Қытайға санкция салынды
Еуропалық Одақ елдері 30 жылдан кейін бір ауыздан Қытайға санкция салуды мақұлдады. Шыңжаңдағы адам құқығын таптағаны үшін Еуроодақ елдері Қытайдың төрт шенеунігі мен бір заңдық тұлғасына санкция салды.
Ұлыбритания, АҚШ және Канада мемлекеттері ЕО елдерінен кейін Бейжіңге санкция салуды жөн деп тапты. Соңғы айда Еуропа елдері Қытайдағы адам құқығының бұзылуына байланысты көптеген баяндамалар мен деректі фильмдерді жарыққа шығарып, Бейжіңді "тәрбиелеу лагерьлерін" жабуға шақырды. Қытайдың сыртқы істер министрлігі санкциялардың салынуын қатаң айыптап, өзінің ішкі ісіне араласу ретінде қарастырды. Санкциялар "Еуропа мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты бұзады" деп мәлімдеді.
Еуропалық Одақ елдері соңғы рет 1989 жылы Қытайға бір ауыздан санкция салған болатын. Тяньаньмэнь алаңындағы қырғынға байланысты салынған ол санкциялар әлі өз күшін жоғалтқан жоқ.
Abai.kz