Мiржақып Дулатовтың iшiгi мәңгi сақталады
Қазақ асылын ардақтап, батырын ұлықтаған халық. Кешегi қиын-қыстау заманда елiмiздiң бүгiнгi жарқын болашағы үшiн құрбан болған тектi арыстарымыздың еңбегi мен өнегелi мұрасын ұрпақтан ұрпаққа аманат ету бiзге парыз. Сонау аумалы-төкпелi кезеңде қазақ халқы, қазақ елi, қазақ тiлi үшiн басын бәйгеге тiккен алаш ардақтыларының артына қалдырған мол қазынасын екi көздiң қарашығындай, аса құнды жәдiгер ретiнде сақтау алты алаштың алдындағы мiндет.
Иә, Алаштың ұлы даласының төл перзентi — Мiржақып Дулатовтың есiмi әрбiр қазақтың жүрегiнде сайрап жатыр. Оның қазақ жұртының ел, ұлт болып қалыптасу жолында қаламымен үн қосқан жазбалары, шығармалары, өлеңдерi баға жетпес құндылық. Әдiлетсiз заманның сұрқай көрiнiстерiн, жарлы мен жақыбай жандардың күйбең тiршiлiгiн, бәзбiр байшыкештердiң қолынан келсе қонышынан басқан тойымсыз әрекетiн айшықтаған, әсiресе, өмiрiн күң мен мұңмен өткiзген әйел теңсiздiгi тақырыбына тартынбай қалам тербеген “Бақытсыз Жамалының” өзi неге тұрады?
Қазақ асылын ардақтап, батырын ұлықтаған халық. Кешегi қиын-қыстау заманда елiмiздiң бүгiнгi жарқын болашағы үшiн құрбан болған тектi арыстарымыздың еңбегi мен өнегелi мұрасын ұрпақтан ұрпаққа аманат ету бiзге парыз. Сонау аумалы-төкпелi кезеңде қазақ халқы, қазақ елi, қазақ тiлi үшiн басын бәйгеге тiккен алаш ардақтыларының артына қалдырған мол қазынасын екi көздiң қарашығындай, аса құнды жәдiгер ретiнде сақтау алты алаштың алдындағы мiндет.
Иә, Алаштың ұлы даласының төл перзентi — Мiржақып Дулатовтың есiмi әрбiр қазақтың жүрегiнде сайрап жатыр. Оның қазақ жұртының ел, ұлт болып қалыптасу жолында қаламымен үн қосқан жазбалары, шығармалары, өлеңдерi баға жетпес құндылық. Әдiлетсiз заманның сұрқай көрiнiстерiн, жарлы мен жақыбай жандардың күйбең тiршiлiгiн, бәзбiр байшыкештердiң қолынан келсе қонышынан басқан тойымсыз әрекетiн айшықтаған, әсiресе, өмiрiн күң мен мұңмен өткiзген әйел теңсiздiгi тақырыбына тартынбай қалам тербеген “Бақытсыз Жамалының” өзi неге тұрады?
Алаш қайраткерiнiң өзi өткенмен, оның артында iзiн жалғастырушы ұрпағы бар. Асылдың сынығы, тектiнiң көзiндей болған Гүлнәр Мiржақыпқызы әкеден қалған мол мұраны қаншама қиын өткелден бүгiнге аман-есен жеткiзген. Атап айтқанда, алаш ардақтысы Мiржақып Дулатовтың өзi жазған қолжазбаларын, көзi тiрiсiнде ұстанған дүниелерiн, ескi суреттерi мен өткеннен сыр шертетiн құжаттарын, одан бұрын әкесiнiң үш жыл киген iшiгiн қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай құнттап сақтаған. Тұлпардың тұяғы Гүлнәр апа бұл бағалы жәдiгерлердi үйiнде ұстағаннан гөрi Президенттiк мәдениет орталығының мұражайына тапсыруды жөн көрiптi. Мұны орталықтың бас қор сақтаушысы Бибiнұр Санақұлова салтанатты түрде қабылдап, бұдан былай құнды дүниелер көпшiлiктiң рухани мұрасына айналатынын айта келе, өз жылы лебiзiн бiлдiрдi. “Гүлнар апамыз бiзге әкесi Мiржақып Дулатовтың iшiгiн мәдениет қорына қайтарымсыз тұрақты пайдалануға берiп отыр. Ұлттық мұражай қоры тағы бiр құнды жәдiгермен толығуда. Әрине, бұл iшiк материалы аса зерттеудi қажет етедi. Айрықша жағдайда консервация, реставрация жұмыстарын жүргiзу керек”–дедi. Ағамыздың өзiндей болған асыл бұйым алдағы уақытта Абылай ханның алтын зерлi қамқа тоны, Балуан Шолақтың кемер белдiгi, Қазыбек бидiң шапаны секiлдi құнды мұралармен бiрге Президенттiк мәдениет орталығы музейiнiң төрiнен орын алып, ұлттық мәдениетiмiздi байытып тұратын болды.
Гүлнәр апаның әкесiнiң иiсi сiңген тайжақы iшiкпен қоштасар сәтi де әсерлi болды. Құдды әкесiн емiрене құшақтаған баладай iшiктi құшырлана қысып, соңғы рет құмары қанғанша иiскей бердi. Көзiне iркiлiп жас та келдi. Жасы 94-тi алқымдаған Гүлнәр Мiржақыпқызы ерекше бiр толқу үстiнде өткен күннен де сыр шерте отырды.
... Бұл iшiктi әкеме 1925 жылы Қызылорда қаласында жауапты қызмет етiп жүргенде шебер еврей әйел денесiне қонымды етiп тiгiп берген едi. Содан 1928 жылы ұсталып, түрмеге жабылғанша үш жыл бойы қыс мезгiлiнде киiп жүрдi. Туған анам Ғайнижамал Баймұратқызы Досымбекова әкемнiң бiраз киiмдерiн, құнды құжаттарын аман сақтап қалуға тырысты. Анамның ұқыптылығының, аса сақтығының арқасында бұл iшiк те, құнды фото-құжаттары да бүгiнгi күнге жеттi. Анам Ғайнижамал 1941 жылы 80 жасында қайтыс болғанша әкемнiң соңында қалған мұраларын көзiндей көрiп келдi. Әкеден қалған асыл мұраны ес бiлiп, ақыл тоқтатқан кезiмде маған аманаттады. Мен бәрiне ризамын. Бұл мен үшiн үлкен бақыт. Осы жасқа келгенше iшiктi сақтай бергенше, жұрт, халық көрсiн. Мiржақыптың iшiгi деп шетелден келген кiсiлер қызығып қарауы мүмкiн. Сондықтан дер кезiнде өткiзiп отырғаныма өте қуаныштымын. Суреттер, құжаттар, барлығы өз орнында тұрса екен деймiн.
... Әкемнiң тайжақысын құтты орнына қондыратын күн мен үшiн үлкен мейрам. Неге десеңiз, бұл мұражай бүкiл халықтың жиналатын жерi. Халық Мiржақыптың өзiн көрмесе де, оның киiмiн көрiп, өзiн көргендей болады. Әкемнiң көптеген асқақ арманы орындалды. Соны көргенiме өзiмдi бақытты сезiнемiн. Жастарға “Осы аталарыңдай ел-жұртыңа қызмет етсеңдер, әрқайсысыңның аттарың тарихта аталмай қалмайды. Тек атақ үшiн ғана емес, шын пейiлмен өз халқыңа қызмет қылыңдар” дегiм келедi.
... Әкем 50 жасқа толуына бiр ай қалғанда өмiрден озды. Ерте кеттi. Бiрақ артына қалдырған асыл мұрасы көп. 5 томдық, 2томдық шығармаларына өзiм редколлегия мүшесi болдым. Бұл да сол әкемнiң әруағының сүйемелдеуiмен жасалды.
... Әкем қуғын-сүргiнге түскенде бiзге де оңай тиген жоқ. Қайда жұмысқа кiрсең iле-шала босатады. Себебiн ешкiм ашып айтпайды. Бiрақ неге шығарып жатқанын iштей бiлетiнмiн. 1950 жылы медициналық институтты бiтiрген соң еш жерге жұмысқа орналаса алмай, бiраз жыл бос жүрдiм. Осы институттың кафедрасына ассистент болып жұмысқа тұрғанда, екi рет қуылдым. Кейде “iштен шыққан жау жаман” демекшi, өз арамызда да iзiмiзге түскендер болды ғой. Тiптi, менiң күйеуiм Әбен Сатыбалдиевты да қуғынға түсiрiп, әркез жолымызды бөгеп отырды. Iзiмiзге тыңшылар түстi. “Халық жауының” күйеубаласы ретiнде ол да көп азап тартты.
... Әкем менi өсiрiп, үлкен азамат қатарына қосуды армандайтын. Өзi журналистика саласында қызмет еткендiктен де, менi ылғи редакцияға, баспаға апаратын. Газет қалай шығады, кiм қалай жазады, соның бәрiн бiлуiмдi жөн көрдi. Арманы – баласының толық бiлiм алуы едi. Жанына отырғызып қойып, географиялық карталарды шетiнен менен сұрайтын. Өзi мұғалiм болғандықтан да әрдайым мұғалiмдi сыйлау керектiгiн еске салатын. Сауатымды Ахмет Байтұрсыновтың “Тiл құралымен” аштым. Бiздiң үйге бәрi жинала қалса, баланы қалай тәрбиелеу керектiгiн бiрiне-бiрi үлгi ретiнде көрсетiп, айтып отыратын. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң” демекшi, сол әкем, аталарымның көрiп-бiлгенi өмiр бойы маған мектеп болды. Ана тiлiн жақсы бiлу үшiн ауылға, Семейге, Талас, Оңтүстiк өңiрiне жиi жiберiп тұратын. Сосын шет тiлiн де бiлген дұрыс деп немiс тiлiн үйренуiмдi құптады. Арнайы мұғалiм жалдап, 5-сыныпта оқып жүргенде-ақ үш айда оқып, жазатын дәрежеге жеттiм. Кейiн өзi кеткеннен соң бәрi ұмыт қалды. Жағдай сын көтермедi.
...Әкем ақталған 1988 жылдан берi Алла тағала бiраз шындықты айтқызды. Артына қалдырған мұрасы кiтап боп жарық көрiп жатыр. Бiлемiн, халық сүйсiнедi. Өйткенi, Мiржақып әкем қасық қаны қалғанша қазақ халқының дербес тәуелсiз ел болуын арман тұтты. Мiне, соның бәрi бүгiн орындалып жатқан жоқ па?! Алашорда ұлтшылдарының әрбiр ерлiгiн жас ұрпақ бiлуi қажет, оларға насихаттау керек. Әлi көп жастар жете бiле бермейдi. Бұл тарихшылар, жазушылардың еншiсiндегi шаруа.
...Қазiр заман өзгердi. Тыныштық. Арманым жоқ. Өзiм ешкiмге “Мен Мiржақыптың қызымын, маған бүйтiңдер, сөйтiңдер” деп талап қойып, ештеңе тiлеген емеспiн. Құдайға шүкiр, 8 немерем, 11 шөберем бар. Мiнеки, Мiржақыптың ұрпағы өстi деген осы. Немерем – Даниярдың тегiн Дулатов деп жазғыздым. Бiз кеткеннен кейiн әкемнiң атын өшiрмейтiн осылар ғой. Құдай менi осы ұрпақтарымның алдында алса, ризамын.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
«Түркістан» газеті, 14 мамыр 2009 жыл