Ералы Тоғжанов ескеруі керек!
Өткен бейсенбі яғни, наурыздың 25-күні Нұр-Сұлтан қаласында және өзгеде аймақтарда жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өткені белгілі.
Онлайн түрде қашықтан байланысқан осы комиссияның мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат мырза ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мақсаттарында «Тарихи-мәдени мұралардың» қорғалуын толық қамтамасыз етуді заңмен реттеу керектігін ұсыныс ретінде жолдады. Дегенмен комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов мырза «Тарихи-мәдени мұраларды» қорғау басқа заңмен реттелетінін айтып, сонымен бұл ұсыныс ескерусіз қалғандай болды.
Турасын айту керек, бұл жерде Дәурен Қуат мырза өте өзекті мәселені қозғап отыр. Өйткені «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288-VI заңда ескерткіштерге қатысты тек құрылыс салуды реттеу жағы ғана қарастырылған. Құрылыс салатын компаниялар немесе жер қойнауын пайдаланушылар өздері жалға алған жерлерін пайдаланар алдында тарихи-мәдени сараптама жасатуға міндеттеледі. Бірақ бұл жерде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы бір де бір сөз жоқ. Сондықтан аталған заң ірі құрылыс саласы мен жол құрылысымен айналысатын сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға ғана қатысты сияқты болып қала бермек.
Жыл сайын әртүрлі жобалармен ел аралап іссапарда жүргенімде ауыл шаруашылығы жерлерінде талай ескерткіштердің бұзылып, қирап жатқанын көрдім, менің әріптестерім де сондай келеңсіздіктерді көріп жүр. Оның негізгі себебі: жергілікті әкімшіліктерден бастап қарапайым шаруаларға дейін тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дегенді білмейді. Жергілікті шаруаларға жеріміздің қасиет киесі, тарихи-мәдени ескерткіштердің құндылығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Олар кейде шынымен білмей, кейде біле-тұра осы ескерткіштерді қазып тастайды. Сонымен қатар дихандар егістік жыртқанда мыңдаған ескерткіштерді соқалармен қопарып тастағанын немесе жермен жексен етіп тегістеп тастағанын да көрдік.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Отан тарихын қайта жазу туралы тапсырма беріп, ол жұмыстарға ғалымдар мен зерттеушілер жұмылдырылып жатқан сәтте ескерткіштерді қорғау ісі күн тәртібінен түспеуі керек. Оның арғы жағында елдігіміздің мәселесі тұрғандығы және белгілі.
Сондықтан «Жер кодексіне» тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауды міндеттейтін арнайы бір пункт енгізілуі керек. Сонымен қатар ғарыштық мониторинг тұрақты түрде және республикалық деңгейде жүргізілгені жөн. Ол жерде де ескерткіштердің сақталынуын үнемі қадағалайтын жүйе енгізілуі керек деп ойлаймын. Ал бұл мәселені Жер комиссиясының төрағасы Ералы Тоғжанов мырза мықтап ескеруі керек!
ФОТОДЕРЕК:
1-сурет. Елеке сазы жайлауындағы тоналған қорғандар.
2-сурет. Елеке сазы жайлауындағы тоналған қорғандар.
3-сурет. Пьянный Яр-1 қорғандар тобындағы соқамен тегістелген қорған.
4-сурет. Аршалы-1 қорғандар тобындағы тастарын құрылысқа пайдалану үшін қопарылған қорған.
5-сурет. Песчанка-1 қорғандар тобындағы соқамен тегістелген қорғандар.
6-сурет. Михайличенко қорғандар тобындағы соқамен тегістелген қорғандар.
7-сурет. Кондратьевка-4 қорғандар тобындағы соқамен тегістелген қорғандар.
8-сурет. Кондратьевка-8 қорғандар тобындағы соқамен тегістелген қорғандар.
Ерден Оралбай, археолог
Abai.kz