Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 10404 6 пікір 9 Сәуір, 2021 сағат 11:49

Хан Кене

(Хиқаят)

1889 жылы Ташкент қаласында С.И.Лахтиннің Тоно-Литографиясында Сұлтан Ахмет Кенесариннің Кенесары және Садық сұлтандар деген өмірбаяндық очеркі жарияланған болатын.

Кенесары хан туралы деректер Ахмет Кенесариннің жоғарыдағы аталған очеркінінен алынды.

Хан Кененің бас сүйегі табылып, көп кешікпей туған еліне жеткізіледі деген көрнекті тарихшы Зиябек Қабұлдиновтың сүйінші хабарын оқыған соң, осы хиқаятты Сіздерге ұсынғанды жөн көрдім.

Автор


Абылай ханның отыз ұлы болды. Соның бірі де, бірегейі де Қасым еді. Көзі өткір, өңменнен өтіп кететіндей, адамды тұқыртып жіберетіндей ерік-жігері бар-ды. Ешкім оның бетіне тура қарай алмайтын. Содан болар бар бауырлары Қасым сұлтан айтса болды, сөзге келмей айтқанына көнетін.

Қасым таққа отырып, хан атанған Ғұбайдолла ағасын жақсы көретін. Оның патша ағзамға жағынбай Көкшені орыс бекінісіне айналдыруға қарсы болғаны жанына жағатын.

– Мен бекініс қала салуға келісе алмаймын. Әрқайсымыз өз жеріміздің шегінде өмір сүре берейік. Абылай хан мен Ақ патшаның арасындағы жазбаша келісім күшінде қалсын. Ал егерде күшпен тартып алып қала салам десеңдер, өздерің біліңдер. Оның соңы неге айналарына біз жауап бермейміз, – деген хаты Қасым сұлтанға таныс еді. Бірақ ақ патша сөзінде тұрмады. Ол Ғұбайдолла ханды шақырып алып, қамаққа алды.

Әрине, Ғұбайдолла ханды қазақ даласы мойындағанымен орыс патшасы қабыл алмады. Олар үшін Ғұбайдолла тек сұлтан ғана болатын.

Хан тағы Ғұбайдолланың қандас бауыры Уәли-ханға бұйырды. Абылай ханның басқа ұрпақтары Көкшетауда бекініс-қала салуға қарсы болмай Уәли-ханның шешімін қолдады.

Бұған Абылай ханның тек қана бір баласы Қасым сұлтан келісе алмады. Оның екі әйелі бар-ды. Бірінші әйелінен – Саржан, Есенгелді, Ағатай, Бопы, Құшақ және Кенесары деген балалары тарайды. Ал екінші әйелі бір ғана құрсақ көтерді. Ол – Наурызбай еді. Бұл кезде Ағатай дүниеден өткен болатын. Кенесары әкесі мен төрт бауырына:

– Біз үшін хатпен жазбаша келісіліп, мөрмен бекітілген шарттың орындалмауы үлкен қауіп әкеледі. Бұл Ресей мен Абылай хан кезінде жасалған келісім. Құдай қаласа, барлық қазақтардың (қырғыздарды) басын біріктіріп Абылай хан тұсындағыдай бір бірлікке келеміз. Иә, Алла баба аманатын қолдай гөр, – деп жар салды.

Кенесары сөзі Қасым сұлтанға да майдай жақты. Ұлдары да қолдап шықты. Олар Ресейге қарсы шығуға бекінді. Оны Сібір аймағына кіретін Орта жүз бен Ұлы жүздің қазақтары қолдады. Бірақ Кіші жүз бен Сыр бойындағы қазақтар үнсіз қалды.

Қасым ханның Саржан, Есенгелді, Кенесары сынды ұлдары патша шешіміне көнбей, күресуге дайын екендігі жөнінде Уәли-хан Ресей жағына хабар жіберуге мәжбүр болды.

Ақмоладан патшаның жазалаушы отряды шығып, сұлтанға тиесілі қазақ (қырғыз) жерін шапты. Бір емес үш шапты. Қасым сұлтан балалары Көкшетау жаққа шегінді.

Жазалаушы отряд Көкшетауға келіп, Кенесарыны тығырыққа тіреді. Бірақ соғыс қимылдары Кенесары жауынгерлерін айқас өнеріне ширатты. 1838 жылы Кенесары қолы Сібір казактары жасағын ойсырата жеңді. Бұл қазақтардың рухын көтерді. Шегініс Ресей армиясының қытығына тиді. Орыс патшалығы мұны осылай аяқтауға болмайтынын түсінді. Торғай өңіріне 1900 адамды құрайтын старшын Лебедев басқарған кәсіби әскери жасақ жіберілді. Оның екі зеңбірегі болды. Бейбіт жатқан елді Лебедев жасағы қан жоса етті. Өздерін ұрып-соғып, малдарын тартып әкетті.

Бұл Кенесарыға найзағайдай тиді. Жүрегі езілді. Екі көзі қанталап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Үш мың қол жинап Лебедев жасағына тап берді. 200 мың сомын тартып алып, 8 солдатты тұтқындап, Троицкіден шыққан керуенді тонап, бірнеше мың сомды тәркіледі.

Кенесары қол астындағы Алтай, Тоқа, Керей, Уақ руларын жинап, қырық мың шаңырақты алып Шу бойына ығысты.

Қарнақ қышлағына келген соң Кенесары сұлтан біршама тыншығандай еді. Рахман – Излер деген ишанның уағызын тыңдап әліптің артын бақты. Ташкенмен байланыс жасап, күш-көмек алмақ. Осылай бауырлары Саржан мен Есенгелдіні Ташкент басшысы Беглер-Бегіге жіберді. Бірақ Бегілер-Бегі түлкі мінезді, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін әккі билеуші еді. Ол Саржан мен Есенгелді өзіне адал болмайды, қайта қол астындағы қазақтарды өзіне қаратып, «әміршіге қарсы қоюы мүмкін» деген болжам жасады. Абылай ханның тұқымы оларға бәрібір жақын. Осы оймен елшілік ниетпен келе жатқан Саржан мен Есенгелдіні Әулиеата маңында өлтіріп тынды. Жолбарыстың тышқандай күші қалғандай шақ еді бұл. Осы кезде Әзірет сұлтанға тәу етіп барған Қасым хан да опат болды. Ол әкесі Абылай ханның қасына Ясауи мешітінің ішіне қойылды.

Кенесары жан-жақтағы тығырықтың жақындап қалғанын сезді. Бірақ қарсыласуға дәл қазір күші де, қолдаушылары да жоқ еді. Тұзақ оның да мойнына түсті. Қарнақта Беглер Бегі Қасымұлы Кенесарыны қолға түсірді. Тәшкенге әкеліп Рахман Излер ишанның зынданына салды.

Қапастағы күндер басталды. Саржан мен Есенгелдінің әйелдері мен балалары Тәшкент маңында қалды. Құшақ, Бопай мен Наурызбай өз ұлысымен бірге Сарысу өзені сағасындағы Ұлытау мен Кішітауға қоныс аударуға мәжбүр болды.

Кенесары сұлтан бір жылдай Тәшкент түрмесінде жатты. Қарны ашпағанмен қадірі қашты. Қапастың аты - қапас. Талай түндер мен күндерді қажытқан оймен өткізді. Осындай күндердің бірінде өзіне жылы қабақ танытып жүрген бір сарбазды көрді. Неде болса осы сарбаз арқылы Қоқан ханы Мұхаммед Али ханға хабар жеткізуге бекінді. Не бас кетеді. Не көмек жетеді? Мәделі хан Ташкент билеушісі Беглер Бегіге жаушыдан үшбу хат жіберді. «Кенесары хан бір тектен  болғандықтан ақсүйек екенін білсін. Сен оның кінәсі болса айтып маған хабар жіберуге және рұқсатымды алуға тиіс едің. Сен – құлсың. Мырзаға қол көтеруге не жазалауға сенің құқың жоқ. Кенесары сұлтанды шұғыл түрде түрмеден босат» деген айбарлы сөз жазылған еді ол хатта.

Беглер-Бегіде басқа амал жоқ. Хат емес, ол – бұйрық. Ал хан бұйрығын орындамау өліммен тең. Қаны бетіне шапқанмен қайран жоқ. Кенесарыны босатты. Ағайын-тумаларын да. «Енді Сіздерге қиянат жасалмайды. Ағайын-туыстарыңмен бірге тұра беріңдер. Зекет басқа да төлемдерді беріп тұрсаңдар болды» деп Кенесарыны қорғап Мәделі ханға аман-есен жеткізу үшін жүзбасы Әбдішәкүр бастаған сақшылар жасағын қосып берді.

Тағдыр адамды қатайтады. Не жасытады. Бірақ Кенесары сұлтан ондай мінезден ада еді. Ол түрмеде ұзақ жатып, үңгірінен енді оянып шыққан аюдай тісі қышып, кек тұтып еді жүрегін. Енді ол ештеңеден қорықпайды, ештеңеден тайынбайды. Тау мен дала енді оған алдырмас, шалдырмас қорғандай көрінді.

Кенесары көші Созаққа келіп тоқтады. Ол осы жерде ағайын туыстарын Қоқан жасағына қалдырды. Қос әккі сарбазды алып Ұлытау мен Кішітауға беттеді. Шуға бір күндік жол қалғанда ол екі сарбазды кері Созаққа қайтарды. «Мен бесін кезінде шығып ертең Шуға келемін. Менің қатын, бала-шағам мен ағайын-туыстарымды алып сендер де Шуға жетіңдер. Біз сонда түнейміз. Зекет пен басқа алымды сол жерде береміз» деп кері қайтарды.

Ол адамдарды жедел түрде Ұлытауға жіберді. Өзімен бірге «мен деген» екі жүз жігітті алып қалды. Кенесары өзімен бес жүз түйе мен аттарды қалдырды. Оған он бес қанат Бешқұлан деп аталатын ақ үйді артты. Он бес үйді қатар-қатар тіккізді. Түйелер мен жылқыларды жергілікті рулардың арасына қосып жіберді. Ал өзі екі жүз сарбазымен Шудан шығып, Созаққа қарай жақындады. Екі ақ шаңқан үйді құрғызды, қымбат-қымбат кілемдер төселді. Бұхар кездемесі мен қаз мамығынан жасалған жастықтар қойылды. Біріне өзі түсті, екіншісін қонақтарға дайындатты. Өзімен он жігітті ғана қалдырып, екі жүз жасақты Шу қамысына жасырды.

Ташкент жүзбасысы оны Шу бойына қонаққа Кенесары сұлтан шақырды дегеннен секем алған. Бірақ күні кеше абақтыдан шыққан Кенесарыны кім қолдай қояр деп ойлады. Әрі қазақ даласына барып, бел жазып, жүйрік мініп, сұлу қыз құшқанға не жетсін! Өзінің жүз сарбазы тұрғанда не қауіп?!

Ол ойланбастан Созақтан шығып Шу өзеніне қарай ойысты. Жүздігі қасында. Бақайшығына дейін қаруланған. Шу бойынан тып-тыныш жатқан ауылды көрді. Малдар өрісте жайылып жүр. Бұл жүзбасыны бейқам қалдырды. Боз үйге түсіп бырсиып-бырсиып тұрған бауырсақтарды, тегене-тегене қымызды, май мен құртты, тайдың табақ-табақ пісірілген етін көрді. Қару-жарағын шешіп, етігін де аяғынан суырып, қабат-қабат салынған көрпеге көсіліп жата берді.

Кенесары сұлтан сәлем бере кіргенде оның жасақтары келіп те үлгерген еді. Жүз сарбазды Кенесары қолы лезде қырып салды. «Әкем Қасым сұлтан, бауырларым Саржан мен Есенгелдінің құнын алуға Алла көмегімен қолым жетті» деп Кенесары бата жасады.

Содан Қоқан сарбаздарының қару-жарағын алып, аттарын жергілікті халыққа таратып берді. Өзі қайтадан Ұлытауға беттеді. Торғай өзені тұсына келгенде көш тоқтап, үй тікті. Кенесары әкесі мен бауырларына бағыштап ас беріп, құран оқытты.

Осы жерде Кенесарыға тағы бір ой келді. Мұны жүзеге асырса қазақтың басын қоса алады. Ол ат бәйгесін жариялап, бәйгелердің санын жарапазан арқылы таратып, Орта жүз бен Кіші жүзге жаушы жіберді. Атақты рубасылары келіп, бәйге беріліп, ас берілген соң бәрі Кенесары жағына шықты. Олар ақ киізге Кенесары сұлтанды көтерді. Киізден Кенесары сұлтан емес, Хан болып түсті.

Қазақтың игі-жақсылары өздерінің ойларын да ашық айтты. «Ресей – күшті мемлекет. Енді біз сенімен бірге көшіп-қонып жүре алмаймыз. Тіпті көшкенде Ресей мен Қоқанның ықпалында қалған мына ұлтарақтай жерге сыймаймыз да. Күш жиып, қанатың қатайғанша біз Ресей боданында тұра тұрайық. Бірақ зекетіңді, басқа да алым-салығыңды беріп тұрамыз» десті. Бұл  уәлі сөзге хан Кене де қарсы келмеді. Ал орыс ықпалында қалған Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары Кенесары ханға патша саясатын хабарлап, көмектерін беріп жатты.

– Халқым, ата-баба салтымен Сіздер мені хан көтердіңіздер. Алла разы болсын! Мен Абылай бабамның ақ жолымен жүремін, деді ол,  - Ата-баба жері үшін қасықтай қаным қалғанша күресемін. Жаушылар жіберіп халық құрылтайының шешімін орыс патшасына жеткіземіз. Мойындаса да, мойындамаса да осы! Аруақ, аруақ...

Ен далаға қазақ даусы жаңғырып жетті. Абылай қайта тірілді. Абылайдың ақ туы қайта көтерілді. Енді қанға – қан, жанға – жан дейміз! Жаңғырыққан дауыс ен даланың құсы мен аңын үркітті.

Дәл осы сәтте Кенесарыны тағы бір ой толқытып еді. Ақ патша хандығын мойындап, Абылай бабасымен жасалған шартты қайта жаңғыртып, өзімен қол қойылып, мөр басылса болды. Онда Кенесары қазақ өлкесін билейді. Билеп қана қоймай орысқа сүйеніп Қоқанды талқандар еді. Соның құзырындағы Ұлы жүзді де өз сапына қосса ешбір жау жағаға жармаспас. Әрі қапыда кеткен әкесінің де, ағаларының да өшін алып, кегін қайтарар еді. Иә, Алла, бере гөр! Сонда үш жүздің басы қосылып, мемлекет, жай ғана мемлекет емес, күшті, терезесі тең, керегесі кең мемлекет құрмаққа ниеттенді.

Ол көштің басын Ырғыз бойына, Орынбор жаққа бұрды. Ресей шекарасына жақындап, жақсылық хабар күтпек.

Бұл патша саясатына мүлдем  қабыспайтын еді. Ресей бұл кезде хандық басқару жүйесін жойып, елді орыс патшасының бұйрығымен сұлтандар мен басшылар (правители) билейтін. Бұл қазақтардың басын біріктіруге мүмкіндік бермеді. Бірін-біріне айдап салып, дала заңы ығыстырылды. Билік үшін қазақ бір-бірімен алысты, жауласты, іштей іріп-шіри бастады.

Патшаға да керегі осы.

Кенесарының хан көтерілуі ең алдымен сұлтандар мен старшындарға, билеушілерге жақпады. Өзінің айдағанына көнбеген ұлыстарды шабу да Кенесарыны жау етіп көрсетуге мүмкіндік берді. Домалақ арыз ақ патшаны мезі етті.

Патша Кенесарыны мойындағысы да, билікті бергісі де келмеді. Ол «басбұзар көтерілісші» деп айыпталды. Орынбор мен Омбыдан жазалаушы отряд жіберілді. Кенесарыға орыстарға қарсы соғыс ашудан басқа жол  қалмады. Амалсыз қорғануға тура келді.

Бұл текетірес жеті жылға созылды. Кенесары жасағы партизандық әдіс қолданды. Өйткені бақайшағына дейін қаруланған, зеңбіректері мен мылтықтары бар кәсіби армияға қарсы келудің өзі әбжыланның аузына кіргенмен тең болатын. Сондықтан да аннан бір, мұннан бір шабуылдап орыс бекеттеріне маза бермеді. Әрине, екі жақ та аянбады, орыс солдаттары бейбіт елді тонап алып жатты. Кенесары да қарап қалған жоқ. Орыс деревниялары отқа оранып, олардың да мал-мүліктері талануға түсті. Ханталапай кезінде ешкімді ешкім аяған жоқ.

Кенесары елі Ұлытау, Кішітау, Жыланшық, Торғай, Білеуті мен Бұланты жағында көшіп-қонып жүрді. Жаугершілік заманның несі жақсы?! Бір жерде ұзақ отыра алмай ұлы дала жолы қан жоса болып жатты.

«ЖАБАЙЫ  СҰЛУЛАР»

1844 жыл қасірет әкелді. Сібір жағынан шыққан әскер Ақши жерінде қыстап отырған Кенесары ауылын шапты. Бұл Ұлытауға жақын Жезді маңындағы қыстақ еді. Тып-тыныш жатқан ауылдың шаңырағы ортасына түсті. Бұл кезде Кенесары жасағы кезекті шапқыншылықта жүрген. Қапы қалды. Сібір жасағы Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханымды тұтқындап әкетті.

Әккі Сібір әскерлері келген жолмен емес, басқа жолмен кетті. Кенесары олармен кездесе алмады. Қапаланып, бармағын шайнады. Бірақ «Сабыр түбі сары алтын» деген. Сәтті күнді күтуге бекінді.

Орынбор генерал-губернаторы Күнімжан ханшайымды резиденциясында қабылдаған. Алдына шәй, неше түрлі тәттілер қойды.

Күнімжан – шығыстың хас сұлуы. Көзі өткір, маржандай аппақ тістері бар. Қолаң шашы тізесіне дейін түскен екен.

– Ханшайым, – деді генерал-губернатор, – шоқша сақалын салалы саусақтарымен тарамдап. – Сіздің күйеуіңіз мәртебелі ақ патшама бағынбай, бүлік шығарды, қан төгілді. Екі жақтың да адамдары мал-мүлкінен айырылды. Біз Сіздерге білім, отырықшылық әкеліп жатырмыз. Енді ескіше өмір сүре алмайсыздар. Күйеуіңізге хат жазыңыз. Берілсін! Өмірін сақтауға кепілдік береміз.

– Сіз білетін едіңіз ғой, жандарал мырза, – деді Күнімжан. – Біздің еркектер қатынының ақылымен өмір сүрмейді. Және ешкімге де басын имейді. Хан Ием өзін ойлап жүрген жоқ. Қазақ жерін аман алып қалуды ойлап жүр. Ол Абылай бабасы армандаған үш жүздің басын қосып, Ресей сияқты ұлы мемлекетті құруды армандайды.

– Ол бола қояр ма екен? Қазақтар бір-бірін талап жеп қоятын шығар. Оны көрмейсіз бе? Сіздің де қыстағыңызды айтып, жол көрсеткен өз қазақтарыңыз ғой.

– Хандық болса оның бірі де болмайды. Бір халық, бір ұлт, бір мемлекет. Хан ием солай дейді.

– Сіз өз өміріңізді неге ойламайсыз? Білімді, көрікті әйелсіз.

– Мен де тұрған не тәйіі! Қазақта сұлу қыз аз ба? Алады да біреуін. Неге маған жаныңыз ашып қалды...

Генерал басын шайқады. – Мынадай қатындары бар халықты жеңу оңай емес. Жабайы сұлулар, -  деп ойлады. – Алып кетіңдер...

Қыстай күш жинап, әскери ойындар өткізіп, шілдеден соң тамыздың 14-де Кенесары қолы Троицк пен Орск маңындағы қазақтар Адырлы, орыстар Екатеринск деген станицаға шабуыл жасады. Бұл кезде Кенесары қолы бес мың сарбаз еді. Олар ауылды күл-талқан етіп өртеп жіберді. Бес казак мерт болды. Қырық адамды тұтқындап, малдарын айдап әкетті.

Бұл 1844 жылдың 14-ші тамызы болатын.

Орынбор генерал-губернаторы амалсыз мәмілеге барды. Сүйікті ханша Күнімжанды Кенесары қолы Адырлыда қолға түскен орыстарға айырбастап алды.

Енді екі жақ та тыншынғандай еді. Бірақ бұл алдамшы тыныштық екен. Ресей Ұлытау, Торғай өзені мен Ырғыздың Жармолла деген жерлерінде шұғыл түрде бекініс салып жатты. Бұл Кенесары жолына салынып жатқан қақпан болатын. Жан алқымға келді. Жайылым тарылды. Кенесары Қытаймен байланыс жасаудан басқа жолды көген жоқ. Аттың басын Жетісуға қарай бұрды...

Жиырма мың шаңырақты алып жүру де оңай емес. Орыс бекіністері күн санап өсіп келе жатты. Жан алқымға келді деген осы.

Атасы Абылайдың Қытай елімен жасасқан шартынан бері қаншама уақыт өтті. Осы кезеңде қазақ даласымен Қытай арасында бірде-бір қақтығыс болған жоқ. Енді солармен одақ құрмақ керек. Сонда күш жинап, әскерді от қарумен жарақтандыруға болады. Қайқы қылыш, найза мен шоқпар, садақтың күні кетіп барады. Мұны Кенесары біледі. Сондықтан да Ресейге тең бір мемлекетпен мәмілесуі керек. Ол тек қана – Қытай. Сөйтіп барып үш жүздің басын қосып, ентелей кірген орысты қайта ығыстыруға болады.

Осы оймен Ұлытау, Жыланшық пен Торғайды тастап Іле бойындағы Қарақұм шатқалына жақындады. Ал мұнда ықылым заманнан бері албан, суан, жалайыр, шапырашты рулары тұратын. Олардың басшысы төре тұқымы, Абылайдың ұрпақтары Әли сұлтан мен Сөк болатын. Сөк Абылай ханның бір баласы еді. Ол Ұлы жүздің мыңдаған шаңырағына ие болып, Жетісудың Көксу, Қаратал маңында көшіп-қонып жүретін. 1819 жылдан орыс боданына кірген.

Дулаттар Ташкеннен Ілеге дейінгі жерді алып жатқан іргелі және батыр тайпа еді. Олар Ташкентті 1815 жылға дейін биледі. Бірақ Жүніс қажы қол жинап, дулаттарды Ташкеннен ығыстырып шығарды. Жаппай қырғын басталды. Дулаттар Шымкент, Әулиеата, Жетісу бойына ығысты. Бірақ Ташкент маңында көп дулат қалып қойды.

Әли сұлтан мен Сөк Кенесары көшін Жиренайғыр мен Күрті маңында қарсы алды. Оларға ат-шапан жауып, құрбандық шалып, жылы қарсы алды. Кенесары тағы да қарап қалған жоқ. Қандас бауырларына бұлғын шапан жапты.

Қасымханның ұрпақтары жағынан Кенесарының қасында төрт бауыры бар еді: Қасымұлы Наурызбай, Саржанұлы Ержан мен Құдайменді, Есенгелдіұлы Жиһангер сұлтан. Алдыңғы үшеуі ат жалын тартқан азамат шақта еді. Тек Жиһангер ғана бозбала болатын.

Олардың ортасында түр-тұлғасы, ерлік мінезі, сарбаздығы жағынан Наурызбай сұлтан дараланып тұратын. Батыр десе - батыр. Қылыштасса да, найзаласса да, аударыспақ болса да ешкімге дес бермейтін.

Хан Кене ары ойлап, бері ойлап Қытайға Құдайменді сұлтанды жіберуге бекінді. Өйткені ол сабыр да сақтай алатын. Қажет болған жерде жұмсақ та сөйлей алады. Өңі де жылы. Түксиіп, тепсініп кететін жері де бар. Бірақ оларды қалай пайдалануды біледі.

Құлжаға келісімен Құдайменді Абылай ұрпақтарының әркез сөзге берік, сөз арасында бірде-бірде қақтығыстар болмағанын алға тартып одақтас болуға шақырды. Құлжадағы Қытай басшысы Құдаймендіге ерекше сән-салтанат жасап, бір ай ұстады. Күнде ойын, күнде той жасап, сый-сияпаттар жасады. Ал өзі Бейжінге хат жіберіп, императордың шешімін күтіп еді. Көмек болатын хабарды алып, Құдайменді қазақ даласына кері қайтты.

Кенесары Қарақұмнан шығып, Іледен өтіп, қайтадан Шудың оң жағалауына келіп қоныстанды. Жиренайғыр, Күрті, Ырғайты, Ұзынағаш пен Қарғалы маңына шашыла қоныстанды.

Қара қырғыздар мен Әулиеата дулаттарына жаушы жіберді. Ол қара қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарын өзіне қаратып, Шуды қыстау етіп, Ресеймен де, Қытаймен де бейбіт жағдайда өмір сүріп, күш жинап алмақшы болды. Әрі осы тыныштықты пайдаланып қоқандықтардан әкесі мен бауырларының құнын өндіріп алуды көздеді.

Дулаттың Байзақ датқа, Балғожа би, Медеу би бастаған, ал Сыйқымнан тарайтын Құдайберген датқа, Ботпайдан шыққан Сыпатай мен Андас батыр, Шапыраштыдан тарайтын Саурық батыр хан Кенеге қолдау білдірген еді. Бұған төре Рүстем сұлтан да қарсы болған жоқ. Олар қазақ жүздерінің бірігуіне мүдделі болды. Бірақ қара қырғыздар ойласа келе Кенесары ханды мойындамайтын болып келісті. Шытынаған ыдысты қайта желімдеу мүмкін емес. Олар хан Абылайдың кезінде қара қырғыздардың қанын судай шашқанын ұмыта алмайтындарын еске алды. Әрі орта ғасырдан бері қазақ-қырғыз басы бірде қосылып, бірде шашылып жүретін. Ағайынбыз дегенмен ел билеу, қонысты ұлғайту мәселесінде келісе алмай шабысып та қалатын. Абылай хан қара қырғыздарды ашық соғыста жеңіп, малын алып, жас қыз-жігіттерді өз жасағына қосып алып кеткен-ді. Тіпті екіқабат әйелдің ішін жарып, шаранасын найзаға шаншыған қатыгездік те ұлт жадында қалып қойған.

Енді Кенесары хан бар қара қырғыздарды өз туының астына жинамақ. Орман, Қарабұз бен Жантай манаптар өз руластарына өткен күндердің суреттерін асыра суреттеп жіберді де. Олар отыз-қырық жігіттен жасақ құрып хан қол астындағы ауылдарды шауып, малдарын барымталай бастады. Бұған хан Кене қалай шыдасын? Қара қырғыздарға қарсы Әлеке мен Базар батырды аттандырды. Олар Бүреме руынан шыққандар еді. Оған шұбыртпалы Асабай батыр мен табын Бұхарбай батыр қосылды.

Жаман хабар тез тарайды. Жантай, Орман мен Қарбоз манаптар қара қырғыз лашкерін жинап, тасада тығылып жатты.

Қазақтар бес жүз сарбаздан екі топ құрып, жақын маңдағы қырғыз ауылдарын шапты. Олар осыншама малға қызыққаннан қауіпті де ұмытты. Малды әрқайсысы бөле қуып, шашырап кетті. Манап жасақтары тығылыс бекінісінен шығып, тарыдай шашырап кеткен қазақ жасақтарын қырып салды.

Қазақтар қапыда қалды. Малға қызыққандары сонша олар басшыларының да сөзін тыңдаған жоқ. Бытыраңқы әскер жеңе ала ма? Тек қана Ағыбай батыр ғана осы жеңілістің батыры атанды. Ол жекпе-жекте қырғыз манабы Қарабұзды шауып өлтірді. Оның аты, сауыты мен қылышын алып хан Кенеге сыйға тартты.

Хан Кененің көзі қанталады. Ұлы жорыққа мұндай әскермен қалай барасың? Қатын, бала-шағамен көшіп жүрген жарамайды. Қалалар, бекіністер салу керек, тұрақты лашкер қажет. Бір ауылды шауып алып, үйді-үйіне тарап кететін ләшкер бола ма? Енді аяқ астынан ештеңе де істей алмайсың. Бірақ жауыңды жаншымай тағы болмайды. Бұдан соң бағынудан қалады. Ашу-ызамен жасақты өзі бастап шықты. Бұл сөз дала өртіндей тез тарады. «Кенесары келе жатыр». Қырғыз әскерлері де, ауыл адамдары да екіұдай күй кешті. Бір жағында қылышын жалаңдатып манаптар тұр, екінші жағында найзасын түйреп Кенесары келеді.

Кенесары алдымен Солты руының Қошы тармағына жататын Қалша би ауылын шапты. Күні бойы шайқас жүрді. Хан Кене сарбаздары қара қырғыздарды қан жоса етті. Жеті жүз тұтқынды алып, сарбаздар хан Кене ордасына жетті. Қалша би де ат көтіне отырғызылып келген. Енді Қалша биге кері кету жолы кесілген. Ат көтіне мінген өлімнен де күшті. Енді оны өз қандастары ешқашан мойындамайды да, көшке де қоспайды. Саяқ өмір сүреді. Сондықтан да хан Кенеден жанға  сауға  сұраудың да жөні жоқ.

Бірақ хан Кене Қалша биді құрметтеп қарсы алды. Оны ат көтіне отырғызып келген лашкердің басын алды. Қараның аты қара. Ол биді жазалай да, өлтіре де алмайды. Мұны қырғыздың қолға түскен жасақтары көріп тұрды. Енді Қалша бидің жүзі жарық. Өз лашкерлерінің алдында беделі өсті. Енді ешкім оны айыптай алмайды.

1847 жылдың жазында Кенесары Қалше биді алдырды. Тай сойып қонақ жасады. Үстіне шапан жапты.

- Қалше би, жаныңа сауға сұрамадың. Мұның батырлық, - деді Кенесары. – біліп қой, мен екі жүз жігітіңді өзіңмен қосып, мал-мүлкімен босатамын. Мен жауласу үшін емес, бірігу үшін келген едім. Әр елдің тентегі болады. Қазақ пен қырғыздың басын қоссам деп едім. Қоқанның бұғауынан шығып, үлкен ел болсақ деп армандадым. Болған іске салауат айтайық. Манаптарыңа хат жіберемін. Соны тапсыр. Жүректеріңдегі  кекті өшіріп, менің отыма келіп жылыныңдар. Өздеріңнің менің құзырыма кіргендеріңді көрсетіңдер. Соны жеткіз.

Ұсынысым жүректеріңе қонбаса, жауласқандарыңды қоймасаңдар өз обалдарың өздеріңе. Енді менің бір сарбазым жазықсыз өлім құшса, баланың маңдайы шертілсе онда бар кінә өздеріңде болады. Онда рахым күтпеңдер.

Қырғыз манаптары Жантай мен Орман бұл хатқа күдікпен қарады. Өз биліктеріне тықыр таянғандай көрінді. Ақыры «өліспей беріспейміз» деп шешті.

- Әй, бір туғандар, - деді Орман хан. – Кенесары хан қылышын жалаңдатып, аш қасқырдай айылымызды шаппақшы. Біз Қоқанға иек артамыз. Көмегін береді. Біз хан Кене боданы бола алмаймыз. Жантай екеуміз әдейі құрылтай шақырдық. Өздеріңе өз шешімімізді айттық. Не дейсіңдер?

– Өзіңмен жүрегіміз бір, өлсек шұқырымыз бір.

– Баста Орман манап...

Қырғыздар қылыштарын қалқанға ұрып, тарсылдатып тұрып алды. Көшті Алатооға жіберіп, қырғыз сарбаздары соғысқа дайындалды.

Қырғыздардың жауабы хан Кенеге ұнай қойған жоқ. Екі жүз қырғыз сарбазын бекер жібергеніне өкінгендей еді. Ширегін ғана жіберіп, қалғанын аманаттап қалу керек еді. Бірақ болған іске енді өкінудің қажеті жоқ.

Кенесары хан Ұлы жүздің батырлары мен билерін шақырып кеңеске құрды. Олар – Байт би, Сыпатай батыр, Тойшыбек, Құдайберген датқа, Саурық, Балқожа мен Медеу би еді. Олар қол жинап қара қырғыздарды шабу қажет деген бітімге келді.

Рүстем сұлтан мен Сыпатай батыр екі ойлы еді. Бірі қырғыздар өз жерінің әр тасы мен жартасын біледі. Соқпақ жолдар да оларға белгілі. Ашық соғыс алаңы емес. Қалай болар екен деп қипақтады. Ал Сыпатай болса «қойы қоралас, төсегі аралас» қырғыздармен құда-жекжатпыз. Кенесары шабады, кетеді. Одан кейіп біз қаламыз. Бітпейтін соғыс оты тұтанып кетпес пе екен? – деп сан ойға берілді.

Бірақ шешім қабылданды. Бейбіт ұсынысты қырғыздар қабылдамады. Оларды басқа шығаруға болмайды. Енді білектің күші, қылыштың жүзі керек.

Ұлы жүз лашкерлері жан-жақтан лығып келіп, хан Кене жасағына қосылып жатты. Олар Қоқан боданындағы Әулиеата, Мерке, Тоқпақ, Пішпек, Қастек маңына ойысты. Бұл лашкерді сарт Мұхамедәлі басқаратын. Ол хан Кенеге аты аңызға айналған Қызыл-мұрын деген сәйгүлікті сыйлады. Хан Мұхамедәліге өз ризашылығын білдіріп, қымбат сый-сияпат жасады. Ал Қызыл-мұрын  аңыздай тұлпарды інісі Наурызбайға мінгізді.

Шайқас үш күн, үш түн толассыз жүргізілді. Қазақтар басым түсіп қара қырғыздардың қаны жосадай ақты. Үшінші күннің таңында, қырғыздар жақтан «жекпе-жек» деген айғай естілді. Бұл соғыстың соңғы тынысы. Жекпе-жекте кім жеңсе, соғыс бітеді. Әр лашкер өз жеріне қайтады. Бұл – дала заңы. Ал шықпаса «бәленшінің әскері қатын екен, ешкімнің дәті барып қарсы шықпады» деген айып тағылады. Бұл - сүйекке таңба.

Ат ойнатып шыққан қырғыздың Қанай биінің батыр немересі Бедер екен. Және ол жай жекпе-жек демей, Наурызбай батырды шақырды. Қызыл мұрынды ойнақтатып Наурызбай да шыға келді. Екі лашкер кейін шегініп, қатар-қатар сапқа тұрды. Екі жақ та қылыштарын қалқанға ұрып тұр. «Алла, Алла» дейді екі жақ та.

Әуелі екеуі бетпе-бет шауып майданасты. Бірақ бірін-бірі ат көтіне итере алмады. Бірнеше рет құйындатып келіп, қайта найзаласты. Үзеңгіні кере тартып, қалқан тұсынан саңылау іздейді. Бірақ екеуі де шебер. Тіс қаққан лашкерлер. Алыса да, құлата да алмады. Ақыры найзалары сынып, екі батыр қыннан қылыштарын суырды. Күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен қылыштан кімнің қылша мойны қағылар екен?

Наурызбай енді Қызыл-мұрынға сенді. Танауы демігіп, зор кеудесі үлкейіп, қан тамырлары бадырайып қарсы ұмтылды. Наурызбай ат тізгінін босатты. Қылышын қос қолдап ұстап, аждаһадай тұра ұмтылды. Мұндайда ат иесінің ойын сезеді. Сондықтан да тура қырғыз атына беттеді. Әккі, соғыс аттары ғана мұндайда жанкештілік танытады. Қызыл - мұрын екі аяғын көтеріп, Бедер батырдың атын кеуде тұсынан қағып жіберді. Мұндайды күтпеген Бедер батыр қалқаны сусып төмен түсті. Наурызбай батыр үзеңгіге аяғын тіреп көтерілді. Батыр Бедер батырдың қылша мойнын талша етті. Басы бір жерде домалап Бедер батыр  аяғы далбаңдап ат үстінде кетіп бара жатты.

- Наурызбай, Наурызбай!

- Әруақ, әруақ!

- Абылай, Абылай!

- Хан Кене, хан Кене!.. – деген дауыстар жаңғырып жатты.

Қара қырғыздардың сағы сынды. Мал-мүлкі таланды. Хан Кене Меркіні тастап, Шу бойына қайтып келді. Осы жерде қыстап шығуға бекінді. Бірақ әскер қарап жатса қабілетінен айырылады. Шағын жасақтармен хан Кене  лашкерлері қара қырғыздарды тағы үш рет шапты. Осылай 1847 жылдың көктемі де келген еді. Қыстан Кенесары қолы күйлі шықты. Шу бойы ық. Шөбі де шүйгін. Аң-құсы да жетерлік. Осы көктемде хан Кене қырғыздарға бар лашкерімен тап қойды. Қасымхан ұлы Наурызбай, Саржан сұлтан ұлы Ержан қара қырғызды Қарақыстақ шатқалына қарай ығыстырып, қырғыздарды қан жоса етті. Үйір-үйір жылқыларын, табын-табын сиырларын, сансыз қой-ешкілерін алдарына салып қуып келе жатты. Олар лашкерлерінің шоғырланған тұсынан алшақтап кеткендерін де байқаған жоқ. Көздеріне қан толғандай еді. Шатқалдағы жалғыз аяқ соқпақ жол құз шетінен ететін. Бұл жерде екі адам сыймайды. Тек қана бір адам ғана өте алады. «Қыл көпір» десетін бұл жерді қырғыздар. Шынында қыл көпір десе қыл көпір. Абайламасаң ат-матыңмен құзға құлайсың...

СОҢҒЫ ҮШ КҮН, ҮШ ТҮН...

Жантай мен Орман арттарынан ентелей қуып келе жатқан аз ғана адамды көргенде күрт шешімге келді. Мына жанкештілер жер жайын білмейді екен. Әрі көп әскер көрінбейді. «Дәніккенен құныққан жаман». Тар жол, қыл көпірде Наурызбай мен Ержан екеуі ғана қалғанын көрді. Қалған аз ғана лашкерді жартастан үлкен-үлкен тастар домалатып алдын бөгеп тастады. Наурызбай алдында, Ержан артында қалып қылыштасып жатты. Ержанның аты тағасыз еді. Қиыршық тастарда аяғы тайып, әрі шаршағаннан жүре де алмай қалған. Жоғарғы жолмен Жантай мен Орман бірнеше жігітімен олардың тұстарынан өтіп кетті.

Наурызбай Қызыл мұрынды сауырынан ұрып, екі манапты Ержанға қарай ығысьыруға тырысты. Бірақ қара қырғыздарға жаңа күш келіп қосылып еді. Наурызбай бес рет шабуылға тойтарыс берді. Ержан сұлтанға жете алмады. Осылай Ержан сұлтан қапыда қолға түсті.

Наурызбай жазыққа жетіп қалған қолды қайта жинады. Қара қырғыздар «Жау қашты» деп күштерін топтастырып, Наурызбай сұлтан жасағына лап берді.

Бұл кезде хан Кененің негізгі күші тартып алған мал-мүлкін олжалап мәз болып жатты. Кенесары Наурызбай мен Ержан сұлтандардың жай-күйін естіді. Оларды құтқаруға жасақ жіберді. Ол бір орында байыз тауып отыра алмады. Шу бойындағы Кекілік сай маңына тоқтады. Таяқ тастам жерде Тоқпақ бар. Кенесары әскері олжа-сауғаға мәз болып, ауыл-ауылдарына тарасқан. Хан Кене қасында сенімді нөкерлері ғана қалған. Оның қасында 500 ләшкері мен бір зеңбірегі болды. Ал бұл кезде Жантай мен Орман манапқа Қоқан қол астындағы қара қырғыздар қара қорым болып жиналып еді.

Түн тұманды болды. Таңертең олар өздерін жан-жақтан қара қырғыздар қоршап алғанын көрді. Әрі өзеннің арнасын да бұрып жіберіпті. Әскер ас-сусыз қалды. Бейқамдық жер соқтырды. Шолғыншылар кері кеткен әскерлерді жинауға кетті. Ал қара қырғыздар саны өсе берді, өсе берді.

Ашыққан, шөлдеген ләшкер үш күн шайқасты. Төртінші күні діңкелеген әскерлерін жинады. Хан Кене олардан шешім күтеді. Көп ұсыныс айтылды. Бірақ олардың бірде-бірі хан Кененің көңілінен шыққан жоқ. Бір кезде Наурызбай орнынан тұрды.

– Хан ием, маған тамадан шыққан Құрман батыр мен Ағыбай батырды беріңіз. Екі жүз сарбазбен қырғыздар шебін жарып өтемін, – деді. – Өзіміздің күнде соғысып жүрген қырғыздар ғой. Көп болса да жарып өтеміз. Сіз қалған лашкермен сол саңлаудан өтіп кетесіз де қол жиып қайта келесіз. Біз шегіне жүріп ұрыс саламыз. Алла бұйыртса бұл тығырықтан да шығамыз...

Жүзінде сенім бар. Бәріне бас тігуге дайын. Бұл кеңес бәріне ұнады. Бірақ хан Кене ғана қоштамады.

– Иә, жарып шықсақ, біз тоқтай алмай қаша береміз. Кімнің аты жүйрік, сол аман қалады, – деді ол. – Бірақ қалған халық қырғынға ұшырайды. Топты өзім бастап қашсам, мен одан кейін қалай хан болам? Былай істелік. Аттарды сойып, етін жиырма атқа артайық. Бұл ләшкерге азық болады. Шегінсек, біз жағымызда Шу өзені болады. Ал қалған үш жаққа бес жүз мылтықты қарсы қоямыз. Таңдаулы жігіттер сүңгі ұстайды. Бұған қара қырғыздар қарсы келе алмас...

Хан Кене ұсынысы кеңеске келген ләшкер басыларының бәрінің көңілінен шыққан жоқ. Атынан айырылған ләшкер өлген ләшкер.

Хан Кене ләшкер ойын түсінді. «Ештен кеш жақсы» деген. Мүмкін шолғыншылар хан Кене әскерінің негізгі күштерін жинап, келіп қалар. Бұл тығырықтан да шығамыз.

Бұл соңғы шайқас болды. Алдыда хан Кене, қасында інісі Наурызбай, Құдайменді, Ержан Саржанұлы, Құдайберген Баетов, Байзақ, Медеу, Қалабай, Жауғаш ең соңына дейін соғысты.

Хан Кене жасағы тым аз еді. Әрі орыс патшалығы қырғыздарға келіп, бай-манаптар мен батырларына бағалы сый-сияпат жасап, патша ағзамға адал боламыз деп хат жаздырып алған. Кенесарыны Ақ патшаға қарсы қарақшы деп миларына құйып, жауыз етіп көрсетуге тырысқан. Әрі оқ-дәріні аямай, мылтықтар мен зеңбіректерді де үйіп-төгіп берген. Соғыс ойындарын да үйретіп, қырғыз жасақтарын әскери дайындықтан өткізіп алған. Бұл бұрынғы үйреніскен қырғыз жасағы емес еді.

Бұл адам айтқысыз шайқас болды. Кенесары бешпетінің етегі желмен желпілдеп, аз әскерді бастап  тура шапты. Оның көзсіз ерлігі ләшкерге қуат беретін. Соңында жалаушысы ту ұстап жүреді. Бейне бір ертегідегідей ләшкерлер өлімге бас тіге беретін. Өйткені көз алдарында хан Кене жүйткіп барады. Жаудың мысы басылып, қаша жөнелетіні де осы қасиетінен болса керек.

Үш күн, үш түнгі соғыстан Кенесары жасағы әлсіреді. Қарша бораған зіл қорғасын оқтар жасақты сиретіп барады. Бірақ шегінетін жер жоқ. Алғы шепте Наурызбай жүр. Найзасын шаншып, қылышын шауып дес бермей-ақ жүр. Қырғыз сарбаздары қара шыбындай қаптап келіп жатыр, келіп жатыр.

Наурызбайға оқ тиді. Ат бауырына түсті.

– Хан Кене аға, Сізді қорғай алмадым... Кешіріңіз! Сіздің ақ жолыңызда құрбан болуға дайынмын. Бұзып шығыңыз қоршауды. Бар қазақтың басын қосып, жеке мемлекет құруды Алла нәсіп етсін. Разымын, ризамын Сізбен бірге болғаныма! Мәңгі дүниеде жолығармыз...

Кенесары аттан секіріп түсті. Наурызбай бауырының көзін жапты.

– Машһарда жолығармыз, бауырым, - деп қайта атқа қонды. Арқан, тұзақ бұл кезде Кенесарының мойнына оралды. Қылышпен шауып жіберді. Тұзақтан құтылғанымен тұла бойына тіреліп тұрған найзаға қарсы тұрарлық күш жоқ еді...

1887 жылы Сыр-Дарья облыстық комитетінің Төрағасы генерал-майор Н.И. Гродиков айтыпты: «...Егер шығыстан, батыстан зеңбіректері бар, мемлекеттің әскери батальондары келмегенде, хан Кене қарақшылық инстинктке жол бермегенде, ол үш жүзді қасына біріктіре алатын еді. Және бабасы Шайбани сияқты Қоқан, Бұхара мен Хиуаға қауіп төндіретін мүмкіндігі болды», - депті.

Хан Кененің қолға түсуі қырғыз манаптарын қуанышқа бөледі. Қаптап өліп жатқан жасақтарының бетін топыраққа жасырмай жатып той жасады. Жылқылар сойылып, боза таратылды. Көздері қанталап қырғыздар шала піскен етті құзғындай талап жеп жатты.

– Кенесары хан емес, ол орыс патшасына қарсы шыққан қарақшы. Ақ патша мойындамаған Кенесарыны қырғыз-қазақ мойындамайды, – деп Жантай манап жар салды.

Жантай біраз аптыға сөйледі. Кенесары – Ресейдің де, Қоқанның да жауы. Ал бұл жауға рақымшылық жасасаң екі ел өкпемізді тесіп, қаңғытып жіберді. Елімізден, жерімізден ата қонысымыздан айырыламыз, – деп үрейге үрей қоса сөйледі.

– Сонда, не демексің? – деді Орман манап жөткірініп.

– Кенесары хан – Шыңғысханның ұрпағы. Өзі жоңғарлардың жиені. Сондықтан да Шыңғыс хан жауларын тірідей қазанға қайнатып жазалаған. Кенесарыны да сөйтіп қазанға тірідей қайнатып, жанын шырқыратып өлтіруіміз керек, – деді Жантай.

– Оның дұрыс-ақ болар еді, – деді Орман манап. – Бірақ біз патша жандаралдарына Кенесарыны тірідей жеткіземіз деп ант-су ішкенбіз. Тірідей апарғымыз келсе, маңқа қазақтар көтеріліп, жол бойы Кенесарыдан айырылып қаламыз. Онда орыс патшасының бетіне қалай қараймыз?

– Орыс патшасы біздің бетімізді көреді дейсің бе? Қаңқасын жібереміз. Мүжілген бастай...

– Қаңқасын емес, басын шауып алып жібереміз. Омбы генерал-губернаторына, – деді Орман манап. – Көзімен көрсін, басын біз алғанымызға сенеді. Екеуміз майыр болып, бұлғын ішік киіп, алмас қылыш тағып, ақшаның астында қаламыз. Патшаға жіберсе, жандаралдар өздері жіберер. Қазаққа мәңгі сүйегіне таңба болар жаза осы, – деді Орман би жымысқылана күліп.

... Күн сұрланып шықты. Табиғат та сұрқай. Бозторғайлардың да үні жоқ. Жел де тына қалған. Су да сарқырамай ағады.

Жендет Кенесарының көзін таңғысы келген.

– Қолыңды тарт! Қызыл ит, - деді Кенесары тістеніп. – дүниеге, далама соңғы рет қарап кетейін...

«Қызыл ит» деген сөз Жантайға да, Орман манапқа да оқ болып тиді.

Ескі аңыздарда  қызғыздарды «қызыл иттен жаралған» деген әфсана бар еді.

Бұл сөз екеуінің де өңменінен өтті.

-Шап, басын ал! – деп айқайлады Орман манап қалш-қалш етіп.

Жендет алдаспаны жарқ етті...

Бірақ хан Кененің рухы тірісінде де, өлген соң да тыныштық бермейтінін олар қайдан білсін...

Уәлихан Қалижан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5261