«Есік» қорық-музейінде Наурыз тойы
Халқымыздың ежелден келе жатқан ұлық мерекелерінің бірі, бастауын сонау есте жоқ ескі замандардан алатын дәстүрлі мейрамы – әз-Наурыз мерекесі. Жыл жаңарып, табиғат оянатын мерзімді тектен текке жаңа жыл деп санамаса керек. Шынымен де әз-Наурыз барша жаңалықтың бастауы ғой.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі осынау Ұлы мерекені ұлықтау мақсатында талай тамаша бастамаларды қолға алып келеді. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасын қолдау мақсатында әрі, Ұлыстың ұлы күнін ардақтау мақсатында «Есік» қорық-музейі де наурыз айының 18-ші жұлдызында арнайы іс-шара ұйымдастырды. Іс-шараның басы қорық-музей ауласына 6 түп Тянь-Шань шыршасын орнатудан басталды. Шырша көшеттерін демеушілік ретінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы кәсіпкер – Ернар Серікұлы Рахметов қорық-музейге сыйлады.
Игі тілекпен аула шырша көшеттерін отырғызғаннан кейін ұлтымыздың қанына сіңіп, жан-дүниесін баурап алған айтыс өнеріне кезек берілді. Еңбекшіқазақ ауданының өзінде кезінде республикалық талай аламанда топ жарған Д.Әбдісаев, Е.Оңашхан, Қ.Ынтықбеков, Н. Қожан, Б. Мейірбекұлы сынды ауыздығымен алысқан тұлпардай дүлдүл ақындар бар. Сол ақындардың басын қосып, елдегі пандемия талаптарын сақтай отырып ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтыс шымылдығын аудан ақындарының ақсақалы, Оразалы Досбосыновтың ақын болып қалыптасуына еңбегі сіңген ағаларының бірі – Даубай Әбдісаев пен адуынды ақын Ерқуат Оңашқан ашты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, әз-Наурыз бен Алтын адам туралы толғаған ақындардың шабыты шарықтап алты қырдан асқандай болды. Одан кейінгі сөз сайысы сырлы саз, сұлу сөзімен тыңдаушы жүрегінен орын алған жергілікті ақын – Қуатжан Ынтықбеков пен жас та болса жүйріктігін танытқан, Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінің қызметкері – Нұргелді Қожан айтысы да өзінің көркемдігі мен тереңдігі арқылы тәнті етті. Арқасы қозған ақындар осы жұптан кейін айтыс аяқталды дегенге қарамастан бір-бірін жекпе-жекке шақырған Е. Оңашхан мен Н. Қожан арасында сөз сайысы уытты шумақтарымен төгіліп жатты. Сөз бәйгесінің қорытындысында жергілікті өнерпаз, жырау, ақын-композитор А.С. Үсенов өзінің туындысы «Алтын адам» әнімен әннен шашу шашып, жаңа жылдағы айтыстың бастауына құтты болсын айтып, жырдан шашу шашты.
Осылайша табиғатты сақтауға үлес қосып, ұлттық рухты асқақтатқан Наурыз тойы өз сәнімен өтті. Ақындар мен жыраулар қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, әз-Наурыздың қасиетіне, Алтын адамның табылғанына 50 жыл, «Есік» қорық-музейінің ашылғанына – 10 жыл толу құрметіне жырдан шашу шашып, Ұлыстың ұлы күнінде елдің болашағына бақ тілеп тарқасты.
Abai.kz