Сәрсенбі, 4 Қараша 2026
Әдебиет 227 0 пікір 4 Қараша, 2026 сағат 13:46

Қазақ балалар контентіне қандай жол керек?

Сурет: zhasalash.kz сайтынан алынды.

Үш жасар бала телефонды қолына алғанда, оған қандай мультфильм көрсетілетінін кім шешеді? Көбіне алгоритм шешеді. Ал алгоритм баланың тілін, дәстүрін, ертегісін ойлап отырмайды, оған тек көрілім керек.

Қазақстанның көп отбасында баланы тамақтандыру да, жуындыру да, тыныштандыру да экранның көмегімен өтеді. Бұл ата-ананы айыптайтын сөз емес, өмір шындығы. Бірақ сол экраннан бала не көреді, кімнің тілінде сөйлейтін кейіпкерді өзіне жақын санайды, бұл енді бүкіл қоғамға қатысты сұрақ. Көрші елдердің бұл сұраққа берген жауаптарын қарап көрейік.

БАТЫС: ОЙЫН-САУЫҚ, СЕНІМ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ

Disney мен Pixar балалар контентін мәдени индустрияға айналдырды. Мультфильм бір рет шығатын өнім емес. Одан кейін ойыншық, киім, тақырыптық саябақ, кітап келеді. Бала кейіпкермен бірге өседі, кейіпкер баламен бірге ересек болады.

Sesame Street мүлде басқа жол ұстанды. Оның негізінде алдымен білім беру мақсаты тұр: әріп, сан, достық, эмоцияны түсіну. Ең қызығы, Sesame Workshop бағдарламаны басқа елдерге көшірмей, жергілікті түрге бейімдеп таратады. Әр елде өз кейіпкерлері, өз мәселелері бар нұсқа жасалады. Біз үшін бұл маңызды сабақ: шетелдік форматты алуға болады, бірақ оның ішін өз мазмұнымызбен толтыру керек.

Cocomelon сияқты YouTube құбылыстары басқа мәселені көрсетеді. Жылдам монтаж, ашық түстер, қайталанатын әуен баланың назарын тез өзіне аударады. Бірақ мұндай контенттің баланың зейініне әсері жөнінде педагогтар мен дәрігерлер әлі де пікір таластырып жүр. Батыс бұған құқықтық жауап та берді. АҚШ-та 2019 жылы YouTube балалар деректерін жинағаны үшін айып төледі, содан кейін балаларға арналған бейнелерде жекелендірілген жарнама мен пікір қалдыру шектелді. Ата-ана бақылауы, жас бойынша белгілеу, YouTube Kids сияқты құралдар да тап осыдан келіп шықты.

Батыстан не алуымызға болады: білім мен ойынды біріктіру тәсілін және баланың деректерін қорғау мәдениетін. Осы орайда ашығын айтайық, Қазақстанда бұл мәселе әлі жеткілікті көтеріліп жүрген жоқ.

ҚЫТАЙ: МЕМЛЕКЕТ ЖОЛДЫ АЙҚЫНДАЙДЫ

Қытайдың бұл тұрғыдағы жолы өзгеше. Онда балалар контентіне мемлекет тікелей араласады. Жасөспірімдерге арналған «жасөспірімдер режимі» платформаларда уақыт пен мазмұнды шектейді, ал 2021 жылы кәмелетке толмағандардың онлайн-ойын ойнау уақыты қатаң азайтылды. Мұның тиімділігі мен артықшылығы жөнінде таласу көп, бірақ бір нәрсе анық: Қытай балалар экранының мәселесін қоғамдық мәселе деп тұжырымдады.

Екінші жағынан, Қытай өз франшизаларын жасады. Pleasant Goat and Big Big Wolf (Xi Yang Yang) 2005 жылдан бері шығып келеді, ал Boonie Bears толықметражды фильмдермен кинопрокатта үлкен табыс көрсетті. Бұл кейіпкерлер Голливудтың көшірмесі емес. Мұнда қойлар мен қасқыр, аюлар мен орманшы бар, ал оқиғаның мәні қытай көрермені үшін түсінікті. Мұнда да, қияли өмірдегі кейіпкерлердің тірлігі емес, отбасы мен ұжымдық құндылықтар ғана алға шығады.

Қытайдан не алуға болады: мемлекеттің реттеуші рөлін бақылау ретінде емес, қолдау құралы ретінде өз шекпенімізге шақтап көру. Сондай-ақ жергілікті кейіпкердің өз көрермені болатынын түсіне біліп, ұлттық болмыс-бітімізді жаттың жетегінде жібермеу.

ЖАПОНИЯ: КЕЙІПКЕР БІР ЭКОЖҮЙЕНІҢ ОРТАЛЫҒЫ

Жапония балалар контентін ең жүйелі түрде құрған ел деп айтуға болады. Doraemon мен Anpanman сияқты кейіпкерлер ондаған жылдар бойы бірнеше буынның балалық шағына ілесті. Anpanman өз бетін балаға жеуге ұсынатын нан кейіпкер: оның мәні жақсылық пен көмекте. Doraemon достық, жауапкершілік және ғылымға қызығушылықты үйретеді.

Мұның түбінде «кейіпкер + дүкен + білім» үшбұрышы жатыр. Мультфильм басталады, кейіпкер ойыншыққа, кітапқа, мектеп керек-жарағына, тамаққа көшеді, мұражайлар мен тақырыптық орындарда жалғасады. Sanrio (Hello Kitty) мұны бүкіл бренд ретінде көрсетті. Бұл жүйеде мораль мен коммерция бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше бірін-бірі қолдайды.

Жапониядан не алуға болады: кейіпкерді бір сериямен шектемей, ұзақ мерзімді жоба деп қарау. Қазақстанда жақсы мультфильм шықса да, оның ойыншығы, кітабы, сабақ материалы болмай қалады да, нәтижесінде кейіпкер бір маусымнан кейін тарс естен шығып ұмытылады.

КОРЕЯ: КОНТЕНТ ПЕН ЭКСПОРТ ҚОЛДЫ-ҚОЛҒА

Корея жолы Қазақстан үшін ең түсінікті һәм ұғынықты мысал болуы мүмкін, өйткені Корея да шағын нарықпен бастады. Ішкі нарығы шектеулі болғандықтан, олар алғашынан әлемге шығуды мақсат етті. Pororo осылай пайда болды, содан кейін Pinkfong пен Baby Shark келді. Baby Shark әні YouTube-та миллиардтаған көрілім жинап, мәдени құбылысқа айналды. Мұнда ең маңыздысы ұлттық мазмұн емес, әлемдік түсінікті форматты ұлттық өндірісте жасау екеніні түркі әлеміне де, оның ішінде қазаққа да ұқтыра білгенінде дер едік.

Корея мұны кездейсоқ жасаған жоқ. Мемлекет контент индустриясын жүйелі қолдады: оқыту бағдарламалары, студиялық гранттар, халықаралық жәрмеңкелерге қатысу. Контент пен экспорт бір-бірінен бөлек тұрмайды, олар бір стратегияның екі жағы болып саналады.

Кореядан не алуға болады: алғашқы күннен бастап контентті бірнеше тілде және бірнеше платформаға ойлап жасау. Қазақ тіліндегі мультфильм тек қазақ тілді көрерменге арналуы міндетті емес. Түркі әлемі, Орталық Азия, диаспора, бәрі потенциалды аудитория болып табылуға тиіс.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ?

Мәселенің басты тұсы мынада: бізде кейіпкерлер жоқ емес. Бар. Саусақты бүгіп санар болсақ, Алдар Көсе, Алпамыс, Қожанасыр, Жиренше шешен, Ер Төстік, мұның бәрі мың жыл бойы ауыз әдебиетімен ұласқан құнды активтеріміз дер едік. Мәселе кейіпкерді заманауи форматқа, баланың тіліне, экранның ырғағына бейімдеуге тіреліп тұрған жайы бар.

Қазір қазақ тіліндегі балалар контентінің басым бөлігі аударма мен дубляжға сүйенеді. Дубляж керек, бірақ ол ұлттық мазмұнды алмастырмайды. Балапан сияқты арналар маңызды рөл атқарады, алайда телеарнадан тыс, YouTube мен мобильді қосымшалар кеңістігінде қазақ тілді сапалы балалар контенті әлі аздығы көңілімізді қынжылтады. Бала өз ортасындағы қуыршақтың атын емес, шетелдік кейіпкердің атын жақсы біледі.

Біздің ойымша, аталған ұлттық тығырықтан шығар жолды үш қадамға бөлуге болады:

Кейіпкерді ұзақ жоба ретінде жасау. Бір сериямен тоқтамай, кітап, ойын, оқу материалы, ойыншық сияқты бағыттарды бірге жоспарлау (Жапония тәжірибесі).

Алғашынан экспортқа бағдарлау. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде нұсқа жасап, YouTube мен халықаралық платформалармен жұмыс істеу (Корея тәжірибесі).

Қауіпсіздікті бірге ойлау. Жас бойынша белгілеу, ата-ана үшін бақылау құралдары, баланың деректерін қорғау (Батыс), сонымен бірге мемлекеттің қолдау тетіктері (Қытай).

Мұның бәрін бір сөздің қауыщыа сыйғызып:  «бейімдеу» деуге болады. Бірақ бейімдеу дегеніміз көшіру емес. Корея Disney-дің көшірмесін жасаған жоқ, Қытай Pixar-ды қайталаған жоқ. Олар сырттан әдісті алды да, ішін өз болмысымен тұтастырып, біте қайнатып толтырды.

Түйін: Бала көретін мультфильм оның ертеңгі дүниетанымының бір бөлігі. Егер біз қазақ тіліндегі, қазақ мәдениетімен өрілген, сапасы жоғары контентті өзіміз жасамасақ, оны басқалар өз кодымен толтырып береді. Бұл үшін үлкен бюджет қана емес, ең алдымен жүйелі көзқарас керек: кейіпкер, оқулық, ойыншық, платформа, қауіпсіздік, бәрін бір картаға салып қарау.

Алдар Көсенің ұлттық кинода айшықталған елу жыл бұрынғы қулығы бүгінгі бала үшін де қызық бола алады. Тек оны сол баланың экранында, оның тілінде, оның талғамымен ұштастыра көрсете білуіміз керек-ақ.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір