты.
Жалпы аштық сол жылдары КСРО-да ғана емес, дүние жүзінің бірнеше елінде: АҚШ, Польша, Румыния, Чехословакия, Испания, Венгрияда болыпты. Мысалы, 30-жылдары: Америка Құрама Штаттарында 6,5 миллион, Англияның өзі мен отарларында 7 миллион, Үндістанда 4 миллион адамның аштан өлгені туралы дерек бар...
Әу баста троцкийшіл болған, меніңше, сол пиғылын жылмақайлықпен жасырып өткен Н.Хрущевтың (бабасы – Перелмутр): - Сталин ашаршылықты әдейі ұйымдастарды, өзіне оң қарамаған халықтарды сөйтіп бағындырды; Сталин елдің, партияның өміріне қатысты өте маңызды мәселелердің көбін айлап ескермей, қарамай отыра беретін» деп лаққаны бар. Біздің кейбір жазғыштар сол оттауизмге әлі де еліктеп, «Сталиннің кесірінен Қазақстанда 1932-1933 жылдардағы ашаршылықта: 2 миллион; 2,5 миллион; 3 миллион; 4 миллион адам өлді» деп жазып жүр. Свердловтың сонау жарлығы болғанынан хабарсыз да.
Сөз ыңғайына қарай Свердловтың және бір жарлығын айта отырайын, артық болмас.
Әйгілі «қызыл қырғынды» заңдастырған күш иесі - Я.Свердлов. Ол Ленинге жасалған қастыққа (меніңше, оны Троцкий мен Свердлов ұйымдастырған) және Петроград Төтенше істер комиссиясының төрағасы Урицкийдің өлтірілуіне жауап ретінде қызыл қырғын жасау туралы 1918-жылы 2-қыркүйекте қаулы шығарған. Сол қаулыдан үзінді:
«...Революцияға қарсыларды ату керек! Аудандарға өз төтелерінен ату құқы берілсін! Аудандарда шағын концлагерьлер ашылсын... Атылғандардың өліктері ешкімге берілмесін. Бүкілодақтық төтенше комитеттің аудандық комитеттеріндегі жауапты жолдастар топтап атуды қадағалап көріп тұруға тиіс. Аудандық комитеттерге келесі мәжілістерінде өлік мәселесін шешіп отыру міндеттелсін...».
...Ресей 1897-жылы өткізген бүкілодақтық халық санағында, Мұхаметжан Тынышбаевтың есебінше, қазақстандықтар 6 миллион болған.
Одан:
елде аштықтан көз жұмғандар – 1,7 миллион.
Қытай мен Монғолияға ауып кеткендер – 1,2 миллионнан астам.
Іргелес республикаларға көшкендер – 795 мың.
Яғни елде қалған халық – 2 миллион 305 мың.
Қазақ ССР Халық-шаруашылық есеп басқармасының мәліметі бойынша, 1936-жылы республика халқының саны 3,3 милионға жеткен (ол ауып кеткендердің аман-есен қайтып оралғандары және ішкі өсім есебінен жиынтықталған болар).
«Ашаршылықта 2,5 – 4 миллион қазақ өлді» деушілер, сірә, басқа елдерге ауып кеткендердің барлығын «қырылдыға» жатқызған шығар.
Бізде сол 1932-1933 жылдарғы ашаршылықта, 1937-1938 жылдарғы зобалаңда, 1941-1945 жылдарғы соғыста қанша қазақстандықтың, оның ішінде қанша қазақтың құрбан болғаны анықталған нақты дерек әзірше жоқ. Айтып, жазып жүргендеріміз әрқилы. Пәлен тарихшының, түглен ғалымның «зерттеу еңбектерінен» аламыз да, «орта есеппен» тарта береміз.
Сионистер аспандата мадақтап, кейде Лениннен де жоғары қойып жүрген Свердлов халықтың қаһарына ұшырап қаза тапты. Қалайша?
Бүкілодақтық атқару комитетінің төрағасы Я.Свердлов, Қызыл армия мен Теңіз флотының халық комиссары Л.Троцкий, қолдарынан келіп тұрғанда аянсын ба, елді арнаулы броньды пойызбен аралайды екен де, вагондарда сән-салтанаттарына керектің бәрі болады екен. Сведлов сондай саяхатының бірінде, 1918-жылы наурыз айының 7-күні Орел қаласына тоқтайды. Тоқтамақ емес екен, бірақ тұрмыс титықтатқан теміржолшылар ереуіл жасап, келген пойыздарды вокзал шегінен шығармай қойыпты. «Көсемдігі» ұстаған Свердлов ақыл айту үшін ереуілші теміржолшылар тобына барады. Ал ызалы топ оны ұрып жығып, тепкілей бастайды. Төрағаның вагонда қалған күзетшілері көріп, жүгіріп жетеді, бірақ теміржолшылар оларды қолдарына не түссе, сонымен ұрып, бет қаратпайды. Таяқ жеген күзетшілер тобы ереуілшілерге оқ атады. Біржарым сағатқа созылған қақтығыста Свердлов жайына қалып, мұз жапқан алаңда ес-тұссыз жатады. Мәскеуге шалажансар жеткізіліп, қаншама емделсе де, бүкіл денесінің қабынуы қайтпай, бір жыл шамасы бейнеттеніп, о дүниеге кетіп тынған...
Мен тарихшы емеспін, алайда ел өмірінің аса күрделі кезеңдерінің бірі - Совет Одағын, оның құрамындағы республикаларды жайпап өткен 1932- 1933 жылдардағы ашаршылық туралы ресми құжаттарды оқып жүремін. Мына ой-пікірім - соның дәлелі. Қай тақырыпқа кім не жазса да, сыңаржақтыққа ұрынудан сақтануымыз қажет-ақ.
Ғаббас Қабышұлы
Abai.kz