Жұма, 6 Қараша 2026
Бетбұрыс 161 0 пікір 6 Қараша, 2026 сағат 14:48

ЖИ және киберқорғаныстың жаңа дәуірі...

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Бүгінгі таңда жаһандық бәсекелестік тек шикізат нарығында емес, технологиялар, деректер ағыны және жасанды интеллект кеңістігінде кеңінен өрістеп жатыр. Бұл еліміз үшін аталған кезең — экономиканы дәстүрлі шикізаттық тәуелділіктен арылтып, оны технологиялық өнімдер мен цифрлық қызметтерге негізделген сапалы жаңа модельге көшірудің шешуші сәтіне айналып отырған жайы бар.

Ұлт алдында тұрған басты міндет — жекелеген цифрлық жобаларды енгізумен шектелмей, мемлекеттік басқаруды, экономикалық процестерді, білім беруді және ұлттық қауіпсіздікті біртұтас технологиялық экожүйеге біріктіру болып табылады. Тап осы қалыптастып отырған жағдайды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында тілге тиек етіп, ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу арқылы экономиканы жаңғырту — мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін қадап атап өтті.

ЦИФРЛЫҚ ТЕГЕУРІН: МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ

Қазіргі мемлекеттің тиімділігі бюрократиялық аппараттың ауқымымен емес, ақпаратты өңдеу жылдамдығымен және азаматтарға қызмет көрсету сапасымен өлшенетіндігіне жұртың да, биліктің де көзі әбден жетіп отыр. Цифрландыру — бұл қағаз құжаттарды электронды форматқа көшіру ғана емес, ол — басқару мәдениетін, шешім қабылдау тетіктерін және мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертетін терең реформа екендігі ендігі жерде еш дау туғызбайды.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы цифрлық форматта ұсынылады. Атап айтар болсақ, eGov GPT жүйесі 51 мемлекеттік қызметті қамтып, азаматтар өтініштерінің шамамен 30 пайызын автоматты түрде өңдейді. Бұл — азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін түбегейлі жоюға мүмкіндік те береді. Осы орайда ескеретін бір жайт, цифрландырудың нақты тиімділігі жасалған сайттар немесе мобильді қосымшалардың санымен бағаланбайды. Оның басты өлшемі — деректердің жүйеаралық дәлдігі, қауіпсіздігі және уақтылы алмасуы болып есептелінеді. «Бір рет енгізу» қағидаты бойынша азаматтар бір мекемеге ұсынған ақпаратын екінші мекемеге қайта тапсыруға міндетті болмауы тиістігі де алға шықты. Әрі өз шешімін таба бастады.

Осы мақсатта QazTech бірыңғай технологиялық платформасына көшу процесі айрықша маңызға ие болып жатыр. 2026 жылы 39 мемлекеттік жүйені осы платформаға ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл — шашыраңқы цифрлық өнімдердің орнына біртұтас, үйлесімді мемлекеттік архитектураны қалыптастыруға бағытталған пәрменді қадам болып саналады.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: КҮНДЕЛІКТІ ҚҰРАЛДАН ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯҒА

Жасанды интеллект (ЖИ) ұғымы көбіне чат-боттармен, автоматты аудармалармен немесе медиаконтент генерациясымен шектеліп жатады. Тап осыған  қарамастан, ЖИ-нің нақты маңызы — орасан зор көлемдегі деректерді терең талдауда, қайталанатын процестерді автоматтандыруда және басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруда екенін қазақ баласы айқын ұғынды.

Қазақстанда бұл бағыт мемлекеттік деңгейде жүйелендірілу басым бағыт ретінде қолға алынды. Қазіргі таңда Ұлттық жасанды интеллект платформасы есептеу қуаттарын, мәліметтер қорын, әзірлеу құралдары мен дайын модельдерді бір арнаға тоғыстырады. Бүгінгі таңда ЖИ-ассистенттер екі миллионнан астам рет қолданылса, әзірлеу кезеңіндегі ЖИ-агенттердің саны 50-ден асып отырғаны көңілді жұбатады.

Өнеркәсіп секторында ЖИ өзінің практиклық тиімділігін дәлелдей бастады десек әсте артық айтпаймыз. Industrial AI Acceleration бағдарламасы аясында 95 трекшн-митинг пен 50 сағаттан астам оқыту воркшоптары өтіп, 136 ЖИ-шешім өндіріс орындарына ұсынылуы еліміздің осы бағыттағы қарыштауын танытады. Нәтижесінде 24 қанат қақты жоба бастау алып, оның жетеуі толыққанды өндірістік пайдалануға енгізілгені жаныңды жадыратады. Мысалы, ERG компаниясында іске қосылған цифрлық платформа жабдықтардың тоқтап қалуын және технологиялық ақауларды шынайы уақыт режимінде бақылауға жағдай жасап, аталған шешімді енгізудің экономикалық қайтарымы шамамен 1,5 млрд теңгені құрады.

Алайда ЖИ-ді енгізудегі негізгі сауалдың бірі һәм бірегейі — технологияның өзінде емес, оның қандай нақты қолданбалы міндетті шешетіндігінде болып табылады. Арнайы платформаны чат-ботпен жарақтандыру басы бүтін ЖИ-трансформацияны білдірмейді. Нақты нәтиже — технология адам қателігін азайтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартқанда және экономикаға оң әсер еткенде ғана байқалатын әрі өз нәтижесін беретін болады.

Сонымен қатар қазақ тіліндегі сапалы датасеттерді (мәліметтер қорын) жинақтау және отандық тілдік модельдерді (LLM) дамыту — ұлттық, мәдени және тілдік егемендік мәселесі екендігін ешқашан тарс естен шығармауға тиіспіз. Бұл орайда жаһан жұртының көзі үйренген әлемдік модельдер жергілікті тарихи-мәдени контексті толық қамти алмайды. Сондықтан Қазақстан үшін сырттан дайын технологияны көшіріп алу емес, оны ұлттық мүддеге сай бейімдеп, өз ақпараттық базисін қалыптастыру — стратегиялық міндеті күн тәртібінде тұр.

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ: ИДЕЯ МЕН КАПИТАЛ АРАСЫНДАҒЫ КӨПІР

Инновация — түптеп келгенде құр жай ғана жаңа идея емес. Ол — идеяның нақты өнімге, қызметке немесе технологиялық шешімге айналып, нарықта тұрақты қолданылуы екенін ұмытпағанымыз жөн. Ал, осы аталған үдерісті инфрақұрылымдық қолдаусыз жүзеге асыру мүмкін еш еместігі де есімізден шықпауы керек-ақ.

Қуантатын бір жайт: елімізде инновациялық орта кезең-кезеңімен нығайып келеді. Astana Hub хабы 2,5 мыңнан астам компанияның басын қосты. 2026 жылдың бірінші тоқсанында оған ат салыса қатысушылардың жалпы табысы 907 млн долларға жетсе, IT-қызметтер экспорты 241,2 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіштер инновациялық экожүйенің нақты экономикалық қайтарым бере бастағанын нақты дәлел-дәйектермен айғақтайды.

Алайда инфрақұрылымның басты сапа критерийі — тіркелген субъектілердің санымен емес, керісінше, олардың қаншасы инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын аша алғанымен және экспорттық нарыққа шыққанынымен көзге ұрады.

Осы орайда инновациялық ортаны ілгерілетуде мына бағыттар:

Идеядан өнімге (Lab-to-Market) өту жолын барынша қысқарту;

Тестілеу алаңдары мен ғылыми-зерттеу зертханаларын кеңейту;

Венчурлық қаржыландыру және «бизнес-періштелер» (angel investors) институтын дамыту;

Ғылым мен өндірістік сектор арасындағы алшақтықты азайту;

Жоғары білікті технологиялық кадрларды даярлау шешуші рөл атқарады.

Ғылыми зерттеулер мен өндірістік қажеттіліктің арасындағы алшақтық — инновацияның басты тежеушісі болып таблатындығын жоққа шығара алмаймыз. Университеттік зерттеу нарықтық өнімге айналмаса, ол тек ғылыми мақала күйінде қала береді. Сондықтан инновациялық саясаттың негізгі мақсаты — ғылым мен бизнесті тығыз байланыстыратын берік көпір қалыптастыру болып табылады.

ҒАРЫШ САЛАСЫ: БОЛАШАҚТЫҢ ҚОЛДАНБАЛЫ ПОЛИГОНЫ

Қазақстанның ғарыштық әлеуеті тек Байқоңыр айлағының тарихи маңызымен ешқашан шектелмеуге тиіс. Қазіргі ғарыш технологиялары — ғылыми романтика емес, экономиканың өзге де секторларына қызмет ететін күнделікті тиімді құралы болып табылады.

Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) спутниктері ауыл шаруашылығын, су ресурстарын, экологиялық ахуалды, көлік инфрақұрылымын және төтенше жағдайларды бақылауда таптырмас шешімдерді ел экономикасын өркендету үшін ұсынады. Спутниктік деректер егін алқаптарының жағдайын бағалауға, табиғи өрттерді ерте анықтауға, кен орындарын мониторингтеуге және логистиканы оңтайландыруға молынан мүмкіндік береді.

Қазақстанның орасан зор аумағы мен минералдық-ресурстық базасын ескерсек, ғарыш саласы — ең құнды, ең бағалы стратегиялық актив болып табылады. Тіпті шалғай өңірлерді цифрландырудың өзі спутниктік байланыссыз толық жүзеге аспайды. Қазіргі уақытта қолжетімділігі қиын аумақтарды интернетпен қамту үшін Starlink және OneWeb сияқты спутниктік жүйелер белсенді қолданыла бастады.

Бұл саладағы негізгі міндет — тек аппараттарды ұшырумен шектелмей, жерсеріктік деректерді өңдеу, талдау және оларды нақты секторға енгізу қабілетін арттырудан тұрады. Осы кезеңде жасанды интеллект пен Үлкен деректер (Big Data) ғарыштық технологиялармен тоғысып, ел игілігі үшін берері мол сапалы жаңа экономикалық құндылық тудырады.

КИБЕРҚАУІПСІЗДІК: ЦИФРЛЫҚ ЕГЕМЕНДІКТІҢ ҚОРҒАНЫС ШЕБІ

Еліміздегі барша басқару және өндіріс процестері цифрлық ортаға көшкен сайын, мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігі киберқорғаныс деңгейіне тікелей тәуелді бола түсетіндігін қазіргі кезде ешкім жоққа шығара алмайды. Энергетика, қаржы жүйесі, көлік және денсаулық сақтау сияқты критикалық инфрақұрылымдарға жасалатын кибершабуылдар дәстүрлі қатерлерден кем түспейтін залал келтіруі мүмкіндігін үгемі қаперде ұстауға тиіспіз.

Қолада бар деректерге сүйенер болсақ, бүгіндері Қазақстанның киберқауіпсіздік саласында 51 отандық компания жедел ақпараттық қауіпсіздік қызметтерін ұсынып келеді. Бұл — жергілікті киберқауіпсіздік нарығының біртіндеп қалыптасып келе жатқанынын паш етіп танытады. Сонымен бірге KazHackStan сияқты өңірлік алаңдар саланы нығайтуға және цифрлық сауаттылықты арттыруға өз үлесін қосып келеді.

Алайда киберқауіпсіздік — бұл тек техникалық қорғаныс эшелоны ғана емес. Сонымен қатар, ол — Адам, Процесс және Технология үштігінің тұтастығы да болып табылады. Осы орайдағы бір әттегенайымыз, Мемлекеттік және жекелеген құрылымдарда кибергигиена ережелерінің ескерілмеуі, қызметкерлердің ақпараттық сауатсыздығы және білікті кадрлардың тапшылығы негізгі осалдық көздері болып қала береді.

Қазіргі жағдайда Қазақстанға оқиға орын алғаннан кейін әрекет ететін реактивті модель емес, қатерді алдын ала болжайтын және оқшаулайтын проактивті киберқорғаныс архитектурасы қажет екендігі еш дау туғызбайды. Nol Сенім (Zero Trust) қағидаттарын енгізу, ұлттық қауіпсіздік стандарттарын күшейту және цифрлық қатерлерді ерте анықтау платформаларын дамыту — осы бағыттың басты негіздері болуы керек әрі өте қажет.

БОЛАШАҚТЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАҢДАУЫ

Цифрландыру, жасанды интеллект, инновациялық инфрақұрылым, ғарыш технологиялары және киберқауіпсіздік — бұлар бір-бірінен бөлек дербес бағыттар емес. Қайта аталған элементтер тізбегі өз кезегінде — біртұтас ұлттық цифрлық экожүйенің негізгі тіректері болып саналады.

Бұл орайда, еліміз үшін басты меже — цифрландыруды қарапайым «сервис ұсыну» деңгейінен «технологиялық егемендікті қамтамасыз ету» деңгейіне көтеру болып есептелінеді. Осының бәріне қол жеткізу үшін ЖИ-ді нақты секторға енгізуді тездету, инновацияларды нәтижеге бағыттау, киберқауіпсіздікті ұлттық басымдыққа айналдыру және ғарыштық мониторинг мүмкіндіктерін барынша пайдалануға ел-жұрт болып тізе қоса барымызды салуымыз қажет.

Болашақ — цифрлық тілде сөйлеп, цифрлық ортада бәсекеге қабілетті мемлекеттердің еншісінде екеніні өмірілік шындыққа айналып ұлгерді. Ал бұл тілді толық меңгеру — тек ақпараттық технологиялар саласының мақсаты емес, бұл — ұлттың ертеңгі даму траекториясын анықтайтын стратегиялық таңдауы екенін жадымыздан шығармауға тиіспіз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір