Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 5249 8 пікір 19 Сәуір, 2021 сағат 14:17

Босқындық өмір. Отансыз тағдыр

Басы: Оралғандар елі – Израиль

Тарихшылар еврейлерді Рим империясының қатыгез саясатының кесірінен өз Отанын тастап кетуге мәжбүр болды деседі. Бірақ мұндай көзқараста белгілі бір жаңсақтық бар сияқты. Әрине, ешбір ұлт кір жуып, кіндік кескен қасиетті  мекенінен оңайшылыққа қол үзбесі анық. Еврейлердің Палестинадан кетуінің басты себебі Рим империясының тағылық саясатынан болғандығы даусыз. Бірақ, сонау ықылым замандағы Дәуіт, Сүлеймен патшалар дәуірінде-ақ  еврейлер басқа жерлерге қоныс аударып, жат елдерді паналай бастаған болатын. Ол кезде көптеген еврей саудагерлері сауда-саттықтың қажеттілігіне байланысты Мысырға, Сирияға қоныс аударған еді. Ал еврейлердің толығымен өз Отанын тастап шығуы жат елдердің шапқыншылығының салдары болатын.  Ассирияның Израильді талқандауынан бастап «Вавилон құлдығы», оған жалғасқан Рим империясының үстемдігі олардың отансыз босқындарға айналуының басты себеп екені даусыз.

Жаңа эраның 70-жылдарындағы санақтарға қарағанда, Палестинада 3 млн еврейдің өмір сүргені айтылады. Мысырда, Сирияда, кіші Азия мен Месопотамияда жиыны 1 млн-дай еврей өмір сүріпті. Ал күллі әлемде 8 млн-дай еврей болған деседі. Сол дәуірде бұл тым қомақты жан саны. Рим империясы Бар-Кохба көтерілісін тағылықпен жаныштағаннан кейін тірі қалған еврейлер өз Отанын тастап, әлемнің түкпір-түкпіріне бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Содан бастап Палестинаның тарихы еврей халқымен байланысты болған жоқ. Мысырға, Сирияға, кіші Азия мен Месопотамияға босып барған еврейлер біртіндеп Жерорта теңізінің жағалауындағы елдерге қоныстана бастады. Одан әрі батыс Еуропаға да бас сауғалап барды. Олар алдымен Еуропа, Азия, Африка – үш құрлыққа қоныстанды да, біртіндеп әлемнің түкпір-түкпіріне шашырай қоныстанды.

Жаңа эраның 7-ғасырында Ислам дінінің кең таралуымен Араб империясы дәурен сүріп, оның территориясы батыс Азия, солтүстік Африка және Еуропадағы Испанияға дейін кеңейді. Еврейлер Ислам дінін қабылдағысы келмеді. Сол себепті Мұхаммед Пайғамбардың және одан кейінгі араб халифаларының еврейлерге ықыласы ауған жоқ. Соған қарамастан, еврейлер батыс Еуропадағы Христиандар үстемдік еткен елдерге қарағанда әлдеқайда еркін, бақуатты ғұмыр кешті. Мысалы Месопотамияда еврейлер өз діндерін еркін уағыздап, ғибадатханалар тұрғызды. Қалаған мекендеріне қоныстанып, өз кәсіптерімен айналысты. Тіпті, ордада жоғары шенді мансап алғандар да болды. ХІІ ғасырға келгенде Палестинаның өзінде 40 мыңдай еврей, жиырма ғибадатхана, ондаған діни медреселер болды. Испанияны мұсылмандар билеген дәуірде еврейлер билікке сенімді халықтар ретінде танылып, ерекше қамқорлықтарға бөленді. Себебі,  Қасиетті Ислам діни сенімге зорлық жасауды жат көреді. Мұсылмандардың шарапатының арқасында арабтардың мәдениет орталығы саналатын Кордобада еврей ұлтының өкілдері айтарлықтай көп болды. Және олардың көптеген мектеп-медреселері бой көтерді. Олардың арасынан сандаған еврей философтары, математиктері, тіл ғалымдары, медицина ғалымдары және діни ғұламалар өсіп жетілді. Еврейлердің арасынан әкімшілік құрлымдарда жоғары шенді мансаптылар, тіпті уәзірлер мен әскери қолбасылар да болды. Осы дәуірде еврейлердің ақыл-парасаты жарқырай көрінді. Әсіресе, мәдениетке болған үлесі ерекше қомақты еді. Мұны бір қырынан олардың батыс пен шығысты бірдей шарлап, еркін кезіп жүретін жиһангездігінің пайдасы десе де болады, олар сол арқылы батыс пен шығыстың мәдениетін тоғыстырушы рөлін атқарды. Олар араб елдерінің таңдаулы туындыларын алдымен ирбит тіліне аударып, одан соң, христиандар еліндегі еврейлер оны латын тіліне аударып отырды. Сөйтіп, еврейлер араб мәдениетін, шығыс мәдениетін және грек мәдениетін салыстырмалы түрде қараңғы, мешеу, Христиан дініндегі батыс Еуропаға таратып, Еуропаның дамуына игі ықпал жасап отырды.

Мұсылман елдеріндегі еврейлермен салыстырғанда батыс Еуропадағы елдерде өмір сүретін еврейлердің тағыдыры тым аянышты болды. Еврейлер батыс Еуропаға аяқ басқан күннен бастап, шет-шегі жоқ қорлау мен қудалауға ұшырады. Тіпті бұл өңір жаратылысынан-ақ еврейлерге қаны қас, оларға қарсы қуғын мен сүргіннің мекеніне айналғандай көрінетін. Еврейлер не себепті орта ғасырда Еуропалықтардың қырына ілініп, қуғынға түседі? Бұл адамның ақылы жетпейтін хиқметке толы құбылыс. Құдайдың пендесі, адамның баласы не себепті бір-біріне өштік пен қастық сайлауға тиіс? Жүздеген жылдардан бері ғылыми ортада ғалымдардың көзқарасы бір арнаға тоғысқан емес. Жалпылай қарағанда, орта ғасырдағы Еуропаның еврейлерге қарсы өшпенділігінің тарихи, діни, мәдениет және экономикалық жақтағы себептері болуы мүмкін. Мұның ішінде  діндік мәдениет ең басты себеп деуге болады. Тарихи тұрғыдан қарағанда орта ғасырдағы Еуропа Рим империясының еврейлерге қаратқан өшпенділігі мен қудалауының тарихи жалғасы. Жаңа эраның 4-ғасырында Христиан дінін алғаш қабылдаған Константинопольдің императоры еврейлерді тежейтін алғашқы жарлығын шығарды. Онда: «Еврейлер өздерінің діни сенімін өзгертуге болмайды және басқалардың да Христиан дінін қабылдауына кедергі келтіруге хақысы жоқ. Олай болған жағдайда -өлім жазасына кесіледі. Еврейлердің Христиан дініндегілермен некелесуіне, бір дастарқанда отырып тамақ ішуіне, жаңа еврей ғибадатханаларын салуына , ескі үлйерін жөндеп, қалпына келтіруіне болмайды. Еврейлер құл иеленуіне, армия қатарында қызмет етуіне тыйым салынады. Олар медицина, дәрі жасау қатарлы кәсіппен айналысуына рұқсат жоқ. Олар жат діндегілермен қатардағы азаматтар сияқты сот істерінде «сенімді куәгер» болуға толымдылығы жоқ» деген қорлау, кемсіту сипатындағы көптеген тармақтардан тұратын. Аталған жарлықтағы осы тармақтарды кейін келе Еуропа елдерінің түгелге жуығы мұра етіп қалдырып, одан бетер күшейтіп жіберді.

Діни, мәдени себептерге келсек, ең алдымен, еврейлердің ата-бабасы Иса Пайғамбарды өлтірген құндыгер болып шығады. Христиандардың таным-түсінігінше, Иса әлемді құтқарушы Алланың елшісі. Құдайдың нұрынан жаралған баласы. Оны еврейлердің ата-бабасы крестке шегелеп, азаптап өлтірген. Библияның «Таурат пен Інжілдің толық жинағындағы» 4 киелі кітаптың ішіндегі «Евангелиеде» жазылуынша Иса Яһуди дінінің дәстүрлі ұстанымына қарсы шығып, Мұсаға түскен Таураттағы өсиеттерді өзгерткісі келген. Ол тіпті өзін ерекше құдірет иесіне балап, егер адамдар қасиетті сарайды қиратар болса, ол үш күн ішінде ол сарайды қайтадан қалпына келтіруге қабілетті екендігін айтады. Исаның әрбір істері еврейлердің қызғанышын қозғаған. Иерусалимдегі Яһуди раввиндері Исаны ұстап, Рим губернаторы Пилатқа тапсырып, оның крестке шегелеп өлтіруіне себепкер болған. «Евангелиеде» еврейлердің өздері және олардың ұрпақтарына дейін Исаның өліміне құндыгер екендігі жазылған деседі. Сол себепті Христиандар еврейлерді Тәңірдің жазуына қарсы келіп, кешірілмес қылмыс жасағандардың санатына жатқызады. Кейін келе ішінара Христиан діндарлары Иса өлтірілгеннен кейінгі еврейлер дәл сол Исаны сатып кеткен мүнафық Тайтаностың ұрпақтары екен деген сәуегейлік пен өсек таратып еврейлерге деген өшпенділіктің отын одан бетер үрлей түсті. Бұл қисынға сенсек, еврейлер Христиандардың алдындағы кешірілмес күнаһарлар саналады. Сол себепті олардың көзін құртқанда ғана кегі тарқамақ. Христиан іліміне қарағанда, қасиетті Құран Иса Пайғамбардың өлімін әділ таразылағандығын астын сыза отырып ашық дәріптеуге тиспіз.

Еуропаның феодалдық қоғамы Еуропаға ауып барған ғұндар тарапынан күйретілген Батыс Рим империясының  қираған жұртында қайта түлеген мемлекеттер болатын. Еуропалық тарихшылар ғұндардың мәдениет өресі Римдіктерден көш кейін болғандықтан, олар құрған феодалдық мемлекеттер Римдіктердің адамзат үшін жасаған озық мәдени мұраларын қабылдамай, Христиандық діни ажырғыға мұрагерлік етіп, соның құлына айналды деп санайды. Шындап келгенде, Христиан ілім мен ғұндардың үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Ғұндар тәңірге табынатын көшпенді ұлыс. Олардың қатысуынсыз-ақ Христан діні бірнеше ғасырдың ішінде-ақ  күллі Еуропаға тарап үлгерді. Шіркеулер барлық елді-мекендерде бой көтерді. Римде бой көтерген Ватикандағы католик шіркеуі және Рим Папасы Еуропада теңдессіз рухани беделге ие болды. Шіркеу Інжілді ешқандай шек келтіруге болмайтын талассыз ақиқат санайды және ол барлық католик діндарларының іс-әрекетінің құбыланамасы саналады.  Сол себепті де Христиан дінін қабылдаған барлық қараша халық Христиандың еврейлер жөніндегі айтқандарын шүбәсіз қабылдап, қалтқысыз сенеді. Олар Исаны өлтірген еврейлерді шіркеу билігінің айтуымен албастылар санатында қабылдады. Бұдан тыс,  Христиан діні бір кездегі Яһуди дінінен бөлініп шыққан, соның бір тармағы деген ұғым да Христиан діндарлары үшін қабылдауға ауыр, шындыққа сай келмейтін сандырақ саналады. Әлемдегі теңдессіз ақиқат өз қолымызда деп ойлайтын Ватикан шіркеуі үшін Христиан діні Яһуди дінінің қол баласы деген түсінік оларды еврейлердің аяғына жығып берумен бірдей. Сол себепті олар Таураттық ілімді ұстанушылардың көзін құртып, өздері ғана асыл діннің бастауында тұрмақ болды.

Христиандардың дәріптеуінше еврейлер Құдайдың қарғысына ұшыраған «албасты ібілістер» болғандықтан оларға тежеу салу, қорлау мен кемсіту табиғи нәрсе. Христиан билеушілері еврейлердің жер иеленуіне жол бермейтін. Тіпті, олардың өнеркәсіп және ауылшаруашылығымен айналысуына да тежем салды. Енді еврейлерге тек қана саудамен айналысуға, одан қалса, жоғары өсімді қарыз беруден басқа өмір сүретін жол қалмаған болатын. Христиандар Ислам дініндегілер сияқты өз үмбеттеріне өсіммен күн көруге тыйым салатындықтан, олар ақша капиталымен айналыспайтын. Ал экономиканың даму заңы қаржылық қолдаудан қол үзе алмайтын болғандықтан билеушілер еврейлерге осындай кешірілмес күнәға бататын тірлікпен айналысуға жол қойып еді.  Кәсіпкерлік салаларындағы шектеулер мен өздерінің ерекше қарым-қабілетінің арқасында еврейлер табысты саудагер, есепқор банкир және ашкөз өсімқорларға айналды. Олардың қолына топталған ақша капиталы мен қисапсыз байлық айналып келіп, «аса байлық жанға қас»-дегендей, оларға жаңа қауіп-қатерлер мен бақытсыздық әкелді. Дінбасылары, әскери шонжарлар, тіпті, патшаларға дейін ақша мен байлықты суша сапырып  немесе  тынымсыз жорықтарға аттанатын болғандықтан, үнемі қазынасы қағылып, еврейлердің борышкерлеріне айналатын. Бұл айналып келіп, өсімқор еврейлерге деген өшпенділікті үдете түсетін. Сондықтан, Еуропадағы мемлекеттер немесе жергілікті билеушілер есебін тауып, еврейлерді тонауды әдетке айналдырды. Осы арқылы олар еврейдің алдындағы борыштан құтылады және өз жан-дүниесіндегі қызғаныш отын сөндіруге себеп табады.  Мұндай бассыздыққа баруға олар тіпті де қиналмайды. Ол үшін қисынын тауып, бір жапырақ жарлық шығарса, жетіп жатыр. Себебі, еврейлер қанша жерден бай болғанымен, заң жүзінде олардың қоғамдық орны мен құқытқтары мүлде қорғалмайтын. Яһуди дінінен тысқары қараша халық та еврей саудагерлері мен өсімқорларының құрбанына айналатын.  Олардың еврейлерге қаратылған өшпенділігі билеушілерден асып түспесе, кем емес еді. Олардың еврейлерге көзқарасы Шекспирдің «Венеция саудагеріндегі» сомдалатын Шейлоктың образынан парықты емес болатын. Ұлы Шекспирдің өзі  еврейлерді ашкөз, безбүйрек, борышкерлердің етінен ет кесіп алуға тайынбайтын қатыгез қарақшы бейнесінде елестеткен соң, қатардағы тобырдың олар туралы не ойлайтындығы бесенеден белгілітұғын.  Надандық пен діни сыңаржақтылықтың кесірінен адамдар өз бақытсыздығы мен кедейлігіне еврейлерді кінәлап, ақ-қараны айырмастан, іштегі барлық ашу-ызасы мен ащы запыранын  еврейлерге төгіп, өшін солардан алатын. Сол себепті де орта ғасырдағы еврейлерді қуғын-сүргінге салу тұтастай халықтық сипат алды. Бірақ Еуропадағы елдердің билеушілері бір қырынан еврейлерді қудаласа, тағы бір қырынан оларға мұқтаж болды. Себебі, еврейлер кәсіпкерліктің майталман шеберлері болғандықтан, мемлекеттік қазыналық кірістің аса маңызды қайнар көзі саналатын. Былайша айтқанда, белсенді салық төлеушілер еді. Олар кейде еврейлерді қырына алып, қудалайтын. Кейде олардың аяғына бас ұрып, инвестор ретінде қайта шақыратын. Мысалға, жаңа эраның 1182 жылдан 1321 жылға дейінгі аралықта Франция еврейлерді төрт рет қуғынға түсіріп, төрт рет қайта шақырды. Еврейлердің Англияда қоныстанғанының небәрі екі жүз жылдық тарихында 1066 жылғы Нормандық басып алудан бастап, 1290 жылғы Эдуард І еврейлерді қудалау жөніндегі жарлығы жарияланғанға дейін 16 000 еврей Англиядан кетіп, олардың барлық мүлкі корольдің қолында қалды.

Христиан ілімінде еврейлер сау денеге шыққан өспе сияқты. Өспені ота жасап, кесіп тастаудан бұрын, өспенің таралуын болдырмау керек деп есептейтін. Сол себепті әр мемлекеттегі еврейлер үлкен қалаларда арнайы оқшауланған аймақтарда ғана тұруға рұқсат етілді. «Оқшауланған аймақ» ұғымы жаңа эраның 1516-жылдан бастап қолданысқа енді. Осы жылы Венеция Республикасы  өз аумағында тұратын еврейлерді қуғындап, арнайы оқшауланған аймаққа орналастырды. «Оқшауланған қала»  ұғымы содан бастап еврейлер қоныстанған аумақтың ауыспалы мағынадағы атауына айналды.

Оқшауланған қалалардың өз қорғаныс-қамалдары болып, басқа әлемнен оқшауланумен бірге қорғаныстық рөлді де атқарды. Еврейлер осы қамалдардың ішінде өз тірліктерімен айналысып, мүмкіндігінше қамалдан қарға адым ұзап шықпауға тырысатын. Әсіресе, Христиандардың мерекесінде немесе қоғамдық толқулар кезінде қамалдың қақпасы тарс бекітіліп, адам баласы қамалдан аттап шықпайтын. Ондағы мақсаты көзіне қан толған Христиан муриттері пәле іздеп, жанжал шығарып, қантөгіс жасамау үшін солай жасалатын. Әрбір оқшауланған қамалдар сырт әлеммен байланысы жоқ шағын мемлекеттерге ұқсайтын. Олардың өз автономиясы бар, өз көсемдері бар. Өз судьялары Яһуди дінінің шариғаттарымен елді басқарып, түрліше дау-шараларға төрелік айтатын. Яһудилердің ғибадатханалары мен мектеп-медреселері оқшауланған қамал тірлігінің өзегі саналатын. Бұдан тыс, еврейлердің өзіндік сот жүйесі мен дербес басқару құрылымдары да болды. Қамалдың ішінде еврейлердің моншалары, мал соятын қасапханалары, қонақ үйлері, қайтыс болғандарды жерлейтін қабірстандары, тіпті, арнайы түрмелері де болды. Көлемді оқшау-қамалдарда көбінде 12 биден тұратын арнайы кеңес билік жүргізетін. Өз ережелеріне сай 12 бидің ішінде біреуі міндетті түрде Яһуди раввиндерінен сайланатын. Еврейлердің оқшаулануы және арнайы қамалдарға бекінуі өздерінің қалауымен де жасалатын. Еврейлер өздерін Тәңірдің сүйген құлы санайтындықтан, жат діндегілермен араласып кетуді қаламайтын. Сол себепті олар белгілі дәрежеде оқшауланған қамалдарды Тәңірдің өздеріне жасаған сыйы ретінде де қабылдады. Оқшауланған қамалдар еврейлерді сыртқы әлемнен бөліп тастағанымен, қамалдың ішіндегі еврейлер бейбіт, өзімен-өзі еркін, баяшат өмір кешті. Бұл, өз кезегінде, еврейлерді теріс ағым мен дүрмекке ілесуден сақтап, ерекше тәрбиеленген дербес қоғамдық қауым ретінде қалыптастырды. Мыңдаған жылдар бойы еврейлердің басқа ұлттарға ассимиляцияланып, жұтылып кетпеуінің бір себебі осында жатқан болуы да бек мүмкін.

Бұл жерде барлық еврейлер тек қана қамалдың ішінде рахат өмір сүрді деген ұғым тумауға тиіс. Еврейлер батыс Еуропаға аяқ басқаннан тартып, оларды өз діндерінен бездіріп, шоқындыруға мәжбүрлеген елдер де болды. Испания жаңа эраның 630-жылы, Франция 629-жылы еврейлерді күшпен шоқындыруға барын салды. Дей тұрғанмен, ХІ ғасырдан бұрын Еуропаның басқа елдері Яһуди дініндегілерді қудалауы салыстырмалы түрде аз болды. ХІІ ғасырдан бастап  Яһудилік сенім-нанымға болған өшпенділік пен қудалау өрши түсті. 1096-жылдан бастап крест армиясы шығысқа жорық жасаған дәуірлерде сан мыңдаған еврей ұлтының өкілдері аяусыз өлтірілді. Еврейлер қоныстанған аймақтар қиратылып, талан-таражыға түсіп, халқы қырғынға ұшырады. Крест жасақтары еврейлерді көрген соң, енді оларға Палестинадағы қасиетті  жерге барып, Иса Пайғамбарды өлтірген құндыгер қылмыскерлердің ұрпақтарын іздеп тауып, жазалаудың қажеті жоқ деп ойлады. Өйткені олар өз араларында жүр екен. Енді ат терлетіп, алысқа шабудың қажеті қанша? Көз алдағы еврейлерді қойша бауыздап, қыра беру керек. Крестшілердің ұрандары: «Бір еврейді өлтіріп, бір әруақты разы етейік!» дейтін. Рим Папасы Иннокентий ІІІ төртінші кезекті Латерандық Шіркеулерінің жиналысын шақырып, еврейлерге қарсы діни жарлықты жариялады. Осыдан кейін күллі Еуропаны дүр сілкіндірген еврейлерге қарсы қуғын-сүргін басталды. Еврейлер кірі арзымайтын сылтауларға бола өлімге бұйырылатын, немесе мал-мүлкі тәркіленіп алынатын. 1348 жылы «қара өлім індеті» Еуропаны жайлап, Еуропалықтардың төрттен бірінің өмірін жалмады. Еврейлер Яһуди дінінің шариғаттары бойынша санитарлық тазалыққа ерекше мән беретіндіктен, және медициналық шарт-жағдайы қатардағы Еуропалықтардан көш ілгері болғандықтан қара өлім індетінен қайтыс болғандардың саны аздау болды. Осыны пайдаланған Христиан шіркеулері: «Еврейлер шайтанмен одақтасып, қара өлім індетін бізге таратты» - деп жала жапты. Оған жалғас, еврейлерден кек алу басталып, көптеген еврей қоныстары шабылып, сан мыңдаған еврейлер нақақтан қырылды.

Осы реткі қырғыншылықта Испаниялық еврейлер ең қатыгездікпен қанға боялды. Испания Королі еврейлерге  екі түрлі таңдау жасауға бұйырды: біріншісі – өз діндерінен безіп, Христиан дініне шоқыну, екіншісі  жол тек қана өлім. Одан да сорақысы еврейлер барлық азаматтық құқықтары мен экономикалық құқықтарынан мақрұм етілді. Корольдің қатыгез саясатынан қорыққан еврейлер амалсыздан өз діндерінен безіп, шоқынуға мәжбүр болды. Бұлардың көбі көріністе шоқынғанымен, ішкі сенімдері бәз-баяғысындай Яһудилік нанымда қалып қойды. Қазіргі ХХІ ғасырда Қытай билігінің сол елдегі мұсылмандарға жасап отырған тағылық саясаты Испания Королінің сол кездегі саясатының көшірмесі сияқты. Көр соқыр билеушілер көбінде адамдардың ғасырлар бойы қанға сіңген наным-сенімдерімен әлекке түсемін деп оны жойғанша Кеңестік большевиктер сияқты өздерінің де талқаны таусылып бітетіндігін сезіп-білген жоқ. Испаниялықтар шоқынған еврейлерді «жаңа Христиандықтар» деп атағанымен,  оларды көбінде «шошқалар» деп кемсітетін. Былайша айтқанда, байғұс еврейлер Испанияда отырса опақ, тұрса сопақ болып көз түрткі мен қорлау астында ғұмыр кешті. Испаниялықтар сияқты Португалияның дін басылары да еврейлердің маңдайынан сипаған жоқ. Португалиялық еврейлер де тағылықпен қырғындалды, тоналды және аяусыз қудаланды. Үш жарым ғасырға созылған қатыгез саясаттың кесірінен төрт жүз мың еврей ұлтының өкілдері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, отыз мыңы өлімге үкім етілді. 1479-жылы католик патшасы басшылығымен Кастилия мен Арагон біріккен кезде еврейлерді қудалау науқаны шырқау шегіне жетті. Фердинанд патша мен Изабелла патшайым еврейлерді қудалауды өздерінің қасиетті парызы санады. Олар өз еліндегі жат діндегілерді түгелімен тазартып, тап-таза католиктік мемлекет құруға бел байлады. Сонымен, 1492 жылы арнайы жарлық шығарып, осы елдегі еврейлерді түп-түгел Испанияға жер аударды.

ХV ғасырдың соңына келгенде еврейлер түгелге жуық  батыс Еуропадан қуып шығарылды. Тек қана әлі де біртұтас елге айналмаған Италия мен Германияда ғана аздаған еврейлер қалып қойды. Қуғындалған адамдар нөпірі екі топқа бөлініп, шығыстағы екі ірі елге бет түзеді. Ашкеназилер (солтүстік Еуропадағы еврейлер) Польшаға босып барды. Сефардтар (Испания мен Латын тілі аймағындағы еврейлер) Осман Империясының аумағына бет түзеді.

Осман Империясының сұлтаны өз иелігінің қақпасын айқара ашып, азып-тозған еврейлерді мұсылманға тән ерекше жанашырлықпен қабылдады. XVI ғасырдың ортасына барғанда осы еврейлердің ұрпақтары Түркия экономикасының  қуатты күшіне айналды. Түріктер өз иеліктерін кеңейту барысында 1517 жылы Палестинаны басып алды. Ол кезде Палестина экономикасы күйреудің шегінде тұрған болатын. Көптеген еврейлер Түркия арқылы ата-қонысы Палестинаға оралуға мүмкіндік алды. Олар аздаған жылдың ішінде аталған аймақты өркендетіп, экономикасын шырқау биікке көтерді. Түркияның еврейлерге болған қамқорлығы 1574 жылғы Селим ІІ сұлтан өмірден өткенге дейін жалғасты. Польшаға босып барған еврейлер де үздіксіз көбейді. Санақ мәліметтеріне қарағанда XVII ғасырдың орта шеніне барғанда, Польшада қоныстанған еврейлердің саны 500 мыңнан асып жығылыпты.

XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында Нидерландыда буржуазиялық төңкеріс жеңіске жетті. Еврейлер Голландияның экономикалық саласында ерекше белсенді болатын. Мысалға, Амстердамдағы құнды қағаздар орталығындағы сайланған 41 кеңес мүшелерінің 37-сі еврей ұлтының өкілдері еді. Голландияның иелігіндегі шығыс Индия компаниясы акциясының төрттен бірі еврейлерге тиесілі болатын. Еврейлер Голландияның сыртқы саудасын дөңгелетіп тұрды.

XVIII ғасырда Еуропадағы еврейлер буржуазиялық төңкеріс толқындарының ықпалымен еврей ұлтының азаттығы жолындағы күресін бастап кетті. Франциядағы ұлы төңкерістің қарсаңында батыс Еуропада төрт жүз мыңдай еврей ұлтының өкілдері болды. Олардың үш жүз мыңы Германияда тұрды. Көптеген еврейлер саяси және құқықтық жақтан тең құқылы болуға ұмтылып, сан ғасырға созылған оқшауланған қамалдардан шығып, қоғамға белсенді араласа бастады. Олар өз раввиндерінің соттау құқығынан, автономиялық құқығынан және Палестинаға қайту армандарынан бас тартып, өздері қоныстанған елдердің тең құқылы, адал азаматтары болуға бел байлап, өз тағдырларын өздері өмір сүрген мемлекеттердің тағдырларымен байланыстыруды армандады. Еуропалық билеушілердің ішінде де дәстүрге мойын ұсынбайтын дара тұлғалар да болды. Франция императоры Напалеон еврейлерді ерекше батылдықпен азат ету саясатын ұстанып, Франциядағы еврейлерге барлық азаматтық құқықтарын қайтарып берді. Напалеон: «Еврей ұлты Франциядан өздерінің тағы бір Иерусалимдерін таба алады» - деп мәлімдеді. Осындай қамқорлық пен бейбітшіліктің арқасында батыс Еуропадағы көптеген еврейлер өз діндерінен безіп, шоқына бастады. Әйгілі ақын Генрих Гейне осы шоқынған еврейлердің өкілі саналды. Карл Маркстың әкесі де ерте шоқынған еврейлердің санатында. Олардың бұлай істеудегі мақсаты өркениетті Еуропа қоғамына кіруге жолдама алу және еврейлердің азат халық атануына құқысы барлығын дәлелдеу үшін болатын. ХІХ ғасырдың 60-жылдарына келгенде басым көпшілік Еуропа елдеріндегі еврейлер азаттық алды.

Өкінішке орай, еврейлердің мәселесі мұнымен шешіліп кеткен жоқ. Мыңдаған жылға созылған сан қабат мұз оңайлықша еріп кетпейді екен. Христиандардың  он тоғыз ғасырға жуық еврейлерге қарсы үгіт-насихаты адамдар санасында  мызғымастай орнап қалып еді. Әйтеу бір себеп-сылтау болса, еврейлерге қарсы осы бір көңіл-күй адам ағзасында жасырылып жатқан аурудың қоздырғыштары сияқты өсіп шыға келетін. Еуропадағы еврейлер өздерін өзі өмір сүріп жатқан елдің қоғамы ешбір жатсынбай қабылдаса деп армандады. Және сол жолда күресті. Бірақ ХІХ ғасырдың соңын ала еврейлерге қарсы бағытталған әлденеше реткі қоғамдық толқу олардың ізгі арманын күл-талқан етті. Олардың ішіндегі көптеген ақылды жандар өздерінің қатыгез тағдырларынан еврейлер шынайы азаттыққа қол жеткізгісі келсе, бір ғана жол бар, ол қасиетті Сион тауына қайту деген қорытындыға келді.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы 

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443