Сәрсенбі, 5 Қараша 2025
Билік 285 0 пікір 5 Қараша, 2025 сағат 17:06

Тоқаев ішкі саясаттың негізгі бағыттарын бекітті

Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды.

Бүгін мемлекет басшысы Жарлық шығарып, Қазақстанның елішілік саясатының негізгі қағидалары, құндылықтары мен бағыттарын бекітті.

Құжат солай аталады – «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлық.

Ал енді онда не жазылған? Қараңыз:

«Онда «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді ішкі саясат қағидаттары қамтылған.  Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген жалпыұлттық құндылықтардың тізбесі енгізілді. Жалпыұлттық бірегейлікті танытатын ұлттық нышандар жүйесі жасалды», - делінген Ақорда ақпаратында.

Аталған құжатта қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы, жастар, ақпарат секілді ішкі саясаттың басым бағыттары айқындалған.

Осындай құжат әзірлеу туралы ұсыныс Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған. Президент бұл идеяны қолдап, оның мемлекеттік құрылымдар жұмысын жүйелендіруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.

Бүгін Президент қол қойған құжат – еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып әзірленген. Тұжырымдамалық құжатты әзірлеуге Ұлттық құрылтайдың мүшелері, сарапшылар, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсене атсалысты.

Аталған құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Оның басты мақсаты – ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеу әрі үйлестіру.

Abai.kz

0 пікір