Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Көкжиек 21288 28 пікір 10 Наурыз, 2021 сағат 14:45

«Біздің өмір сүруіміз үшін түрік бірлігі ауадай қажет»

Сұхбат беруші: Рахманқұл Бердібаев, Халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, түркі дүниесіне белгілі академик-ғалым.

Ескерту: Бұл сұхбат марқұм ғалым ағамыз Рахманқұл Бердібаевтан 2004 жылы 18 тамызда алынған. Автор 2012 жылы 3 сәуірде қайтыс болған.


Түрік халықтарының тарихына қанықпай, біз қазақтың тарихына қанықпаймыз

– Рахманқұл аға, түрік бірлігі, түрік тұтастығы жайлы жиі айтып жүрсіз. Шын мәнінде түрік бірлігі, түрік тұтастығы дегеніміз не?

– Еуразияның кең кеңестігін жайлаған жалпы саны 40-қа жуық түрік тілді ұлттар, этикалық топтар бар екені белгілі. Ұзақ замандар бойында олардың өзара байланысы жойылып, бір-бірінен алыстап кеткен. Мәселен, сахаларды алып қарайық орыстар олардың атын «якут» деп өзгертіп жіберген. Солтүстік Шығыс Азияда тұратын сахалардың жер көлемі жағынан Қазақстаннан үлкен. Саха тілінің өте алыстап кету себебі өзге туыс түрік тілдерінен қарым-қатнасының мүлде үзіліп қалуына байланысты еді. Мұның есесіне саха тіліне эвенки, эвен, юкащ, чукчи, бурят сөздері көп қосылған. Ал соңғы үш-төрт ғасырда Ресей отаршылдығы салдарынан тіл құрамына мыңдаған орыс сөздері мен тіркестер енген. Сол себепті саха тілін қандай тілдердің тобына қосу жөнінде де түрліше пікір айтылып келеді.

Ақыр аяғында құрлысы жағынан түрік тілдеріне жақындығы дәлелденген ХІХ ғасырда Якутияға жер аударылған Поляк ғалымы Пекарский саха тілінің бірнеше томдық сөздігін жасап шыққан.

Менің бұл айтып отырғаным, туыс тілдердің бір-бірінен алыстап кетуінің машақаты қалай болғанына мысал... Чуваштар да түрік халықтары тобына кіреді. Бірақ бұл тілде де соншалық бөгделеніп кеткен. Чуваш тіліне славян, угрофин тілдерінен ауысқан элементтер мол. Саханың да, чуваштың да түрік тілдерінен жырақтай беруі олардың христиандануына да қатты байланысты. Бұдан діні алыстаған елдердің тілі де оқшаулана беретінін айғақтайды. ХVI ғасырда қазан хандығының құлауы Ресейдің Азия құрлығын жаулап алуы ғана емес, христиан дінінің экспанасиясына қолайлы жағдай туғызды. Ресей бас-аяғы бірер ғасырдың ішінде Азияның ұланғайыр кеңістігіндегі ұсақ ұлыстарды оп-оңай жеңіп, шоқындырып, сонау Чукотка мен Камчаткадан бір-ақ шықты ғой. Ресейдің мақсаты кіші халықтарға православиялық христиандық қабылдату болды. Ал дін өзгеру деген өте күрделі нәрсе. Тіпті ол тіл өзгеруден де қиын кейде. Тілі бөлек болғанымен, діні бір түрлі Ұлыс өкілдері бірге мешітке бара береді. Мәселен біз шешендердің тілін білмесек те дін бірлігі жақындаса түседі. Тувалардың будда дінін ұстануы оларды мұсылман әлемінен араласуға мүмкіндік бермейді. Молдавиядағы Гагауздар тілі, азербайжан, түрікмен, Түркия түріктерінің тіліне жақын болса да діні бөлек. Дін өзгелігі ритуал әдет-ғұрып, дүниетаным, тұрмыс-салтқа әсер етеді.

Діні, наным-сенімі бөлек елдерді шоқындыруға Ресей патшалығы күшті көңіл бөлген. Белгілі миссионнер ғалым Алекторов қазақтарды шоқындыру әрекетінің сәтсіз болғанына қатты өкініп, бұл іске «кедергі келтіргендер» деп татарларға өшігеді. Өйткені татар өз дініне берік, қаласы бар, мешіті бар, мәдениетті халық. Қазақ еліне келіп мектептер, медресселер ашады. Сол үшін татарларды Алекторов кәдімгідей дұшпан көріп жамандайды... 1806 жылдан 1917 жылға дейін 110 жылдың ішінде Қазан қаласының баспаларынан 1000-нан артық қазақ кітабы шыққан. Оның таралымы 2 миллион 700 мыңға дейін жеткен. Мұның көбісі хисалар, батырлық дастандар, ғашықтық дастандар, әпсаналар, тарихтар, шежірелер, аңыз әңгімелер, діни дастандар. Бұл келтірілген мысалда туысқан татар халқының бізге қаншалық рухани көмек қолын созғанын сипаттайды. Кеңес өкметі кезінде де көптеген кітаптар шығарылды. Бірақ оларда бұрыннан қалыптасқан миссионерлік бағыт басым болды, түрікшілдікті, исламды жамандау толас тапқан жоқ... Жарайды, мектептер ашылды, ел сауаттанды жаппай. Бұл жақсы жағы. Бірақ ол оқудың бағыты қандай – мәселе сонда. Ол –  миссионерлік оқу еді. Әрине, Кеңес өкіметі кезінде сен христиан бол, сен будда бол, сен кришна бол деп ешкім үгіттеген жоқ. Ең қауіптісі – ұлтсыздықтың ұдайы насихатталуы болды ғой. 1917-1990 жылдардағы орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда Орта Азия мен Қазақстан халықтарының бір де бірінің шын тарихынан дерек бермей келді...

Түрік тарихындағы империялар

Түрік тарихындағы империялардың өзін санап отырсақ, 10-ға жетіп қалады. Осыдан 2 жарым мың жыл бұрын дүниенің тең жартысын алып жатқан Гундер жөнінде бірнеше буын мысқалдай да мағлұмат бермей өтті. Сөз бола қалса Атиллланы қаралаумен шектейтін едік. Ал батыс Еуропада Атилла туралы жүздеген кітаптар жазылған. Романдар да бар. Солар жөнінде естіген, білген бар ма? Одан бері келсек түрік қағанаты туралы да жартымды сөз айтылған жоқ. Орта Азиядағы Әмір Темірдің империясы, Үндістандағы Бабырдың империясы, Алтын Орда империясы, Осман империясы... Түрік халықтарының сыбағасында осындай үлкен ұлы империялар болған. Ұлы империя деген жай сөз емес, ол өркениет нышаны, мемлекеттік құрылым деген сөз. Оның саясаты, ғылымы және оқуы болған. Әл-Фарабиден, Беруниден, Хорезмиден бастап, дүниежүзіне білім, оқу таратқан ғалымдарымыз қанша ма? Х ғасырдан ХVI ғасырға дейінгі аралықта ұлы шайырлар, ойшылдар, ғалымдар шыққан және олар дүниенің ұстазы болған адамдар. Өкінішке орай, кітап жүзінде түрік халқының тарихына қатысты ешқандай жылы пікір берілген жоқ. Хандарымыз, билеріміз, батырларымыз бірыңғай мансұқталды. Байлар болса қанаушы, батырлар болса озбыр жаулаушы деп көрсетілді. Күллі тарихымыздан іліп алар жақсылық табылмай келді.

Қазіргі кезде тарихымызды танудың мүлде кешеуілдеп қалғаны туралы орынды сөз болып келеді. Бірақ тарих оңайлықпен жасалмайды, өйткені бұл кезге дейін тарихымызды жазға мүмкіндік туған жоқ. Жекеленген еңбектер, монографилар, хрестоматиялар болды. Оның ішінде талантты еңбектер де болды. Алайда ұлттық дамуымыздың тарихын, түрік халықтарының дамуымен байланыстырып көрсететін еңбек болған жоқ. Оны айтуға да рұқсат болған жоқ.

Енді біз егемендік алдық. Қандай тақырыпты жазуға да, оны қалай зерттеуге де, мүмкіндік ашылды. Өз ақылымызбен бірнәрсе жазуға, өз бағамызды беретін, бұрынғыдай біреудің «жақсы десе жақсы, жаман десе жаман» деп айтқанына көніп, артынан жорғалай бермейтін кезең келді. Түрік халықтарының тарихына қанықпай, біз қазақтың тарихына қанықпаймыз. Біздің тарихшылар қазақтың тарихын тереңдетейік деп, «қазақ» деген сөздің артынан қуалап барады да, бір жерге барып тоқтап қалады. Жалғыз ол сөзді қуаласаң жете алмайсың әрі қарай. Неше түрлі атаулар өзгерген, замандар бойында. Бір халық екінші халыққа қосылған, біреуден біреу бөлініп кеткен. Ортақ заңдылықтарды жалпы түрік қауымдастығының ішінен іздеу керек. Сонда 2500-3000 жылға дейін жетесің. Тарих сілемдерін тек бүгінгі қазақ өңірінен ғана емес, Моңғолиядан да ізде, Қытай жазбаларынан ізде, енді біреуін анау Еділдің бойынан, Орта Азиядан ізде. Бізде көз алдымыздағыдан әріге бара бермейтіндік қалыптасып қалғандай.

Қазақ мың жыл пайдаланған алфавиттен өз еркімен ажыраған жоқ

1920 жылдағы ұлттардың шекарасын бөлу туралы науқан кезінде қарақалпақтарды қазақтан бөліп, өзбекке қосып жіберді. Ал қарақалпақтың қазақтармен этикалық құрамы да, тілі де бірдей екені әмбеге мәлім. Қарақалпақ пен қазақтың ғасырға жуық уақыт ішінде екі республика жасауы бұлардың арасындағы байланыстарды үзіп тастады...

1929 жылға дейін араб алфавитін пайдаланып келдік. Сол әліпбимен жүздеген, мыңдаған кітаптар жазылған. 1929 жылы латын алфавитіне көшкенде халық бір күнде сауатсыз болды да қалды. Қазақ халқы мың жыл пайдаланған алфавиттен өз еркімен ажыраған жоқ, билігінің зорлығына амалсыз көнді. Ал латыншаға тырбанып жүріп он шақты жылда сауат аша бастағанда, енді кириллицаға өтесің деп бұйрық бұрқ ете түсті. Сөйтіп бір күнде тұтас халық тағы да сауатсызға айналды. Міне, содан бері келе жатырмыз ғой кириллица деп. Кириллица – біздің тіліміздің табиғатына қолайсыз алфавит. Мәселен, орыс алфавитіндегі я, ю, ч, й, щ, ц, ф, ё, э, ь, ъ деген әріптер біздің тіліміздің табиғатына мүлде үйлеспейді. Орыс тілін үйренсеңдер коммунизмге барасыңдар, коммунизмге бару үшін бұл тілдің әріптерін толығымен қабылдау керек деген «теория» да пайда болды. Талғаусыз алынған кириллица тіліміздің ішкі фонетикалық жүйесіне, сингорманизм заңдылығына орасан залал келтірді. Жүздеген жылдар бойында араб әрпімен жазылған мұра халқымыздың жаңа буындарына әлі күнге дейін толық қанды танылып болған жоқ. Орыс мектебінде оқығандардың көбі ескі мәдениетімізден мүлде дерлік бейхабар қалды. Алфавиттері өзгеріп, құбылта берудің түпкі мақсаты – халқымыздың ұлттық рухын жойып, ұлтсыздануға алып келу еді. Осы саясаттың зардабын қазір де көріп келеміз.

–  Біздегі біреудің қас-қабағына қарап жалтақтау осыдан қалған жаман әдет болды ғой. Ал енді осы зардаптан қайтсек құтыла аламыз?

– Бұдан құтылу үшін ең алдымен біз тарихымызды білуіміз керек. Жабық жатқан тарихымызды ашуымыз керек... Бұрын Түркия деген сөзден шошынатын. Түркия туралы бір сөз айтылса, цензорлар жазып тастайтын. Ендігі жерде енді ондай тосқауыл жоқ. Сондықтан түрік халықтарының тарихын оқыту керек. Мұндай еңбектер Қазақстанда шыға бастағанына зор оқиға. Бұған мысалға Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінде «Жалпы түрік тарихы» деген қазақ тілінде кітап шыққанын айтсақ та болады. Мұндай пән орта және жоғары оқу орындарының бәрінде де оқытылуы тиіс.

«Шыңғысхан және оның ұлдары» деген монографияның жариялануы да бұл тараптағы жақсы жаңалықтың бірі.

Түрік халықтарының ежелден бергі туыстығы мен өзара байланыстырып тұрған ұлан байтақ рухани мұрамыз мол. Оларды санап шықсақ, үлкен тізбек құрайды. Қазақтың дүниежүзіне даңқы жайылған «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» дастанына ұқсас жыр алтайлықтарда, башқұрттарда, Қырым, Румыния татарларында да бар. Біреуінде көлемі үлкенірек, біреуінде азырақ сақталған.

«Алпамыс» қазақпен қоса, өзбекте, қарақалпақта ұзақ дастан. Башқұрт, татарда аңыз әпсана түрінде сақталған. «Дәде Қорқыт» кітабында «Алпамыс» жырының фабуласы ұшырайды... «Едіге батырды» татарлар да, башқұрттар да, «өзіміздікі» дейді. Өйткені бұл халықтардың бәрі де бір заманда Алтын Орданың құрамында болған. Этикалық жағынан бір топқа енеді. Башқұртта қазақтың бірненше руы өз атымен (тама, табын, жалайыр, қыпшақ) аталады. Ал қазақта қанша ру болса, солардың көбі кавказдағы ноғайлардың ішінде жүр. Ендеше этикалық түбірі туыс елдер өзінің бұрынғы ата-бабасының жырын айтпай, нені айтады? Бір-бірінен мың шақырым алыс кетсе де бұрыннан араласып келе жатқан жырларын ұмытпаған. «Шора батыр» оншақты халықта бар. «Алпамыс батыр» менікі, «Қозы-Көрпеш» менікі деп шіреніп тұра алмайсың. Олар «мен түрік бірлігі заманының куәсімін» деп сөйлеп тұрғандай. Олай болса осы мұраны том-том етіп шығарып, байланыстарды зерттеп, халқымызға тарату керек. Бұларды бастауыш мектептің оқулығынан бастап, жоғары мектеп дәрістігіне дейін кіргізу керек.

Тегің түрік болғанына неге үрейленесің?!

Башқұрттың «Ертарғынын» оқысаң қазақ нұсқасындағыдай «Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ, атыңның басын тарт Қожақ» деген жолдарды сол қалпында көресің. Қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрттар, құмық, қарайым, қарашай, балқар, қырғыз, бәрі қыпшақ тілдес. Осылардың бәрі бір-бірін оп-оңай түсінеді. Бұл үлкен қауым ел. Осылардың халық әдебиетінде кейбір фонетикалық дыбыстар, жекелеген түсініксіз сөздер кездескенімен негізі бір екені шүбәсіз. Біз «туыс» деген сөзді басымыздан шығарып алдық. Біз түріктің «бұтағымыз» деген ұғымға келе алмай жатырмыз. Ғұндар туралы Әлкей Марғұлан жазды ғой. Бірақ оған көңіл аударған ешкім болмады.

Ал енді бұған жүйелі түрде ену керек. «Қазақ қайда, қазақ қайда?» – деп қазақты шарқ ұрып іздеп жүргендер алдымен қазақты түрік көлемінен іздеуі керек. Бұлай етсек түрік болып кетеміз деп қорқудың керегі жоқ. Олар түрік болса, сен түрік емей кімсің? Арғы жағың, тегің түрік болғанына неге үрейленесің?! Кейінгі жылдары Түркия түріктері, қазақ түріктері, өзбек түріктері, ұйғыр түріктері, татар түріктері деп айтып та, жазып та жүр. Бұл өте орынды тіркес.

Түркия түріктері тілінің, лексикалық, фонетикалық айырмашылығына қарамастан негізгі түбірі қазақ тілімен бірдей. ХV ғасырға дейінгі әдебиетіміз ортақ, “Құтты білік», Ахмет Яссауидің «Даналық кітабы», Махмұт Қашқаридың «Сөздігі» түрік халықтарына ортақ мұра болып саналады.

 – Тіліміздегі жақындықтарды, тарихи тұтастығымызды зертемей, дұрыс жолға салмай, ортақ мұраны да бір-бірімізден аудара беру қаншалықты тиімді тәсіл болмақ?

– Түрікшеден түрікшеге аудару деген жарамсыз тәсіл. Қазір біз сондай істеп отырмыз. Әсіресе Орта Азиядағы өзбек, түркімен, қырғыздар мен қыпшақ тілдес тағы тағы башқұрт, құмықтардың шығармаларын түпнұсқадан аудармау тіпті ұят. Бұл қатарға кавказдағы азербайжанды, шығыстағы ұйғырстынды қосыңыз өрісі кеңейе түседі. Қысқасы түрік тілі, әрі қоңсы отырған халықтардың бірлігі мызғымайтын болуы керек.

Қазақстанға қас пейілмен қарайтын күш аз емес

Сіз түрік бірлігі туралы салмақты ойлар айтып отырсыз, тіпті түрік республикалары бір-бірімен дос болу керек дейсіз. Бұған қандай кедергі бар?

– Түрік республикалары бірі мен бірі тығыз бірлікте болуы аудай қажет. Әр республиканың басшысы дүниені өзі тіреп тұрғандай бір-біріне жақындаудың орнына алыстай берсе, берекенің кеткені дей бер. Ауылы аралас, малы қоралас Орта Азия халықтарының байланысы ғасырлар бойында қалыптақан. Мынау тұрған Ташкентті алайық. Ол Орта Азияның кіндік қаласы ғой. Оның қақпасы қыстың, көктемнің, жаздың, күздің айларында күндіз-түні ашық болып келген. Саудагерлер, керуендер ары-бері қантамырдай ағылып тұрған. Енді келіп Өзбекстан айдың аманында шекараны жауып тастады. Қазақстанға деген пиғылы жайсыз. Өзбек басшыларының қолтығына кім су бүркіп отырғанын қайдам, шекарада қазақтарға жәбір көрсетіп, қиянат жасауы көбейіп кеткен.

Біреулер түрік елдерінің басын біріктірмеу үшін әдейі осылай істеп жатқан жоқ па?

– Өте орынды сұрақ. Қазақстанға қас пейілмен қарайтын күш аз емес. Мәселен, Америка болса бізді, дүниежүзін билеу саясатын межелеп көздеп отыр. Оларда түрік елдерінің бір-бірімен байланысты болуына мүдделі емес. «Құдай түрік, ислам елдерін өзара өштестіріп, әрқайсысы есіктерін жауып қойса екен. Әрқайсысына біз ақылшы болсақ» деп алақанын ысқылап отыр. Бұлардың бірін Америка, екіншісін Қытай, үшіншісін Ресей өзіне тәуелді етпекші. Барлығының түпкі мақсаттары осы.

Біздің өмір сүруіміз үшін түрік бірлігі ауадай қажет

Олардың торына түсіп кетпеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Біз тарихымыздың тереңдігі мен тұтастығын білмей, сезбей жүре берсек оп-оңай торға түсіп кетеміз. Сондықтан тарихты білуіміз керек. Бұл – тарихты білуіміздің ғана емес, болашақта өмір сүруіміздің де алғы шарты. Сонда ғана қандай жалмауыздың да аузына жем болып кетпейміз. Олар бізді ыдырату, аздыру әрекетін әдейі қолдан жасап отыр. Бүгінге дейін біздің тарихымызды қалай ұмыттырса, басымызды қалай қоспаса, енді дін жағынан экспанцияны күшейтіп отыр. Бұл пәлекет «Ғаламдану» деп аталатын кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Ғаламдануды білу үшін, шетелге барып оқып келудің қажеті жоқ. Оның мақсаты халықты тарихынан, дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан безіндіріп, дүниеге көзқарасын біржолата өзгертіп жіберу. Ғаламдану идиологтары жас қауымды тек қарынның тоқтығын, киімнің бүтіндігін ойлаған, мәңгүрттікке уағыздатады. Америка, Ресей, Қытай секілді алпауыттар елдер жаңадан тәуелсіздік алған елдерді уысынан шығармауды көздейді. Ең қауіптісі де осы. Бұл біздің тамырымызға балта шабады.

Біздің өмір сүруіміз үшін түрік бірлігі ауадай қажет. Осыған кейбіреулер күмәнмен қарайтын тәрізді.

«Ондай да Түркия Қазақстанды жаулап алмай ма?» деп өзінше, «сақтық көрсеткенсиді» бұдан артық қателікті ойлап табу қиын. Біздің тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындап, құттықтаған осы Түркия еді ғой. Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерін ашып, балаларымызды арнаулы бағдарламамен оқытып жатқандарда түрік туысымыз. Түркістандағы Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік унверситетінің ашылуының өзі түрік ынтымағына қызмет ететін елеулі оқиға. Кітаптар қазақшадан түрікшеге, түрікшеден қазақшаға аударылып рухани байланыстар күшейе түсуде. Жаңадан оқулықтар, сөздіктер жасалып жатыр.Соның бәрі рухани, ғылыми байланыстарды күшейтуге қажетті қадамдар.

– Түптеп келгенде бізде түрікшілдік идеология жетіспейді дейсіз ғой?

– Біздің идеологиямыз түрікшілдік идеология, ұлтшылдық идеология болу керек. Үндістан ұлттық идеологияны туғып ұстап, азаттыққа жетті ғой. Ұлтшылдық дегенді бізде құбыжық етіп көрсетіп, келгендердің жат пиғылын түсінетін уақыт жетті. Ұлтшылдық деген – өз халқын құрметтеу, сүю.

Қазір үш қазақтың біреуі шетелде жүр

–  Рахманқұл аға, Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын оқыған шығарсыз. Осы жолдауда 2015 жылы Қазақстан халқын 20 миллионға жеткізу қажеттілігі айтылған. Сіздің ойыңызша халық санын 20 миллионға қалай жеткізуге болады?

– Президент Н.Ә.Назарбаев 2015 жылы Қазақстан халқын 20 миллионға жеткізу туралы жақсы идея көтерді. Мен халықтың санын сөз етуден бұрын мәселенің тарихын қысқаша еске салайын. 1913 жылы қазақ сан жағынан Осман түріктерінен кейінгі екінші орында болған екен. Түріктер табиғи өсіммен 70 миллионға жетті. Егер де қазақ түрлі кесапаттарға ұшырамағанда бұл күнде 30-40 миллионға жуық мөлшерде көтерілген болар еді... ХХ ғасыр біздің санымызды кемітіп жіберген бірнеше факторлар болды. Қызылдар мен ақтардың текетіресі кезінде қазақтың даласы қырғын алаңына айналғаны белгілі. Оның себебін әлі ешкім зерттеген жоқ. 1917 жылы Қазақстанның оңтүстік алқабындағы ауыр ашаршылық санмыңдаған адамның өмірін қиды. 1921 жылы да ашаршылық болған. Ол тарихқа жазылған жоқ. Бұл қасіреттің тарихы да ұмыт қалдырлған. Осыдан кейін байларды кәмпескелеу басталды. 1925-33 жыл қазақтар үшін трагедиялық кезең. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу бір ұлттың ұйтқысын жойып жіберумен бірдей еді. 1928 жылы шамамен 40 миллионға дейін мал болған. Содан кейінгі 3-4 жылдың ішінде қазақ ауылында жеуге түк қалмаған соң қазақтар 1931-33 жылғы ұлы ашарлыққа ұшырады. Біразы шетел асып кетті. Қазір үш қазақтың біреуі шетелде жүр. Біздің демограф ғалымдарымыз қазақтың қазіргі жалпы саны 14 миллион деп айтып жүр ғой. Меніңше қазақтың толық есебін әлі ешкім алған жоқ деп ойлаймын...

Енді қалай көбеюге болады? – деген сұраққа келсек, құдайға шүкіршілік ондай мүмкіндік бар деп айта аламыз. Экономикамыз ептеп көтеріліп жатыр. Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға қарағанада халықтың тұмыстық әулеті біршама жоғары. Қаншалықты кем-кетігіміз болды дегенімізбен көрші респубикалардан мойнымыз озық. Осы жағдайға байланысты бір кездері басқа ұлт құрамында жазылып кеткен этикалық қазақтардың қайтадын қазақ болып жазылғысы келетіндер көбейіп келеді. Демографтардың (Мақаш Тәтімов т.б.) зерттеуіне қарағанда Өзбекстанның өзінде ұлты өзбек болып кеткен қазақтың екі миллионның шамасында делінеді. Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстанда біраз қазақтар жергілікті ұлт құрамында жүргені де жасырын емес. Тіпті Қазақстанның өз ішінде басқа ұлттың қатарын көбейтіп жүрген қандастарымыз да кездеседі. Сондайлардың біреуі екі-үш жыл бұрын қайтадан қазақ болып құжат алды. Кім дейсіз ғой? Анау-мынау емес, Түркістанда тұратын Кеңес Одағының батыры Әбдірәсіл Есетов. Ол 44 жыл бойы өзбек болып жазылып келген. Бұған себеп Әбдірәсілдің шешесінің өзбек болуынан. Ал батырдың өзі руында, жеті атасын да жақсы біледі.

Он жеті үрім-бұтағы бар... Әбдірәсіл секілділер көп кездеседі. Сайрам, Шымкент, Бостандық секілді жерлерде әкесі қазақ, баласы өзбек болып жүргендер көп. Біздің шенеуніктер олардың қазақ деп құжат алуына немқұрайлы қарап келеді. Олар «ұлтшыл» деген атаққа ілініп қаламыз ба деп үрейленеді. Біз өз ішімізде «өзге» болып жүргендерге жаңағыдай ойласатын уақыт келді деп ойлаймыз. Олардың көбінің өз баспанасы, қызметі бар, мемлекетке ешбір ауырпашылық салмайды.

Бәрін айт та, бірін айт: шетелдегі бес миллионға жуық қазақтың көбін дәл қазіргідей еліміз өрлеу жағында келе жатқан кезде атамекенге көшіріп алу – бүгінгі таңдағы қазақ мемлекетінің ең негізгі мәселесі. «Қаражат жетпейді, қиындық көп» деген сылтауды дәл осы тұста айту дәлел емес, жаны ашымастықтың өзі болып шығады. Мемлекеттік қорлардағы қаржы алдымен осыған жұмсалса Президенттімізді де, Үкіметімізді де ешкім кіналай алмайды. Егер Президенттіміз қиын замандарда қорлық көріп, шашырап кеткен қазақтарды жақын жылдарда қайта көшіріп әкеліп, орнықтыруға пәрмен берсе, ондай шешімді халқымыз ризалықпен қалар еді. Менің көңілімде жүрген бір арман – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа осы мәселені ауыз ба ауыз айту еді. Олай етудің реті келмеді.

–  Қарақалпақтардың арасында да қазақ болғысы келетіндер бар дейді ғой...

– Мүмкін, болса болар. Мен қарақалпақпын демесе, оны қазақтан айыру оңай емес. Өзіміздің қыпшақ тілдес халық. Біздің газет-журналдарымызды оқиды. Радиомызды тыңдайды, теледидарымызды көреді. Әрбір қарақалпақтың үйінде қазақтың кітаптары тізіліп тұрады. Кеше солай болған, бүгін де солай. Олардың ішінде қазақ болып жазылуға ықыластары болса, кеудеден итермей қуана-қуана тоқтаусыз қарсы алуымыз керек. Пара сұрап үркітпеуіміз керек. «Пара» деген ит ауру бар бізде. Парадан ешкімнің атасы өлген емес еді ғой. Түрлі себептермен орыс, еврей болып жазылған этикалық қазақтар да бар. Егер олар құжатына «қазақ» деп жаздырамын десе, «Қай русың? Ата тегің кім?» деген сұрақтың астына алып жанын қинайды екен. Өзі бір ақсүйек сияқты.

Қазақстан халқының демографиялық жағдайын жақсарту үшін үкімет кешенді шаралар белгілеу керек. Мәселен, 100 мың бойдақ қыз бар деп жүрміз (сүр бойдақтар да осы шамалас делінеді). Оларға бір бөлмелі шағын пәтер салып берудің өзі жас отбасының құрылуына нақтылы жәрдем болар еді. Егер Үкімет халықтың көбеюіне мүделі болса, осындай істегені жөн. Бұған мемлекеттің жағдайы келеді. Көп балалы аналарды қолдау керек. Өзбекстанда көп балалы аналарға үй салып беру дәстүрі болған. Көп балалы отбасылар үшін де мемлекеттің бағдарламасы жасалса, орынды болар еді.

Биліктегілердің халқына деген махаббат оянбаған

–  Осындай мәселелерді қазақ баспасөздері ашық жазып жүр. Бірақ тыңдаған билік көрінбейді.

– Біздің билік басында отырғандардың көбі қазақтың мектебінен оқып, ұлттық тәрбие көрмегендер, ылғи орысша оқығандар. Былай қарасаң жап-жақсы жігіттер, шетінен сұлу, сыпайы. Біздің халқымыз туралы орысша жазылған әдебиеттерден мағлұмат алғандар. Халқына деген махаббат оянбаған. Оянуға да мүмкіндіктері болмағандар. Қазақ баспасөзі қазақтың мұқтажын жазып-ақ жатыр ғой. Соны орыстанған қазақ оқи ма екен?! Оқымайды ғой. Қазақ газеттерінің шырылдаған даусы далаға кетіп жатыр. Сөйтіп ақыр аяғында қаза тілі құқын Парламентте дауысқа қоюға дейін жеттік қой...Содан соң денсаулық мәселесі тұр. Оған қаржы бөлініп жатқанымен әлі де жеткіліксіз. Жеріміздің бәрі уланған. Мал жайылатын,мал су ішетін жерлерді тазалауымыз керек қой. Семей мен Батыс Қазақстанда ядролық қару жарылмаған жер аз. Оның бәрін тазарту керек. Халқын емдеу керек.

– Қазақ тілін қайткенде мемлекеттік деңгейге көтере аламыз? Жоқ осы өгіз аяңмен жүре береміз бе қалай?

– Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл етсек, оған қазақтың бәрінің көзін жеткізу керек. Қазір олардың көзі жетіп отырған жоқ. Біздің Ата Заңымызда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл» деп жазылғанымен, оны жойып жіберетін пункт қасында тұр. Біздің тілімізді өшіретін осы. Бұрыннан орысша сөйлеп келе жатқан халық, әлгіндей ілгешек тұрғанда екі дүниеде де үйренбейді қазақтың тілін. Мен 60 миллион халқы бар Иранда болдым. Парсылар соның тең жартысына жетпейді екен. Бірақ басқа ұлттар парсы тілінде оқиды. Иранның мемлекеттік тілін сыйлайды. Құдайға шүкір біз 57 пайызға жеттік қой. Осы санымыз 70-80 пайызға жеткен кезде тіліміздің де, ұлттық өнеріміздің де проблемасы шешіледі. Бірақ соған жетер жолда кедергілер көп. Ол үшін Үкімет бұл мәселені де мемлекеттік тұрғыдан жан-жақтылы ойластыруы керек. Содан кейін қазақтың 80-90 пайызы қазақша оқитын болады. Ұлттық педагогиканы, ұлттық психологиияны бала бақшадан бастап оқыту керек. Онысыз ұлтын, Отанын сүйетін адамдарды баули алмаймыз.

Балаларды тағы ұлттық музикамен тәрбиелеу керек. Қазіргі орындалып жүрген музика қандай музика екенін білесіз бе? 40-50 жыл Еуропаланған, Африкаланған музика насихатталып, қазақтың төл әуені соңғы жылдарға дейін өте аз орындалып келді. Қазақтың байырғы ән-күйін білмейтін бөгде буын пайда болды. Оның ішінде қабілетті сазгерлер де бар. «Қазақ радиосын да, Шалқар радиосында және теледидарларда қазақ әндері мен күйлерін әлі де болса көбірек беру керек. Шетелдің пәтуәсіз әндері мен би ырғағына көзсіз еліктеуден қашатын кез келді. Музикалық тәрбие ешбір тәрбиеден кем емес. Шалқар радиосын бүкіл Қазақстанға тарату керек.

–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061