Қырғыздар Жапаров ұсынған Конституцияға наразы
Қырғызстан парламенті ғимаратының алдында жаңа Конституция жобасын қолдамайтындар наразылық акциясын ұйымдастырды.
Сол жердегі бақылаушылардың мәліметі бойынша, митингіге 50-60 адам жиналған. Олар парламентті таратып, Конституция жобасын кері қайтаруды талап етті.
Наразылық акциясын "Конституцияга каршыбыз" қозғалысы ұйымдастырған. Модератор - азаматтық қоғам белсендісі Тилекмат Куренов. Акцияда "Замандаш" партиясының экс-лидері Жениш Молдокматов, Жогору Кенештің бұрынғы депутаты Исхак Масалиев сөз сөйледі.
Былтыр қазан оқиғасынан соң билікке келген Садыр Жапаров жаңа Конституция қабылдау керек деген бастама көтерді. Құжат жобасы былтыр қарашада жарияланды.
Конституциялық жиналыс заң жобасын биыл ақпанның басында Жогорку Кенешке жолдады.
3 наурызда Жогорку Кенеш Конституция жөніндегі референдумды 2021 жылдың 11 сәуірінде өткізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Abai.kz