Сейсенбі, 20 Сәуір 2021
2304 1 пікір 25 Ақпан, 2021 сағат 14:51

Қазақ қанша бидай сатты?

Өткен жылы қазақтың жұмсақ бидай мен қоспа бидай (2:1 құрайтын жұмсақ бидай мен қара бидай қоспасы) экспорты 5,2 млн тоннаны құрап, 1,2%-ға кемісе де, сатылу құны  $1,1 млрд. құрап, өткен 2019 жылға қарағанда 13,4%-ға жоғары болды.  Бұл көрсеткіштің азаю себебі, қазақ бидайын өз жергілікті бидаймен араластырып пайда тауып жүрген өзбек пен тәжік бизнесмендерінің алдын алу шараларының Ел Үкіметі тарапынан жасаған қадамынан деп есептеуге болады.  Қазақ бидайы мен ұнын қай елдер қаншаға, қанша мөлшерде сатып алғаны инфокестемізде көрсетіліп отыр.

Биылғы қазақ бидайын биржаға шығару да бұрынғы парламенттегі халық қалаулылары арасындағы өзбек және тәжік бизнесіне іш тартатын депутаттық топтың ең соңғы жасаған тұяқ серпері деп білгеніміз жөн. 

Сонымен, қазақтардан ала тақиялы көршілеріміз 2,9 млн. тонна жұмсақ бидай сатып алып, өзбектер алаштың қоспа бидайына $599,9 млн. қаржы жұмсады. Өз кезегінде, Тәжікстан  $235,7 млн-ға 1 млн тонна, Ауғанстан $117,3 млн-ға 528,4 мың тонна астық сатып алды. 

Бұрын қазақ бидайын ұнға айналдырған өзбектер мен тәжіктердің айла-шарғысы 2020 жылы біршама тежеліп, Қазақстан 2020 жылы ұн сатудан $489,3 млн-дай табыс тапты.  Ал, бұл көрсеткіш 2019 жылға қарағанда 35,2%-ға артып, еліміздің сыртқа ұн шығаруы 1,7 млн тоннға дейін, яғни,  11,7%-ға дейін өсті. Бұрын аты өзбек-тәжік және заты қазақ бидайын көршілерінен ғана сатып алып келген Ауғанстан $333,9 млн-ға 1,1 млн тонна алаш бидайын сатып алды. Өзбекстан болса, $85,8 млн-ға 342 мың тонна, ал, тәжіктер  $85,8 млн-ға 342 мың тонна, өз кезегінде Тәжікстан  $24 млн-ға 96,5 мың тонна сатып алды. 

Тәжіктердің бізден ұлттық стратегиялық шикізат саналатын ұнды аз мөлшерде сатып алуы ойлантады. Егер біз жұмсақ бидай мен қоспа бидай экспортын тежеп, орнына тек осылардан тартылған ұн ғана сататын болсақ ұтамыз. Өйткені, көрші үш елде демографиялық жақтан қауырт өсіп келе жатқан елдер, оларда өсетін жергілікті бидай қазақ бидайымен еш бәсекелес бола алмайды. Әрі оларға ұн өнімдерін тасуымыз көп қиындық әкелмейді. 

Қазақ ұнының осы үш елге сатылуын реттейтін мемлекетаралық арнайы заңнамалық құқығы бар келісімшарт керек сияқты. 

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

1 пікір