Жұма, 22 Қараша 2024
Абай мұрасы 4524 19 пікір 3 Мамыр, 2021 сағат 13:36

«Қарамола Ережесінің» демократиялық сипаттары

Қазақ заңнамасының эскалациясы
«Қарамола Ережесінің» демократиялық, халықтық сипаттары

Біз диалектика заңымен өмір сүреміз. Ғалым Т. Рысқалиевше ойымызды өрістетсек, диалектика – дүниедегі, өмірдегі шиеленіскен қайшылықтарды танып, шешу жолдарын ұсынады. Өмір – тартыс, арпалыс, жеңу, жеңілу, күрес, қайшылықтар, келісімдер мен кетісу, табысулардан тұрады. Осылайша әрдайым жарық пен көлеңке, пасықтық пен кемелдік, сүйкімсіздік пен әсемдік, асқақтық пен кішіпейілділік, байлық пен кедейлік, ірілік пен ұсақтық, сұлулық пен жексұрындық, ерлік пен ездік, жанқиярлық пен сатқындық алмасып келіп отырмаса, тіршіліктің мәні мен мағынасы кетіп, тұзы татымасы әдді. Адам қоғамындағы қарама-қайшылықты болмыс-адамды жаратушы о баста жаратқанда маңдайына жазылған несібесі. Соларды жеңіп, жер бетінде адамша өмір сүруі үшін Алла Тағала ақыл-сана, асыл да парасатты рух сыйлаған. Осы ақыл-сана, асыл да парасатты рухтың шарапатымен Құдайдың құлының бойына дарыған сезімталдық, табандылық, биік адамгершілік, көркем мінез, сауаттылық, имандылық, өмірлік тәжірибе, білік, жауаптылық, іске тұрақтылық, жалынды қажыр-қайрат, тіршіліктің райын баққан амал-айла, сапалы білім, саналы тәрбиені ұтырын тауып, ұтымды пайдалану оған Жер-ананы аялап, емірендіруге, оның бар байлығын игеріп, қажетіне жаратуға мүмкіндік берді. Жер-ананың төсінде шынайы түрде демократиялық және әділдік ұстанымдарды негізге ала отырып, азаматтық қоғам орнату барысында адам үнемі рухани экстаз ықпалында болып, ләззат мұхитына шомылып, өз айналасындағы былық-шылықты тәртіпке келтіріп, өздері құрған қоғамдағы қоғамдық қатынастарды ізгілендірудің аса қажеттігін сезінді. Қоғамды бұзатын нәпсіні толық тәркі етіп, мәдени, рухани, имани тәрбие сапасын жетілдіруде заңның атқаратын қызметі әлемет. Алғашқы қауымдық қоғам аяғынан тік тұрып, феодалдық қоғамға өтуі де сол заңның арқасы. Мемлекет заңның негізінде өмірге келіп, аяғынан тұрып, жетіліп, дамуына ол ауа мен судай қат. Заңгер Әділхады Шығанбаев: «Заң – мемлекеттің дамуының тірегі. Заңы мықты қоғамның өзі де мықты болатыны сондықтан» («Заң газеті» 21.08.2020) деуі заңсыз тіршіліктің күні қараңдығын айғақтайды.

Адамның күллі ғұмырына заңмен қызмет көрсетіліп, қорғалады. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – адам. Демек, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Заң халыққа қызмет ететіндіктен, заңның пәрменді, мықты болуы, оны халықтың дұрыс қабылдауына, көңілінен шығуына да байланысты. Қоғамның өркениетті, мемлекеттің қуатты болуы – Заңның демократиялық, халықтық сипатына қатысты. Ғалымдарымыздың тұжырымына сүйенсек, ертеде халқымыз Ата Заңды «жол» деп, дәстүр-салтын «жосын» деп атап, «жол»» мен «жосын» елді, мемлекетті ұйымдастырудың «ата қазығы» болғанына, алғашқы Конституциялардың тұсауы кесілуіне осындай ғылыми талдау жасаулары жаныңды жадыратады. Сондай өткенге тарихи талдау жасап жүрген ізденімпаз ғалым, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкен біздің жерімізде ертеде қоныс тепкен сақтар мен ғұндардың Қытай деректерінде сақталған мемлекет ретіндегі «жолы» мен «жосынының» ішкі мазмұнына бойлайды. Оның айтуынша: «Сақтар мен ғұндар әдет заңында, Қытай деректерінде, ұрлық қылғандардың бала-шағасы мен мал-мүлкі тәркіленген. Жеңіл қылмыс жасағандардың толарсағы шағылған, ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына кесілген, абақтыға түсетіндер санаулы болған. Ғұн, түркі, Шығыс Дешті-Қыпшақ заманында мемлекет және жекенің мал-мүлкіне қол салғандардың «бетін тілетін» болған. Қазақта «бетің тіліңгір»» деген тіркес содан қалған» («Егемен Қазақстан», 28.08.2020 ж.). Тұрсынханның бұл пікірі – кенезесі кепкен шөлге жауған жаңбырдай. Ал қазақтың ежелгі тарихы, Ата Заңының өткені жайлы профессор Т. Зәкеннің тұжырымы да қойдың қаймағын жегендей әсерге бөлейді: «Қазақ халқы – ертеден өзінің дана демократиясының арқасында сайын сахарада емін-еркін, бұла өскен халық. Сол дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінің арқасында атамыз қазақ осы күнге тұтас ұлт ретінде жетті. Сөйтіп ұлт өзінің артықшылықтарын сәулелендіре алды» («Егемен Қазақстан», 28.08.2020 ж.), - деп Ахиллестің өкшесін дәл көздегеннің өзі боп шығады. Асылы, сөздәйекті оқып отырып, біз қазақ өз дәстүрінде заңнамалық тарихы болған халық екеніне шүбәсіз иланамыз. Оны заң ғалымдарының докторы, академик С.З. Зиманов: «Древнее право казахов формировалось и сложилось на базе правовых воззрений и нормативных актов многих кочевых и полукочевых объединений, сменявших друг-друга и составленных в основном из древних тюркско-казахских племенных и государственных образований» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». Алматы, «Атамұра» 2008 г. с. 6), - деп қазақ заңнамасының түп-тамырына бойлап, генеологиялық қатпарын қаза, шыққан тегіне қапысыз сендіреді. Оның себеп-салдарын біртуар ғалым: «Из всех сфер общественно-управленческой жизни населения выделяется сфера законности и правосудия, которая была и оставалась во все времена и эпохи человеческого общежития его неизменным нравственным критерием», - деп ғылымға сүйенген тұжырымды көлденең тартады.

Қазақ халқын толық отарлап, билеп-төстеген, оны жер бетінен жоюды көздеген орыс патша өкіметі мен коммунистік ұлы империялық шовинистік саясаттың ықпалымен қазақтарды надан, бұратана, тарихынан жұрдай, өз мемлекеті болмаған жабайыға балағаны мәлім. Ал туған халқының тарихына сұңғыла, энциклопедиялық білім иесі, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Қобыланды батыр» атты мақаласында керісінше қазақтың көне халықтардың қатарына жататынын: «Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түрік жұрттарының көбінің шыққан тегі бір ел екені тарих жүзінен белгілі. Нағыз қазақ бірлігі он бесінші ғасырлар ішінде шықты десек те, сол бірлікті жасаған рулардың көпшілігі ертерек заманда болған. Алтын Орда, Қазан хандығы, Ноғайлы, Өзбек бірлігі сияқты хандықтардың бәріне де кірген, солармен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып, ірі тарихи уақиғаларды бастарынан кешіріскен» («Таң» журналы, №1, 1925 ж.), деп шағын ұлттарды отарлап, езіп, жаншып, мәңгүрттендіріп, рухани құлға айналдырып, рухы мен санасын өшіріп, меңіреулендірмек болған сұрқия саясатына шындықтың шырағын маздатып алдыңа тосады. Ал «Қазақтарда бұрын жазу-сызу болмаған, надан халық болған» деген бұралқы ой-пікірлердің шоғын бықсытып, тұтатқандарға профессор Мекемтас Мырзахметов: «Біздің халық – мықты халық, тарихы теңдессіз халық. Кім Европада «Құтты білік» (Жүсіп Баласағұн – Т.С.) сынды кітап жазды? Біреуі де жазған жоқ. Кім алтын адамдарды жасады?.. Кеңестік дәуірде қазақтың тарихы, жазуы жоқ деді. Бәрі табылып жатыр... Біз бүгін Европаның, Ресейдің заңымен жүреміз. Қарапайым мысал, біреумен ұрсысып қалсақ болды сотқа береміз. Ал біздің хандық тұсында прокурор сынды аппарат, полиция деген атымен болмаған. Бірақ адамдар осыларсыз-ақ өмір сүрді. Бүкіл дауды билер шешіп отырған. Билерді хан сайламаған, халық өзі мойындайды. Міне, солар сол елді ұстап тұрды. Ал, патша өкіметі орнағаннан бастап қазақ даласына орыстың заңы енді. Сөйтіп ата салтымыз ұмыт қалды. Ал ұлттық рух пен ұлттық дәстүрін жоғалтқан халықтың хайуаннан еш айырмасы жоқ. Біздің ел әлі күнге дейін Ресейге бағынышты. Қазір де жалтақтайды» («Ақиқат» №9, 2012 ж. 37-б.) – деп Абайтану саласында іргелі ізденістерді дүниеге әкелген, әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар абыз ақсақалымыз қазақтың ұлылығын, тарихи ірі жетістіктерді қазіргі өркениет биігінде отырғандардан да бұрын жасап, Евразияға мәшһүр, қуатты мемлекет құрғанын, алайда жері кең де бай болғанымен, халқының санының аздығынан ұлы империяның отарына айналғаннан кейін тартқан азабын, озық заңы, ұлттық рухы, ұлттық дәстүрін пиғылы арам, қорқау ниетті отаршылардың кесірінен жоғалтқанын, құлдық сана індетінің мысқалдап кіріп, батпандап өнебойды жайлап діңкелетіп отырғанына аһ ұрады. Мекеңнің күрсінісіне жүрегің ауырғанымен, күші мығымға жағынып, бас ие берудің түптің-түбінде мемлекетіңнің ірге тасын әлсіретіп, құдай санағаныңның қақпанына қабыларың ақиқат.

Қазір қуатты, тәуелсіз мемлекет боп Евразия орталығына мығым орналасқан ел ретінде аяғымыздан тік тұрып, кеудемізді кере демалуымызға ешкімнің кедергісі жоқ. Ерлік, батырлық, қаһармандық біздің қанымызда бар. Дәлелге жүгінсек, ата-бабаларымыз жеңімпаз хундар мен ғұндар, үйсіндер мен сақтар, қаңлы, қыпшақтар мен өзге де ежелгі түркі халықтарының мықты империясы болғаны тарихтан мәшһүр. Соның жарқын бір мысалы, көшпенділерге еркін өмір сүру үшін ұлан-ғайыр кеңістік қажеттігін ескерген ғұндардың билеушісі Атилланың күллі Европаны бағындырып, ондағы әскери, интеллектуалды және қуатты саналған экономикалық күшті дүр сілкіндіріп, «күш атасын танымасты» мойындатып, номадтар билікке келген. Бұл мысалды тілге тиек етіп отырғандағы мақсатымыз, өз күшіңді, құдіретіңді, деңгей-дәрежеңді таныту, мойындату үшін өзге елді қанға тұншықтырып жаулап алып, барын көмейіңнен өткізіп, үстемдік құруды жетіскендік санап отырғанымыз жоқ. Өзің өз бетіңмен ешкімге тиіспе, ала жібін аттама, ал басқа біреу басыңа шауып, төсіңе өрлесе басындырма, сонда ұйқың тыныш, жағаң жайлауда болмақ. Империялық және тоталитарлық режим, ұлы империялық шовинизм аз уақыт бөркіңді аспанға аттырып, есірткенімен, көп кешікпей аяғыңды аспаннан келтіретіні имандай шындық. Алысқа ұзамай-ақ жақыннан мысал келтірсек, әлемге айдыны асып, «Европа жандармы» дәрежесіне көтерілген Россия патша өкіметін 1917 жылы большевиктер шаңырағын ортасына түсірді, сол патша империясының мұрагері саналатын Советтік қызыл империя да ұлы империялық шовинизм дерті асқынуының кесірінен, жер бетіндегі әлемді аузына қаратқан алып мемлекет саналғанымен, небәрі 75 жыл жасап, күйреп тынды. Бұл трагедиялық күйдің мемлекет байлығы, қуаты, халқына ешбір қатысы жоқ. Бар пәле саяси билікті қолына ұстаған басқарушыларының адамшылық болмысы, білімі, интеллектуалдық дейгейі, дүниетанымы, саяси көзқарасы, халық мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын тектілігі, бастысы, қоғамның тамырына қан жүгіртетін заң талабын бекем ұстайтын принципшілдік, ел басқарудың өркенді парадигмасын қалыптастыруда күндіз күлкі, түнде ұйқыдан безініп ізденетін, ізгі жаратылысты іскер басшыға қатысты. Кезінде Алаштың ұлы перзенті, қоғам-мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан да: «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді», - деп ел тағдыры, мемлекеттің өркениетті деңгейге жетуіне небір ірі бастамаларымен ұйытқы болатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы біртуар тұлға-ерді аңсап өткен. Мұнан шығатын қорытынды, әділетті үкіметі, пәрменді, мықты заңы, «әділ қазы» биі, соты, прокуроры, адал, парасатты, арлы басшылары бар елдің ғана мемлекеті мығым болмақ. Ал, кездейсоқ адамдардың таққа отыруымен автократиялық, диктаторлық режимдер белең алып, елдің ыңыршағын шығарып, мемлекетті көтерем күйге түсіруі де тарихта жиі ұшырасатын жағымсыз құбылыс. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды осы жағдай алаңдатып, тағдыры қыл үстіндегі халқын тозақтан аман алып шығып, еркін тыныстатып, жайлы тұрмыста жайсаң өмірдің қызығын кештіретін, таза жолмен жүретін текті басшыны кие тұтып, Ата заңымызда ел басқарудың озық үлгісі ретінде алтын әріппен әдіптелетін-ақ ғибрат, демократиялық зайырлы мемлекеттің бағын ашатын бекзат талап.

Ақ зер дүниеде ата-тегіміз бүкіл Азия мен Европа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық күшке айналғанынан жете хабардар Абайдың кезінде қазақ даласы мемлекеттіктен айырылып, Россия империясының колониясына айналған еді. Әйтсе де, түңілуге жібермейтін жай, қазақтың салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрі, рулық бөлініс, көшпелі өркениеттің озық үлгілері сот ісін жүргізу тәртібі көп өзгеріске түспей, мұрты бұзыла қойған жоқ-ты. Қазақ заңнамасы байырғы құқықтың жүйесінің негізінде мәдени-демократиялық дәстүрімен жасампаздық табиғатын сақтап қалды. Құқықтың мәдениет деңгейі төмен қоғамда конституциялық құндылықтардың күш-қуаты қауқарсыз болатынын ескерсек, қазақта сол мәдениеттің күші басым. Ол оны бір күнде емес, ғасырлар бойы қанына сіңіріп, бойына дарытқан. Тарихтан мәлім, ұлы Даланы ен жайлағандарды мәдени-этникалық ұғымды түріктер немесе Тұран, Түркістан атағаны жайдан-жай емес. Түркістан түрік өркениетінің дәстүрлі жалғасы – Қазақия Заңнамасы мәдени аралында пайда болып, ол күллі түркі қауымының ортақ құқығына айналды. Мұнан шығатын қорытынды – Дешті Қыпшақ даласы байырғы көшпенділер өркениетінің бесігі.

Ата Заңның қазақты заңғарға көтергенін көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаев: «... қыпшақ атауымен халық болып танылған қазақ барша түрік әулетінің қара шаңырағы болды. Евразияның қос құрлығында тарихтың құдіретті төріне бірақ шықты» («Егемен Қазақстан». Ата тарихы туралы сыр. 30.04.1999 ж.), - деп ақ пен қараны жан-жақты анықтап, тура төрелік жасаған. Қазақ заңнамасының тарихына сұңғыла, сауатты заңгер, академик С.З. Зиманов болса: «В казахском праве «жарғы» и в казахских судах биев, отпочковавшихся от общих оснований, немало норм и ценностей, унаследованных от своих далеких предков. В этом плане существует преемственность истории народов Центральной Азии... Казахское право оказалось сильнее мечей узурпаторов и их насильственной политики» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». Алматы, «Атамұра» 2008 г. C. 4, 25), - деп қазақтың ұлттық рух пен ұлттық намысқа суарылған Ата Заңы тамырын тереңге жіберген, бұтағы ажарын кіргізіп, күн нұрын бойына сіңірген алып бәйтерек сынды екенін мойындата отырып, өзгенің бағына, байлығына, жеріне сұқтануды қоймайтын глобалистер, агрессиялық саясаттың шүріппесінен қолы кетпейтін, ұсақ халықтарды менсінбей, шекесінен қарайтын патшалық Росиия мен коммунистік империяның стратегиялық ой-санасының тайыздығынан туындайтын, ұлы державалық шовинизмінің дертін бойына жұқтырмаған халқының беріктігіне, таяғы мен оғын елемей, ел ішінде қанына сіңген ежелгі заң мен тәртіпті сақтап, әдептен озбаған ерекше жаратылысты, қара жердей толеранттылығына қайран қалады. Адамзат ақылмандарының ғибратына құлақ қойсақ, олар «Мәңгілік дос та жоқ, мәңгілік дұшпан да жоқ, тек ұлт мүддесі, сол мүдденің жүгін қара нардай қайыспай көтеретін заңы ғана мәңгі» деген даналықты көлденең тартыпты. Сол қара нар – Ата Заңның бір қырын үлен жазушымыз, марқұм Сәбит Мұқанов: «Киіз туырлықты қазақ аталатын бұл елдің өмір тарихы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы айна қатесіз бірдей... осыншама тұрақтылық, тұтастық Октябрь революциясына дейін тұтас мемлекет болмаған елде сақталуы таңғаларлық құбылыс» (Таңдамалы шығармалары, 16 томдық. Алматы, 1979 жыл. 15-том, 37-бет), - деп қазақ халқының береке-бірлігі, ынтымағы, бауырмашыл, ешкімді жатырқамайтын мәрттігіне сүйсінеді. Сөйте отырып, осыншама ынтымақ, бірлік, бауырмашылдық Октябрь революциясына дейін (1917 жыл – Т.С.) тұтас мемлекет болмаған елге қайдан келгеніне ақылы айран болыпты. Оған буырқанып, ағамызды есекке теріс мінгізу ыңғайсыз, өйткені Сәбит Мұқанов Кеңес өкіметінде өмір сүріп, соның идеологиясымен тыныс алған, қолдаған, сол заманның жазушы-қоғам қайраткері. Оның үстіне немістің ұлы ақыны Гетенің: «Ең ұлық суреткердің өзі өз заманының ықпалынан  озып кете алмайды», - деуі де негізсіз емес. Советтік идеологияның агрессиялық саясаты отары, бодан, ұсақ, тәуелді халықтардың өткен тарихын көпе-көрнеу жоққа шығарған антихалықтық ұстанымын сол қалпында қабылдап, «жақсы атанудың» амалынан аспаған. Әйтпесе арнайы жоғары оқу орнын бітірмегенімен, Сәбит Мұқанов тәрізді өз бетімен оқыған-тоқығаны мол, ақын, жазушы, драматург, мемлекет пен қоғам қайраткері, артында мол мұра қалдырған қазақтың жарты әлемге танымал тұлғасы әлемде көшпенділер өркениеті орын тепкенін; Орталық Азия «жұмақ-пұшпақ» саналғанын, оның олай болуына үш фактор: географиялық, әлеуметтік-саяси және адамгершілік қасиеттері шарапаты тигенін, сол Орталық Азия, Европалық кеңістікте мекендеген империялар мен әлеуметтік-саяси режимді бастан кешіп, бел ортасында дәуірлеп, түркі туыстас ағайындарға мемлекет құрып, Ата Заңның құдіретімен қоғамды қалай кемелдендіру мүмкіндігіне үйреткен қазақ халқы болғанын әлем мойындағанынан хабары жоқтығы ешкімді сендірмейді. Одан беріде Шығыс Дешті-Қыпшақ мемлекеті қазақтың төл мемлекеті болғанын; ол: «Ертіс-Енисей – солтүстігін, Балқаш пен Сырдария өзені – оңтүстігін, Орал-Волга даласы, Қарақұм, Мойынқұм – батысын, жеті өзенді Жетісу, Жоңғар қақпасы – шығысын қамтып жатқан орасан кеңістікті алып мемлекет құра білген халықтар санатынан көрінгеніне қазақ перзентінің мерейі өсудің орнына, барды жоққа шығаруы ағамыздың білімсіздігінен емес, білгенін Кеңестік идеологияның популистік, өктем саясатына жеңдіруі санаған шындыққа саяды.

Қоғамдық сана мен азаматтық сананың мұраты әділеттің ақ жолынан таймай, рухани жолдағы ең үлкен күресі, ең әуелі адам өзінің хайуандық инстинктімен күресіп, нәпсінің ықпалымен болмыс заңдылығын бұрмалаудан тиылып, оларды жеңе білуінде жатыр. Қылышынан қан тамған ақ патша мен қазақтың автономиясын жойған большевиктердің ызғарынан ықпай, елін отарлық езгіден азат етіп, тәуелсіздігіне қолын жеткізу үшін өмірін де құрбан еткен Алаш қайраткерлері елең-алаң шақта қазақтың оқыған, елге аты мәшһүр азаматтарына «Қазақ» газетінде: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» («Қазақ» газетінде жарияланған мақаланы 11.09.2020 ж. «Қала мен дала» газетіне ұсынған Ағабек Құнарбайұлы), - деп ел тағдыры жанын мазалаған қазақтың аймаңдай біртуар ұлдарына біртуарлығынан айнымай, өзгелерге жол көрсетуге шақырады. Бұл – жаны жәннатта болғыр Сәбит Мұқановты да, бүгінгі ел тізгінін қолында ұстағандарды да, рухани жан байлығымен жұрттың құрметіне бөленіп жүрген «қазақтың бас адамдары, көсемдерін» де халықтың обал-көз жасына қалмай, қашанда жеке бас мүддесінен Алаштың мүддесін жоғары қойып, Алла сыйлаған ерекше жаратылыс, білім-парасатын, қажыр-қайратын, керек болса өмірін де күмілжімей соған арнауға шақырған. Оларға шолтиған пенделік өмір емес, ұрпақтар қастерлеп өтетін мәңгілік өмір сонда ғана бұйыратындығын ескертеді.

Германияның канцлері Отто фон Бисмарк: «Шенеуніктері жақсы елді жаман заңдармен де басқаруға да болады, бірақ шенеуніктері нашар болса ешқандай жақсы заң көмектесе алмайды», - деп ол да ел тізгінін ұстағандардың интеллектуал, азаматтық тұлғасы биік, ел басқаруда бай тәжірибесі бар, адамгершілігі жоғары, өмірдегі қиыншылықтың, қайшылықтың бәрін ақылмен, біліммен жеңіп отыратын шенеуніктің тағында мығым отыруы бәрін шешетінін өз басынан өткере отырып, дана қорытынды жасаған. Әйтсе де, өмірдің қай саласын алып қарасаң да, тұзсыз астың дәмі кірмейтіні тәрізді, заңсыз ешқайда аяқ баса алмайсыз, тірліктің мәні, мазмұны соған тіреледі. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, қазанатыңыз – осы заң. Сондықтан еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Азаматтық процессуалдық кодекстер мен нормативтік құқықтық актілерден сауатты болса, қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрер едік. Жақсы заңның мотивациясы жаман шенеунігіңізді тақ тұрмақ, табалдырықтан аттатпасы анық. Бәріміз де Ата Заңнан сауатты болуға ақпараттық технология мен ғылыми-техникалық прогрестің үздік жетістіктерінің мүмкіндігі зор. Әрбір азаматтық парызы мен міндеті – Конституцияда көзделген қағидаларды бұзбай, конституциялық құндылықтарды қорғаумен бірге, заңдар мен құқықтық актілерді бұлжытпай орындау, талабын берік сақтау – өмір сүруді жеңілдете түспек. Асылы, заңның пәрменді, мықты болуы оны халықтың дұрыс қабылдауына, көңілінен шығуына байланысты. Әйтсе де, көптің аты – көп. Қазақстан халқын зорлап мәжбүрлеуге жеткізбей, өз қалауымен азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің иірімдерін сүзе меңгеруінің, заңды консолидациялаудың маңызды факторларының қат-қабатын да игертудің артықтығы жоқ. Ол үшін Ата Заңды насихаттайтын фемида қызметкерлері сауаттылығы, жүйелі, салмақты, тегеурінді, ізгі ниет, ілкімді істері, білімділігі ауадай қажет.

Жалғасы бар...

Тұрсын Сыдықов,                                              

филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР педагогикалық ғылымдар академиясының академигі,
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының
бас ғылыми қызметкері

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295