Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 10249 14 пікір 18 Наурыз, 2021 сағат 14:02

«Елбасы-Арена». Кім ұсынды, неге ұсынды?

Бүгінгі күнің басты тақырыбы – Шығыс Қазақстанның Семей қаласындағы «Абай-Арена» спорт кешеніне елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру мәселесі болды.

БАҚ пен әлеуметтік желі Семейдегі бір көше мен спорт кешені Нұрсұлтан Назарбаев атына беріледі дегенді жарыса жазып жатыр. Нобайы: «Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі «Елбасы-Арена» стадионы» болуы мүмкін еді.

Кім ұсынды?

Жергілікті мәслихат ақпаратынша, бұл ұсынысты 30 шақты адамнан құралған бастамашыл топ ұсынған. Жаңағы ұсыныс білдіріп, бастама көтерген отыздық ақсақалдар, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жергілікті депутаттық корпус, Үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділерілерінен құралыпты.

Елге есімі белгілі палуан, қазіргі мәслихат депутаты Айбек Нұғымаров: «Қарағайлы шағын ауданындағы қазір атаусыз тұрған көшеге «Назарбаев даңғылы» деген атау берілгенін қалаймыз. Сондай-ақ, сол аудандағы спорт кешеніне де Тұңғыш Президенттің есімі беріліп, «Елбасы-Арена» деп атау туралы бастама көтерілді.

Барлығы болды. Мәдениет, спорт өкілдері мен қалалық белсенділер... Қазір шешім қалалық маслихатта қаралып жатыр. Одан әрі Астанаға жіберіледі. Сол жақ шешеді», - деп сұхбат беріпті.

Сөйтіп жергілікті депутаттар бұл ұсынысты қалалық мәслихаттың жақында өтетін сессиясында қарауға мақұлдасыпты.

Сондай-ақ, «Мемлекетті нығайтудағы Елбасы Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін ұлықтау және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осындай бастама көтерілді. Бұл мәселені онлайн және жүзбе-жүз форматта талқылауға 10 мың адам қатысқан», - деген жергілікті мәслихат мәлімдемесін БАҚ таратып жатыр.

Бір айта кетерлігі, дәл осы Нұрсұлтан Назарбаевқа есімі берілгелі жатқан спорт кешені осыған дейін «Абай-Арена» деп аталып келген.

«Бастамашыл топ Қарағайлы шағын ауданындағы көшеге және «Абай арена» стадионына (қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың құрметіне қойылған) елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді сұраған», - деп жазады «Азаттық радиосы».

«Экспресс-К» ақпаратынша, 5 мың адам сиятын көпфункционалды мәдени-спорттық кешен ҚР Тәуелсіздігі күнінің қарсаңында, 2019 жылы Семейде ашылған. Спорт нысаны Қарағайлы дейтін жаңа ықшам ауданда тұрғызылған. Бұл кешенді жоспарлау және құрылыс кезеңінде «Абай-Арена» деп аталған», - деп жазады «Azattyq-ruhy.kz».

«Семейде ШҚО бюджеті қаржысына «Абай-Арена» мәдени-спорттық кешені салынуда. Оның жалпы аумағы 33,8 мың шаршы метрді құрайды. Кешеннің құрылысы биыл аяқталып, қолданысқа беріледі», - деген «Kapital.kz» 2019 жылы.

«Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің құрылысымен танысты», - деп жазады «Ақорда» сайты 2019 жылдың 26 сәуірі күні.

Елбасының өзі не дейді?

«Абай-Арена» спорт кешеніне Назарбаев есімін беру туралы ұсыныс БАҚ пен желіде қызу талқы болуда. Көпшілік жұрт бұл ұсынысқа өз наразылықтарын айтып жатыр.

Ал бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тwitter-де: «Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ШҚО белсенділерінің «Абай арена» стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай «құрмет-қошеметке» қарсы. Н.Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс», - деп жазды.

БАҚ: «Дей тұрғанмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қызметтік карьерасының алғашқы жылдары жеке тұлғаны ерекше ұлықтау дейтін алашапқын, белсенділікті сынайтын», - деп жазады.

Мысалы, 2017 жылы Президенттің БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында журналист Гүлнәр Бажкенова: «Соңғы уақытта сіздің құрметіңізге өлеңдер жазылып, кино түсіріліп, ескерткіштер қойылып жатыр, депутаттар да түрлі ұсыныстар жолдап жатыр. Конституцияның 91-бабын өзгерту арқылы тұңғыш президенттің мәртебесін бекітіп те қойды. Менің сауалым қарапайым ғана: Сіз бұған қалай қарайсыз? Сізге бұл керек пе? Әлде мұның бәрі соларды жасап жатқан адамдарға қажет пе?», - деп сұраған.

«Бір сөзбен ғана айта аламын: Маған мұндай нәрселер керек емес. Мен бұл туралы үнемі ашық айтып жүрмін», - деген Назарбаев Марк Аврелийдің «Ескерткіш соғу арқылы, келер ұрпақ сені есіне алады деп ойлама», деген сөзін мысал еткен.

«Кезінде Лениннің, Сталиннің ескерткішін шуылдап қолдағандар қазір не болды?.. Сол қолдаған адамдар әлгі тұлғаларды өздері құлатып тастады. Кейін президенттіктен кеткен кезде, мен келер ұрпақтың шешіміне әсер ете алмайтын боламын», - деген.

Айта кетейік, қазірдің өзінде Алматы, Ақтау, Қарағанды, Орал, Өскемен, Шымкент, Қостанай, Көкшетау, Павлодар қалаларында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер бар. Ал президент Тоқаев ел тізгінін ұстаған сәтте-ақ, ант қабылдап болысымен, Мемлекет астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру керек деген ұсыныс айтқан еді. Кейін Астана қаласы едел-жедел Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгерген. Астана атауын өзгертуге қатысты ел-жұрттың пікірі сұралмаған.

Сондай-ақ, елімізде бірнеше нысан бірінші президенттің есімімен аталады. Халықаралық әуежай, саябақтар мен мектептер т.б. Нұрсұлтан Назарбаев көшелері мен ескерткіштері елімізден тыс, шет мемлекеттерде де бар.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295