Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 11508 0 пікір 1 Сәуір, 2021 сағат 12:39

Мемлекеттік комиссияға сегіз ұсыныс...

Биыл қазақ халқын қынадай қырған алғашқы ашаршылық кезеңі 1921-22 жылдардағы нәубетке 100 толады. Қазақ тарихының бұл ақтаңдақ беттері халық жадынан өшпек емес. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қаңтар айында жариялаған “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында ерекше тоқталған болатын.

Президент аталған мақаласында сол нәубет жылдардың жан-жақты зерттелуі қажет екенін, сондай-ақ мемлекет тарапынан ашаршылық мәсселесіне тиісті баға берілуі керек екенін алға тартқан болатын.

-“Миллиондаған адамды нәубетке ұшыратып, тірі қалғанын бас сауғалап қашып кетуге мәжбүрлеген алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Халқымыз сол нәубеттен қырылып қалмағанда, бүгінде қазақ халқының саны әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Ашаршылық құрбандарының саны туралы тіпті ғалымдардың арасында нақты дерек жоқ. Сондықтан жиналған мәліметтерді, тиісті тарихи құжаттарды аса тиянақты зерттеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, сол зерттеуге сәйкес, ашаршылық нәубетіне мемлекет тарапынан баға берілуі тиіс. Мұның барлығын таза ғылыми ұстаныммен жүргізген абзал”,- деді Мемлекет басшысы аталған мақаласында.

Осыған орай, еліміздегі Президенттік, Орталық мемлекеттік және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, сонымен қатар Ішкі істер министрлігіне қарасты архивтердің басшылары Репрессия құрбандарын толық ақтау жөініндегі мемлекеттік комиссияғаи қандай жағдай жасап жатқанын, сонымен қатар, құпия құжаттармен жұмыс істеуде қандай кедергілер бар екенін жуырда Алматы қаласы әкімі құрған комиссия жұмысында айтып берді. Одан бөлек, тарихшы ғалымдар алдағы міндеттер туралы ойларын ортаға салды.

Атқарылуы жұмыс ауқымы орасан зор. Сондықтан да, тиісті межеге жету үшін зерттеу жұмыстары бірнеше ай, тіпті жылдап жүргізілуі де мүмкін. Ал, Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесіне көпшілік қауым осы бастан сенгісі келеді. Сондықтан, ел үміті ақталуы үшін іргелі жұмыстардың бастауы болатын алғашқы тұжырым көп созбай алдағы 31 мамыр саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күніне жариялану керек. Ал, мемлекеттік комиссияның мүшесі Бейбіт Қойшыбаев мұндай маңызды мәлімдеме жарияланбас бұрын бірнеше жайттар қамтылуы тиіс екенін айтады.

1. Репрессияның алғашқы толқыны 1930 және 1932 жылдарғы жазалауларымен Алаш қозғалысына қатысушылардың елеулі бөлігін сыпырып әкетті. ОГПУ-дің Қазақстан бойынша Толық өкілетті өкілдігі «Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқаларды, барлығы 44 адамды айыптап», Мәскеуге тұтқындармен бірге жолдаған № 78754 тергеу ісін Мәскеуде ОГПУ аяғына жеткізіп тергеді де, 1930 жылғы 12 наурызда Айыптау қорытындысын шығарды. Онда «Алаш-Орда» партиялық және үкіметтік ұйым ретінде қызметін тоқтатқанмен, оның сақталып қалған контрреволюциялық өзегі өзінің антисоветтік қызметін жалғастыра берді» деген ұйғарыммен тұтқындарға түрлі репрессиялық шаралар қолдануды ұсынды. Сол 1930 жылғы 4 сәуірде Айыптау қорытындысына сәйкес үкім шығарылды. Контрреволюция жасамақ алашордашылар ретінде таңбаланғандардың Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев, Жанша Досмұхамедовтер бар екінші тобы 1932 жылы сотталды. ОГПУ жазалаған алашордашыларды араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, 1988 жылғы 4 қарашада, Қазақ ССР Жоғарғы соты ақтады. Осы орайда, мүшелері ақталғандықтан, қазақ ұлт-азаттық қозғалысын көздеген мақсатына жеткізуді көздеген мемлекеттік бірлік – 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда сайланған  автономияның «Алаш-Орда» үкіметі де ақталуға тиіс екені түсінікті жәйт. Халық әлдеқашан әділ бағасын берген «Алаш-Орданы» осы науқандағы Мемкомиссияның  бастапқы қадамында ресми түрде саяси тұрғыдан жаңаша бағалау сұранып тұр. Төрт ғасыр дербестіктен кейін ХІІІ ғасырда әуелі протектораттық, одан, ХІХ ғасырда отарлық қамыт киіп, мүлдем айрылып қалған ұлттық мемлекеттілікті ХХ жүзжылдықта «Алаш-Орданың» тұңғыш жаңғыртқанын атап өту жөн болар еді. «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің барлық мүшелерін, орталық үкіметтің және Шығыс бөлімшенің төрағасы, ұлт көсемі лауазымын халық берген Әлихан Бөкейхановты, Алаштың аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, республикалық режимде екі жыл бойы жұмыс істеп тұрған Батыс  бөлімшенің төрағасы Жаһаншаһ Досмұхамедовті,  «Алаш-Орда» Оқу комиссиясының мүшелерін, барша белсенді күрескерлерді атап айтып, шын мәніндегі реабилитация ретімен көрсетілуге тиіс құрметтерді жария ету абзал.

2. Аталған қылмыстық істе «ұжымдастыруға қарсылық көрсеткен бандыны ұйымдастырушы» ретінде аталғанмен, жазаланушылар тізіміне кірмеген бір тұлға бар, ол – азаттық қозғалысына, одан кейін совет өкіметін орнатуға белсене  қатысушы, алғашқы ҚазЦИК мүшесі Байсейіт Әділов. Тұтқындау кезінде оққа ұшқан, әскерилердің бақылауымен жер қойнауына беріліп, «халық жауы» санатына жатқызылған. Елге сіңірген еңбегін білетін және қатты қадірлейтін жерлестері оның сүйегін 90 жылдан кейін қаралы-салтанатты рәсіммен қайта жерледі. Мемкомиссияның осы 31 мамырға дейін жария ететін мәлімдемесінде бұл жәйтті атап өтіп, әділ бағасын беру өте дұрыс болар еді.

3. Қазақ азаттық қозғалысында Жоғарғы Билік тарапынан әлі әділ бағасын алмай келе жатқан Мұстафа Шоқайжайында арнайы саяси мәлімдеме жасау орынды болуға тиіс. Құлаған самодержавие сынықтарын Совет өкіметі қарулы күшімен қайта жаулап алып, таптық негіздегі жаңа коммунистік империя құруға ашық кіріскен алғашқы кезеңде-ақ түрк халықтарының азаттық қозғалысындағы орындары ерекше тұлғалар – М. Шоқай тәрізді эмиграцияға кеткен Мәмед Расулзадені Әзірбайжан Республикасы, Ахмет-Зәки Валидовты Башқұртстан қызыл империя ыдыраған бетте халық батыры ретінде танып, мемлекеттік дәрежеде бағалады. Ал біз есімі мен ісі әлемге әйгілі Мұстафа Шоқай сынды қайраткерімізді отыз жылдан бері лайықты бағалай алмай келе жатырмыз. Осы жолы, 31 мамыр қарсаңында, алғашқы әділ де, адал, саяси тұжырымды Мемкомиссия деңгейінде жұртқа ұсынсақ, қоғам тек қана ұтар еді.

4. Алаш-Орда үкіметінің әскерін құрушылар әлі толық зерттелмеді, тиісінше лайықты бағасын алмай келеді. Соның бірі және бірегейі – 1919 жылы қызыләскерлер оғына ұшқан Алаш-Орда әскери бөлімінің басшысы капитан Хамит Тоқтамышев. Мемкомиссия мәлімдемесінде оны да арнайы атап өту керек.

5. 30-шы жылдары «бандылар бүлігі» ретінде аяусыз басып-жаншылған халық көтерілістерін өз тарихи дәл атауымен атап, солақай реформаға қарсылық білдіргені үшін ғана жазықсыз қырғынға ұшыратылған көтерілісшілерді толық ақтау жүзеге асырылатынын осы мәлімдемеде атап көрсету қажет.

6. Қазақ халқын Ұлттық апатқа ұшыратқан солақай реформалар республика астанасы Алматы қаласынан бастау алып, бұрмалаулы іс-шаралар жобаланды, оларды жүзеге асыруға бағытталған түрлі нұсқаулар шықты. Ашыққан жұрт астанаға шұбырып, Алматы көшелерінде сұлап жатты, мың-мыңдап өлім құшты. Сонда қала билігі тарапынан олардың мәйіттерін арбаларға тиеп қала сыртына апарып көму ұйымдастырылды. Қайда тасымалданды, қай маңда жер қойнауына берілді, мұны милиция, құпия полиция архивтерін зерттеу, басқа да жолдармен іздестіру арқылы анықтап, 31 мамырға дейін құрбандар басына белгі қою керек.

7. Үлкен террор жылдары Мәскеуде атылғандардың мәйіттерін зираттарға арнайы жөнелтпе жазбамен тасыған, бізде де сондай тәжірибе болуға тиіс. Құпия полиция архивын сақтаушылардан сол деректерді ашуды сұрап, Жаңалық қорымынан өзге жерлерді түгел анықтауға және құрбандар басына белгі қоюға тырысу керек.

8. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы шаңырақ көтерген 1989 жылдан бері үнемі назарда ұстап, көтеріп жүрген мәселерінің бірі бұрынғы НКВД ғимаратында Саяси қуғын-сүргін тарихы музейін ашу мәселесі еді. Музей ашылған, бірақ халықтың қаралы тарихын қастерлеп, тәрбие жұмысына пайдаланудан гөрі ғимаратты табыс көзіне айналдыруға құмарлық танытқан чиновниктердің санасыз әрекеті салдарынан жеке қолға сатылып, 1,5 жылда жабылып қалған. Қазір оны әлдебір алпауыт қонақүйге айналдырып алды. «Әділет» қарамағына алуды көздеген тағы бір ғимарат – Алматы қаласы, Төлеби көшесіндегі 29-үй. Бұл үй Үлкен террор құрбандары, алғашқы Қазақ университетінің, медицина институтының басшылары, ғалымдар Санжар Аспандиаров, Халел Досмұхамедов және ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалында Ұлт мәдениеті институты жұмысын жолға қоюшылардың бірі, шығыс қолжазбаларын жинап, тәржімелеуші, зерттеуші Қоңырқожа Қожықовтардың өмірі мен қызметіне тығыз байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында онда Түрік елшілігі орналасты, ал қазір Түрік консулдығы ауласында бос тұр. Осы ғимаратты қала әкімдігі «Әділет» тарихи-ағарту қоғамына беру мәселесін шешсе – онда «Әділеттің» жарғылық жоспарына сай «Жаңғырған ұлт зиялылары музейін» ашуға зор мүмкіндік жасалары, яғни халық игілігіне бағытталған үлкен іс тындырылары  сөзсіз.

Бейбіт Қойшыбаев,

Респрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636