Бауыржан Бабажанұлы. БАРД
1990 жылдың қоңыр күзі. ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті атанған бақытты қауым Алматы облысы Шелек ауданының «Қазақстан» кеңшарына жүзім теруге келген бетіміз. Бір-бірімізбен енді танысып жатырмыз. Ән айтатындар, айтыскерлер бірден омыраулап, «қырып» барады...
Келесі күні сымбатты сары жігіт келді. Кеше автобустан қалып қойып, бүгін жеткен беті екен. Танитындар: «О, Біржан келді! - деп шуласып жатыр. Маңғаз. Үстінен қымбат әтір иісі бұрқырайды. Аяғын сәл сылтып басады екен. «Әскерде Ауғанстанда болған. Оқ тиген шығар...» деп жатты біреулер. Ақын Бауыржан Үсеновтің туған інісі екен. «Сұмдық әнші!» - десті білетіндер. Осыны естіген біреулер домбыра ұсынып еді, сыпайы бас тартты: «Тамағым ауырып тұрғаны».
Кешке алаңда «концерт» басталды. Кешеден бері біраз бедел жинап қалғандар өнерлерін көрсетіп жатыр. Аяқ астынан қыз бен жігіттің айтысы да басталып кетті. Ал әншілер тіпті көп екен. Бәрі мықты.
«Концерт» әбден қызған кезде «Біржан ән айтсын! - десті оны білетіндер. Жұрт назары әлгі сары жігітке ауды. Сәл бәлсініңкіреп барып, гитараны қолға алған ол шырқай жөнелді:
Жағалап сайран көлдің сыз кемерін,
Біліп ем, күз келерін, күз келерін.
Қайыңдар дір етеді қыз денелі,
Көңілдің таба алмаймын, көңілдің таба алмаймын іздегенін....
1990 жылдың қоңыр күзі. ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті атанған бақытты қауым Алматы облысы Шелек ауданының «Қазақстан» кеңшарына жүзім теруге келген бетіміз. Бір-бірімізбен енді танысып жатырмыз. Ән айтатындар, айтыскерлер бірден омыраулап, «қырып» барады...
Келесі күні сымбатты сары жігіт келді. Кеше автобустан қалып қойып, бүгін жеткен беті екен. Танитындар: «О, Біржан келді! - деп шуласып жатыр. Маңғаз. Үстінен қымбат әтір иісі бұрқырайды. Аяғын сәл сылтып басады екен. «Әскерде Ауғанстанда болған. Оқ тиген шығар...» деп жатты біреулер. Ақын Бауыржан Үсеновтің туған інісі екен. «Сұмдық әнші!» - десті білетіндер. Осыны естіген біреулер домбыра ұсынып еді, сыпайы бас тартты: «Тамағым ауырып тұрғаны».
Кешке алаңда «концерт» басталды. Кешеден бері біраз бедел жинап қалғандар өнерлерін көрсетіп жатыр. Аяқ астынан қыз бен жігіттің айтысы да басталып кетті. Ал әншілер тіпті көп екен. Бәрі мықты.
«Концерт» әбден қызған кезде «Біржан ән айтсын! - десті оны білетіндер. Жұрт назары әлгі сары жігітке ауды. Сәл бәлсініңкіреп барып, гитараны қолға алған ол шырқай жөнелді:
Жағалап сайран көлдің сыз кемерін,
Біліп ем, күз келерін, күз келерін.
Қайыңдар дір етеді қыз денелі,
Көңілдің таба алмаймын, көңілдің таба алмаймын іздегенін....
Мүлде жаңа саз. Дауысы керемет екен. Бәріміз гу ете қалдық: «Тағы, тағы...» . Бір, екі, үш... Бес ән айтты. Бәрі де жаңа ән. Сөйтті де, орнынан тұрып жүре берді.
Нағыз қызық, міне, осы жерде болды. Біржанмен бірге сол жерде отырған екі жүз қыз да дүрк көтерілді. Кіл жігіттер ғана қалдық. «Құлағын аю басып кеткен» бізді қойшы, кешеден бері қошеметке үйреніп қалғандарға қиын болды...
Біржан айтқан әндердің бәрі Табылды Досымов деген композитордікі екен. Қазақтың тұңғыш бард-ақыны көрінеді. Өз туындыларымен қоса Мұқағалидың, Тұманбайдың, Фаризаның, Есенғалидың, Шәкизаданың, Светқалидың, Жанат Әскербекқызының сөздеріне жазған әндері Алматыда дүрілдеп тұр екен. Журфакты биыл бітіріп, ауылына - Атырауға аттаныпты. «Менің әндерімді сен менен де жақсы орындайсың!» - депті Біржанға. Дәл солай деді ме, жоқ па, біздің Біржанға сенбеске амалымыз жоқ еді...
Содан Табылды әндерінің дәурені басталды. Бүкіл жүзімдік алқабы оның әндерімен тербеліп тұрады. «Ақ дидарың-ай, сенің ақ дидарың-ай...», «Ұнатамын мен сені...», «Дәл осылай болатынын сезгем мен...», «Үйіме қайтам өкініп тынып, Сүйемін деуге бата алмай...». Біреу ән бастаса, қалғандары қосыла кетеді. Біржанның да беделі сұмдық. Жазатайым «Біржан қайда екен?» - деп сұрай қалсаңыз, бірден он қыз жауап береді. Жігіттердің бәрі Біржанға ұқсап ән айтуға тырысады. «Концертіміз» Біржан айтатын Табылдының әндерімен аяқталады. Ол орнынан тұра бергенде екі жүз қыз да дүрк көтеріледі. Кейбірі, тіпті, отқа ұмтылған көбелектей жігіттердің бөлмесіне де кіріп кетеді. Ән тыңдау үшін, әрине. Біржанның әнін. Мұндайда Біржан боп тумағаныңа өкінгеннен басқа амал жоқ...
Алматыға бір жыл ерте келіп, ҚазМУ-дың айналасында жұмыс істеген Біржан Табылдымен жақсы араласыпты. Досымов туралы әңгіменің бәрі қызық. Досымыз әңгімесін әнмен «тұздықтап» отырады. «Мынау Табылдының Германияда әскерде жүргенде жазған әні екен...» деп даусын созады:
Кетем бе, кейде, бала боп,
Жүрсем де алыс, шалғайда.
Қайда сол, КазГУ-городок,
Алматы қайда, ел қайда?
Ғажап. Әлі аралап үлгермеген «городокты» біз де сағынамыз біртүрлі.
Сол қалашыққа да келіп жеттік бір күні. «Қуырдақтың көкесін...» енді көрдік. Бүкіл қалашық Досымовтың әндерімен теңселіп тұр екен. Жиын-тойдың бәрі Табылдының әндерімен басталып, Табылдының әндерімен аяқталады. Жатақхана фойелері де жаңғырады: «Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші...».
Табылдының сөздері сұмдық. Тура сүйегіңнен өтеді. Қаныңды тулатады.
Табылдымен қатар жүрген, бірге «сіміргендердің» әңгімелері тіпті бөлек. Тыңдасаң, әр әннің тарихы бар. Бард туралы аңыз да көп. «Алматыда қалуы керек еді. Жалғыз ұл болғасын, амал жоқ, ауылға тартты ғой...». Әңгіме осындай өкінішпен аяқталады. Табылдыны көре алмай қалғанымызға біз де өкінеміз.
...Бір күні біздің бөлмеге курстасым Әділ Ботпанов кіріп келді де:
- Бауке, кеттік, - деді. - Журфакқа Светқали, Табылдылар келіпті, барайық.
Жетіп бардық. ¦Ұмытпасам, Бақытжан Қосбармақовтың бөлмесі болуы керек, үш адамдық бөлмеге дастарқан жайылыпты. Төрде маңдайы жарқырап Сабыр Адай отыр. Оның оң жағына Светқали жайғасыпты. Одан төменіректе Табылды отыр. Жұмабай Құлиев пен Александар Тасболатов қонақтарды күтіп алып, бірге жүр екен.
Біз барғанда отырыс әбден қызыпты. Ағаларымыздың күркіреп өлең оқығандары, айтқан әңгімелері, тіпті, қалай «сілтейтіндері» де біз үшін қызық. «Ай, мыналарды қарашы, жетеуі бір кереуетке сыйып кетіпті, ал біз үшеуміз бір кереуетте отырмыз. Айналайын, ақ Табылдың арқасы ғой...»- дейді Светқали бізге қарап, қарқ-қарқ күліп.
Қасындағы екі ағасының пысы басты ма, әлде табиғаты солай ма, маған Табылды сабырлы көрінді. Біржанның әртістігіне үйреніп қалғандікі ме, басында ән айтқанын да аса қабылдай алғаным жоқ.
Ағаларымызбен екі күн дуылдадық. Бірте-бірте бойымыз үйрене бастады. Табылдының әндерін де құлағымыздың құрышы қанғанша тыңдадық. Төгіп-төгіп айтады екен. Арқаланып кетеді. Бірте-бірте үйіріп әкетті...
Табылды, меніңше, одан кейін де біз студент кезде, Алматыға бірнеше рет келген сияқты. Бірақ кездесудің сәті түспеді. Бірақ университет бітіргенше әндерін «гимн» қылып, айтып жүрдік. Біржан балконға шығып, Табылдының әндерін айта бастағанда, бүкіл терезелер ашылып, жүздеген көздер бізге қадалатын. Әнді аспанға қарап тұрып айтатын Біржан қайырмадан кейін бізден: «Жігіттер, қыздар қарап тұр ма? - деп сұрап қоюды ұмытпайтын...
...Табылдымен екінші рет Ақтөбеде кездестім. Жұмысқа сәл кешігіп келе жатыр ем, тура лифтінің алдында жолықтық. Редакцияға соғып, Ертай ағаммен біраз әңгімелесіпті. Мені күтіп, келе қоймағасын шығып бара жатқан беті екен. «Димаш - Әлиге» ән жаздырып жатырмын. Қазір Қанатпен кездесуге асығыс кетіп барам. Жақында келемін, отырып әңгімелесерміз...» деді маған. Онымен соңғы рет кездесіп тұрғанымды қайдан білейін...
Бір күні беймезгілдеу уақытта звондады. Үш рет. Ала қойғаным жоқ. Менің номерімді қайдан алғанын білмеймін, телефон алмаспап едік. Бірақ бірде Шалқардағы Қорғанбек Исаев ініме оның телефоны қатты керек болып, жігіттерден сұрап, тауып берген едім. Сонда менде номері сақталып қалған....
Майл.ру-де дос едік. Екі-үш күннен кейін хат жазып ем, қысқа қайырыстық. Неге звондағанын ол да айтпады, мен де сұрамадым.
Көп ұзамай Астанадан Жанат Әскербекқызы звондап: «Табылды қайтыс болыпты...» дегенде сенгім келген жоқ. «Тал қармап», Светқали жездеме звондап ем, рас болып шықты. Олар Индерді бетке алып, жолда бара жатыр екен...
Ертеңіне «Мой мирге» кірсем, жұрттың бәрі аза тұтып жатыр екен. Бірсыпырасына мен де көңіл айттым. «Аға, тау құлағандай болды ғой, - дейді Атыраудағы Бақытгүл Бабаш қарындасым егіліп. Алматыдан Роза Қараева хабарласты. «Алаш айнасы» бет ұйымдастырып жатыр екен. Ештеңе жаза алмадым...
«Ақындардың аузына сөзді Құдай салады» - дейді. Рас шығар. Табылды:
...Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
- Қозым-ау, - деші күлімдеп, Баяндай маған.
Өмірді мынау, қалқам-ау, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем, бір күні, оянбай қалам... - деп еді бір әнінде. Шынымен де оянбай қалыпты...
Қазақы қамсыздығымызға сол жолы тағы бір көзім жетті. Газетке өлеңдерін беруге Табылдының кітабын әрең таптық. Басым тұманытып отырып, алғысөзін әрең жаздым.
...Кейін қарасам, Табылдының қазасы қазақ үшін шынымен де «тау құлағандай» болған екен. Қазақтың тұңғыш бардының не жөні түзу кітабы шықпапты. Өзі туған облыстың орталығында жеке концерті де ұйымдастырылмапты. Тіпті өз ауданындағы концертте де шетке қағылыпты бірде...
Өзі айтқандай «прокатқа алған» өмірінің бұлай тез аяқталарын, әрине, ешкім білген жоқ.
...Біз түгіл құтылмаған алып Абай,
Білмеймін о дүниенің қалы қалай?
Табылдың бір кездегі әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың адай.... - деп еді «Табылдың әні» деген әнінде. Қалың қазақ аҺ ұрып қалды артында. Ендігі жылағаннан не пайда? «Тіріде сыйласпаған ағайын...»
...Достар, менің қабіріме келмеңдер,
Тірілерді танымайды өлгендер...
Иә, Табылды бізді енді «танымайды».
Бірақ... өлгеннің артынан өлмек жоқ. Оны біз тануымыз керек! Болашақ ұрпақ білуі қажет! Табылдының өнеріне деген ендігі құрмет қазақ үшін керек! Оның шығармаларын жинақтап, артында қалған мол мұрасын жұртқа жеткізу - міндетіміз!
Қазір осы бағытта біраз шаруалар жасалып жатыр. Ақтауда Табылды Досымовты еске алуға арналған кеш өтті.
Енді сол кеш Ақтөбеде жалғаспақ. 25 сәуір күні Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ғимаратында Табылдының шығармашылығына арналған кеш өтеді. Оған қазаққа ең алғаш гитарамен ән айтудың үлгісін көрсеткен атақты Қорабай Есенов, Табылдының сыйлас ағасы болған ақын Жұмабай Құлиев, бардпен етене араласқан тамаша ақын Әбубәкір Смайыл, телевидение саласының майталмандары, Досымовпен студенттік шақтың қызығын бірге кешкен Серік Абас-Шах, Арман Сқабылұлы, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, белгілі суретші Ерсайын Жапақ, қазақтың ерке әншісі Елена Әбдіқалықова, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмаровалар қатысады.
Кешті өткізуге мұрындық болып жүрген азамат - Табылдының көзі тірісінде ерекше сыйласқан ағасы, ақтөбелік кәсіпкер Бижан Қалмағанбетов. Бижан 2009 жылы демеушілік жасап, «Димаш-Әли» студиясынан қазақтың тұңғыш бардының «Табылдың әні» атты дискісін шығартқан болатын. Табылды балаша қуанып, 2000 дана дискіні жұрт пышақүсті талап әкеткенін хабарлағанда, қосымша тағы диск шығартып дереу жеткізген азамат Табылды дүниеден өткенде де ең бірінші болып, отбасының жанынан табылған-ды. Жігіттердің басын қосып, басын да қарайтты. Оның шашылып жатқан мұрасын да жинақтап жүр. Енді, міне, осыншама адамның басын қосып, үлкен кеш өткізбек.
... Қайталап айтайық, Табылды - қазақтың тұңғыш бард-ақыны! Оған дейін өз заманының тынысын гитараның үніне қосып жеткізген дарын ұлтымызда болған жоқ. Өкінішке қарай, одан кейін де ешкім көрінбей тұр.
Ол өз өлеңдерімен қоса біз жоғарыда айтқан қазақтың біршама ақынының өлеңдерін гитара тілімен «сөйлетті». Тіпті кейде батыл қадамдарға да барды. Мысалы, Мұқағалидың сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» атты әніне өзі қосқан қайырма Мұқаңның төл туындысындай үйлесе кетті. Оның өз жырлары да болмысына сай, қалыпқа сыймайтын арда өлеңдер еді.
Өмірден ерте кеткен оралдық ақын Сағат Әбдуғалиевтың да мұраларын жинақтап, жұртқа жеткізген де Табылды болатын. Өз дүниелерін насихаттауды құнттамай, «өзгенің» мұрасын тірнектеп жинаған асылға не дерсің...
Беу, дүние-ай, енді Табылдының мұрасын жинақтайтын кез де жетіпті...
«Талантты қадірлейік тірісінде...». Қадыр ақын айтуын айтып еді-ау. Оралханның кейіпкері айтпақшы: «Неге біз осы...».
«Абай-ақпарат»
Табыл - Кара гул by Omirzhan Abdihalyh
Табыл - Омирзая by Omirzhan Abdihalyh
Табылды - Әулет