Біртанов: Сыбайлас жемқорлыққа қатысым жоқ
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотқа келіп, өзінің сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Кеше сотта прокурор Төлеген Жарасбаев 2020 жылдың қазанынан бері қамауда отырған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа тағылған айыптар туралы айтқан. Алайда Біртанов тергеу органдары оған әлі айып тақпағанын айтты.
- Кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралы прокурордың маған айып таққаны туралы қате немесе әдейі жазылған ақпарат таратты. Сотқа қатысқан БАҚ өкілдеріне маған әлі айып тағылмағанын, тергеу әлі жүріп жатқанын хабарлағым келеді. Бүгінгі таңда күдіктің негізділігі мен күдікті ретінде менің құқығымды шектеу туралы мәселе ғана қаралып жатыр.
Арызды зерделеп, ұрлық пен жымқыру күдіктерінің заңдылығы мен негізділігін растайтын сенімді деректер жоқ екенін айтқым келеді. Себебі ұрлық жасалған жоқ. Мен денсаулық сақтау министрінің міндеттерін атқарғанда осы істе де, басқаларында да қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа қатысым жоқ екенін тағы да жария түрде мәлімдеймін,- деді Біртанов.
Ал, прокурор Жарасбаевтың сөзінше, экс-министрге бірнеше айыптар тағылған. Мәселен, 2015 жылы Денсаулық сақтау министрлігі хорватиялық Ericsson Nikola Tesla компаниясымен "Денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және өзара әрекеттесу платформасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жеткізу үшін 17,8 миллион долларға келісімшарт жасасқан.
- Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов платформа жұмыс істемейтінін білсе де, Олжас Әбішевпен алдын-ала келісіп, 2018 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 17 медициналық мекемесінде платформаны пилоттық пайдалану туралы бұйрыққа қол қойды. Іс жүзінде пилоттық пайдалану жүргізілген жоқ", - деді прокурор.
Сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтарында Біртанов премьер-министрге 17 денсаулық сақтау ұйымында платформаның пилоттық жұмысы туралы жалған ақпарат айтып, үкімет басшылығын алдаған.
- Сонымен қатар, вице-министр Олжас Әбішев Елжан Біртановтың нұсқауымен 2018 жылдың қазанында мемлекеттік сатып алу туралы заңды қолданбай, Ericsson Nikola Tesla-мен 9 миллион доллар сомасына тікелей келісім жасасты, - деді прокурор.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, Әбішев Біртановтың бұйрығымен 2018 жылдың желтоқсанында компанияға атқармаған жұмысы үшін 6,8 миллион АҚШ долларын аударған.
Сондай-ақ, прокурор Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев сеніп тапсырылған бюджет қаражатын жымқырды және мемлекетке аса ірі - 1,5 миллиард теңге немесе 4,1 миллион доллар көлемінде материалдық шығын келтірді деген күдікке ілінген деген айыптар тағылғанын айтқан.
Abai.kz