Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 4851 4 пікір 9 Мамыр, 2021 сағат 15:08

Қарсыласу қозғалысында соғысқан қазақтар...

Қазақтардың Екінші дүниежүзілік соғыста Еуропадағы Қарсыласу қозғалысының қатарында шайқасуы соңғы кездегі жарияланымдар арқасында белгілі болып отыр.

Немістер тарапынан Францияға, Голландияға және Белгияға жұмысқа жіберілген бұрынғы кеңес әскери тұтқындары бастарына түскен өз тағдырларына мойынсұнбай басқыншыларға қарсы қолдарына қару алып күресуі туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор  Гүлнара Меңдіқұлова: «Батыс Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың қатысуы» жобасының аясында Еуропа территориясындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан қазақтар тақырыбын зерттеп, орыс тілді отандық басылымдарға: «Түркістандықтар Екінші дүниежүзілік соғыста: Тұтқыннан Қарсыласуға // Туркестанцы во Второй мировой войне: из плена в Сопротивление» және «Қазақ партизандары Францияда: қазақтар еуропалық қарсыласу қозғаластарында қалай соғысты//Казахские партизаны во Франции: как казахи воевали в европейском движении сопротивления» атты сұхбаттар беріпті. Біз аталған сұхбаттардың алғашқысы: «Түркістандықтар Екінші дүниежүзілік соғыста: Тұтқыннан Қарсыласуға» бөлімін Abai.kz оқырмандарына аударып, ұсынып отырмыз.


(Партизандар шеруі / Фото Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен)

Қазақ тарихшысы неміс тұтқыны мен Түркістан легионында болған, Қарсыласуға қатысқан қазақтардың жаңа архив деректерін таба алды.

Әуелі неміс тұтқынында болып, амалсыздың күнінен Түркістан легионына қосылған, кейін келе еуропалық ұлт-азаттық қозғалыстары құрамында болған Түркістандық жауынгерлер – тарихшылар тарапынан ең аз зерттелген тақырып. Осы материалдар қордаланып жинақталған Ресей архивтері әлі күнге дейін құпияланып, зерттеушісін өзіне жолатпайды, керісінше Батыс архивтері қаражат жетіспеушілігінен қазақ зерттеушілері үшін қолжетімсіз болып келді.

Біз «Батыс Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың қатысуы» жобасына жетекшілік етуші тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара Меңдіқұловадан архивтен табылған соңғы жәдігерлер туралы білу үшін кездестік.

(Фотода: тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара Меңдіқұлова)

Гүлнара Меңдіқұлова Тәшкеннің бас архитекторы лауазымын тастап соғысқа аттанған майдангер әкесі Малбағар Меңдіқұловтан 1960 жылы кеңес архитекторлары қатарында АҚШ Нью-Йорк қаласында болған шағында бұрынғы Түркістан лигонының жауынгері, такси жүргізушісі қазақты  кездестіргені жайлы талай мәрте естіді. Екінші дүниежүзілік майданнан кері еліне оралмаған қазақтар тақырыбы Гүлнараның қазақ диаспораларының тарихын зерттеуінің басты өзегіне айналды.

(Фото Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен: Күнтуған Байзелбек, Рабиға Қарабай, Мұхтар Қарабай және Рабиға Қарабайдың ағасы. Нью-Йорк, 1994 жыл)

Гүлнараға 1994 жылы Америкаға барған сапарында қос бірдей легионер – Күнтуған Байзелбек (1960 жылы мамырдай әкесімен кездескен такси жүргізушісі) және Мұхтар Қарабайдан сұхбат алудың сәті түсті. Әлбетте бірден, олардың легионға қалай түскендіктерін сұрады. Олар өз кезегінде соғыс басталған бетте пенде болып қолға түсіп, ашқұрсақтық пен суық бүрген неміс тұтқынынан қанша мәрте қашқандарымен бәрі бір қолға түсіп, неміс концлагерінде ит тірлікті қалай кешкендерін әңгімелеп берді. Оларда бар болғаны екі жол ғана бар еді: бірі – атылып өлу, екіншісі – легионға жазылу. Бәрінде болмаса да, көпшілігінің қаперінде ешқандай идеологиялық астар жоқтын.

(Фото Defense de la France газеті, 1943 жыл 30 қыркүйек Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен)

Сол себепті көптеген бұрынғы легионерлер кейіннен Француз Қарсыласуының белсенді қатысушыларына айналды. Бізге бұл олардың кейін табылған құжаттардағы естеліктерінен мәлім. 1990 жылдардан бастап, қазақтардың Франциядағы партизан жасақтарында болуының фактісі қоғамдық құндылыққа айналып, осы орайда Қазақстанның Франциядағы елшілігі қыруар еңбек сіңірді. Осы тақырыпқа қатысты құжаттық фактілер тым мардымсыз. Дегенмен аталған бос кеңістік бірте-бірте жаңа мәліметтермен толыға түсу үстінде. Гүлнара Меңдіқұлова Франция архивтерінен қазақтардың Қарсыласу қозғалысына қатысуы жайында тың деректер беретін жаңа құжаттарды таба білді. Олар бұрын хабар-ошарсыз кетті деп саналғандар жайында жіптің ұштығын қолымызға ұстатады.

– 2015 жылдың қарашасына дейін сізге не мәлім болды?

– 2009 жылы француз Қарсыласуының Музейінен «Defense de la France» газетіне жарияланған фотографияны таптым, онда ұзақ уақыт концлагерде аштық пен нәсілдік қорлықтан азап шеккен азиялық азаматтар айшықталыпты. Фотодағы жазбада: «Орыс әскери тұтқындары» деп жазылған екен. Олар кім? Аты жөндері қалай? деген сауалдар маған тағат тапқызбады. Осылайша менің Франциядағы әскери тұтқын қазақтар мен түркістандықтарды табудағы алғашқы ізденісім бастау алды. Сол кезде Шығыс тілдері мен өркениеті Институтындағы (INALCO) Мұстафа Шоқай архивінен қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік әскери тұтқындарының тізімі табылды. Мыңдаған сойлар (фамилиялар)! Олар 1941 жылдың қазанында неміс концентрациялық лагерлерінде болған басым көпшілігі Орталық Азиядан шыққан кеңес солдаттары мен офицерлері еді. Ең бастысы олар әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. Олардың лагердегі өмірлері адам төзгісіз болды: олардың жөйіттер сияқты сүткетке отырғызылуы бастарына пәле болып жабысып, ондаған, жүздеген жан аяусыз жойылып жіберілді.

(Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен: Тізімдер. Мұстафа Шоқай архивінен фрагменттер)

«Бәлшебектік індетті жабайы таратушылар»

– Белгілі саясимұғаджар Мұстафа Шоқай концентрациялық лагерлерде болған шағында ондағы кеңестік тұтқындардың ауыр тағдырына куә болады, – деп сөзін жалғастарды  Гүлнара Меңдіқұлова. – 1941 жылдың қазанында ол өзінің мұғаджарлықтағы жақтасы Вали Каюмханаға жазған хатында:

«Қазір бәрімізге мәлім дүние, біздің тұтқындағы отандастарымыздың жағдайы адам төзгісіз, тым ауыр. Барлық жерде біз жолықтырғандар тамақ пен киім-кешектің жоқтығы жайлы мұң шағады. Көпшілігі жартылай жалаңаш күй кешіп, баспанасыздықтың зардабын тартуда, әлі күнге дейін (қазанда да) ашық аспан астында тәуліктеп жел өтінде болып, өздері қазған «қасқыр апанда» түнеп шығуда. Ең сорақыны мен Дембица лагерінде көрдім. Бұл жерде кинотеатрлардағы «вохеншаудық» («Вохеншау» – немістің апталық шолуы. – Авт.) үгіт-насихат күн сайын «Бәлшебектік індетті жабайы таратушылар» деп қақсайтын кавказдықтар, түркістандықтар және еділ-оралдықтар ғана ұсталады. Мен бұны құр босқа еске салып отырғаным жоқ. Менің қандастарымызбен болған тікелей әңгімелесуім барысында ондағы лагер тірлігіндегі орын алып жатқан сұмдықтардың талайының беті ашылды. Атып-асулардың шегі жоқ. Біздің жігіттердің, сондай-ақ, татарлар мен кавказдықтардың сөз етулері бойынша осында жеткен 40 мың адамнан дәл қазір тек қана 25 мыңға жетер-жетпесі ғана қалып, қалғандары ажал құшқан…»

– Жаңадан нені таба алдыңыз?

– Француз Қарсыласуы қозғалысына қатысқан түркістандық әскери тұтқындар жайлы ең бірінші тапқаным құжаттар, карталар мен фотографиялар болды. Мысалы, 1944 жылғы екі фотографияда Тулузаны азат етудің құрметіне өткен шеруге қатысқан Бірінші кеңес партизан полкінің шеулеп өтуі көрініс тапқан. Бірінші фотодан полк құрамындағы – екі азиат,  кавказдық пен еуропалықтың бет-жүзін айыра аламыз. Менің осы жоба бойынша әріптесім тарих ғылымының кандидаты Анар Габдулина 2008 жылы өзім тапқан деректерді толықтыра түсу үшін менімен бірге Норвегияға сапар шегіп қайтты. Бұл біздің жорамалдауымыз бойынша, Финляндия мен Швеция арқылы Норвегия аумағындағы әскери тұтқындар лагеріне түскен қазақтардың тізімдері еді. Бәлкім, бұл кеңес-фин соғысы нәтижесінде пенде болғандар шығар!? Не болмаса, солтүстік майданда тұтқынға түскендер болар!?

(Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен Тулузадағы шеру, 1945 жыл)

– Шетелдік архивтерде қалай жұмыс істедіңіз?

– Өзімізге қажет дүниені табу үшін таудай құжаттарды қопарып, келілеген архив шаңын жұтуға тура келді. Мысалға, Тулузаның муниципалдық архивінде құжаттар біздің көзіміз үйренген жылдар бойынша еш жүйеге түсірілмей, қалай болса солай сақталған. Мәселен, 1945 жылғы құжаттар 1950-ші жылдардан кейінгілерден соң ұшыраса береді. Албидегі архив біршама тәуір.  Норвегиядағы көптеген құжаттар цифрланғандықтан зерттеушісінің жұмысын жеңілдетеді.

– Тізімдерде Түркістаннан шыққандардың әлеуметтік мәртебесі мен білім деңгейі ашып көрсетілген бе?

– Әлбетте. Егер Мұстафа Шоқайдың архивіндегі тізімдерді парақтайтын болсақ, ондағы адамдардың орта білімді және ішінара жоғары білімді болғанына көз жеткіземіз. Олардың арасында мұғалімдер, инженерлер, техниктер, аспаздар, жұмысшылар, трактористер, комбайнёрлер, есепшілер, шаруалар т.б. болды. Өзге аймақтарға қатысты сөз етер болсақ, мәселен, Өзбекстан бойынша, көпшілігі дихандар болғанымен ішінара өзге кәсіп иелері де ұшырасады.

Франция аспаны астында

Қазақтар Францияға қалай келді?

–1943 жылы немістер кеңес армиясының шығыс майданындағы жеңістерінен кейін қиын-қыстау жағдайда қалды. Оның үстіне өздері жасақтаған легиондар оның ішінде түркістандықтар да кеңес әскерімен соғысудан үзілді-кесілді бас тартты. Сол себепті оларды өздері басып алған елдердегі, атап айтсақ, Франция шахталары мен партизандарға қарсы пайдалануға шешім шығарылды. Ондағы Кармо мен Алби қалаларына тақау лагерлерде түркістандықтар тұтқында ұсталынды. Бірақ ол жердегі әскери тұтқындағылар да кеңес әскері жақындап қалғанын сезінген бетте-ақ қол қусырып отырған жоқ. Француз Қарсыласуының өкілдерінің бірі дәрігер Ахмет Бектаев өзінің «Франция аспаны астында» атты кітабында Кармо қаласының маңындағы лагерде украин Пётр Дьячук басқарған көмөнестік астыртын ұйымның құрылғандығы жайлы сөз етеді. Ұйым мүшелері француз партизандары (макизарамдармен) байланыс орнатады. 1944 жылдың 16 маусымында (осы  дата архив құжаттары бойынша нақтыланды), құрамында қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен және өзгелер болған 46 түркістандық лагер күзетшілерін өлтіріп, партизандарға қашып барып қосылады.

(Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен Франциядағы түркістандықтар)

Париждің Ұлттық архивінен құрамында қазақтармен бірге гүржілер, украиндар, орыстар және басқада ұлт өкілдері бірлесе шайқасқан Бірінші кеңес партизан полкінің құрылуы турасындағы хат жазысулар, еске алулар әм құжаттар табылды. Егер 1968 жылдың 29 наурызында француз архивіндегі еске алушы авторға макизар жасақтарына қазақтардың қатысқаны турасында хат жазған Ахмет Бектаев болмаса болмаса, біз отандастарымыздың қаһармандық өткені туралы еш біле алмас едік.

Өз басым партизандармен бірге соғысқан Исмаилов, Қарамергенов, Мұхамеджанов, Абдуллаев және басқада жаңа сойларды (фамилияларды) таба алдым.

Ахмет Бектаевтың еске алуларына зер салар болсақ, түркістандықтар бірнеше партизандық топтарда көбіне «Сталинград» тобында болғанын біле аламыз.    Оның үстіне жауынгерлер өз тарапынан оларды «маңғұлдар» деп атайды. Албидегі Тарн департаментіндегі архивтен мен әр макизар тобы жеке таңбаланған карта таптым, онда «Сталинград» тобындағы қазақтар соғысқан «маңғұлдар» бөлімшесі жеке белгіленген екен. Бұның бәрі одан ары егжей-тегжей зерттеуді қажет етеді.

(Француз Қарсыласуы архивтеріндегі карта)

Сонымен бірге, мен қазақтардың Қарсыласу қозғалысына қатысуын айғақтайтын ресми құжаттық жанама деректерді де таба алдым. Ол 1945 жылдың мамырында орын алған бір жағымсыз оқиғаға қатысты полиция департаментінің ұзын сонар жазбасы. Жергілікті кафелердің бірінде француздар мен «маңғұлдар» арасында төбелес орын алады. Төбелеске қатысушылар полиция бөлімшесіне келіп түседі. Францияның оңтүстігін азат етуге қатысқан 250 қаһарман ұсталынып отырған лагердің комендантына Зунум Жаманқұлов деген қазақ не болып, не қойғаны жайлы түсініктеме жазады. Текетірестің мәнісі Францияның жергілікті тұрғындары өздерін азат еткеннен кейінгі бір жылдан соң, бір кездері өздері үшін фашистермен арыстандай алпарысқан осы жандарды тарс естен шығаруынан тұрады екен. Ұзаққа созылған тексерістен кейін полиция префектісі жергілікті тұрғындардың айыпты екенін мойындап, кеңестік жақтан осы оқиғаға қатысушылар кінәсіз деп танылады.

Соғыстағы махаббат Одасы

– Жастық өз қолтаңбасын қалдырған оқиғалар да орын алды, – деп мойындайды Гулнара Меңдіқұлова. – Маған Семей облысы Көкпекті өңірінің тумасы кеңес әскери маманы Ғалихан Сәрсеновтің ғұмырнамасын табу бақыты бұйырды. Оның әкесі Биахмет Сәрсенов «Алаш» партиясының танымал тұлғасы болатын. Ғалихан Тамбов қырғи ұшақтардың авиамектебінде оқыды. Ол туралы мәлімет соғыс басталысымен кілт үзіледі. Ал, кейіннен  оның із-түзі Голландиядан табылды! 1945 жылы Утрехте қаласында ол Голландияның бұрынғы королінің ортаншы қызы  Иоке Мульдерса ханшайымға үйленеді. Ханшайымнан Херат атты ұл дүниеге келеді. Бірақ ол Алматыға оралатын болған шақта әйелі мен ұлын бірге алып өтуге рұқсат берілмеді. Екі жасар Херат анасымен бірге Голландияда қала берді. Иока Мульдерса Бас хатшы  Хуанкемен ілесіп, ұлын өзімен бірге ертіп 1959 жылы КСРО-ға келгенімен, Ғалихан Сәрсенов олармен кездесе алмайды. Ол басқа әйелге үйленіп қойған еді. Оның үстіне 1948 жылы Аягөздегі МГБ (КСРО-дағы Мемлекеттік қауіпсіздік Министерлігі. – Авт.) қызметкерлері егер ол Голландияға кетпекші болуға тырысса, арты жақсы болмайтынын ескерткентін.

Манас Нұғманов пен француз бикеші Алис Сегийдің махаббаттары – өзінше бір тарих. Олардың некесінен Моник-Светлана атты қыздың өмірге келгені жайлы саяси ғалымдар докторы  Бақыт Садықова жазған болатын. «Туған жердің бір уыс топырағы үшін» француз деректі филіміне есін білген шақтағы Мониктің өз қазақи тамырын іздестіруі желі болған  еді. Осы оқиғаның бел ортасындағы: әуелі әскери тұтқын атанған кейін келе Түркістан армиясының легионерлері болған Манас Нұғманов, Қадем Жұманиязов және Ахмет Бектаевтар сынды достардың тағдыры әңгімеге өзек болады. Өздерін Францияға жібергеннен кейін олар француз партизандары жағына өтіп, осы елдің оңтүстігін фашистерден азат етуге қатысады. Соғыстан кейін елге оралған оларды алдан лагерлік азап, ұзаққа созылған жеккөрушілік пен ұғыныспаушылық күтіп алады. Манас Нұғманов он жыл лагерде жазасын өтеп қайтады. Қазақстанға қайтып оралмай, Ресей жеріндегі өзі жазасын өтеген маңда тұрақтап қалады. Ал, Қадем Жұманиязов туралы жаңа деректер табылды. Ол Испаниядағы азамат соғысына қатысқан екен. Франциядағы партизан қозғалысына қатысқаннан кейін ол кеңес әскери тұтқындарын жинастырып  өз отанына қайтаратын комиссия құрамында жұмыс істейді. Ол –  де Голл қатысқан Тулузадағы шеруге қатысушылардың бірі. 1946 жылы елге оралған соң, екі жылдан соң қайғылы жағдайда қаза табады. Ахмет Бектаев болса, соғыстан кейін қашан көзі жұмылғанша шадыманды отбасында Шымкентте қадірлі қарттың дәмін татты.

Жанұялық архивтердегі құнды деректер

– 2009 жылғы тапқандарымды жария еткеннен кейін Францияны азат етуге қатысушы біздің жауынгерлердің туған-туыстары менімен байланысқа шыға бастады, – дейді фотографияларды көрсеткен профессор Гулнара Меңдіқұлова. – Бұл – Францияның оңтүстігіндегі француз Қарсыласуы қозғалысына қатысқан Ахмет Ерғалиұлы Субаловтың фотосы. Бұны бізге Ахмет Субаловтың немере інісі Айвар Субалов жіберді. Оның артында 1945 жылдың 9 шілдесі деп жазылған. Францияның оңтүстігіндегі Тулуза, Кармо, Алби және тағы басқа елді мекендерді азат еткеннен кейін бір жыл өткен соң онда бұрынғы әскери тұтқындардың болғанын айғақтайды! Осы артқы жаққа – Гусейнов, Субалов, Карабанев деген үш сой (фамилия) жазылған.

Айвар Субаловтың айтуынша, оның ағасы Отанына 1946 жылы оралып, көп кешікпей көз жұмады. Оның өне бойы тілік жарақаттарға толы болыпты: лагерде тұтқындарды қорлап, шомполмен ұрып-соғады, одан болған жара жуық арада тез жазылмайды. Оның үстіне шек құрылысына да зақым келген еді. Бірақ қиын-қыстау кез болғандықтан Ахмет Ерғалиұлы астрахан теңіз портына жүкші болып жұмысқа кіріседі. 1946 жылы ол жұмыс істеп жүріп өмірден озады. Қазір оның туыстары Ресейдің Астрахан облысында, Алматы мен Алматы облысында тұрады.

(Ахмет Субалов (ортада). Альби, 1945 жыл 9 шілде. Фото: Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен)

Павлодардан Бірінші кеңес партизан полкының, француз қаласы Албидегі кеңес гарнизонның сержанты Шашубай Бейсембинге берілген №18 куәлігін жіберілді. Оны жіберген майдангердің ұлы – Мұрат Бейсембин. Тарихи жәдіргердің құндылығы сонда: бұл ресми құжат қазақтардың осы полктің құрылуына алғашқылардың бірі болып ат салысып, Францияны азат ету шайқастарына белсене қатысқанын айғақтайды.

(Фото: Гүлнара Меңдіқұлованың жеке архивінен: Шашубай Бейсембиннің Француз қарсыласуына қатысушы куәлігі)

Соңғы сөз орнына

– Көптеген алаштықтар әлі күнге дейін соғыстың алғашқы күндерінде және одан кейінгі уақытта із-түзсіз жоғалған өз туған-туыстарын іздестіруде, –дейді Гүлнара Меңдіқұлова. – Егерде бұл ақпараттар олардың тағдыры жайлы әлдебір үміттің жібін қолға ұстататын болса, онда бұл жұмыстың құр текке жасалынбағындығы да. Менің және менің әріптестерімінің тапқан барша құжаттары жақын уақытта жеке жинақ болып жарық көреді. Өз басым сонымен қатар кімде-кім өз қолында бар осы зұлмат соғысқа қатысушы жақындары мен туыстарына қатысты қажетті құжаттар немесе ақпараттардан тұратын материалдарын менің электронды адресіме gmendikul@hotmail.com жіберуге не болмаса менің Facebook-тегі арнайы құрылған парақшама жариялауға шақырамын. Ал біздің жұмысымыз жалғаса береді, бізге қажет құжаттар Франция, Белгия, Алмания, Норвегия, Голландия, Италия, Швеция және Ұлыбританияның ұлттық және муниципалдық архивтерінде сақталған.

Қолайлы сәтті пайдаланып Берлин Кенжетайұлы Иришевке, Меруерт пен Жерар Бретондарға, әм өзім қазақтар жайында деректер іздеген барша архивтер мен музейлердің қызметкерлеріне зор алғысымды білдіргім келеді. Тек солардың арқасында ғана аз уақыттың ішінде біздің баршамыз үшін аса маңызды құжаттар табылды.

Әзірлеген Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5362