Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3401 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 07:40

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ. Мигранттарға тәуелділіктен қалай құтыламыз?

 

 

«Елде жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу үшін шеттен келетін еңбек мигранттарына қатаң шектеу қою қажет». Әрине, бұл мәселе бұдан бұрын да бірнеше дүркін көтерілген-ді. Тіпті өткен жылы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей тұрғындарына еліміздің аумағына кіруге шектеу белгіленіп, заңдық тұрғыда қатаң қадағалау қойылған болатын. Енді биыл еңбек мигранттарына қатысты жаңа ереже бекітіліп, сәуір айынан бастап нақ осы жаңашыл жүйе бойынша іс атқармақпыз.

Негізінен, Қазақстан жұмыс берушілер конфедерациясы мамандарының айтуын­ша, ереженің өзіндік ерекшеліктері де бар. Мысалы, ереже бойынша мигранттардың Қазақ­стан аумағында тіркеусіз жүру мерзімін 90 күннен 30 күнге дейін қысқарту көзделген. Сондай-ақ елімізде еңбек еткісі келетін мигранттарда бірінші кезекте еңбек келісімшарты болуы қажет; бұған қоса, олардың денсау­лығына қатысты құрт ауруы және басқа да жұқ­палы аурулармен есепте тұрмайтыны жөнінде анықтама; істі болғаны немесе бол­мағаны турасында құжат; медициналық сақ­тандыру қағазы, миграциялық карточкасы және фотосуреті болуы шарт. Бір қарағанда, бұл ереженің өзіндік ерекшелігі бары рас. Дегенмен бірқатар мамандар «жалпылама ереже түйткілді толық шеше алмайды» деседі.

Сапабек ӘСІПҰЛЫ, «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы:

- Өз басым ережеде көрсетілген ме­дициналық анықтама қағаздары жай­лы немесе медициналық сақтан­дыру қағазы­на қатысты бөлімді миг­рант­тар­дың сақ­тай­тынына күмәнім бар. Жасыратыны жоқ, бұл мәселеде заң­сыз әре­кеттер тым көп. Еңбек мигранттары көр­шілес шет мем­лекеттерінен келіп, дені құрылыста және ауыл­шаруашылық салаларында жұмыс істейді. Әсіресе Оң­түстік Қазақ­станда мақ­та плантация­ларында және Алматыда темекі жинау жұмыстарын Өз­бек­стан­нан келген миг­ранттар жасайды. Олар өз елдерінде аш-жалаңаш жүр­ген­дерін жасырмай айтады. Оларда жалақы көлемі 20 доллар, бірақ ондай жұмыс болса жақсы. Сондықтан олар 15-20 мың тең­ге үшін Қазақстанға келеді. Оларға бұл әжептәуір ақша. Гастарбайтерлер құры­лыста, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарда және киім, тамақ нарық­тарында тұра­ды. Жүкші, жүргізуші болып та істейді. Ал өзіміздің қазақ азаматтары­ның қан­шасы жұмыс­сыз жүр! Соларды жұмыс­пен қамту үш­ін шетелден енетін арзан жұмыс күшін қысқарту керек.

Осылайша, өзгелер емініп еніп еңбегі­міз­ге араласып жатыр. Мұндай­да еңбек нары­ғында отандық азаматтарымыздың әле­уеті тысқары қалып, қазақ азаматтары­ның «екі қолға бір күрек» таппай жүргені де рас...

Жалпы, бізде нақ осы түйткілді шешуі тиіс «Жұмыспен қамту-2020» бағдарла­масы қабылданғаны белгілі. Күні кеше ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Гүлшара Әбдіқалықова: «Бюджет­ті нақтылау кезінде тиісті көрсеткіштер тү­зе­тіліп, бұл мақсатқа қосымша 12 млрд тең­ге қарастырылды. Бағдарлама бойынша шы­ғыстардың жалпы сомасы 62,3 млрд теңгені құрады» деді. Бұған қоса, келешек­те бағдарлама «Жастар тәжірибесі» шара­сымен толықтырылмақ. Бұл шара оқу ор­ын­дарын жаңа бітіріп жұмыс таппай жүрген 15 мың түлекті жұмыспен қамтуға ық­пал етпек... Сөйтіп, біз атақ-дәрежесі ай­тар­лықтай бағдарламаның арқасында жұ­мыс­сыздық мәселесін біршама жеңіл­дет­кіміз келеді. Тіпті «бұл бағдарлама отан­дық жұмыс күшінің әлеуетін арттырып, сырт­тан келетін мигранттарды белгілі мөл­шерде шектейді» деген үмітте жоқ емес. Алайда болжамдарға жүгінсек, Қа­зақ­стан­ның экономикалық жағ­дайында кә­сіп­­орындар мен өндіріс орында­рының саны бұдан әрі артатын болса сырттан келетін жұмыс күшіне біз амалсыз тәуелді бола­мыз. Өйткені бізде істің мәнін білетін маман тапшы. Демек, елімізде мигранттар мәсе­лесі әлі де күрделене түспек. Сондық­тан «мә­се­лені шешу үшін бізге жекеменшік еңбек агент­тіктерін тетікке қосу қажет».

Үсен АМАНБАЕВ, экономист-ғалым:

- Болашақта елімізде кәсіпорындар мен өндіріс орындарының саны артатынын ескерсек, біз сырттан келетін жұ­мыс күшіне әлі де тәуелді боламыз. Де­мек, ол­ардың елімізде тым еркінсіп кет­пеуі үшін арнайы лицензиялары бар же­кемен­шік еңбек агенттіктері құрылға­ны жөн. Себебі бұл мәселені бір ғана ми­нистрліктің немесе комитеттің құзы­ре­тіне қалдырған жөн емес. Халықара­лық тәжі­рибеге сү­йен­сек, мұндай аг­ент­тіктердің құзы­ретіне бір­неше міндеттер жүктеледі. Еңбек мигранттарын тіркеу, денсаулығын тексеруден өткізу, оларды әлеуметтік құ­қық­тық тұрғыдан қорғау, мигранттар жөнінде тиісті ор­ын­дарға ақпарат беру тәрізді жұмыс­тарды осындай жекелеген агент­тіктердің еншісіне жүктеген жөн. Сонда бұл мә­се­леде заңсыз әрекеттер туындамайды. Сондай-ақ жекелеген кәсіпкер­лер­дің де мигранттарды жалдау ережесін қа­таң бақылауға алған жөн. Себебі қазір­де еліміздің көптеген жекелеген кәсіп­кер­лері ешқандай құжаты жоқ мигрант­тарды топ-тобымен жалға алып, жұмы­сын бітіртіп, артынан еңбекақысын тө­ле­мей қанап жүрген жайы бар. Сон­дықтан мигранттарды жалдау ережесіне де арнайы өзгеріс енгізген жөн.

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, елімізге енетін мигранттарды жалдау тәсі­ліне мынадай нақты-нақты талаптар енгізу керек: а) бірінші мигранттарға тіл білуді міндеттеген жөн. Себебі көршілес Ресейде орыс тілін білмесе, мигранттар жекелеген кә­сіпорындарға жалдамалы жұмысқа ал­ын­байды. Ресейліктер тіл қарым-қатынас құралы екенін ескергендіктен барып осындай қадамға барып отыр. Демек, бізге де мигранттарға қазақ тілін орташа білуді міндеттеген жөн. ә) Миг­ранттарға арнайы салық төлетуді міндеттеу қажет. Егер олар арнайы салық төлеп нәпақа табатын болса, ешқандай заңбұзушы­лыққа жол берілмейді. б) Әртүрлі мәліметтер бо­йынша, им­портер мемлекеттерде еңбек миг­рант­та­рының 60-70 пайызы заңсыз түрде жұ­мыс істейді, ресми түрде миграция ұй­ым­да­рында гастарбайтерлердің бестен бірі ғана тіркеледі. Сондықтан мигранттарды тіркеу мәселесін мемлекеттік тұрғыда бақылауға алған жөн.

Ал, жалпы, мигранттарға деген тәуел­діліктен құтылу үшін ұлттық кәсіби жұмыс­шы табын қалыптастыруға мән берілуі тиіс. Жасыратыны жоқ, 1992-93 жылдары да­йын­далған кәсіби техникалық мамандық­тардың базасы бұл күні нарықтық заманға сәйкес келмей қалды. Қазір жаңарған тех­никаның тілін білетін қазақ азаматтары не­кен-саяқ. Сондықтан орта кәсіби мамандарды заманға сай жаңа технологияның тілін білуге бейімдегеніміз жөн.

«Алаш айнасы» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273