Сенбі, 23 Қараша 2024
3668 8 пікір 7 Мамыр, 2021 сағат 12:07

Ескендір Хасанғалиевке «Еңбек ері» атағын беру ұсынылды

Қазақ зиялылары Ескендір Хасанғалиевке "Еңбек ері" атағын беруді ұсынды. Бұл туралы "Хабар" телеарнасындағы "Бүгін" бағдарламасында айтылған. 

Бағдарламаның 4 сәуірдегі шығарылымы Қазақстанның халық әртісі, әншi, композитор Ескендір Хасанғалиевке арналды. Студияда жиналған зиялы қауым Хасанғалиевті еске алып, еңбегін жоғары бағалау хақында сөз қозғады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Асхат Маемировтің айтуынша, Ескендір Хасанғалиев қалдырған мұра шексіз, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.

- Композитор, өнер қайраткері, өнер адамы, елін сүйетін азамат, мемлекетшіл азамат қандай болу керек - міне, Ескендір Хасанғалиев осыған жарқын үлгі болды. Ол кісінің еңбегі шексіз, бір ғана "Атамекеннің" өзі Алты алаштың бейресми әнұраны деп айтсақ болады. Өнерде сабақтастық деген дүние бар. Менің ұғымымда Ескендір аға Мұхит бабамыз, Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Естай, бертіндегі Иса Байзақов, Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзірбаевтардың лайықты жалғасы. Сонымен қатар, өзіндік ерекшелігі Ескендір аға ән жазып қана қоймады, ол лирикалық баритон дауысты әнші-композитор. Яғни, сал-серілерден қалған мектеп деген - сол,- деді Маемиров.

Асхат Маемиров Ескендір Хасанғалиевтің әндерін үш топқа бөлді: патриоттық, рухани құндылықтар туралы және лирикалық әндер мен романстар.

- Ескендір аға өлмейтін, өміршең әндер, үлкен мұра қалдырды, ендігі мақсат - оның жалғасуы. Бір өкініштісі, осындай ұранды әндерді жазған Ескендір аға нағыз Халық Қаһарманына лайықты тұлға еді, "Еңбек ері қандай?" десе мен Ескендір Хасанғалиевті көрсетер едім, - деді ол.

Сонымен қатар, Ескендір Хасанғалиевке "Еңбек ері" атағын беруді мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов те ұсынды.

- Кез келген адам оқиды, үйренеді, мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бірақ, ән жазу, халықты тыңдатып, үлкен сахнада орындау кез келген адамның қанына бітпеген нәрсе, ол қанша оқыса да пайда болмайды. Үлкен талант иесі, белгілі азаматтардың бірі Ескендір ағамыз болды. Ағамызды қалай мақтасақ та, қасиетін, беделін, еңбегін қандай дәрежеде айтсақ та жеткізе алмаспыз. Сондықтан, Ескендір Хасанғалиевке "Қазақстанның Еңбек ері" атағын беруді ұсынамын және бұл ұсыныс кеңінен қолдау тапса екен деймін. Елге осынша еңбегі сіңіп, қазақ өнеріне осынша үлес қосып, еңбек қалдырған азамат сол дәрежеге лайық деп ойлаймын, - деді Ізмұхамбетов.

Бұл ұсынысты Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров пен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Бағдат Сәмединова да қолдады.

Еске салайық, 30 сәуірде атақты әнші және композитор Ескендір Хасанғалиев 82 жасына қараған шағында қайтыс болды.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364